МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС ЖӘНЕ ГЕОСАЯСИ АСТАР НЕМЕСЕ НАЗАРБАЕВ МОҢҒОЛИЯҒА НЕ ҮШIН БАРДЫ?
МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС ЖӘНЕ ГЕОСАЯСИ АСТАР НЕМЕСЕ НАЗАРБАЕВ МОҢҒОЛИЯҒА НЕ ҮШIН БАРДЫ?
Кеше Қазақстан Республикасының президентi Моңғолияның астанасы Ұланбатырға табан тiредi. Екi күндiк ресми сапармен ат басын бұрған Нұрсұлтан Әбiшұлының Моңғолиядағы сапары бүгiн аяқталмақ. Елбасының келесi межесi — Пекин шаһары. Ондағы Олимпиада ойындарының бiразын тамашалау да жоспарланған.
Моңғолиядағы ресми билiк өкiлдерiмен кездесiп, екiжақты қарым-қатынастың кейбiр келелi мәселелерiн сөз еткен Елбасы Моңғолияда осы айдың басында орын алған қанды қақтығысқа да өз бағасын бердi.
Қазақстанды шетелдiк сарапшылар тоталитарлық жүйенiң құрсауынан құтыла алмай отырған ел ретiнде айыптайды. Сөйте тұра, мұндағы саяси тұрақтылық пен этносаралық татулыққа таңдай қағады. Осыдан бiр-екi ай бұрын Қырғызстанда арнайы сапармен болған Елбасы толқуы жиiлеп, тұрақсыздығы белең алған қырғыз бауырларымыздың саяси билiгiнiң сабасына түсуiне ықпал еткендiгi ел есiнде. Содан берi күнде атой салып жататын қырғыз қардашыларымыз тыныш, тыныштықтың не екенiн ұғынғандай, "алтау ала болса, ауыздағы кететiнiн, төртеу түгел болса, төбедегi келетiнiнi" сезiнгендей күйде. Ал, Моңғолия билiгi қазақтың мемлекет басшысының ресми сапарға келуiн аттай қалауында да осындай сыр жатқан-сынды.
Назарбаевтың Моңғолияға сапары Ресей сарапшыларын да бейжай қалдырмай отыр. "РБКDaily" сайтында "Назарбаев едет в Монголию, исправлять ошибки российской дипломатии" атты Павел Захаровтың мақаласы жарық көрген екен (05.08). Автор бұл мақалада Назарбаевтың саяси алғырлығын сөз ете отырып, "түрлi-түстi революциялардың" Азия құрлығын қамтуы ресми Астана үшiн тиiмдi болмайтындығын айтады. Мән-жайды сараптай келе Павел Захаров Ресейдiң Моңғолияны бетiмен жiберiп қойғандығын, соңғы жылдары ешқандай iрi шенеунiктiң бұл елге ат iзiн салмағандығын айта отырып, оның геосаяси маңызына тоқтала кетудi жөн көредi. Назарбаевтың Моңғолияға сапары аяқасты болғандығын тiлге тиек еткен журналист Ресейдiң дипломатиялық миссиясын Назарбаев орындауға көшкендiгiн мойындайды. Демек, Моңғолия билiгi халыққа саяси тұрақтылықтың бағасын ұғындыруға, берекенiң ұйытқысы болуға шақырғандығы байқалады. Елбасын Американ конгресмендерi бекер Нобель сыйлығын алуға ұсынып отырған жоқ. Ол — бейбiтшiлiктiң елшiсi iспеттi. Қырғыз бауырларымыздың жолын берiп, Елбасының сапарынан кейiн Моңғолияда да саяси тұрақтылық орнамасына кiм кепiл?
МӘСЕЛЕНI КIМ УШЫҚТЫРУЫ МҮМКIН?
Кеңестiк билiктiң соңынан 70 жыл ерген Моңғолия 1990 жылдан бастап, демократиялық даму жолына түскен едi. Содан Моңғолияда билiк жиi ауысатын болды. Үкiмет жиi тарайтын — ең тұрақсыз билiкке айналды. Сайлау әрi партиялық, әрi мажоритарлық тәртiппен өткiзiледi. Билiк — Конституциялық-парламенттiк жүйеге ауысқалы да бiр талай уақыт. Яғни, бiздегiдей атқарушы билiктiң дәуренi жүрiп тұрған жоқ. Парламенттiң “ақ” дегенi алғыс, “қара” дегенi қарғыс. Соңғы, 4-сайланым депутаттары Үкiметтi екi рет таратуға дейiн барған. Бәлкiм, сондықтан да болар, сайланушылар мен сайлаушылар Ұлы Хурал сайлауында жан алып жан беруге дейiн барады.
