Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ДАСТАНЫНЫҢ БҮГIНГI ҚҰЛАГЕРI

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ДАСТАНЫНЫҢ БҮГIНГI ҚҰЛАГЕРI

Мақаламызға бұл атты тегiннен-тегiн қойып отырған жоқпыз. Қазақ әдебиетiнде поэма жанрының құлагерi – Iлияс Жансүгiров, "ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған" кәдiмгi – Сәбит Мұқанов, ақындардың суырыпсалма дүлдүлдерi – Иса Байзақов, Нұрхан Ахметбековтер бастаған ата, аға буындардан кейiн осы жанрдың қазақ әдебиетiнде көсегесiн көгерте жырлап жүрген ақындардың бiрi де, бiрегейi де – Несiпбек Айтұлы.

Бұл пiкiрiмiзге дәлелiмiз жетiп артылады. Бiрiншiден, оның "Бөрi тостаған" атты жинағына бiрден сегiз поэмасы топтастырылған. Бұл жай сан емес, ақындық қуаттың өлшемiн көрсетедi. Олай дейтiнiмiз, поэма жанры оңай шағылатын жаңғақ емес, оның тақырыбы (көтерген мәселесi) оны көзделген мақсатына жеткiзе жырлауы – ақыннан кең тынысты талап етедi. "Кең тыныс" деп отырғанымыз ақынның бiлiктiлiгi.

Екiншiден, өзiне-өзi сенбеген бiлiксiз ақын құлашын осынша кең сермей де алмайды. Бұған да дәлел жеткiлiктi. Олайы, жинақтағы сегiз дастан Жоңғар шапқыншылығынан елi мен жерiн, Махамбетше айтқанда: "Темiрқазық жастанып, қу толағай бастанып " (кесiлген қу басын көмусiз далада қалдырып) жүрiп қорғап қалған бас батырдың бiрi және бiрегейi Бөгенбай туралы жазылған "Сардар" атты тарихи поэмадан басталады. Сонда бұл Несiпбек Үмбетей мен Бұхар жыраудан асып не айтпақ?

Бұлайша күдiктене сұрау қоюымыз заңды да шығар. Алайда әр дәуiрдiң өз сөзi болады екен. Олай дейтiнiмiз, кеше кеңестiк кезеңде бұл тақырып жабық едi ғой. Соның салдарынан талай-талай дарынды ақындарымыздың (уақыт жағынан алғанда тақырыпқа Несiпбектен әлдеқайда жақын) бармағы тiстеулi кетпегенiн кiм бiлiптi. Ендеше, Несiпбек сол уақыт дариясына батып кеткен жоғымыздың орнын толтырған. Сонда ол жоғымыз кiмдер едi? Ендеше оқылық:

"Олжабай, Науырызбай, Шөкей, Шөрек,

Жасыбай, Көкжал Барақ, ер Жәнiбек.

Хангелдi, Бердiқожа, Баян, Жантай,

Баймұрат, Байғозы, Атан, Райымбек.

Тiлеуке, Ақтанбердi, Төбет, Жадай,

Дәулетбай, Таңсықожа, Мамыт, Мамай.

Жарылғап, Еспенбет пен Ер Қасабай,

Шынқожа, Бұқа, Жауғаш, Кенже, Ақпанбай.

Тоқтамыс, Бармақ, Досай, Сарыбай, Тайлақ,

Түрi жоқ батырлардың жаудан таймақ.

Кiшi жүз Табыннан бар ер Бөкенбай,

Қол бастап, бес қаруын келген сайлап!"

Мiне, өстiп ақын Үш жүздiң қол бастаған батырларын үш шумаққа сыйғызған. Әрине, поэзия тiлiмен. Бұлай ету сондықтан да оңай шаруа емес, ол үшiн әуелi тарихи бiлiм, содан соң ақындық қуат қажет. Өйткенi, бұл жай ғана тiзiм емес, әрқайсысының қазақ тарихында лайықты орны бар батырлар және сол орындары өз кезiнде бағаланбай, көмескi тарта бастағандар. Ең бастысы, ақын соларды поэзия тiлiмен жаңғыртып отыр.

