Жаңалықтар

ЖАНАР-ЖАҒАР МАЙДЫҢ "ЖЫРЫ"

ашық дереккөзі

ЖАНАР-ЖАҒАР МАЙДЫҢ "ЖЫРЫ"

Жылда қайталанатын жанар-жағар май мен жер май дауы биыл да "жүрiсiнен" жаңылған жоқ. Үкiмет "әдеттегiдей", ашкөздiкке ұрынған кәсiпкерлердi заңмен қорқытып әлек. Дегенмен, iшкi нарықтағы баға өсуiн тоқтатар емес. Мұнай мен мұнай өнiмдерi нарығына қатысы бар кәсiпкерлердiң қымбатшылықты қолдан өсiрiп отырғанын Үкiметтегiлер де жасырмайды. Бiрақ оларды тезге салуға асығар емес: "әр компаниямен алдымен жеке-дара әңгiмелесу қажет" (С.Мыңбаев).

Дүйсенбi күнгi халықаралық нарықтағы мұнай бағасы арзандады. Лондондағы InterContinental Exchange Futures биржасында IPE Brent Crude маркалы мұнайдың бiр баррелi – 120,68 долларға бағаланды. Бұл өткен аптамен салыстырғанда, 3,50 долларға арзан. Ал, Нью-Йорктегi New York Mercantile Exchange биржасында Light, Sweet Crude Oil маркалы "қара алтын" 121,41 долларды құрады. Бұл 3,69 долларға төмен деген сөз. Сарапшылардың айтуына қарағанда, тiптi, Мексика шығанағындағы мұнай өнiдiрiсiн тоқтатып тастауға қауқарлы әрi кен орындарындағы өндiру жұмыстарына кедергi жасауы мүмкiн Эдуард дауылының жақындап қалғанына қарамастан, әлемдiк нарықтағы мұнай бағасы төмендеген көрiнедi. Баға саясатына ЕО мен АҚШ пен Иран арасындағы ядролық бағдарламаға қатысты туындаған дау да кедергi бола алмаған. Халықаралық қаржыгерлердiң көпшiлiгi " АҚШ-тағы инфляция көрсеткiшiнiң өсуiне себеп болған макроэкономикалық көрсеткiштер дүниежүзiлiк нарықтағы мұнай бағасының арзандауына ықпал еттi" деген пiкiрмен келiседi.

Қазақстан үкiметiнiң ҚР Кедендiк кодексiнiң 8-бап, 2-тарауына орай, 2008 ж. 1 шiлдесiнде қабылдаған Қарарына сәйкес, үстiмiздегi жылдың 1 қыркүйегiне дейiн жанар-жағар май мен дизельдiк отынды республика аумағынан жыраққа алып шығуға тыйым салынды. Бұған iшкi нарықтағы мұнай өнiмдерiне деген қолдан жасалынған қымбатшылық пен қатшылық себеп болған. Алыпсатарлар мен делдалдардың, кейбiр ашкөз кәсiпкерлердiң "тәбетiн" ауыздықтау үшiн Үкiмет осындай шара қолдануға мәжбүр болды.

ҚР Энергетика және табиғи ресурстар министрлiгiнiң хабарлауынша, 2008 жылдың алғашқы жартысында Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарында 1335,1 мың тонна жанар-жағар май, 2076,2 мың тонна дизельдiк отын өндiрiлген. Былтырғы көрсеткiшпен салыстырғанда, әлдеқайда көп. Демек, бензин мен дизельдi iшкi нарыққа бағыттағаннан гөрi мұнайдың "қаны жерге тамбай тұрған" әлемдiк нарыққа жөнелткен әлдеқайда тиiмдi. Әзiрге елiмiздегi экспорт мәселесi шешiлгенше 1 қыркүйекке дейiн жанар-жағар майды сыртқа тасымалдауға рұхсат жоқ. Қазақстандағы компаниялар инвестициялық бағдарламаға сәйкес, iшкi нарықты мұнай өнiмдерiмен қамтамасыз етуге мiндеттi. Бұл мiндеттен бас тартқан компанияларға билiк тиiстi шараларды, анығында, мұнай тасымалына шектеу қою мен кедендiк баж салығын мiндеттеудi қолға алмақ.

