ҰЖЫМДЫҚ ВИДЕО — ӘЛЕУМЕТТIК ТҮЙТКIЛДI ШЕШЕДI

ҰЖЫМДЫҚ ВИДЕО — ӘЛЕУМЕТТIК ТҮЙТКIЛДI ШЕШЕДI

ҰЖЫМДЫҚ ВИДЕО — ӘЛЕУМЕТТIК ТҮЙТКIЛДI ШЕШЕДI
ашық дереккөзі

Ұжымдық видео — әлемдiк тәжiрибеде арнайы жоба арқылы туындаған бағдарлама. Бүгiнде журналистикадан алшақ емес ұжымдық видео 120 елдiң мәдени саласында көш iлгерi дамып келедi. Бұл арқылы дүниеге келген өнiм бiр ғана адамның еңбегi емес, аты айтып тұрғандай, бiрлескен топтың жемiсi. Жақсы үрдiстi пайдалану арқылы өмiрдiң көлеңкелi жағын осы жанр арқылы көрсете бiлсе, бұл жобаны қолға алған авторлар мен ұйымдастырушылардың еңбегiнiң жанғаны.

MediaNet Халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырған баспасөз мәслихатында белгiлi болғандай, Ғаламдық Экологиялық Қордың Шағын Гранттық Бағдарламасының (ҒЭҚ-ШГБ) қолдауымен Республиканың бiрнеше аймақтарында ұжымдық әлеуметтiк роликтер мен фильмдер түсiру үшiн бiрегей жоба жүзеге аспақшы. Оның мойнына алған негiзгi қызметi де сол — халықты сауаттандыру. Ол үшiн ұжымдық видео техникасы заманға сай тиiмдi құрал көзiне айналуы қажет. Бұл жобада әлеуметтi әр түрлi шектеушi факторлардан қорғай отырып, аймақтағы қоғамдық мәселелерге қатысты сол жердегi жергiлiктi тұрғындардың тiкелей өз ойларын бiлдiруi маңызды. Мақсаты — республиканың әр аймағындағы жеке әлеуметтiк мәселелер дәлелдi түрде көрiнiс тауып, мемлекеттiк мекемелердiң көңiлiн аудару арқылы шешiмiн табуға мұрындық жасау.

Қазақстандағы ҒЭҚ-ШГБ- БҰҰДБ ұлттық жобаны үйлестiрушi Станислав Кимнiң айтуынша, ұжымдық видео 2007 жылдан бастап Қырғызстан мемлекетiнде жақсы жолға қойылыпты. Ал көп елден оқ бойы озық тұрған Ұлыбританияда да жастар арасындағы бұзақылық пен тәртiпсiздiк мәселесi көбiне осы жоба арқылы бiршама ретке келiп отырады екен. Оған тiптi, қомақты қаражат та бөлiнетiн көрiнедi. Демек, дамыған елдер орын алған мәселеге қатысты тұрғындар арасында үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзiп, халықтың қамы үшiн қаперлерiне салуға тырысады деген сөз. "Егер бiз де ұжымдық видеоны сол жергiлiктi аймақтың жұртын қатыстыру арқылы түсiрсек, халық арасына да тез жетер едi" — дейдi жобаны үйлестiрушi.

Тәжiрибеге сәйкес, ұжымдық видео — бiрнеше адам топ болып жиналып немесе жергiлiктi қоғамдастық жекеменшiк видеофильм түсiрiп, оны жетiлдiрудiң жиынтығын көрсетедi. Жекеменшiк видеофильмнiң түсiрiлуi қол жетiмдi оңай iс болуы тиiс. Мұнда ортақ мәселеге қатысты әртүрлi адамдардың пiкiрiн бiлiп, оны зерттеп, жаңаша көзқарас ұсынуға болады. Әрi аймақтың ақсап тұрған әлеуметтiк, экологиялық т.б. мәселелердi шешуге тырысады. Бiр айта кетерлiгi, өмiрдiң қайнап жатқан ортасынан алшақ, мүмкiндiктерi жоқ аймақтардың дамуы барысында ұжымдық видеоның тиiмдi құралға айналуы әбден мүмкiн. Елiмiзге берiлген әдiстеме — "Ұжымдық видео (ҰВ) технологиясын енгiзу арқылы жергiлiктi қоғамдастықтың жер құлдырауымен күресу мүмкiндiктерiн ұлғайту" атты жоба аясында жүзеге асырылған. Жоба аясында британдық сарапшылардың көмегiмен ұлттық сарапшылар тобы құрылып, арнайы оқудан өттi. Барлығы 10 сарапшы дайындалса, оның 7-еуi әр аймақтардан жиналған үкiметтiк емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкiлдерi. Ұйымдар мен қатысушылар кәсiби видео құралдармен қамтамасыз етiлген. Ол сапасы жоғары жергiлiктi және республикалық телеарналардан көрсетуге болатын видео өнiм шығару мүмкiндiгiн туғызады. Оқудың қазiргi кезеңiнде ҮЕҰ сарапшылары 5 аймақты аралап, сол жердегi тұратын жергiлiктi халықпен бiрiгiп, өзектi мәселелерiне арналған сынақ фильмдерiн (барлығы 7 фильм) түсiрген. Оның төртеуi жобаның бағалануына жiберiлдi. Басында бұл жобаны ғаламдық экологиялық қор қаржыландырған. Жамбыл облысында құрылыс жоба¬сына биогаз құрылғысын орнату; Қарағандыда — желсұлатпа орнату; Ақмола облысында — экотуризмдi дамыту, Шығыс Қазақстанда — қалдық ормандарын қайта жаңарту; Алматы мен Шығыс Қазақстанның болашақта жүзеге асырылуға қажет жобаларына арналған тағы үш фильм де бағалау үшiн түсiрiлген. Тақырыптық жағынан ұжымдық видеоны пайдалануда шек қойылмайды. Жобаның сарапшысы Айдос Смаиловтың пiкiрiнше, ҰВ техникасын мемлекеттiк және донорлардың аймақтық бағдарламаларын бақылау үшiн қолдануға болады. Сол арқылы бюджетте бөлiнген қаражаттардың тиiмдi пайдалануына, әлеуметтiк бағдарлама жүзеге асырылған аймақтардағы тұрғындардың бағасын алуға мүмкiндiк туады. Әрине, техниканың шарты да сол, әлеуметтiк мәселелердi шешуде белгiлi бiр орта (халықтың) фильмдi түсiру, монтаждауға үлесiн қосып, дайын өнiмдi арнайы Донорлық қауымдастықтар мен бизнес өкiлдерiне, әуелгiсi Үкiметке жетуiне септiгiн тигiзедi. Алайда, ұжымдық видео телеарналардан көрсетiлуi үшiн оның сапасы да соған сай болу керек. Тiптi болмаса, халықтың атынан сайланған депутаттар жергiлiктi жердiң мәселесiмен танысуға барғанда, ұжымдық видеоны көрiп, оны Парламент мәжiлiсiнде көтерсе жақсы. Ал бұлай болмаса, халықтың жанайқайын бейнелеген көрiнiстер белгiлi бiр аймақтан аспай қалуы мүмкiн.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