БIР ТЕРЕЗЕ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛА МА?

БIР ТЕРЕЗЕ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛА МА?

БIР ТЕРЕЗЕ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛА МА?
ашық дереккөзі

Кеден десе жұрттың жемқорлықты меңзейтiнi бар. Әсiресе, кеден бекетiнен тауарын ресiмдеп жүрген кәсiпкерлердiң жанына батқан жара сияқты бұл. Өйткенi, Қытай мен Қазақстан арасын байланыстырып тұратын аты шулы "Қорғас" бекетiнiң Қорғас болғанға дейiн езуi ақ майдан арылмай келедi. Қандай да бiр тексерiс болса, қызметкерлерi үстiнен қылмыстық iс қозғалып, тауарды деклорациялау немесе ресiмдеу кезiнде жемқорлыққа жол берiлген деректер шығып жататыны жасырын емес.

Шынында да, бiр кездерi жағдай солай болды да. Бiрақ бүгiнгi таңда кеден бекеттерi iсi де жаңа заманауи талапқа сай оңтайландырылып, бiршама жақсартылды. "Жақсыны көрмек үшiн" демекшi, жақында Алматы облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi журналистердiң басын қосып, кеден бекеттерiнiң қызметiмен тереңiрек таныстырды. Алматы облысы Кедендiк бақылау департаментiне басшы болып келгенiне 3-4 айдың жүзi болған Құрманғали Артықбаев мырзаның кеденде кедергi болдырмас үшiн жасап жатқан шаруасына куә болған журналист қауымы бiр жасап қалды. Елбасының Қазақстан Республикасының кеден органдарының жұмысын күрделi түрде өзгерту жайлы тапсырмасын орындауда ҚР Қаржы министрлiгi Кедендiк бақылау комитетi және оның аймақтық құрылымдарымен "Журналистiк десант" iс-шарасын өткiздi. Мақсаты — кеден органдары қызметкерлерiнiң дәрежесiн көтеру арқылы жетiстiктерiн көрсету, кедендiк заңнамаларын жетiлдiру негiзiнде қажет емес тосқауылдарды алып тастау, бастысы — кедендiк рәсiмдеудiң ашықтығына көз жеткiзу және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу.

БАҚ өкiлдерiнен құралған топ әуелгi аялдама — Сүйiнбай және Райымбек даңғылы қиылысында орналасқан Алматы кедендiк ресiмдеу орталығына атбасын тiредi. Мұнда кеден органдарының кедендiк бақылау құралдары және жаңа технологияларды қолдану арқылы атқарылатын шаруаға қанықтық. Кедендiк ресiмдеу орталығында 62 терезе жұмыс iстеп, онда Алматы қаласы бойынша Кедендiк бақылау департаментiнiң ең тәжiрибелi қызметкерлерi бiр кезеңдi бақылау және бiр терезе жүйелерi бойынша кедендiк рәсiмдеудi жүргiзедi. Демек, барлық ресiмдеу жұмысы бiр жерде атқарылады деген сөз. Алматы кедендiк ресiмдеу орталығының бастығы Алиасқарова Әйгерiмнiң айтуынша, бұл сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтiн әдiс.

Бұдан кейiн Алматының халықаралық әуежайындағы "Жетiсу" кеден бекетiне келген топ "Даму" индустриалдық-логистикалық орталығын тамашалап, түсткен кейiн Алматы облысындағы "Қорғас" бекетiне жол тартты.

КЕДЕНДIК БЕКЕТТЕР БIР ОРТАЛЫҚТАН БАҚЫЛАНАДЫ

Елiмiзде қай сала болсын, бiртiндеп жаңа көшке iлесiп келедi. Кедендiк бекеттердi шұғыл қадағалап, тексерiп отыратын арнайы орталық ашылды. Бұдан былай шекарадан өтетiн тауарлар жайлы бар ақпарат та қолма-қол осы орталыққа келiп түсетiн болады. Яғни, кедендiк бекеттер мен комитеттiң шұғыл басқару орталығы өзара онлайн жүйесiнде жұмыс iстеуге көштi. Ол үшiн республикадағы кедендiк бекеттерде арнайы электронды құрылғылар орнатылады. Бұл бастаманы қолға алудағы мақсат — кедендегi көп тексерiстi азайтып, әкiмшiлiк кедергiлердiң алдын-алу. Ең бастысы, бұл үрдiс арқылы отандық кәсiпкерлердiң шаруасын оңтайландыру көзделдi. Қазiр республикадағы 60-тан аса бекеттiң барлығын қажеттi техникамен жабдықтау жағы қарастырылуда. Жаңа жобаның алғашқы кезеңi қыркүйек айынан бастап жүзеге асырыла бастайды.

