МЕКТЕП АЗ, ОҚУШЫ КӨП АЛ, КЕЙБIР ЕЛДIМЕКЕНДЕРДЕ БIЛIМ ҰЯСЫ МҮЛДЕМ ЖОҚ

МЕКТЕП АЗ, ОҚУШЫ КӨП АЛ, КЕЙБIР ЕЛДIМЕКЕНДЕРДЕ БIЛIМ ҰЯСЫ МҮЛДЕМ ЖОҚ

МЕКТЕП АЗ, ОҚУШЫ КӨП АЛ, КЕЙБIР ЕЛДIМЕКЕНДЕРДЕ БIЛIМ ҰЯСЫ МҮЛДЕМ ЖОҚ
ашық дереккөзі

Әдеттегiдей оқу жылы аяқталған кезде бiлiм ошақтары келесi жаңа оқу жылына қамдана бастайды. Осы уақыт iшiнде талай жылдан берi күрделi жөндеу жұмыстарын көрмеген мектептер жергiлiктi бюджет бөлген арнайы қаржыға жөнделiп, бар кем-кетiгiн түгендеуi тиiс. Алайда, көбiнесе шалғайда жатқан бiлiм ұяларының осы "бақытқа" сөз жүзiнде ие болып, тек сылап-сипау жұмыстарын ғана қанағат тұтып жүргенi жасырын емес. Оған себеп — қысқы маусым кезiнде жылу құбырлары iстен шығып, оқушылардың бiлiм алуынан "карантин" деп үйде жатуының жиiлеп кетуi.

Жас ұрпақты бiлiм нәрiмен сусындатып жүрген мектептерге бас сұғып, директорын әңгiмеге тартсаңыз, ғимараттың арғысы 1962, бергiсi 1968-1970 жылдары салынғанын естисiз. Одан берi бақандай 40 жыл! Бiрақ сол бiлiм ошақтарының денi бүгiнге дейiн бiрде-бiр күрделi жөндеуден өтпеген боп шығады. Неге? Егер қалалық, аудандық департамент басшылығы: "Осы мектепке толыққанды жөндеу жүргiзiлсiн!" деп бюджет қазанынан ақша бөлсе, бұл көп уақыт емес, айналасы екi айдың iшiнде бiтетiн шаруа. Ал соған қарамастан жылда болар-болмас ақша бөлiп жатады. Бұл тек косметикалық өңдеуден аспай қалады да, келесi жылы дәл осы көрiнiс қайта алдыңнан шығады. Бiлiм департаментi басшылары есеп бергенде үнемi еститiнiмiз: "Мектептi жөндеуге пәленбай ақша, құрал-жабдықтарына мынандай қаржы бөлiндi немесе жұмсалды" деп кете беретiн сандық көрсеткiш. Сонда бұл ақшаға не жасалынып жатыр? Әлде, кейбiр пысықай директорлар қоншыдан басып, өз пайдасына шешiп жiбере ме? Басқасын қайдам, Алматы қаласындағы орта бiлiм беретiн базбiр мектептердегi оқушы жаңа партаға отыру бақытына былтыр ғана ие болған-тұғын. Соған қарағанда, анау аудан, ауылдағы тозығы жеткен бiлiм ұяларында оқитын оқушыға жаңа парта әзiрге арман көрiнетiн шығар.

Бұл бұл ма, елiмiзде мектеп жасына дейiнгi және жалпы бiлiм беретiн мекемелердiң тапшылығы қатты сезiлуде. Әлбетте, осы тұрғыда 100 мектеп салу жобасы басталып кеттi деп бөркiмiздi аспанға атып, көңiлiмiздi жұбатып жүргенiмiз бар. Әр жерден "Ой, шiркiн, балаларымыз қысылып-қымтырылмай сабақ оқитын болды ғой…" деген жүрекке жылы сөздiң желдей есiп жатқанын естiп-көрiп жүрмiз. Әсiресе, халқы тығыз қоныстанған әрi баласын оқытамын деп әр мектеп табалдырығын тоздырып жүрген Оңтүстiк Қазақстан жұртшылығының бұл жағымды жаңалықты естiп кең тыныс алғаны анық. Елiмiз бойынша бала туу саны жағынан алдыңғы қатардағы өңiрдiң бiлiм ұяларына да сусап тұрғаны айтпаса да түсiнiктi. Тiптi, мектепте орын жетiспегендiктен бiр партада үш-төрт баладан отыратын, ең сорақысы дәретханада бiлiм алып жатқан оқушыларды көргенде қай елде өмiр сүрiп жатырмыз деп жағамызды ұстаған кездер де болған. Қолда бар деректерге қарағанда, бүгiнде облыстағы 68 мектептiң ғимараты құлаудың аз-ақ алдында тұрса, 55 мектеп үш ауысымда, бiреуi төрт ауысымда оқиды екен. Оның көбi, яғни, 12-сi Сайрам ауданында. Ал ең жанға бататыны, мектеп салуға бала саны жетiк 17 елдiмекеннiң жұрты бұл үмiттен күдерiн үзгелi қашан. Осы мектебi жоқ ауылдың балалары бiрталай шақырымдық жердегi көршi ауылға жаяу барып оқуға мәжбүр болуда. Әсiресе, қаһарлы қыстың аязды күндерiнде мектепке барып-келу бұл балалар үшiн мұңға айналған. Бұдан кейiн бала жасынан осындай қиыншылықты көрiп оқыған оқушының алдына қойған арман-мақсаты су сепкендей басылып қалмас па екен? Мемлекетiмiз осыншама жер байлығына ие бола тұра, республиканың түкпiр-түкпiрiнен жеткiлiктi етiп бiлiм ошақтарын салып тастаудан неге тартыншақтайды? Айналайын-ау, тiптi, әкеңнiң құнын сұрайтын керемет ақшаға емес, сол аудан, ауылға лайықтап, балалар емiн-еркiн сиятын мектеп салуға әбден болады ғой мынандай заманда. Әрбiрден соң бұл елiмiздiң болашағы — жас ұрпақтың игiлiгi үшiн жасалынуы тиiс шаруа емес пе?

