Жаңалықтар

ӘКIМДЕР ПРЕМЬЕРГЕ БАҒЫНБАЙДЫ

ашық дереккөзі

ӘКIМДЕР ПРЕМЬЕРГЕ БАҒЫНБАЙДЫ

– деген қорытындыға келу себебiмiз, өз iстерiн адал атқармаған аудан әкiмдерiн жазалау үшiн үкiмет басшысы президентке тiзiмдерiн жасап ұсынатындығын айтқанда қайран қалдық. Сонда оларды "тағайындаған" облыс әкiмдерiнiң жазалауға шамасы келмейтiн болғаны ма? Бұлай кете беретiн болса айтқанды тыңдамағаны үшiн, бiр күндерi ауыл әкiмдерiнiң үстiнен үкiмет басшысы -президентке шағым жазып отыратын шығар.

Тамыз айының басында өткен аймақ басшылары мен министрлер кабинетiнiң мүшелерi қатысқан Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында премьер-министр К. Мәсiмов: – "Бiз үш жылдық бюджеттi қалыптастыру бойынша ақырғы кезеңге шықтық. Барлық әкiмшiлiктерден игерiлмеген қаржысына тең қаражатын тартып алыңыз. Бұл ұсынысты РБК-ның отырысына шығарыңыз. Яғни басшысының кiнәсiнен барлық ведомство жазаланатын болады" – деп экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Б. Сұлтановқа қадап тұрып, айыпты болып қалған мемлекеттiк органдар мен облыстардың бюджетiн игерiлмеген қаржы аумағына дейiн қысқартуды жүктеген едi.

Оның алдында ғана Үкiметтiң бiр отырысында үкiмет басшысы: – Бiз осында қаншама шешiмдер қабылдаймыз, ананы iстедiк, мынаны iстедiк деймiз бiрақ аймақтағы жергiлiктi халық оны неге сезiнбейдi? Ешқандай өкпе болмасын тоғыз айдың қорытындысы бойынша мен Мемлекет басшысына ортақ тiзiммен жазалау туралы ұсыныс енгiземiн, "қара тiзiмге" iлiнесiңдер — деп тiлiн алмаған баласына "әкеңе айтамын" деп қорқытатын шешелерiмiздi еске түсiрген едi. Қалыптасқан дағдыларымен үкiмет мүшелерi үнсiз отыра бердi. Әрбiр үкiмет отырысы, алқа жиылысы, экономикалық конференциялар, қаптаған жиналыстарда не айтылмайды десеңiзшi, бiрақ орындалуы мардымсыз тiрлiктер жүйкесiне тиiп бiткен болса керек ашуланған Мәсiмов, соңғы өткен селекторлық кеңесте "Бiз қазiр орнынан кететiн кандидаттардың тiзiмiн түзiп жатырмыз-дей келе Атырау облысының Құрманғазы және Мақат аудандарының әкiмдерi мен облыс әкiмiнiң қысқа дайындық мәселесiн қадағалайтын орынбасарын "қара тiзiмге" енгiзiп, Павлодар облысының Ақсу, Баянауыл, Павлодар аудандарының және Павлодар қаласының әкiмдерiн, сол облыс әкiмiне жазалауды өтiндi. Өйткенi, қысқа дайындық мәселесiнде кейбiр облыстарда бiлiм және денсаулық сақтау мекемелерiн жөндеу жұмыстары, мектептер мен ауруханаларды жаңадан салу, қысқа отын даярлау мәселесiнде атқарылмаған iстер көп екендiгi айтылды. Облыс басшыларымен тiкелей телефонмен сөйлесiп отырған премьер ауызба-ауыз жауап алғанда, облыс әкiмдерiнiң қызметкерлерi дайындаған, қағаз жүзiнде "қатырып қойған" есептерi мен бiлiм саласының және денсаулық сақтау қызметкерлерiнiң бiтпеген нақты нысандарды суретке түсiрiп әкелген дәйектерi сәйкес келмей облыс әкiмдерi ұятқа қалды.

