Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ЕСIМI ҰЛТТЫҚ СИПАТЫНА САЙ МА?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ЕСIМI ҰЛТТЫҚ СИПАТЫНА САЙ МА?

Қазақ — ырымшыл халық. Әсiресе, дүниеге келген сәбиiне ат қоярда да ырымдап жатады. Елге сыйлы, халыққа абыройлы адамдардың есiмiн нәрестесiне беруде де ерекше ырым жатқаны анық. Сондай-ақ, нәрестеге ат қоюда, оның өмiрге келген айы да тiкелей байланысып жатады. Мәселен, наурыз айында дүниеге келген баласының есiмiн Наурызбай, Наурызбек деп атаса, айт кезiнде дүниеге келген сәбиiне Айтбек, Айтбай деген есiмдi берген. Ал қазақтың арасында кеңес кезiнде Октябрь, Ноябрь, Советбек, Сиязбек деген есiмдер қаптаса, қазiр Марселло, Диана, Джорж, Рима, Рената деген аттар көбейiптi. Санамалай берсеңiз, бұдан да сорақы аттарды табуға болады.

Менiң құрбым сәбиiнiң есiмiн Элина деп атапты. Әуелде естiгенiмде таң қалып, "бұл ненi бiлдiредi?" деп құрбымнан сұрадым. Сөйтсем, Элина — Голливудтың түсiрген мультфильмдерiнiң кейiпкерi көрiнедi. "Элина туралы мультфильмдi көрсең, ол қыздың ақылдылығына таң қаласың. Оны көрсең, өзiң де жақсы көресiң, көршi" дейдi қиылып. Расында да, мультфильмдегi басты кейiпкер Элинаның бейнесi барлық жағынан көрерменге ұнайтыны да анық. Бiрақ, бұл қазақ қызына қойылатын есiм бе? Күнi ертең Элина өсiп, бойжеткенде, ұлтын, қазақ екендiгiн есiмiмен дәлелдей ала ма?! Кейде құрбым Элинасымен қонаққа барса, елдiң бәрi таң қалып, атын сұрап жатады. Қазақта жоқ атты қойғаннан кейiн, таңданбай қайтсiн?!

Одан бөлек, тағы бiр таныс апайым немересiнiң атын "Марселло" деп қойыпты. Тура сол кездерi телеарналардың бiрiнен бразилиялық сериалдардың қызу жүрiп жатқан кезi болса керек. Сериалдағы басты кейiпкер – Марселло апайымыздың жүрегiн қатты толқытқан болар, немересiнiң атын соның құрметiне қойғанына қарағанда. Мұндай қызық-қызық сериалдардың кейiпкерлерi қазақтың даласында бүгiнде өрiп жүр деп айтуға да болады.

Кейде адамның есiмi оның өмiрiне де байланысты болып жатады. Мәселен, қазақта Арман, Дәурен деген есiмдер көп. Менiң бiр танысым, осы аттардың қойылуына да ойлана қарайды. "Айхай, Дәурен" немесе "Арман-ай" деген сөздiң өзi өкiнiш пен мұң шақыратындай дейдi ол. Қалай десек те, қазақтың аты қазақы ұғымға сай, ұлттық нақышта қойылғанға не жетсiн?! Қазақта небiр көркем, сұлу кiсi аттары көп емес пе? Элина, Рената, Марселлоның орнына сондай қазақы нақыштағы есiмдердi қойса, нұр үстiне нұр болмай ма?!

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:

— Дулат аға, баланың есiмi оның өмiрiне әсер етедi деп ойлайсыз ба?

— Баланың есiмiнiң жақсы қойылуы оның келешегiне де әсерi мол.

— Сiз балаларыңыздың атын қойғанда белгiлi бiр нәрсеге сүйендiңiз бе?

— Дүниеге келген сәбиiңнiң есiмiнiң жақсы болғаны да дұрыс. Мен әскерде жүргенде дүниеге келген ұлымның атын Естияр деп қойдым. Ертеңгi келетiн iнi-қарындастарына естияр болсын деген ойым болған шығар. Ал, егiз қызымның аты Айман-Шолпан.

— Бүгiнгi еуропаланған есiмдерге қалай қарайсыз?

— Жалпы, бiздiң қазақ дүниежүзiндегi аттардың патшасы сияқты. Ойына не келедi соны қоя салады. Менiң "Бонапарттың үйленуi" деген шығармам бар. Сонда жазғанмын. Бiр ауылда бiрнеше елдiң қалаларының аттары бар балалар бар. Мәселен, Мадрид, Таллин, Берлин деген сияқты кете бередi. Солардың бәрiн қаз-қатар сапқа тұрғызып, аттарын атап шақырсаңыз, бүкiл Еуропа көшiп келгендей болады. Одан кейiн Совет заманында кеңестiк аттар көбейiп кеттi. Қазақтың аты екенi көрiнiп тұратындай ұлттық сипат болуы керек емес пе?! Қазақтың қыздарының арасында да Оля, Таня, Света деген аттар көбейiп кеттi. Неге олай қойған деп сұрасаңыз, менiң дүниеге әкелген кiндiк шешемнiң аты ғой дейдi. Ау, кiндiк шешесi болса, шапан жауып, жүзiк тақсын, басқа сый-сияпатын жасасын. Неге оның құрметiне баласының атын қоюы керек. Өзбектерде кiндiк шешесi болмақ түгiлi басқа болса да, өзге ұлттың атын бермейдi. Өйткенi, ұлттық сана деген оларда мықтап қалыптасқан. Бiзде осынысы жетiспейдi. Қазақтағы әрбiр сөздерге тоқталсаңыз, уақыт жетпейтiн шығар.