Екiншiден, Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбайдың бас батырлар екенi тарихта дәлелденгенi ақиқат. Ал ақынның мiндетi – сол ақиқатты халқына қаймағын бұзбай жеткiзу. Несiпбек ақынның "Сардар" поэмасы сол мiндеттi тақырыптық, иедеялық-көркемдiк жақтарынан мүлтiксiз орындаған. Оған бiрiншi дәлел, Бөгенбай жауды жалғыз жеңген жоқ, жоғарыда үш шумақта аттары аталған Үш жүздiң айтулы батырлары түгел атсалысқан.

Әдетте қара халықты "тобыр" деймiз. Бiр қарағанда бұл да дұрыс сияқты. Ал шындығына жүгiнер болсақ, сол "тобырсыз" ештеңе бiтпейдi екен. Ойлап көрелiкшi, мемлекет, жер-су ең алдымен кiм үшiн керек? Әрине, сол жердi қорғайтын, малын бағып, егiнiн салатын, қанын төгiп, жауға қарсы шабатын, батырлар мен бағландарына сүйеу болатын кiм? Сол "тобыр". "Тобырдың" құрметтi аты – халық. Несiпбек ақын дәл осы нәзiк тұсты:

"Күн кеше "Абылайлап" шапқаны да,

Шарыштың басын доптай қаққаны да,

Қалың ел төбесiне хан көтерiп,

Бақ қонып, тақтан орын тапқаны да", – Бөгенбай, Қабанбай сияқты қол бастаған батырлардың арқасы болса, оларға сүйеу жаңағы "тобыр" (қара халық) екен. Даналықтың да, батырлықтың тiрегi болған сол "тобыр" туралы ойын ақын:

"Қолдаса қалың елi қара ормандай,

Патшаны дұшпан келiп алар қандай.

Бар кезде бөрi тектес батырлары,

Абылай қай қыспаққа қамалғандай?" – деп түйедi.

Әрине, еш қыспаққа қамалмайды. "Тобырына" сүйенiп топ жарады. "Тобырды" Бөгенбай бастайды. Ақын:

"Тұрғанда Бөгенбайдай бiр тiрегi,

Япыр-ау, кiмнен қорқып, үркiп едi.

Түсiрiп шаңырағын ортасына,

Жауына жауар күндей күркiредi", – деп хан мерейiнiң үстем болуы халқына, содан соң оған басшы болатын батырына, батырдың күнi соңынан ерген қарашасына байланысты екенiн меңзейдi. Алайда, жоңғар қалмақтарынан да басқа жауларының аз еместiгiн:

"Қысады орыс-қытай қос бүйiрден,

Ызғарлы ниетi бар тас түйiнген.

Түйедей мұрындықтап жетектемек,

Қамшысын шошаңдатып басқа үйiрген", – деп ескертедi.

Ендеше соған қарамай, қазақ жерiн қанымен, терiмен қорғап қалған батырларымызды қалай дәрiптесек те артық емес. Десек те, бұл мiндеттi орындау – ең алдымен тарихшыларымыз бен ақын-жазушыларымыздың борышы.

Әрине, сол абыройлы мiндетiн орындау жолында әр ақын өз әлiнше күш жұмсап келе жатқанын бiлемiз. Бей Қайрат, күшеншектер де қарап жатқан жоқ. Бiрдi-екiлi мойны озық туындылары да баршылық. Соның бiрi де, бiрегейi де осы бiз сөз етiп отырған Несiпбек Айтұлының "Бөрi тостаған" атты жыр жинағындағы тоғыз дастаны. Мұның екiншiсi – "Бердiқожа батыр".

Рас, бiз үш ғасырдан астам бiр ұлттың (патшалық Ресей мен коммунистiк Ресейдiң) екi түрлi билiгi астында отар болдық. Бұған тiлi, дiнi, дiлi бiр бауырлас халықтардың алты бақан, алауыздығын, қазан бұзар үй тентектерiнiң қылықтарын қосыңыз. Алайда, халқымыз соның бәрiне қарсыласпай, қарап отырған емес. Әр кез, әр дәуiрдiң тұлғалы батырлары бес қаруын белiне қыстырып, халқын бастап, жаудың меселiн қайтарып отырған. Сондай тарихи батырдың бiрi де, бiрегейi де Бердiқожа батыр екен. "Екен" дейтiн себебiмiз: кеңестiк кезең атамыздың моласы түгiлi, әкемiздiң атын ұмыттырып жiбергенi есiмiзден шығатын уақыт әлi бола қойған жоқ. Әйтсе де халық жады қашан да қазына ғой. Десек те, оған жортқандар ғана жолығады. Сөйтiп, қаламын қару етiп, құйындай жүйткiген қиялдың жолына жармасып, иненiң жасуындай деректiң iзiне түсiп, батырға бұйырған топыраққа табанын тигiзген ақын:

