Жаңалықтар

ҰРЫЛАР ИНТЕРНЕТТI ПАЙДАЛАНУДА

ашық дереккөзі

ҰРЫЛАР ИНТЕРНЕТТI ПАЙДАЛАНУДА

Ақпараттық технологияның дамуынан әлемге қауiп төнгенiн сарапшылар жоққа шығармайды. Әсiресе, компьютердiң, анығында, интернеттiң көмегiмен "нан табуға" көшкен арамтамақтар немесе хакерлер қатары көбеюде. Дүниежүзiлiк тарихтағы аса iрi көлемдегi компьютерлiк ұрлық апта басында Америкада ашылды.

Кеше АҚШ билiгi Америка, Украина, Эстония, Беларусь пен Қытайдың 11 азаматына ұрлыққа қатысты айып тақты. Жер шарының 40 миллион тұрғынының жеке iсiн интернет арқылы заңсыз ақтарған олар банктердегi есепшоттар, парольдер, кредиттiк, дебиттiк карталар туралы мағлұматты ұрлаумен, деректердi сатумен айналысқан. Тарихта алғаш рет кездескен ең iрi көлемдегi ұрлық саналатын бұл iске бүгiн аталған бес елмен бiрге Германия мен Түркияның құқық қорғау қызмтеткерлерi де қосылды.

Ұрылар компьютердiң көмегi арқылы дүкендер мен банктердiң жүйесiн бұзып, өздерiне керектi ақпаратқа оңай қол жеткiзген көрiнедi. Тергеушiлердiң хабарлауынша, олар қала аралаған болып жүрiп сымсыз байланыстарға қосылған. Сөйтiп, TJX Corporation, BJ’s Wholesale Club, Barnes and Noble, Sports Authority, Boston Market, Office Max, Dave and Busters, DSW және Forever 21 сияқты әлемге танымал компаниялардың құпия сақталатын деректерiне қол салған. Жасырын түрде кредиттiк карточкалардың нөмiрiн, парольдерiн немесе есепшоттар туралы мағлұмат алуға мүмкiндiк беретiн жүйелiк анализатор немесе снифер құрған. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi қолға түскен деректердiң "қара базарда" саудаға шығарылуы мүмкiн екендiгiн айтады.

Бостондағы баспасөз мәслихатында ресми түрде мәлiмдеме жасаған АҚШ әдiлет министрi Майкл Мукейси мен Нью-Йорктiң Шығыс аймағының бас прокуроры Бентон Кэмпбелл 11 айыпталушының iшiндегi Майамиде тұратын 3-еуiнiң үстiнен қылмыстық iс қозғалғанын жеткiздi. Ал қалған сегiзi Сан-Диегода сотқа тартылған.

"Бұл қылмыстық iс бiздiң компьютердегi жеке iс-қағаздарын сақтауда осалдық танытатынымызды және қауiпсiздiкке төнген қатердiң ұлғайғанын дәлелдейдi" деп ағынан жарылған америкалық министр Мукейси тергеу, тексеру iстерiне Германия мен Түркияның қосылғанын мәлiмдедi. Ресми деректерге сүйенсек, ұрылар қолға түсiрген деректерiн АҚШ пен Еуропадағы копмьютерлiк серверлерде сақтаған. Сарапшылар қауымы хакерлердiң кесiрiнен АҚШ жыл сайын миллиардтаған доллар шығын шегетiнiн көлденең тартуда.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