Жаңалықтар

ЖҰМЫР ЖЕРДI ДУЫЛДАТҚАН ОЛИМПИАДА!

ашық дереккөзі

ЖҰМЫР ЖЕРДI ДУЫЛДАТҚАН ОЛИМПИАДА!

Жұмыр жер көз тiккен Пекин Олимпиадасының ашылу салтанатына 80 елдiң басшысы келген болатын. Тәуелсiз Қазақ елiнiң Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Пекинде Қазақстанның намысын қорғайтын 131 спортшыға үлкен үмiт артып, ақ жол тiлеген едi.

Пекиндегi тысыр еткен дыбысқа құлақ түрiп, тақым қысып отырған қалың елдiң тiлеуi бiр төбе. Сол қалың елдiң тiлеуi қабыл болып, алғашқы сүйiншi хабар да келiп жеттi. Үштөбе ауылының қыраны — Нұрбақыт Теңiзбаев, Пекин төрiнде қола медаль iлiп түстi. Азия құрлығын мойындатып жүрген Теңiзбаев, қалың жұртын ду еткiзiп Пекин Олимпиадасының топ жарғандар тұғырына шықты. Сонымен Алматы облысы, Панфилов ауданының Үштөбе ауылындағы Молдахмет пен Нұрғайша Теңiзбаевтардың отбасында үлкен той. Қазақ елiнiң тойы. Қалың қазақтың жанарын жарқ еткiзген Пекин Олимпиадасындағы алғашқы қуаныш.

Нұрбақыттың қуанышына сүйiншi сұраған елдiң дуылы басылып үлгермей, тағы бiр шаттыққа толы хабар жеттi. Зiлтемiр көтерушi Ирина Некрасова Пекин Олимпиадасының күмiс тұғырына шықты. 20 жасар Ирина өзi тұңғыш қатысқан Олимпиаданың күмiс жүлдегерi!

Нағыз алапат айқастар әлi алда. Түндiгi желпiлдеген әлемдiк спорт тойында аты жалпақ дүниеге жайылған небiр бiртуар спортшылар буырқана топ жарып барады. Әр ел үкiлеп қосқан спортшыларының тiлеуiн тiлеп отыр. Шың басындағы жеңiс тұғырына апарар соқпақ тым ауыр. Қазақ елiнiң ерекше көз тiгетiн спорт түрi — бокс. Қазiр 9 боксшы жұбын жазбай, биiкке беттеп барады. Қазақ спортшыларының қоржынындағы екi медаль үлкен жеңiстiң басы болсын деп тiлейiк, ағайын! Iргедегi Қытай елiнiң спортшылары медаль сапасымен көш бастауда. Қытай елiн өкшелеген — АҚШ спортшылары. Ал, арпалысқа толы спорт тойындағы Қазақ елiнiң қомақты несiбесi әлi алда екенi даусыз.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