2,5 миллион халқы, 1,5 миллион шаршы аумағы бар бұл елдiң iрi державалар арасында орналасуы да, әлi күнге игерiлмей келген қазба байлығы да (Моңғолияда әлi ешкiмнiң тiсi батпаған уранның, мыстың, күмiстiң, алтынның және мұнайдың iрi қоры бар екенi мәлiм) оның геосаяси маңызын арттырып отыр. Ресей мен Қытайдың қазiр кейбiр мәселелерде ауыз жаласып отырғаны рас. Алайда, олардың бiр-бiрiне кеткен есесi жеткiлiктi. Қос империяның ашкөздiгiнiң ақыры қазақ жерiн ғана саудаға салып қойған жоқ, сондай-ақ, бiртұтас Моңғолияны да үшке бөлшектедi. Бурят Моңғолияны Ресей иеленiп, Iшкi Моңғолияны Қытай қол астына басқаннан кейiн, Сыртқы Моңғолияға қол сұғуға екеуiнiң де батылы бармады. Кезiнде Шыңғысхан орнатқан iрi империяның жұрнағынан қорыққандығынан емес, моңғол жерi үшiн екi империя арасында iрi қақтығыс орын алуы мүмкiндiгiнен. Ал, бұл кеңiстiкке АҚШ та көз тiкпей отыра алмайды. Ондаған жылдар бойы қырғиқабақ майданды жүргiзiп келген Ресей мен Қытайды бақылауға және осында әскери базасын орнатуға Моңғолия таптырмас алаң. Сондықтан болар 2005 жылы бұл елдiң демократия жолын¬дағы ұстанған бағытына батасын берiп Америка президентi Буш та келiп қайтты.
Қалай дегенмен де, iрi империялар арасындағы шағын әрi мешеу мемлекеттiң демократия жолына қадам басқандығы анық. Бiрақ, тоталитарлық жүйеден жаңа шыққан елдегi жүгенсiздiк жыл өткен сайын ушыға түстi. Ондағы партиялық тартыстың күшейгенi соншалық, 5-рет Ұлы Хурал депутаттарын сайлаудың соңы қанды қақтығысқа ұласты. Жалпы, сайлауды әдiл өткiзуге, бейбiт елге оқ атпауға тырысатын Моңғол үкiметi кез-келген ереуiлшiлердiң талабына құлақ асуға пейiл. Бұған дейiнгi сайлаулар да талас-тартыссыз, айғай шусыз өткен жоқ. 2004 жылғы сайлауда да сайлау нәтижесiне наразы топ, орталық телевизия ғимаратын басып алған болатын. Алайда, бұл толқулардың соңы биылғыдай жағдайды ушықтырмаған едi. Биылғы толқудың салдарынан 5 адам қаза болып, 400-дей адам жарақаттанған. Олардың арасында жапондық журналистiң зардап шеккендiгi анықталған-ды. Сондай-ақ, Моңғолияға бұл ереуiл 60-70 миллион доллардың шығынын әкелген. 1921 жылдан басқарып келе жатқан Моңғол халық революцияшыл партиясының (МХРП) ғимараты толықтай өртелген, әрi ондағы көркем-сурет галереясы, мұражай, драма театр және басқа да нышандар тоналған.
