ОҢТҮСТIК ОСЕТИЯ: ГРУЗИЯ СУБЪЕКТIЛЕРIН САҚТАЙ АЛА МА?

ОҢТҮСТIК ОСЕТИЯ: ГРУЗИЯ СУБЪЕКТIЛЕРIН САҚТАЙ АЛА МА?

ОҢТҮСТIК ОСЕТИЯ: ГРУЗИЯ СУБЪЕКТIЛЕРIН САҚТАЙ АЛА МА?
ашық дереккөзі

Тура 29-шы жазғы Олимпиада басталған күнмен тұспа-тұс Оңтүстiк Осетияда аяқасты соғыс өртi тұтанғаны мәлiм. Бүгiнде соғыс тоқтатылды. Бiрiншi болып кiмнiң оқ атқаны әзiрге беймәлiм. Ал, соғыстың зардабы осетиндер мен грузиндерге ауыр тигенi анық. Қазiргi ақпараттарға қарағанда, 2000-дай адам о дүниелiк болған. Зардап шеккендердiң санында есеп жоқ.

Осы аптадағы сейсенбiден сәрсенбiге қараған түнi Грузия үкiметi Ресей Федерациясы мен Франция президенттерiнiң қатысуымен жасалған Грузиядағы шиеленiстi тоқтату жөнiндегi құжаттың негiзгi принциптерiмен келiсетiндiгiн бiлдiрдi. Бұл құжатта Грузияның автономиялық республикалары болып табылатын Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның мәртебесi жайында әңгiме қозғалмаған. Ресей мен Грузия арасындағы делдалдық қызметтi атқарған Франция президентi Николя Саркози Грузия президентiмен арадағы келiссөз аяқталғаннан кейiн өткiзген баспасөз-мәслихатында: "Аталған құжаттан бiз Оңтүстiк Осетияның мәртебесiн сызып тастадық" деген болатын. Абхазия мен Грузияның мәртебесi туралы әңгiме Саакашвилидiң талабы бойынша, халықаралық қауымдастықтың қатысуымен шешiлетiн болады.

Ресей президентi Медведев пен Француз президентi Н. Саркозилердiң Мәскеуде бiрлесiп өткiзген баспасөз-мәслихатында Ресей президентi:

– Грузияны аймақта бейбiтшiлiк орнатуға мәжбүрлеген операция аяқталды. Бұл операция өз мақсатына жеттi, – деген едi.

Франция президентiнiң; "Құжаттағы бейбiтшiлiктi реттеу мәселелерiнiң iшiнде Грузияның аумақтық тұтастығын сақтауға арналған принциптер неге жоқ?" деген сауалына, Франция президентi жауап беруден жалтара отырып: "Аймақтағы дағдарыстан шығу қажет. Бұл үшiн ең әуелi соғыс тоқтатылуы керек" деген едi.

Бұл құжат 6 принциптен тұрады. Оның бастылары – Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның халықаралық мәртебесiн олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жолдарын қарастыра отырып, халықаралық деңгейде талқылау; Екiншiсi – барлық соғыс әрекеттерiн тоқтату, әлi де пайдаланылмаған күштердi iске қоспау, гуманитарлық көмекке еркiн қолжеткiзу; сондай-ақ, Грузияның Қарулы күштерi өз орындарына қайтып, Ресей Федерациясының Қарулы күштерi соғыс өртi тұтануы мүмкiн зонада болуы. Ресей бiтiмгершiлерi халықаралық механизмдердiң жүзеге асуына дейiн қауiпсiздiктiң қосымша шараларын қолданатын болады.

Аталған құжат 13-тамызда Еуроодақ елдерiнiң Сыртқы iстер министрлiгi басшыларының талқылауына жiберiлдi. М. Саакашвили Грузин тарапы Грузияның аумақтық тұтастығына және босқындардың қайта оралуына орай қандай да бiр шегiнiстерге жол бермейтiндiгiн айтты.

Ресей құрамындағы Солтүстiк Осетия Ресей президентi мен Парламентiне Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн мойындау мәселесiн қарау туралы өтiнiш бiлдiрдi. Ал депутаттар халықаралық құқықтық ұйымдардың, Грузияның Грузия басшысының қылмыстық әрекетiн дәлелдейтiн фактiлер жинауға шақырды. Ал, Грузия Ресейге дәл осындай айыптар таға отырып, Халықаралық Гаага трибуналына Ресейге қарсы шағым түсiрдi. Грузияның денсаулық, еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi Александр Квиташвилидiң бейбiт тұрғындардың арасында 175 адамның мерт болғанын мәлiмдеген.

АҚШ Грузияны жақтау үрдiсiнен әлi жаңылған жоқ. АҚШ Мемлекеттiк хатшысының орынбасары Метью Брайза Ресейдiң Грузиядағы әрекеттерiн "адамгершiлiкке жат арандату" деген баға бердi. Бес еуропалық мемлекет – Литва, Эстония, Польша, Украина, Латвия мемлекеттерiнiң президенттерi мен соңғысының премьер-министрi – грузин халқын қолдайтындықтарын бiлдiрдi.

