БIРЫҢҒАЙ ФОРМА ТИIМДI МЕ?
БIРЫҢҒАЙ ФОРМА ТИIМДI МЕ?
Соңғы төрт-бес жылда жиi-жиi айтылғанымен, әлi күнге шешiмiн таппай келе жатқан мәселе — мектеп формасы. Жыл сайын жаздың соңы, күздiң басы – "бiрыңғай форма енгiземiз" деп қомданып-қомданып қоямыз. Бiрақ желпiнiп бастаған әңгiмемiздiң аяғы бiр-екi айдан соң сиырқұйымшақтанып барып, жоқ болады. Келесi жылы осы көрiнiс тағы қайталанады. Бұйыртса бұл проблема биыл тағы да қозғалмай қалмасы анық. Осындайда ой келедi: мектепте қандай киiм кию керектiгi шындығында соншалықты маңызды мәселе ме?
Орта мектеп оқушыларына бiрыңғай форма кигiзудi қуаттап жүргендердiң ең әуелi айтар уәжi — бiрыңғай форма бiлiм ошағында тәрбие мен тәртiптiң жақсаруына әсер етедi. Бұл топқа негiзiнен қырықтың қырқасынан асқан ата-аналарды, мұғалiмдердi жатқызуға болады. Ал, баррикаданың екiншi жағындағылар бұл пiкiрге қолды бiр-ақ сiлтейдi. Олар негiзiнен отыздың ар жақ бер жағындағы ата-аналар мен жоғары сынып оқушылары. Қай жақтыкi дұрыс немесе бұрыс?
Бұл сауалға жауап табу оңай емес көрiнедi. Бiрыңғай форманы жақтайтындардың айтары оқушының бiлiм ордасына таңдағанын киiп келуi — оның бетiмен кетуiне, өзгеден артық көрiнiп, сәнденуге құмар болу арқылы оның бойында жастайынан менмендiк, қызғаншақтық, өркөкiректiк қасиеттердiң қалыптасып, жетiлуiне жағдай туғызады.
Қарсы топ: "тәрбиеге арнайы форма емес, еркiн киiм оңды әсер етедi" деген пiкiрге мынадай дәлелдер айтады:
Адамның талғамына шектеу қоюға болмайды. Баланы бiрыңғай формаға күштеп мәжбүрлеу — оның ынта-жiгерiн төмендетiп, сенiмдiлiгiн шектейдi. Өзiндiк пiкiрi жоқ, табансыз, талғамсыз адам осының нәтижесiнде қалыптасады.
Екi пiкiрмен де келiспеу қиын. Алайда кез келген тұжырым нақты дәлелдермен нық бекiтiлмейiнше оны құптай кету бiржақтылыққа апарарын бiлемiз.
Осы жерде ресейлiктердiң былтырғы жылдың қыркүйегiнде жүргiзген сауалнама нәтижесiне көз жүгiртсек. Жалпы бұл сауалнамаға көршiмiздiң 44 облысының 100 елдi мекенiнiң 1500 тұрғыны қатысыпты. Сауалнамаға қатысқандардың 45 пайызы бiрыңғай форма енгiзiлсе жақсы болар едi десе, 17%-ы әр мектептiң өз формасы болғаны дұрыс дептi. Небәрi 17 пайызы мектеп формасының қажетi жоқ десе, 21 пайызы нақты жауап беруге қиналған.
Айтқымыз келгенi осы ауқымды сауалнамаға қатысқан ресейлiктердiң басым көпшiлiгi, атап айтқанда 45 пайызы "арнаулы мектеп формасын неге қалайсыз?" дегенде: "арнайы киiммен ғана бала өзiн оқушы сезiнiп, мектеп тәртiбiне көндiгедi. Ал тәртiп болған жерде тәрбие бар" деп жауап берген көрiнедi.
Бiлiм ұясына оқушы тек арнайы формамен баруға тиiс дегендi жақтайтындардың тағы бiр айтып жүргенi — бiрыңғай киiну мектептегi бiлiм сапасына игi әсерiн тигiзедi. Киiмнiң бiлiмге ықпал ететiнi рас па?
Өкiнiшке қарай бұл бiзде әлi зерттелiп, нақты жауабы айтылған мәселе емес.
Ал, бiлiм саласы мамандарының барлығы дерлiк форманың бiлiмге зор ықпал ететiнiн айтады.
— Қазiр бiз iскер, ұйымдастырушылық қабiлетi жоғары адамдар дайындауды мақсат етемiз. Осыған бiрыңғай форманың ықпалы жоғары болмақ. Сонымен қатар, еркiн форма оқушылар арасында әлеуметтiк проблемалардың туындауына себеп болады. Осы мәселенi ата-аналар жиi айтуда, — дейдi Қарағанды облыстық Бiлiм басқармасының маманы Жiбек Мұқышева.