"Талайлар жорық салған бұл кең дала,

Шыққандар оза шауып мыңнан дара.

Адаспас бұрынғының шиырынан,

Даланың жұмбақ сырын бiлген ғана.

Әйгiлi Бердiқожа батырдiкi,

Құлазып кер жотада тұрған мола", – деп жар салады. Олайы, бұл үлкен тарихи дерек. Ақын сол деректi: "Зираты Бердiқожа осы екен деп, анықтап жазып кеткен Мәшһүр Жүсiп" екенiн де оқырманның есiне сала кетудi ұмытпайды. Ұмытпайтыны – тарихымызда зым-зия болып, еш белгiсiз уақыт ағынына сiңiп кеткен "Бердiқожалардың" да аз болмағаны қиял қойнауында жатқан, ашылмаған, ашылмайтын шындықтар. Ендеше, тарихта аты қалған бағы бар батырды жырлаған ақынның да бағы бар.

Бақ – қиял-ғажайып ертегiлерiнде айтылатындай ғайыптың құсы емес, Алланың сүйген құлына берген айрықша дарыны. Ол бiреудiң басынан, асқан ақылы, даналығы, әйтпесе ерлiгi мен күшi; қара тiл шешендiгi мен асқан дарын ақындығы арқылы көрiнiс табады. Бiз сөз етiп отырған Бердiқожаның батырлығы Несiпбектiң поэмасында дәл осылай көрiнiс тапқан.

Қырғыз бен қазақ ежелден-ақ төскейде малы, төсекте басы қосылған туысқан халық екенiне қарамастан: Есенқұл; Жайыл, Садыр сияқты қырғыз сотқарларының жалғасы кешегi Кенесары заманына дейiн атысып-шабысып келгенi тарихтан белгiлi. Мұның бүгiнгi ашық дәлелi қазақ iшiндегi қырғыз, қырғыз iшiндегi қыпшақ аталатын рулардың болуы. Олайы, әлгi аталған телi-тентектер ала-тайдай бүлдiрiп, iркiттей iрiткенiмен, жалпы халық өз бiрлiгiн сақтап, бiрiн-бiрi қорғап қалып отырған. Алайда, шайқастың аты – шайқас, талай ер қан жұтып, жер жастанғаны белгiлi. Сондайлардың бiрi – қапыда қоршауда қалған Көкжал Барақ. Осылайша жан алып, жан берген сәттi ақын:

"Қоршауда қалып қойды Көкжал Барақ,

Қиналды құтқара алмай жолдастары.

Ұмтылды Бердiқожа мұны көрiп,

Ытқытып астындағы керқасқаны.

Қияқтай қиып түстi сiлтегенiн,

Жарқылдап оңды-солды алдаспаны", – деп суреттейдi.

Ең бастысы – Бердiқожа батырдың ұрыс кезiндегi қимыл-қарекетiн көрсететiн тiл (теңеу) өз дәуiрiнiкi. "Қияқ" деп отырғаны – шөп. Кәдiмгi шидiң өзiн қоршай шығатын ұзын-ұзын көгi. Мұны бүгiнгi табиғаттан қол үзiп қалған ұрпақ бiледi-бiлмейдi, мәселе онда емес, ақын өз дәуiрiнiң тiлiмен сөйлеп отыр. Әрине, бұл тарихи шығарма жазатын қаламгерлердiң мiндетi. Десек те, сол мiндеттi атқара алмайтындардың да тарихи шығармаға қалам тартып жүргендерi баршылық. Мұны бiз ретi келгенде сондайларға ескерту үшiн айта кеткендi де жөн көрдiк.