Қазақстан басшысы Бейжiңде Ресей премьерi Путинмен кездесу барысында Саакашвилидiң халықаралық Олимпиада кезiнде оқ атқанын сынағаны мәлiм. Дегенмен, Қазақстанның Сыртқы iстер министрлiгi бұл оқиғаға орай бейтарап болуды жөн санап отыр. Сыртқы iстер министрiнiң Тұрақты өкiлi Ержан Ашықбаев "аталған аймақта бейбiтшiлiк салтанат құрғанын қалаймыз" деген болатын. Белоруссия, Әзiрбайжан, Қырғызстан да осындай принциптi көздеп отыр. Дегенмен, Грузияның Батуми порты арқылы экспортталатын мұнайды Қазақстан iшкi рынокқа пайдалануды көздесе, Әзiрбайжан Баку-Новороссийск құбыры арқылы тасымалдауды жөн санаған. Демек, Грузия бұл шиеленiсте энерготасымалдау тұрғысынан жеңiлiске ұшырауда.

Дегенмен, халықаралық сарапшылар бұл шиеленiсте ешкiмнiң ұтпайтындығын айтып отыр. Грузия ТМД-дан шығатындығын мәлiмдесе, АҚШ оны НАТО-ға енуi қолдайтындығынан таймағандығын паш еттi.

РЕСЕЙДIҢ БIТIМГЕРШIЛIК IС – ҚИМЫЛЫНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

Әзiмбай Ғали, тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы:

Ресей-геосаяси тұрғыдан ұтылады

– Менiң пiкiрiмше, Ресей бұл жолы агрессордың рөлiн атқарып отыр. Бұл бағаны тек мен ғана емес, көптеген мемлекеттер де берiп отыр. Екiншiден, бұл шабуыл арқылы Ресей алдына бiрнеше мақсат қоюда. Соның iшiнде, Дүниежүзi қауымдастығы мойындамаған екi мемлекеттiң – Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн мойындату, ретi келсе Грузиннiң қазiргi билiгiн тақтан тайдырып, Оңтүстiк Осетияның маңайындағы ауылдардан демилитаризациялық зона жасау. Бұл – Еуропалық одақтың қолайына жаға бермейдi. Дегенмен, Еуропалық одақтың бұл мәселеге орай ұстанымында тиянақтылық және жiгер болмағанға ұқсайды.

"Бұның соңы неге апарып соғады?" дегенге келсек:

Батыс бiраз күшке мiнедi. Өйткенi, Ресейдi еркелету, Ресейдiң агрессиялық талаптарына қайта-қайта жол беру, жалпы дүниежүзiндегi бейбiтшiлiкке қауiп-қатер төндiруi мүмкiн. Менiң ойымша, бұл оқиғаның нәтижесi бойынша, Ресей Осетияға қайтадан оралады, бейбiтшiлiктi сақтаушы күштердi қайтадан қалпына келтiредi. Бiрақ, Еуропалық одақ өзара ымыраға келiп, алдағы желтоқсандағы саммитте Украинаны, тiптi, Грузияны да НАТО-ға қабылдап жiберуi ғажап емес.

Бұл оқиғаның соңы – "қырғиқабақ" соғысының жаңа бағыт-бағдарларын айқындайды, Америка мен Еуропалық Одақ Ресейге қарсы күш бiрiктiре түседi. Ресей президентi Д. Мед¬ведевтiң: "Бiз өз азаматтарымызды қорғауда ештеңеден тайынбаймыз" деуi, ТМД-ының өзге мемлекеттерiне де қатысты болуы мүмкiн. Жалпы, әлемде бұл оқиғаның геосаяси әсерi күштi болады. Бiрiншiден, менiң ойымша, Украина Ресейден бойын аулақ салып, тезiрек НАТО-ға кiруге тырысады. Ресей – геосаяси жағынан ұтылады.

Әлихан Бәйменов, "Ақ жол" партиясының жетекшiсi:

ТМД ұйымының үнсiз жатқаны таңқалдырады

– Бүкiл адамзат үшiн де, Ресей мен Грузияның жақын көршiсi болып табылатын бiздер үшiн де, осы аймақта болып жатқан қақтығыстың тоқтатылуы маңызды. Екiжақты ма, үш жақты ма келiсiмге келiп, соғысты тоқтатып, келiссөздiң басталғаны жөн. Бұл аймақтағы шиеленiс – Кеңес дәуiрiнен қалған мұра. Кезiнде Югославия ыдырағанда, мәселе өзгеше шешiмiн тапты да, Кеңес одағы ыдырағанда, көп түйткiлдi мәселелер қалды. Днестр жағалауындағы Абхазия мен Оңтүстiк Осетия түйiнi осының айғағы. Бұл мәселенi тек қана Грузияның iшкi мәселесi деп қарай алмаймыз. Себебi, 1992-1994 жылдардағы келiсiм бойынша, ол жерлерге бiтiмгершiлiк күштерi деген атпен әскери күштер енгiзiлген. Сол күштердiң бiразын Ресей мемлекетi жiберген. Осетиндердiң бiр бөлiгi – Солтүстiк Осетия республикасы Ресейдiң қол астында.

