Жаңалықтар

...ТҮРIКТIҢ ЕРЛЕРIНЕ ЕР ЖЕТКЕН БЕ?..

ашық дереккөзі

...ТҮРIКТIҢ ЕРЛЕРIНЕ ЕР ЖЕТКЕН БЕ?..

Зұлмат заманның жазықсыз құрбандарының iшiнде соңғы кездерге дейiн атын атауға тыйым салып, рухани мұраларын оқып-пайдалануға рұқсат етiлмей келген Ұлы Тұранның, қайсар қазақтың өр намысты ұлы Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 115 жыл.

Мағжанның осы мерейтойына арнап, Ұлттық кiтапхананың Сирек кездесетiн кiтаптар мен қолжазбалар орталығында "…Түрiктiң ерлерiне ер жеткен бе?." деген атпен көрме өткiзiлуде. Көрмеге ақынның алғашқы туындылары жарияланған алғашқы қазақ мерзiмдi басылымдарымен бiрге 1921-30 жылдарда жарық көрген өзiнiң алғашқы кiтаптары қойылды.

Жазба мәдениеттiң алғашқы баспалдақтарында тұратын құнды мұраларымыздың бiрi — қолжазба дүниелер. Уфадағы "Ғалия" медресесiнде оқыған қазақ шәкiрттерi, атап айтқанда, Б.Майлин, Ж.Тiлепбергенов, М.Жұмабаевтар шығарған "Садақ" атты қолжазба журналда, "Шолпан" журналы мен "Бостандық туы", "Ақ жол", "Қазақ" газеттерiнде жарияланған Мағжан өлеңдерi көрменiң маңыздылығын айқындай түседi.

Ақын шығармашылығының биiк бiр қыры — бала тәрбиесi саласындағы еңбектерi. Көрмеге Мағжанның "Педагогика" (1921-23 жж.), "Бастауыш мектепте ана тiлi" (1923 ж.), "Ақ боз ат" (Мамин-Сибиряк жазған әңгiмеден бiраз өзгертiлiп аударылған, 1925 ж.), "Сауатты бол" (1926-30 жж.), "Жүсiп хан" (1928 ж.) атты кiтаптары қойылды. Ақынның "Сауатты бол" атты кiтабы 1926-30 жылдар аралығында араб (төте) және латын графикасымен қатар шығып отырған. Көрмеге екi графикамен де басылған кiтаптары қойылды. 1913 жылы шығарыла бастаған тұңғыш мерзiмдi басылым "Қазақ" газетiнде Мағжанның "Туған жер", "Орал тауы" атты өлеңдерi, 1915 жылдан кейiн "Жарыма", "Көңiл", "Қайғылы сұлуға" деген өлеңдерi жарияланған. Ақын өлеңдерi кейде "Мыж-мыж" деген бүркеншiк атпен де басылып отырылған.

Көрмеге Мағжан Жұмабаев туралы әлi қалың жұртшылық бiле бермейтiн тың деректер мен мақалалар топтастырылған жинақтар да қойылды. Көрменiң танымдық, тағылымдық маңызы үлкен. Мұндағы тың деректер ұзақ жылдар бойы баршамызға беймәлiм болып келген ақтаңдақтар құпиясын ашуға өзiндiк септiгiн тигiзетiнi даусыз. Оқырман қауым осы кiтаптар мен мақалалар арқылы Мағжанның тар жол, тайғақ кешу өмiрiн өз ой електерiнен өткiзiп, халқымыздың тарихындағы ұлылар жүрiп өткен жолды көз алдарына бiр сәтке елестеткендей әсер алмақ.

Сара ЖОЛДЫБАЙҚЫЗЫ,

Сирек кiтаптар мен қолжазбалар орталығының кiтапханашысы