Ереуiлдiң мақсаты айқын — бүкiлхалықтық сайлауда Парламенттегi 76 орынның 44-i ел арасында "коммунистiк" деген ұғымға ие МХРП-ның үлесiне, 26-сы "жаңа күштер" деп аталатын Демократиялық партияның үлесiне тиген. Әрине, жеңiлген партия Орталық сайлау комиссиясының жария еткен нәтижелерiмен келiспей наразылық акцияларын ұйымдастырған. Билiк партиясы (бүгiн де МХРП басым дауыспен Моңғол үкiметiнiң тiзгiнiн ұстап отыр) болған оқиғаға оппозициялық күштердi кiнәласа, керiсiнше, оппозиция билiктi қаралайды. Бiрiншiден, моңғолиялық демократтар сайлаудың әдiл өткенiне әлi күнге дейiн сенбейдi, екiншiден, наразылық жиынын өткiзгеннен кейiн тарап кеткендiгiн айтады. Билiк демократтардың беделiне нұқсан келтiру мақсатында қасақана жүгенсiздiктi реттеуге құлықтылық танытпады деп айыптайды. Қалай дегенмен де, екi партия да ереуiлдi өзге бiр күштiң пайдаланып кеткендiгiн мойындап отыр. Алайда, кiм? Оған жауап беру қиын. Ақпарат көздерiне сүйенсек, алаңға жиналғандардың арасында iшiмдiкке тойып алғандардың саны анағұрлым мол болған көрiнедi. Демек, шеруге шыққандардың барлығы бiрдей саналы түрде сайлау нәтижесiне наразылық бiлдiруге ниет етпеген. Кейбiр сарапшылардың пiкiрiне қарағанда, "бұның соңында АҚШ тұруы да мүмкiн." деген де байлам бар. Бiрақ, бұл жайында ресми билiк те, оппозициялық күштер де жұмған аузын ашпайды.
Шiлденiң 26-сында жаңа сайланған парламент алғашқы отырысын өткiздi. Сайлау әдiл өтпедi деген кейбiр учаскелерде қайта сайлау өткiзу көзделгенiмен, халықтың 76 пайызы қатысқандықтан, бұл сайлауды заңды деп танитындығын мәлiмдеген Моңғолияның президентi Энхбаяр Ұлы Хуралдың алғашқы отырысын ашып сөз сөйлеп, болған оқиғаға кiнәлiлердiң анықталатындығын мәлiмдедi. Отырысқа Демократиялық партия атынан сайланған 25 депутат та қатысып, Орталық сайлау комиссиясының басшысы Баттулгаға сауалды қарша боратты. Баттулга да олардың сауалына қанағаттандырарлық жауап беруге тырысып бақты. Алайда, қояр сауалын қойып, алар жауабын алғаннан кейiн, Демократиялық партия жетекшiсi Элбэгдорж бастаған 25 депутат болған оқиғаны мойнына алар жауапты ешкiмнiң жоқ екендiгiн және оған кiнәлiлердi анықтауда билiктiң сылбырлық танытып отырғандығын айтып, жиынды тастап шығып кеткен. Моңғолияның Сайлау туралы заңы бойынша парламенттiң 57 мүшесi жиынға қатысып, ант берген жағдайда, Парламент өз iсiне кiрiсуге тиiстi. Алайда, 25 адам жиынды тастап шыққаннан кейiн, залда бар-жоғы 41 адам қалды. Бұл кворумның болмағандығын танытады. Сөйтiп, жаңа парламент межелеген мерзiмде өз жұмысын бастай алмады.
ЖҰРТ НЕ ДЕЙДI?
Оқиға Моңғолияның мемлекеттiк мейрамы 11-шiлдеге 10 күн қалғанда орын алған едi. Бұл мейрам кез-келген моңғол азаматы үшiн маңызды. Кеңес билiгiнiң арқасында Моңғолия Чин империясының езгiсiнен құтылып, азаттыққа қол жеткiзген. Сондықтан да, бұл күн тәуелсiздiк мейрамы ретiнде тойланады. Кеңес империясы құлағанмен, моңғолдар үшiн маңызы зор тәуелсiздiк мейрамы күшiн жойған жоқ. Керiсiнше, ұлттық сипаты күшейiп, идеологиялық маңызы арта түстi.
Елдегi төтенше жағдай бұл мейрамның өтуiне кедергi келтiре алмады. Ұлт аспаптар оркестрiнiң бiраз шығынға батқаны болмаса, мейрам өз дәрежесiнде өткiзiлген екен.
