СЕНАТ САЙЛАУЫН САЯСИ ДОДАҒА ЖАТҚЫЗУҒА БОЛА МА?

СЕНАТ САЙЛАУЫН САЯСИ ДОДАҒА ЖАТҚЫЗУҒА БОЛА МА?

СЕНАТ САЙЛАУЫН САЯСИ ДОДАҒА ЖАТҚЫЗУҒА БОЛА МА?
ашық дереккөзі

Сонымен алда Сенат сайлауы. Қазанның 4-iнде Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттарын сайлау жүргiзiледi. Бұл сайлау Қазақстанның саяси өмiрiне қандай да бiр өзгерiс әкеледi деу қиын. Өйткенi, сайлау жалпыхалықтық сипат алмайды.

Сенаторлардың өкiлеттiк мерзiмi — 6 жыл. Әрбiр 3 жылда тең жартысы қайта сайланатын үрдiс бар. Ал, 15 сенаторды Елбасы тағайындайды. Сөйтiп, Сенаттың 16 депутаты қайта сайлануы тиiс. Бұл сайлау — Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ына төрағалық етудiң алдында өткiзiлгелi отырғаны мәлiм. Сол себептi де Орталық сайлау комиссиясы оның адал әрi Сайлау заңдылықтарын сақтау негiзiнде өткiзiлуi бiздiң демократиямызға сын екендiгiн ескерттi.

Бiрақ, қалай дегенмен де, Сенат сайлауын саяси додаға жатқызуға болмас. Бiрiншiден, депутаттыққа үмiткерлердi мәслихаттар ұсынады. Бұл сайлауда азаматтардың өзiн-өзi ұсынуына да мүмкiндiк бар. Депутаттыққа үмiткерлердi ұсыну тамыздың 2-сiнде басталып та кеткен, қыркүйектiң 3-iнде аяқталуы тиiс. Ал, 13-iншi қыркүйекте тiркеу аяқталады. 14-қыркүйектен 2-қазанға дейiн үгiт жұмыстары жүргiзiледi. Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары сайлау нәтижесiн бiр күннiң iшiнде — 4-қазан күнi жариялап үлгеруi керек. Жалпы қорытындыны Орталық Сайлау комиссиясы 10-қазаннан кешiктiрмей паш етуi тиiс.

Қазақстанның заңнамалық билiгiн — бiр партияның "Нұр Отан" партиясының ұстап отырғаны бұлтартпас ақиқат. Бiздiң дерегiмiз бойынша, мәслихаттардың 90%-ы билiк партиясының өкiлдерiнен сайланған. Егер, үмiткерлердi мәслихаттар ұсынса, "Нұр Отан" партиясының мүшелерi өз партияластарын жақтап дауыс беретiндiгi белгiлi. Қазiргi депутаттыққа үмiткерлердiң тiзiмiн және мәслихаттардың кiмдi жақтап жатқандығын бақылап отырсаңыз, бұған дейiн депутаттық жұмсақ орын-тақтың дәмiн татқан депутаттардың асығы алшысынан қайта түсе бастаған көрiнедi. Мәселен, Ақмола облысынан сенаторлыққа үмiткер ретiнде "Нұр Отан" партиясының атынан Светлана Жалмағамбетова үмiткер ретiнде қайта тiркелсе, Қостанай облысынан тағы да осы партияның мүшесi Х. Балиев үмiткерлiкке ұсынылып, мәслихат депутаттары атынан бiр ауыздан мақұлданған. Сондай-ақ, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы атынан тiркелген үмiткерлердiң барлығы да "Нұр Отан" партиясының мүшелерi. Мәслихат депутаттары өздерi кандидатурасын бекiткен үмiткерлерге өздерi дауыс беретiн болады. Демек, бұл сайлауда үгiт-насихаттың қаншалықты қажет екенi түсiнiксiз. Өйткенi, бiр партиялық Заң шығарушы органның — мәслихат, Мәжiлiс, Сенаттың — депутаттары бiр-бiрiне қарсы дауыс бермейтiндiгi түсiнiктi.

Жалпы сайлауды өткiзу барысына бюджеттен 134 миллион теңге бөлiну көзделген. Яғни, 1 миллион 100 доллар. Сайлау заңына сәйкес, әр үмiткерге үгiт жүргiзуге және көлiк шығындарына республикалық бюджеттен қаржы бөлiнедi. Сондай-ақ, әр үмiткер 8 миллион теңгеден аспайтын қор құру мүмкiндiгiне ие.

Әлемнiң 56 мемлекетi Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуiн жақтап дауыс бергенiмен, бiздiң елдегi бiр партиялық Парламенттiң iсi үнемi сынға ұшырап келгенi анық. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету үшiн оның стандарттарына жақындау қажеттiгi де жиi әңгiме өзегiне айналған едi. Маусымның 29-ында Астанада өткен Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының Парламенттiк ассамблеясының сессиясында Қазақстан президентi Назарбаев "қоғамды одан әрi демократияландыру үшiн конституция әлеуетiн пайдаланып Қазақстанда кем дегенде екi партиялық парламент құратын механизм жасау керек" деген ой айтты. Бұдан кейiнгi болжамдардың барлығы, Мәжiлiс сайлауы келесi жылы тағы да мерзiмiнен бұрын өткiзiледi дегенге сая бастаған едi. Алайда, Мәжiлiс сайлауының 2009 жылы қайтадан өткiзiлуi туралы әңгiме әзiрге басылды. "Азаттық" радиосына сұхбат берген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов ("Сенат сайлауы 4-қазанда өтедi", Б. Шаяхмет) Елбасы Назарбаевтың Мәжiлiстi мерзiмiнен бұрын тарату туралы ешқандай ой айтпағандығын жеткiзiптi.

Заң шығарудың ең биiк органы болып саналатын Сенат сайлауы бiзде белгiлi тәсiлмен өтетiнi мәлiм. Оның қашан, қайда өткiзiлiп жатқанынан жұрт бейхабар. Тек әкiмшiлiк ресурстарды пайдаланып мәслихатқа сайланған депутаттардың көз жұмып дауыс беруiмен ғана жүзеге асады. Сол себептен де қазiргi Сенаттағы депутаттардың iшiнде өзге партияның өкiлi ретiнде Елбасы өзi тағайындаған "Патриоттар" партиясының көсемi Ғани Қасымов ғана отыр. Бұл да әлемдiк қауымдастықа көз қылу үшiн қажет. Парламент бiр партиядан жасақталған жоқ. Бiздiң iшiмiзде өзге партияның өкiлi бар" деп айтуға негiз бар. Тағайындалатын тағы 15 сенатордың iшiнде өзге партиялардың өкiлi енсе жетiп жатыр, ЕҚЫҰ-ға «көп партиялы Парламентiмiз бар» деген ақпарат беруге болады. Бiздегi заң шығарушы орган әзiрге билiктiң уысында. Бәлкiм Қазақстандағы «бақылаудағы» демократияның өз жемiсi бар шығар. Өйткенi Азияның кейбiр мемлекеттерiнде демократиялық мәдениет қалыптаса қойған жоқ. Бұған жарқын мысалды алыстан iздемей-ақ, Қырғызстан мен Моңғолиядағы қақтығыстарды айтсақ та жетiп жатыр.

Қалай дегенменде мәслихат депутаттарының да атқарушы билiктiң қолбаласы екенi мәлiм.

Есенгүл Кәпқызы