Сондықтан да, бұл жерде тек қана бiр жақты баға беру қиын. Соңғы бiр-екi жылдағы Ресей-Грузин қарым-қатынасын достық қарым-қатынас деуге негiз болмай қалды. Екi тараптан да, менiңше, саяси қателiктерге жол берiлгенi анық. Тағы бiр ескеретiн жағдай, Грузин территориясымен Каспий бойының мұнайы тасымалданатын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры өтедi. Ал, Баку-Тбилиси газ құбыры өтпекшi. Бұл осы аймақтағы тыныштық пен тұрақтылықтың маңызын да тағы да халықаралық деңгейге көтередi. Бұл жердегi мәселе бiреудi агрессор ретiнде тану емес, барлық саяси күштердi бiтiмге келтiруге жұмсау керек.

Тағы бiр айтарымыз, бұл оқиға ТМД деген құрылым үшiн де маңызды. Шын мәнiнде бұл құрылым тiрi организм болса, осы аймақтағы ұйымның екi мүшесiнiң арасында болып жатқан шиеленiстi шешудiң жолдарын қарастыруы керек қой. ТМД ұйымы әзiрге үнсiз. Ол осы бойы үнсiз қала ма? Жоқ, ТМД-ының қазiргi төрағасы Бакиев осы ұйымға мүше елдердiң Сыртқы iстер министрлерiнiң басын қосып, тез арада жиын өткiзiп, болған оқиғаға орай қандай да бiр шара қолдануға ұмтыла ма? Менi осы жағы ойландырады.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

Грузия – Оңтүстiк Осетия мен Абхазиядан көз жазып қалды

– Бұл 1991 жылы басталған соғыс қой. Содан берi Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның қарулы күштерiн қаржыландырып, Қару берiп отырған Ресей. Әрине, Саакашвилидiң осыған дейiнгi әрекеттерiнiң барлығын бiрдей жөн деуге келмейдi. Дегенмен, ерте ме, кеш пе, бұндай оқиғаның орын алатыны айқын едi. Мысал үшiн, Ресей кезiнде Чешенстан бөлiнемiз дегенде, оны қан-жоса ғып, халқын қырып, басып-жаншығаны айқын. "Ресей өз сепаратистерiн тыю үшiн мұндай әрекетке барғанда, Грузиндерге неге болмайды?" деген сауалдың туындауы айқын.

Оңтүстiк Осетия мен Грузиядағы Ресей әскерiн бiтiмгершiлiк әскерi деп айтуға болмайды. Бұл окупациялық әскер. Ресей Грузия территориясын бомбалады. Яғни, ол бiтiмгер бола алмайды. Демек, мұнда Ресейдiң бiтiмгерлiк статусынан айырып, НАТО әскерiн енгiзу керек.

"Бұл оқиғадан ненi күтуге болады" деген сауалға:

– Егер Грузия өз саясатын оңтайлы жүргiзе бiлсе, Еуроодақ пен АҚШ Ресейге қысым жасай алса, түбiнде Грузия НАТО-ға енедi. Осы жанжалды тоқтату үшiн НАТО әскерi Грузияға енiп тынатын болады. Бiрақ, Абхазия мен Осетиядан Грузия айрылды деп есептеуге болады. Себебi, ондағы халықтың әлеуметтiк жағдайы мейлiнше ушығып кеттi, онда грузиндер қалмады. Грузия Аджарияны құрамына алып, Абхазия мен Оңтүстiк Осетиясыз территориясын сақтап қалатын болады. Абхазияны Ресей мойындайды. Басқа дүниежүзi мойындамайды. Осы оқиғаға байланысты Ресейдiң барлық телеарналары мен сайттарын жiтi қадағалап отырмын. Ресейлiк саясаткерлер Грузияның әрбiр iсiн айыптауға шебер. Мысалы, "Грузия Ирактағы бiтiмгершiлiк әскерiн неге алып келдi?" деп сынап жатыр. Ал онда тұрған не бар? Грузия да Ресей секiлдi тәуелсiз мемлекет. Өз саясатын қалай жүргiземiн десе де еркi. Ресейдiң айтқанымен ғана болу оның мiндетi болуға тиiс емес. Грузия Ресейге мәңгiлiк борышкер емес.

Грузиядағы жағдай бүкiл ТМД аумағындағы халықтар мен мемлекеттер үшiн сабақ болуы тиiс. Ресей ешуақытта өзiнiң империялық амбицияларынан бас тартпайды. Керiсiнше, империялық астам пиғыл күннен-күнге өршiп келедi. Өз iшiнде шовинизм асқынып келедi. Мәскеуде және басқа қалаларда орыс емес ұлттарды өлтiру оқиғасы жиiлеп кеттi. Сондықтан да, ТМД-дағы мемлекеттер алдағы болашағын дұрыс болжаса, Ресейдiң қол астынан шығып, Еуропаға қарай жақындауы керек. Бұл – ТМД мемлекеттерiнiң тәуелсiз мемлекет болып сақталуының басты кепiлi болмақ.

Есенгүл Кәпқызы