Ереуiл болған Моңғолияның астанасы Ұланбатырдан батысқа қарай 1500 шақырым қашықтықта жатқан Баян-Өлгий аймағы 150 жылдай уақыт қазақтардың алтын бесiгiне айналғандығы бүгiнде баршаға мәлiм. Бiз шiлденiң 15-сiнен 26-на дейiн осы өлкеде сапарда болдық. Кездескен әрбiр адамнан екi апта бұрын Ұланбатырда өткен келеңсiз оқиға жайында сұрастыра жүрудi де жөн санадық. Әркiм оқиғаға әл-қадарынша баға беруге тырысады. Кейбiреулер саясатпен басын ауыртқысы келмейтiндiгiн де танытты. Дегенмен, халықтың басым бөлiгi бұл оқиғаға оппозициялық партия өкiлдерiн кiнәлайтындықтарын жасырмады. Бiз кездескен адамдардың арасынан оппозицияны жақтайтындар да кездестi. "Билiк партиясы халықтың ашу-ызасын қоздырғаны соншалық, осы деңгейге жеткiздi" деген пiкiрдi олар ұстанады екен. 2004 жылғы Қазақстандағы сайлау кезiнде "Ақжол" партиясының "Әрбiр қазақстандыққа ай сайын 17 мың теңге" деген ұраны болғаны есiмiзде. Билiк партиясының жеңiске жету кiлтiнiң астары осындай ұранда жатқандығының куәсi болдық. Баян-Өлгийден Ұлы Хурал депутаттығына сайланған 3 қазақ та қазiргi билiк партиясының өкiлдерi екен. Олардың ұраны — "әрбiр отбасына 1,5 миллион төгрөг!" деп аталады. Бұл ендi ғана пайдаға асырылмақ ниеттегi қазба байлықтан түсетiн пайдадан әр отбасыға жылына бiр рет төленетiн жәрдемақы. Сайлаушылар бұл қаржыға қол жеткiзетiндiктерiне кәмiл сенедi. Моңғолия кедей елдер қатарына жатқанына қарамастан, ана мен балаға жәрдемақы төлеу жағынан Қазақстанды екi орап кеткен екен. Жыл сайын жаңа туған сәбидiң есеп-шотына 1,5 миллион төгрөг аударылады. Бұл дегенiңiз бiздiң ақшаға шаққанда 170 мыңдай теңге, яғни, 1500 доллар деген сөз. Сайланушылардың тағы бiр ұраны осы — жаңа туған балаға төленетiн қаржыны еселеу. Сондай-ақ, сайланушылар елдiмекендердi аралап, халықтың дауысын сатып алудың әрi қарапайым, әрi жабайы түрiн де қолданыпты. Яғни, жұртқа азық-түлiк және азын-аулақ қаржы тарату iсi де сайлау да өз нәтижесiн бермей қоймаған. Бұл Сайлау заңына қайшы және оппозиционерлердiң ашу-ызасын тудырмай қоймаған.
Бiз кездескен тұрғынның көбi — тыныш өмiр мен әлеуметтiк жағдайдың оңалуына ғана басты назар аударатындығын айтады. Қазiргi Премьер МХРП жетекшiсi Баяр бұл тарапта бiраз iс тындырған көрiнедi. Ол билiк басына келгелi көп уақыт болған жоқ. Бар-жоғы 6 ай. Баярдың репутациясына кiр келтiретiн екi мәселе — осы қанды оқиға (өзге ешқандай билiк мұндай оқиғамен бетпе-бет келмеген) мен әлемдiк дағдарыстың салдарынан күнделiктi тұтыну тауарларының бағасының тым шарықтап кеткендiгi. Ал, қолға алған ең игiлiктi iсi — кен орындарын игеру мәселесiн түбегейлi шешкен көрiнедi. Бұл iсте Ресей инвесторларының айдарынан жел ескен-сынды. Моңғолияның қазба байлығын игеруде Қазақстанның да айтарлықтай табысқа қол жеткiзгендiгi мәлiм. Мысқа бай өлкенiң Эрдэнэт мыс өңдеу зауыты мен Балқаш мыстың бiрiгiп iс атқарып жатқанына да көп уақыт болды. Сол себептi де сайлаушылар МХРП мүшелерiн басым дауыспен қолдап отыр. Ал, оппозицияның бiр кезде бел алып, халық сенiмiне енгендiгi ақиқат. Алайда, бүгiнде сол сенiмнiң үдесiнен шыға алмағандығы байқалады.
Есенгүл Кәпқызы