Бiр сөзбен айтсақ, бұл бастама шекарада ықпалдасқан бақылауды ұйымдастыру, кәсiп үшiн әкiмшiлiк тосқауылдарды жою, тауарлардың өтуiн жеделдету, кедендегi жұмыстардың ашық әрi жариялы болуын қамтамасыз етпек. Бұл электрондық өткiзу бекеттерi арқылы кедендiк ақпараттық жүйемен ықпалдастырылып, жүктер туралы ақпаратты бiрден алу мүмкiндiгiне қол жетедi. Айталық, iшкi iстер, көлiк бақылауы органдары жүктердiң өлшемдерi, жүргiзушi куәлiктерi, көлiк құралдарының мемлекеттiк тiркелiмi сияқты барлық ақпаратты бiр мезгiлде ала алады.

"ҚОРҒАС" КЕДЕНI ЖАҢА ТАЛАПҚА КӨШКЕН

Негiзi "Қорғас" кеденi ел экономикасын iлгерi жылжытатын бiрден-бiр қақпа екенi белгiлi. Сондықтан да бұл бекеттен Қытай мен Қазақстан арасында тауардан бөлек күнiне қаншама адам ары-берi өтiп жатады. Алайда, бұл шарада көптеген фактор ұшырасады. Мәселен, кейiнгi кезде кеден саласына жаңадан енген тауар деклорациясын көрсетуге байланысты дау-дамай туып, кәсiпкерлер бiраз шығынға батқандығы жайлы айтылып жатты. Өйткенi, бұл нормативтi акт экспортты деклорация түрiмен бiрге деклоративтi жүктiң бiр келiсiне 0,6 евро жаңа кедендiк бағаны енгiздi. Дәл осы норма жүйесi кәсiпкерлердi бiраз түсiнiспеушiлiкке әкелген едi.

Қазiр бөгде елден тауар тасысаң, оның "растаможка" деген бәлесi бар. Ол кей адамға оңай жолмен жасалса, ендiгi бiрiн әуре-сарсаңға салып қояды. Осы кезде араға делдал түседi. Оны бүгiнде "толкачтар" және "кубовшылар" деп атайды. Ал олар өзiнiң көрсеткен қызметi үшiн тиелген жүктiң кубометрiмен анықтайды. Айталық, бiр кубометр тауардан кемiнде 400 доллар пайда көргiсi келетiн болса, жүк көлiгiнде ең аз дегенде 80 куб тауар болса, ол 32 мың доллар көредi деген сөз. Бұл ақшаның шамамен 10 мың доллары ресми кедендiк салық қоржынына түседi. 5 мың долларды жол, көлiк керек-жарағына, СВХ қызметiн өтеуге кетсе, сонда таза 17 мың доллар толкачтың, кубовшы, кеденшiлердi тойдырушылардың, көлiк инспекторының, прокурорлық қызметкерлердiң, басқа да көзге көрiнбейтiн жебеушiлердiң қалтасына түсiп отырады. Қысқасы, әрбiр делдалдың кеден саласында адамы, жол полициясында инспекторы, көлiктi қадағалау мекемесiнде өкiлi, қаржы полициясы мен керек болса қауiпсiздiк комитетiнде де "көкесi" бар. Мiне, осы дөкей "көкелерiнiң" арқасында жүктiң аман-есен жетуiне кепiлдiк бередi. Тiптi, кеденшiлер мен кәсiпкерлердiң өзi де кез келген жүк тасымалының қорғаушысы болады дегендi айтады. Экономикасы қарыштап бара жатқан Қытай мен Қазақстан арасындағы бас қақпадан түсетiн кiр ақшаның көлемi де ауқымды. Мәселен, жыл сайын "Қорғас" кеденiнен кемiнде 1 млн. АҚШ доллары түседi екен.

Ал, Кеден iсi қызметкерлерi жаңа жүйеге байланысты бұдан былай ешқандай кертартпалық әрекеттерге делдалшылардың жымысқы пиғылына жол берiлмейдi дегендi алға тартады. Демек, кедендiк жаңа нормаға сәйкес, яғни, электронды пломб пен сейф-пакеттiң, 0,6 ставкасының енуi сыбайлас жемқорлықты төмендететiн сияқты.

"Қорғас" кеденi бекетiнде ендi көлiк тығыны азаяды. Бүгiнде сол бағытта көптеген шаруа атқарылып жатыр. "Кәсiпкер мен саудагер айтты екен" деп ел заңнамаларын бұзуға болмас. Қажет болса, бекет жанында уақытша жүк сақтау қоймасы қызмет көрсетуге дайын. Бұдан былай кедендiк рәсiмдеу шарасы Алматы қаласы iргесiнде жасалынады. Оның үстiне мұндағы қойманың бәрi жаңа заманауи техникамен жабдықталған.

Үкiмет жаңа "Кеден" кодексiн әзiрлеудi қолға алды. Осы шара қарсаңында елiмiздегi кеден бекеттерiнiң қызметiн бiрiзге келтiрiп алған жөн. Қазiрдiң өзiнде кедендегi кесiрдi ретке келтiруге кiрiсiп кеткен Алматы облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi бастығы Құрманғали Артықбаев: "Шамам келгенше жұмыс iстеуге тырысамын" — дейдi. Бiз де жаңа басшының iсiне оң баға берiп, сәт-сапар тiлеп қайттық.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