Жаңалықтар

ӘЛЕМДIК НАРЫҚҚА БАСТАЙТЫН ЖОЛДЫҢ ӘЛЕГI

ашық дереккөзі

ӘЛЕМДIК НАРЫҚҚА БАСТАЙТЫН ЖОЛДЫҢ ӘЛЕГI

Қазақтар мен қытайлар Ресейдi айналып өтетiн жаңа құбырдың құрылысын бастауға бел буды. Ал орталықазиялық "қара алтынды" батыстық нарыққа бағыттайтын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын белгiсiз бiреулер жарып жiберген. Әлемдiк БАҚ-тың бiрi күрд жасақшыларын айыптаса, ендi бiрi Ресейге кiнә тағады. Ал Мәскеу "грузиндер бiздi түрiктермен арандатуға тырысып жатыр" деп дабыл қағуда. Саясатқа тәуелдi әлемдiк нарық апта басында тағы сан құбылды.

Қазақстан өзiнiң "қара алтыны" мен "көгiлдiр отынын" әлемдiк нарыққа бағыттаудың балама жолдарын табуға мүдделi. Осы орайда, Астана мен Пекин 1304,5 шақырымға созылатын құбыр желiсiн тартуға шешiм қабылдады. Өткен аптада "ҚазМұнайГаз" бен Қытайдың Ұлттық мұнай корпорациясы қол қойған келiсiмде газ құбырының 2013 жылы пайдалануға берiлетiндiгi көрсетiлген. Халықаралық сарапшылар қазақтар мен қытайлар арасындағы мұндай келiсiмнiң Ресейге ұнамайтындығын көлденең тартады. Өйткенi, көмiрсутегiлердi тасымалдайтын жол неғұрлым көп болған сайын, Ресейдiң саяси әрi экономикалық ықпалы әлсiрей бермек. Газ құбырының екiншi бөлiгi Қазақстаннан Түркiменстанға дейiн тартылатындықтан, Орталық Азиядағы халықаралық нарыққа ашылатын жол Ресейдi айналып өтедi. Негiзi Алматыдан Қапшағайға қарай тартылған 42 шақырымдық құбырдың құрылысы үстiмiздегi жылдың 9 шiлдесiнде iске кiрiстi. Жыл сайын 40 млрд. текше метр газ тасымалдау мүмкiндiгiне ие қазақ пен қытайдың құбыры 30 млрд. текше метрдi Қытайға бағыттаса, қалған 10 млрд. текше метрдi Қазақстанда қалдырмақ. Ресми деректерге сүйенсек, газ құбырының 6 млрд. АҚШ долларына бағалананып отырған алғашқы тармағы 2010 жылдың маусымында пайдалануға берiледi. Қазақстанның мұнайы мен газын АҚШ Түркiменстан мен Әзiрбайжан арқылы еуропалық нарыққа тасымалдауға ниеттенiп отыр. Батыстық БАҚ посткеңестiк елдердiң Кремльдiң келiсiмiнсiз, өз бетiнше серiктестер iздеуге құлшынуы үлкен ерiк-жiгердi талап ететiндiгiн айтады. Айтпақшы, өткен аптаның тағы бiр жағымды жаңалығы: Ирак 20 жылдық үзiлiстен кейiн мұнай өндiрудi қайта қолға алатын болды. Ирактың Мұнай министрi Хүсейн Шахристани Бағдадтан 315 шақырым жердегi Насрййя қаласының маңындағы әл-Шараф жаңа кен орнында жылына 115 млрд. баррель мұнай өндiрiлетiнiн мәлiмдедi.

Саяси сахна арқылы мемлекеттер ықпал ету күшiн таразыға тартып жатқанда, әлемдiк мұнай нарығы да сан құбылды. Күнi кеше ғана күтпеген жерден шарықтап шыға келген "қара алтынның" құны өткен аптада 3-3,5 долларға арзандады. Сарапшылар қауымы нарықтағы қарбаластың саябыр тартуын инвестициясын қайда саларын бiлмей әлек болған қалталылардың Олимпиада ойындарын тамашалау үшiн Пекинге сапар шегуiмен байланыстырады. Алайда, дүйсенбi күнi әлемдiк нарық қайта шатқаяқтады. Мұнай бағасы 1,6 пайызға қымбаттаған. Оған себеп, үстiмiздегi жылдың 6 тамызында Баку-Жейхан-Тбилиси мұнай құбырының жарылуы салдарынан, нарықтағы ахуал қайта шиеленiсе бастады. Түркияның бұқаралық ақпарат құралдары мұнай құбырының жарылуына күрд содырлары (Күрдiстанның Жұмысшылар партиясы) кiнәлi екендiгi жайлы хабар таратқан. Көп ұзамай, кейбiр ақпарат көздерi Баку-Тбилиси-Жейхан құбырын Ресейдiң грузиндерге ерегесiп, жарып жiбергенi туралы дерек таратты. Бұл ақпаратты терiске шығарған Мәскеу "Грузия Түркия мен Ресей арасына от салуға әрекеттенiп жатыр" деп айыптады. Бұл да — әлемдiк нарыққа бастайтын балама жолдың әлегi.

Түркияның Cihan агенттiгi өрт кезiнде мұнай құбырындағы 12 мың баррель шикi мұнайдың жанып кеткенiн хабарлады. Куәлардың айтуынша, әп-сәтте қып-қызыл жалынға оранған құбырдан шапшыған өрт 50 метрге дейiн көтерiлген көрiнедi. Осының кесiрiнен, Жейхан порты арқылы Еуропа нарығына жол тартуы тиiс танкерлер қаңтарылып қалыпты. Бүгiнде өртке оранған жерден 20 метрлiк қашықтықта жатқан газ құбырына, қол созым жердегi қалың орманға қауiп төндiрген тiлсiз жаудың бетi қайтарылды. Дегенмен, Жейханға жiберiлетiн мұнай тоқтап тұр. Әлемдiк тұтынудың 1 пайыз (күнiне — 1 млн. баррель) "қара алтынын" еуропалық нарыққа тасымалдайтын құбырды жөндеуге 2 апта уақыт керек. Бүгiнде әзiрбайжандардың мұнайы сыртқа Баку-Новороссийск құбыры арқылы жөнелтiлуде. Бiрақ бұл әзiрбайжандар үшiн аса тиiмдi емес. Мамандар жарылыс салдарынан экономикалық тұрғыда миллиондаған доллар көлемiнде келген шығынмен қатар аймақтың экологиялық ахуалы орасан зор шығынға ұшырағанын айтады. Жылына 50 млн. тонна мұнай өткiзетiн БТЖ — каспийлiк "қара алтынды" Жерорта теңiзi арқылы еуропалық нарыққа тасымалдауда Ресейдi айналып өтетiн жалғыз құбыр. БТЖ-ның жалпы ұзындығы 1767 шақырымға дейiн жетедi. Оның 443 шақырымы әзiрбайжан, 248 шақырымы грузин және 1076 шақырымы түрiк жерiне тиесiлi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