Маусым айының ортасында Қазақстандағы жанар-жағар май бағасы әлемдiк нарықтағы құнға жақындады. Шұғыл шақырылған үкiметтiк отырыстардың көпшiлiгi iшкi нарықтағы мұнай шикiзатының бағасын тұрақтандыруға арналған. Энергетика министрлiгi мұнай тасымалын шектеумен және кедендiк баж салығымен қорқытты. Шыққан нәтиже шамалы. Өйткенi, маусымның алғашқы күндерi 92 теңге тұрған А-93 айдың ортасында 104 теңгеге бiр-ақ шығандады. Қазiр бұл көрсеткiш — 107-109 теңге арасында. Бiздiң атқамiнерлер отандық нарықтағы бағаның өсуi мұнай шикiзатымен жұмыс iстейтiндердiң ауыз жаласқанын, яғни, бағаны келiсе отырып, әдейi көтергендерiн жасырмайды. Осыдан бiраз уақыт бұрын Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң жетекшiсi Рахат Тұрсынов мұнай мен мұнай өнiмдерi нарығындағы қолдан жасалған қымбатшылыққа қатысы бар 30-ға жуық iрi кәсiпкердiң тексерiлiп жатқанын хабарлаған. Агенттiктiң қырына Павлодар, Шымкенттегi мұнай өңдеу зауыттары, "ПетроҚазақстан", "Гелиос" пен басқа да iрi нысандар iлiккен. Өкiнiшке қарай, заңды жазасын алып, бармағын тiстеген ашкөз кәсiпкердi көрмедiк. Тұрсынов айтты екен деп арзандаған жанар-жағар май және жоқ. Бәсекелестiктi қорғауға мiндеттi агенттiк өкiлдерi алдымен мамыр мен шiлде айындағы құжаттарды түгел тексеруден өткiзу қажеттiгiн айтады. Кеңселерде шаң басқан қағаздарды ақтарып болғанша, дихандар мен егiншiлердiң де жүйкесi жұқарып бiтер. Есесiне, Энергетика министрлiгiндегiлер Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының жұмыс iстеу тәртiбi бұзылғандығын, Ресейден Павлодардағы зауытқа келетiн мұнай шикiзатының жеткiзiлмеуiн көлденең тартты. Аталған мәселелердiң тез арада шешiмiн табуы керектiгiн қадап айтқан министр С.Мыңбаев бұл проблемамен арнайы жұмыс тобы айналысатынын жеткiздi. Әзiрге Мыңбаевтың назары қымбатшылықтан алдына жан салмай отырған "Гелиосқа" ауып отыр. "Гелиостағылар" министрдiң алдында ақталып бақса да, олардың сылтауына министр илiкпей қойды: "Ақтөбе бойынша мен нақты мысалдар келтiрдiм. Онда "Гелиостың" үлесi қомақты. Егер "ПетроҚазақстан" Келiсiмдi шама-шарқынша сақтауға тырысса, "Гелиос" соңғы үш күнде жанар майды 81 теңгеден 99 теңгеге өсiрген. Басқалардың жаңа бағаға қарап бой түзей бастайтыны анық". Мыңбаев бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң осы мәселемен түбегейлi айналысуын қатаң тапсырды. Қарапайым халықтың мүддесiн қорғаған, заңдылықтың сақталауын талап еткен министрдiң бұл қадамына көңiл сүйсiнедi. Бiрақ шыққан нәтиже неге жоқ? Мұнайға бай Қазақстанда мұнай өнiмдерi неге қымбат?

Айтпақшы, мұнайдың қымбаттауы америкалықтарға пайда әкелген көрiнедi. Өйткенi, бұған дейiн аса қымбат әрi жанар-жағар майды аса көп мөлшерде талап ететiн көлiктердi мiнуге әуес америкалықтар қымбатшылық басталғалы берi қоғамдық көлiктерде, велосипедтерге тiптi, жаяу жүруге көшiптi. Демек, АҚШ экономикасы ұтуда. Мейрамханалар мен әртүрлi тез дайындалатын тағамдарға деген әуестiк те бәсең тартқан. Есесiне, дәмдi әрi денсаулыққа пайдалы үй тағамдарына бет бұрған. Бұл америкалық қоғамның "бас ауруына" айналған семiздiк проблемасын шешуге ықпал етедi. Мейрамханалар мен "семiздiк проблемасын" қайдам, бiрақ, егер жанар-жағар май тапшылығы бiздiң отандастарымызды қоғамдық көлiктерге, велосипедке немесе жаяу жүруге мәжбүрлесе, қуаныштымыз. Әсiресе, адамдардың жүйкесiн жұқартып, қарадай шаршататын кептетiлiсi көп Алматы секiлдi қалаларда. Әрине, мұнайдың ен байлығына ие Қазақстандағы жанар-жағар майдың қымбат болуы қуантарлық жайт емес. Үкiмет ашкөздер мен пайда құныққан алыпсатарларды ауыздықтауды әлi де күн тәртiбiнен түсiрмеуi тиiс. Себебi, мұнайдың қымбаттауы азық-түлiктiң, жемiс-жидек пен көкөнiстiң, тұтынушылық тауарлар мен киiм, аяқ киiм, тiптi, ақылы қызмет көрсетудiң қымбаттауына әкеп соғатыны белгiлi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