Тарихтың әр сөйлем, әр дерегi жүздеген, мыңдаған жылдар шаң басып жатқан мұражайлардан немесе өмiр бойы сөз баққан данагөй ғұлама қарттардан ғана табылады. Ең қиыны осы аталған екеуi де сирек кездеседi. Алайда бұл екеуiнiң де өз қоймалары бар. Соның бiрi көркем әдебиет. (Ауыз әдебиетi де осы құрамға жатады). Демек, әдебиет тарихтың алтын сандығы. Ол қай кезде де кiлтiн тапқан адамға сөйлеп бередi. Байқайсыздар ма, тарихта ақын-жазушыларына мән берген (сарай ақынын ұстаған) патшалар туралы бүгiнге жетiп, болашаққа бет алған әңгiме-аңыздар бар да, мән бермегендерiнiң бәрi де тарих қойнауына сiңiп, жоғалып кетiп отырған. Патшалар ғана емес, батырлар да солай. Мұның тағы бiр ашық дәлелi, Бердiқожа батыр зиратының атақты Мәшһүр Жүсiп қаламына iлiнiп қалуы. Бұл туралы жоғарыда айтқанбыз. Алайда сонау Шыршықтан (Ұлы жүздiң шанышқылы руынан) шыққан Бердiқожа батырдың уақыт ағыны адастырып кететiн Арқада қалған сүйегiн Машекең сияқты данагөйiмiз болмаса қайдан табар едiк. Мiне, сол үшiн де:

"Тарихтың тамыр тартқан ар жағынан,

Айналдым Машекеңнiң аруағынан.

Артына мол шежiре тастап кеткен,

Қазына бағасы артық бар мА бұдан?

Көз жазып қалар ма едiк ол болмаса,

Халықтың ер қорғаған ардағынан", – деп Несiпбек ақын атасының аруағына рақмет айтады. Мұның кешегiмiз үшiн де, бүгiнгiмiз үшiн де мәнi зор. Егер байқасаңыз: Бердiқожаны Мәшһүр Жүсiп, ал Мәшһүр Жүсiптi бүгiнгi ақын ұрпағы Несiпбек қорғап отыр. Ендеше, осы үрдiстiң ертеңге жалғасуы – бүгiнгiлердiң мiндетi. Бұған қоса, батыр аталарымыздың бiзге үлгi болар қасиеттерiн ақын:

"Батырлар достыққа адал, сертке бекем,

Сыйласып өле-өлгенше өткен екен.

Қорғаған арпалысып ел мен жерiн,

Демеген жанталасып таққа жетем", – деп есiмiзге салады. Мұны бiз, бүгiнгi ұрпақ әрқашан есте ұстауға тиiспiз. Олайы ел iргесiнiң мәңгiлiк мықты болуы – мiне, осындай ата дәстүрдiң берiк сақталуынан басталады. Ал, салт-дәстүрi берiк ел ешқашан ешкiмге жем болмайды. Кезiнде Кеңес үкiметi оны өте жақсы бiлдi. Сол үшiн де ең алдымен, дiнiмiзге, тiлiмiзге, ұлттық салт-дәстүрiмiзге шабуылдады. Сөйтiп, батысынан шығысына, оңтүстiгiнен солтүстiк шекарасына жеткенше, ұшқан құстың қанаты талып, жүгiрген аңның тұяғы тозатын жерiн бөлшектеуге, халқын үш жүзге бөлуге шындап кiрiстi. Оның мұндай жымысқы саясаты көп жағдайда нәтижесiн бердi де. Бұл, әрине, басқа әңгiме. Сөз етiп отырған тақырыбымызға қайта оралар болсақ, батысы – Едiл мен Жайықта, шығысы – Алтай, Сауырда жатқан аталарымыз бiр-бiрiмен қыз алысып, қыз берiсiп, Құдай атын атасқан құдандалы ел болғаны тарихтан белгiлi. Соның бiр ашық дәлелiн Несiпбек ақын:

"Жұлдыздай жарқыраған жанып өткен,

Керейде батыр аспас Жәнiбектен.

Ұсынып хан Абылай оң тiзесiн,

Өзiне өле-өлгенше серiк еткен.