Бiр қызығы, отандық маман пiкiрi жоғарыда айтыған сауалнамадағы ресейлiктер ойымен бiрдей шығып отыр.
Бұл бастаманы жақтаған ресейлiк 45 пайыздың тең жартысы еркiн форма — оқушылар арасында әлеуметтiк теңсiздiк туындатады дегендi құптаған. "Өзiнен артық киiнген құрбысын көрген бала, басқалардың алдында өзiн төмен сезiнiп сабаққа деген ынтасын жоғалтады. Бiлiм алуды емес, оңай жолмен ақша табуды ғана ойлап, жат қылықтарға бейiмделе бастайды" деген.
Бұл жалқының емес, жалпының пiкiрi. Бай баласы талғап киiп, кедей баласы барын бойына тұтып келгенде оқытушының да әр балаға көзқарасы өзгермейдi деңiзшi. Қазiр мектептерге барғанда жоғары сынып оқушысы мен жас мұғалiмдердiң қайсы шәкiрт, қайсы ұстаз екенiн ажырата да алмай қаласыз.
Балам "не кигiсi келсе, соны кисiн" дейтiн ата-ана: "бiрыңғай форма баланың ерiк-жiгерiн, қабiлетiн шектейдi. Әр адамның талғамы бөлек. Оған шек қою — адамның өзiне ғана тән ерекше қасиеттерiнiң жойылуына себеп болады. Бұл — бiлiм сапасына керi әсер етедi" дейдi.
Бұл пiкiрдiң де мойындайтын тұстары бар сияқты. Алайда, еркiндiк туралы айтар болсақ, нақты еркiне салсаң оқушы атаулының басым көпшiлiгiнiң мектепке келгiсi жоқ екенiн көпшiлiк бiледi. Солай екен деп еркiне қоя берсек не болғаны. Қалай дегенмен де еркiн жүру керек деп, қыз балалардың кiндiгiн жарқыратып, етегiн шолтитып, қарадомалақтарымыздың көркем фильмнен көргенiне елiктеп, алба-жұлба киiнiп, бiлiм ордасы сынды қасиеттi орынға дуанаға ұқсап келгенi қандай болар екен?!
Әрине бiз бұл екi пiкiрдiң дұрыс бұрысын саралауды оқырманның патша көңiлiне қалдырмақпыз. Тек қосарымыз әл-Фараби бабамыздың: "тәрбиесiз берiлген бiлiм — адамзаттың қас жауы" деген ұлағатты сөзi.
Жоғарыда ауылы аралас, қойы қоралас Ресей тәжiрибесiнен мысал келтiрдiк. Ондағы жағдайдың да бiздегiге ұқсас екенiн байқадық.
Ендi осы мәселе тұрғысында дамыған елдер тәжiрибесi не дейдi екен? Ғылым-бiлiмi барынша дамып, байлығы тасыған озық мемлекет оқушылары қалай киiнедi екен?
Америкада бiрыңғай киiм кигiзiп үйрету балабақшадан басталатын көрiнедi. Ал, оқушының қалай киiнуi мектепте қатаң қадағаланады. Арнайы форма тек қана ыңғайлы емес, сонымен қатар құрыспайтын, тез жуылатын матадан тiгiледi екен. Кез келген мектептен тыс шараларда да, мысалы, саяхатқа (экскурсияға) шыққанда да форма кию бұл елде әдетке айналған. Бұл мұғалiмдердiң балаларды қадағалауына өте ыңғайлы деп есептеледi. Тiптi ақ шұлғау мен қара түстi аяқ киiм болуы мiндеттi. Ал ыстық күндерi бастан күн өтпеу үшiн физкультура сабағына, тiптi үзiлiске бас киiмсiз (шляпа, кепка) шығармайды. Мұндай тәртiп мемлекеттiк мектептерде ғана емес, жекеменшiк бiлiм мекемелерiнде де қатаң сақталады.
Ал Жапонияда мектеп формасы жасөспiрiмдер үшiн бүгiнгi күнi сәнге айналып отырған көрiнедi. Олар мектептен тыс уақытта да үйреншiктi форма: ақ блузка, көк бүрмелi қысқа белдемше (юбка), тiзеге дейiн келетiн гольфи мен былғары туфли киедi екен. Тiптi ондай форманы кию мiндеттелмеген мектептердiң өзiнде бұл сәнге айналғандықтан оқушылар өз ерiктерiмен осындай киiм киедi екен. Мұндай киiмдi олар еркiндiк, өз қалауларындағы сән үлгiсi ретiнде қабылдаған.
Айым СӘДУАҚАСОВА