Айтпақшы, әлгi салынатын 100 мектептiң 34-i бiз тiлге тиек еткен Оңтүстiк Қазақстан облысының қанжығасына байланады деп шешiлген болатын. Ал оның 14-iнiң жұмысы жаңа жылға дейiн толық бiтiп, пайдалануға берiлуi тиiс. Жақында ғана Шымкент қалалық бiлiм бөлiмiнiң сектор меңгерушiсi Пазылхан Асауов журналистер қауымынан Шымкентте мектептердi қысқа дайындау жұмыстары кестеден 30 пайызға кешеуiлдеп жатқандығынан "сүйiншi" сұрады. "Мектептердiң жылыту жүйелерiн жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кеттi. Бiз оларға өзiмiзге келген фирмаларды жiберемiз, бiрақ, олар мектептердi қысқа дайындау жөнiндегi тендерде жеңiске жеткен компаниялармен мәмiлеге келе алмайды", — дегендi алға тартты ол. Айталық, мектептердi қысқа дайындау жөнiндегi тендерде "АСОН" ЖШС мен "Жылуэнергоремонт" ЖШС жеңiске жетiп, мойнына алған. П. Асауовтың айтуынша, керек болса оларға алдын-ала төлем уақытында берiлген. Келiсiмшарт бойынша барлық 137 нысанды 15 тамызға дейiн өткерiп беруге тиiс. Өз уәдесiнде тұрмаған мекемелерге ашынған Пазылхан Асауов: "Егер келiсiмшарт орындалмаса, бұл фирмалар "қара тiзiмге" енгiзiлiп, келесi жылы мемлекеттiк сатып алу туралы тендерге жiберiлмейдi" деп отыр. Яғни, мектептi қысқа дайындау жөнiндегi тендерден жеңiп алған бұл мекемелер бөлiнген ақшаны суша сiмiрiп қойған деген сөз.

Естерiңiзге сала кетсек, биылғы жылы Оңтүстiк Қазақстан облысының бiлiм беру саласын дамытуға облыс бюджетiнiң 35 пайызына жуығы бөлiндi. Бұл шамамен 58 млрд. теңгеге жуық қаражатты құрайды. Бiраз ақша. Алайда, күнi бүгiн елiмiздiң халық тығыз шоғырланған бұл өңiрiнде жалпы бiлiм беру саласы айрықша көңiл бөлудi талап етуде. Оның үстiне мұнда оқушылардың саны аз дегенде 520 мыңнан асады екен. Ал облыс аумағында бар болғаны 1 032 жалпы бiлiм беретiн мектеп жұмыс iстейдi. Жағдай осыны меңзесе, шымкенттiк оқушылардың үш ауысымда оқуы өткiр, өзектi мәселеге айналмай қайтедi?

Елiмiзде бiлiм ұялары әлi күнге жетiспейдi. Оқу жылы басталуына да аз уақыт. Қазiр баласын қай мектепке апарарын бiлмей әбiгерге түсiп жүрген ата-ана көп. Әйтеуiр, "балам барлық талапқа сай жабдықталған мектепте бiлiм алсын" деген ата-ана қажет болса, пара беруге тура келедi дейдi. Ал, қалтасы тесiк, әлеуметтiк жағдайы төмен отбасы баласын бәз-баяғы екi-үш ауысыммен оқитын мектепте оқытуға мәжбүр. Қысқасы, бiлiм ұяларына деген тапшылық қатты сезiлiп тұрған жағдайда 12 жылдық бiлiм жүйесiн енгiзу кейiнге шегерiле беретiнi сөзсiз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