Оңғар қажы Өмiрбек:

— Ата-ананың перзентiнiң алдындағы парызының бiрi — оны дүниеге келтiргеннен кейiн оған жақсы ат қою. жақсы тәрбие беру. Қазақ атты ырымдап та қояды. Қыздың соңынан ұл болсын, Ұлбосын, Ұлтай, Ұлмекен деп қойып жатады. Балалары тоқтасын деп, Тоқтасын, Тұрсын деген сияқты есiмдердi де қойған. Бұл жаман ырым емес.

— Ал, дiни тұрғыдан келгенде ше?

— Дiни тұрғыдан келгенде жақсы ат қою өте абзал. Мысалы, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың есiмi — мақтаулы деген мағынаны бiлдiредi екен. Анасы Әминаның түсiнде перiштелер аян берiп, баласына Мұхаммед деген ат берген екен. Кейiн Әмина анасы пайғамбарымызды жерде де, көкте де перiштелер қорғап, мақтап жүрсiн деп қойдым деген екен. Мұхаммед деген сөз мақтаулы деген сөз. Жалпы, ислам дiнiнде адамның есiмi iзгi тiлекпен, iзгi ниетпен қойылып отырған. Қазiр неше түрлi еуропаның аттары көбейiп кеттi. Олардың тiптi, қазаққа үш қайнасы сорпасы қосылмайды. Қазақ болғаннан кейiн, оның есiмiнде де ұлттық сипаты басым болса деймiн.

Жәнiбек АСҚАРҰЛЫ, жүргiзушi:

— Жақсы ат қойған дұрыс та шығар. Бiрақ, бiз елiктегiш халықпыз ғой. Бiр кездерi елiмiзге Индира Ганди келген кезде, елдiң бәрi қыздарының атын Индира деп атағанын жақсы бiлемiз. Мұның бәрi көрсеқызарлықтан, елiктеуден туады. Әйтпесе, қазақта жақсы аттар көп. Одан да солардың бiреуiн қоймай ма? Қазiр тiптi сорақыланып кеттi. Телеарналардан көрсетiп жатқан сериалдардың кейiпкерi бүгiнде арамызда жүр. Күнi ертең қартайғанда олардың аттарына қарап, қазақтың шал-кемпiрi екендiгiн қалай бiлемiз? Бiз өзi ырымшыл халықпыз, одан да ырымдап, жақсы азамат болсын деп, тұлғалардың, қазақтың батыр бабаларының аттарын қойсын. Сонда қазақы қалыптан ажырамаймыз.

Нәзира БИТАСҚЫЗЫ, мұғалiм:

— Баланың аты өмiрiне де байланысты болады деп жатады ғой, кiм бiлсiн?! Тек әйтеуiр, ұлы адамдардың атын қою, пайғамбарымыздың сахабаларының атын қою, балаға ауырлық алып келедi деп жатады. Тiптi, бiздiң ауылда бiр кiсi немересiне "Арыстанбабтың" есiмiн қойған екен. Кейiн, ауыр болады деп ауыстырып жiбердi. Мүмкiн, жеңiл, жақсы ат қою да дұрысырақ шығар. Әйтеуiр, баланың атының айтуға әдемi, мағыналы болғаны да дұрыс деп есептеймiн.

— Сiздiң балаларыңыздың атын кiм деп қойдыңыз?

— Үлкенiмнiң атын дәулеттi болсын деп атасы Дәулет қойса, екiншi ұлымның атын мырза болсын деп, Мырзахан қойдық.

… Интернеттi ақтарып отырып, мынадай бiр қызыққа тап келдiм. Бiр жiгiт интернет арқылы қарындасына ат қоюды өтiнген екен. Дүниеге әлi келе қоймаған қызға алдын ала ат iздеу де ерсiлiк шығар. Бiрақ, әлгi жiгiттiң өтiнiшiне ел қалай жауап берiптi деген оймен, жауаптарына да үңiлiп көрдiм. Интернеттiң алдында кiмдердiң отыратыны тағы белгiлi?! Iшi пысқан жастар қойсын ба, жiгiттiң өтiнiшiн тiптен келемежге айналдырған сияқты. Бiреуi тiптен, "Қарындасыңның атын Қопаргүл қойсаңшы, жер қопарып жүрсiн" десе, ендi бiрi — "Менiң есiмiмдi әжем Сәрсенгүл қойғысы келген екен, мамам перзентханадан шыққаннан кейiн, туу туралы куәлiгiмдi жыртып-жыртып, Әсел деп қойыпты", — деп жазады. Ат айтудың орнына әлгiндей бос мылжың әңгiмелердi жазып отырған жастарымызды ертеңiмiз, келешегiмiз деп жүрмiз ау. Әрине, "бес саусақ бiрдей емес", кейбiреулердiң әлгi жiгiтке ұсынған аттардың iшiнде көңiлге қонатыны да бар. Әйтсе де, дүниеге келген баланың атын үйдiң үлкендерi, қариялардың қойғаны абзалырақ. Көптi көрген көнекөздердiң баланы өз тамырынан ажырамауы үшiн жақсы есiмдердi тауып қоярына сенiм мол. Қалай дегенмен де, ұрпағының келешегiне алаңдайтын қазақ оның ұлттық болмысын сақтауына да игi ықпалын тигiзсе деген ниет қана.

Гүлзина Бектасова