Әрине премьердiң ренжитiнiндей бар, әрбiр отырыстарда минстрлер мен әкiмдердiң "бiз өйттiк, бiз бүйттiк, экономикамыз пәлен пайызға дамып, жұмыссыздық пәлен пайызға қысқарды, құрылыс пәлен пайызға өстi" деп баяндама жасағанда көзiңдi тарс жұмып шiркiн осындай жұмақта өмiр сүрсек деп ерiксiз армандайсың. Бiрақ көзiмiздi ашсақ "Қытай қорғанына орналсқан" Үкiмет үйiнiң терезесiнен далаға көз қырын салсаң қаңқиған кран, үңiрейген терезелер, мелшиген құрылыстарды көрiп көңiлiң құлазып сала бередi. Бiрде бұлардың аңызына бiз түгiлi премьердiң өзi де қызып кетiп: – Әлемдiк экономикалық дағдарыс бiздiң экономикамызға әсер етпейдi. Кейбiр сәуегей сарапшылар айтып жүрген Қазақстанда экономикалық дағдарыс болған жоқ, әлемдiк экономикалық дағдарыстың өзiн бiз жеңiп, экономикамыз бiрқалыпты даму үстiнде деп мақтанып қалды.

Онда неге жыл басында күрiш 120 теңгеден қазiр 250 теңгеге, күнбағыс майы 120-дан 350 теңгеге көтерiлiп кеттi?. Халық экономканың дамуын, министрлердiң қағаз жүзiндегi "дамуына" емес күнделiктi тұтынып отырған азық-түлiктiң бағасы мен алатын жалақысына қарап бағалайды.

Немесе қаладан он екi шақырым сыртқа шығып, Астананы айнала қоршап жатқан ауылдарды аралап көрсе ойқы-шойқы жолдар, сусыз, бидайдан басқа екпейтiн меңiреу даланы көрiп өтiрiк айтып жүргендерiн түсiнер ме едi деп ойлайсың.

Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан экономикасы құлдырап есеңiреп қалған Италия мемлекетi 60-ыншы жылдары экономикалық қарыштап дамудың көкесiн көрсетiп, Жапония әлем бойынша бiрiншi орынды, Италия екiншi орынды иемдендi. Сол кезде әлемдiк "Италиялық ғажайып" деген экономикалық термин пайда болды. Әлем экономист-ғалымдары таң ғалып жер байлығы жоқ, жерi таулы аймақ, егiнге қолайсыз қалайша осындай "бас айналдырар" жетiстiкке жеттi деген оймен зерттей бастады. Сонда оларға Италияның бiр экономисi: – Иә, бiзде табиғи байлық жоқ, бiрақ, бiз кәсiпкерлер жасай бiлдiк" деп жауап берген екен. Кеңес Одағы мен орыстардың мақтанышына айналған "Жигули" жеңiл көлiгiнiң "әкесi" болған "Фиат" жекеменшiк жеңiл машина жасау корпорациясы Италия экономикасының паравозына айналған. Корпорация Италияға жаңа технологиялар мен техникалық құрал жабдықтармен елдi қамтамасыз еттi. Кәсiпкерлерi тапқан табыстарын бiздегi байшыкештердей шетел банкiлерiне емес, ел экономикасына салды. Зауыт-фабрикалар тұрғызып, шетелден тауар тасып, алып-сатарлықпен айналыспай, сол тауарлардың лицензиясын сатып алып, халқы тығыз тұратын оңтүстiк өңiрдiң халқын солтүстiгiне көшiрiп, халыққа керек күнделiктi тұтыну тауарларын өздерi өндiрдi.

Бiздiң шалажансар iшкi нарығымыз, жалған цифрлармен әспеттелген "қарыштап даму" экономикамыз, әлемдiк сауда ұйымына кiргенде қасiретiн халық тартатын болады. Ал, бiр-бiрiне бағынбайтын, "бас-басына би болған" министрлер мен әкiмдер өз кезегiмен мұртын майлап, "тақ ауыстырып", кетiп отырғанда, ертең кiмнен не сұрарымызды бiлмей қалатын шығармыз.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