Атанған ер Жәнiбек жасынан-ақ,

Жан екен ерте қонған басына бақ.

Шежiре Сарыүйсiннiң қызы дейдi,

Керейдiң ұлы анасы асыл Абақ", – деп толғайды "Шақантай" дастанында. Шежiре бойынша сол Абақ анадан он екi ата Абақ-Керей тарайды. Сол Керейдiң бiр ұрпағы Жобалай би екi жүз үйдi бастап Арқаға келiп орналасады. Осылардың iшiнен шыққан билер мен батырларды ақын:

"Жақсымен алыс-жақын жолдас болған,

Жобалай, Байқотан би ел басқарған.

Iзденiп келген жаудың талайлары,

Қолынан Шақантайдың жер жастанған", – деп батыр да, балуан да болған Шақантайдың жау жүрек ерлiгiн, сол ерлiктiң арқасында бүгiнге дейiн ұмытылмай, ел ұранына айналғанын төгiлте жырлайды.

Рас, бiздiң қазақта би де, батыр да аз болмаған. Соның арқасында айналасын жат жұрттықтар қанша кемiрсе де, ұрпақтарына кең-мол жетерлiк жер қалдырған. Ендеше оны жырлау, сөйтiп, ұрпақ санасына жеткiзу ақындарымыздың мiндетi болса, олардың еңбегiн (сөзiн) сыйлау бiздiң мiндетiмiз.

Осы орайда еске ала кететiн тағы бiр жай бар. Ол – тiл. Әсiресе, бүгiнгiдей үсiкке ұшырап, бұршақ соққан қазақ тiлiмен тарихи шығарма жазу мүмкiн емес. Жазады екенсiң, ғасырлар қойнауында жатқан ата-баба аруағын өз тiлiмен сөйлетуiмiз керек. Сонда ғана тiлiмiзге де, ата-баба аруағына да қиянат жасалмайды. Несiпбек ақын өзiнiң мiндетiн абыроймен орындап шыққан. Ең бастысы ол кейбiр ақындарымыз сияқты ұйқас үшiн сөздiң белiн сындырып, буынын үзiп, қолдан сөз жасап ұйқастырмайды. Тарихтың, тарихи қам-қарекетiмiздiң қай тұсын сөз етсе де, қиналмай, өз заманының тiлiмен еркiн көсiледi. Бұл айтқанымызға кез-келген шумағы мысал бола алады. Айталық:

"Үн-түнсiз, толғанасың, ұлан дала,

Тапсырып тағдырыңды бiр Аллаға.

Тоқымдай көк сағымнан көк шымылдық,

Көлбейдi көкжиегiң мұнарлана.

Сәулесi сан құбылған қас-қағымда,

Сағымның сағыныш бар астарында.

Езiлiп ет жүрегiм шымырлайды,

Бозторғай шырылдаса аспаныңда", – деп төгiлтiп тартып отырады. Бұған қосымша бiраз мысалдарды тiзiп көрсетсек, артық бола қоймас. Мәселен:

"Iзi жоқ көкте таңғы жұлдыздардың,

Сызы бар соққан желде түнгi ызғардың".

"Қопаның өрт қойғандай қамысына,

Қазақтың қатты тидi намысына".

"Қасқырдай ұяласын тамақтаған,

Қырғыздың түрi мынау жалақтаған".

"Кеңiтпей тар тұсауын келте жалған,

Шақантай ата-анадан ерте қалған".

Ойымызды түйiп айтар болсақ, Несiпбектiң жыр жинағындағы тоғыз поэмасы да елдiк пен ерлiк, береке-бiрлiк, халқымыздың ғасырлар бойғы азаттық жолындағы күресi, Бөгенбай, Бердiқожа, Шақантай сияқты батырлар бастаған тарихи тұлғалардың асқақ бейнесi ақындық қуатпен, мәйегi бұзылмаған халық тiлiмен уақыт табын қалдыра отырып, егiлте жырлаған. Елi мен жерiн еңiреп жүрiп, қанымен, терiмен қорғаған батыр бабаларымыздың асқақ рухы бүгiнгi ұрпаққа өнеге. Бiз сөз етiп отырған ақын еңбегi сонысымен құнды.

Н.ҚАЗЫБЕКҰЛЫ