Жаңалықтар

"БIРЕУ ТОЙЫП, БIРЕУ ТОҢЫП..."

ашық дереккөзі

"БIРЕУ ТОЙЫП, БIРЕУ ТОҢЫП..."

Жергiлiктi әкiмдiктегiлер қолда бар қаражатты мақсатты әрi жүйелi түрде жұмсай алмай отыр. Осының кесiрiнен, көктем мен күзде Жердi емгендер қатты қиналады. Iрiлi-ұсақты шенеунiктiң кемшiлiкке жиi жол беретiнiн жасырмайтын билiк "шара қолданамыз"-бен шектеледi. Шыққан нәтиже тағы жоқ.

Әлемдi әбiгерге салған азық-түлiк дағдарысының Қазақстанды айналып өтетiнiн жеткiзген ауыл шаруашылығы министрiнiң орынбасары М.Орзаев ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталатын бюджеттiк қаржының үш есеге дейiн (70 млрд. теңге) көбейтiлгенiн мәлiмдедi. Әлбетте, егер бөлiнетiн қаржы тиiмдi жұмсалатын болса, яғни, өнiм өндiрушiлерге, өндiрiстi дамытуға және жаңа технологияларды енгiзуге арналған қаражат "әдеттегiдей" желге ұшпаса ғана.

Ауыл шаруашылығындағы ма¬ңызды мәселелердiң бiрi — сапалы тұқымды пайдалану. Әзiрге бiздiң кәсiпкерлер отандық емес, шетелдiк тұқымды пайдаланады. Мысалы, Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстарында канадалық тұқымды кеңiнен қолдану елiмiздегi тұқым шаруашылығының дамуына кедергi келтiрiп отыр. Қазақстандық тұқым сапасын халықаралық бәсекелестiкке төтеп бере алатын деңгейге жеткiзуге мүдделi Үкiмет жергiлiктi әкiмдiктерге тағы да нықтап тапсырма бердi: "Тез арада отандық жаңа тұқымды себудi қолға алыңдар". Дихандар мен егiншiлер бұл бастамаға қарсы емес. Бiрақ әлемдiк сапаға төтеп бере алатын отандық тұқымды қайдан аларын бiлмей дал. Демек, билiк нұсқау берумен шектелмей, мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген қыруар қаржының тұқым сапасын жақсартуға жұмсалуын қатаң қадағалай отырып, нақты шараларды жүзеге асыруға атсалысуы тиiс.

Марат Орзаев мырза iшкi нарықтағы жүзiм мен басқа да дақылдардан өндiрiлетiн өнiмдер ұлттық сұранысты қанағаттандыра алмайтынын бұл азық-түлiк қауiпсiздiгiне керi әсер ететiнiн айтады. Яғни, грузин, молдован, француз шараптары, өзбек пен тәжiктiң жемiс-жидектерiнiң орнын ең қысқа мерзiмде қазақстандық өнiм баспақ. Биыл Алматы, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстарында былтырғымен салыстырғанда, 509,6 гектар жер артық өнiм өндiрiлу жоспарлануда. Сондай-ақ, жүзiм мен басқа да жемiс-жидектен өндiрiлетiн өнiмдердiң сапасы мен санын арттыру үшiн 1,5 млрд. теңге бөлiнген. Ал асыл тұқымды мал шаруашылығына келсек, бюджеттен бөлiнетiн 2,2 млрд. теңге республикадағы ет және ет өнiмдерiмен қатар мал тұқымын асылдандыруға жұмсалмақ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң хабарлауынша, Ақмола мен Солтүстiк Қазақстан облыстарында асыл тұқымды мал шаруашылығының халi мүшкiл. Қазақстанның барлық облыстарында дерлiк ет пен ет өнiмдерiн өндiру күрт төмендеген. Сонымен қатар сүт өнiмдерiн өндiру де соңғы кездерi азая түскен. Былтыр алты айдың iшiнде 33,4 пайыз сүт өңделсе, биыл алғашқы жарты жылдықта бұл көрсеткiш 30,5 пайызға әрең жеткен. Есесiне, жем сатып алу үшiн республикалық бюджеттен биылға 7658,2 млн. теңге бөлiнiптi. Қолда барды ұқсата алмағандардың кесiрiнен iшкi нарық зардап шегуде. Өйткенi, сүт пен сүт өнiмдерi Қазақстанға көршiлес Ресейден, Қырғызстаннан тасылуда. Министрлiктегiлер жергiлiктi әкiмдiктердiң мемлекеттiк бюджеттен бөлiнетiн қаржыны жұмсауда кемшiлiктерге жол беретiнiн жасырмайды. Шара қолданатынын да. Бiрақ билiктегiлер "разборкамен" әлек болып жүргенде бiр үзiм нанын Жерден тауып жүргендердiң оңбай ұтылатыны өкiнiштi. Мұндайда дүние жүзiне қауiп төндiрген аштық, азық-түлiк қауiпсiздiгi туралы сөз қозғау артық. Жұмысына салғырт қараған әкiмдiктер тойып секiрсе, Үкiметiне қол жайған қарапайым дихан тоңып секiредi…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