САҒЫНҒАНДА БIР КЕЛЕСIҢ...
САҒЫНҒАНДА БIР КЕЛЕСIҢ...
Жабырқаулы ауылым осылай шығарып салды
Туған жер қашан да өз топырағына кiндiк қаны тамып, арқасы тиген баласын ыстық құшағына тартып тұрады. Алыстағы ауылымның қандай тартылыс күшi бар екенiн қайдам, қайда жүрсем де, есiл-дертiмнен кеткен емес. Тiптi, сол бiр балалық шақтың жүректе мәңгi сақталып қалған ұмытылмас күндерiн көз алдымнан тiзбектей жүгiртсем, көздi жұмып, керек болса, күйбең тiрлiктi бiр сәт ұмытып тап қазiр кетiп қалуға бармын. Шетсiз-шексiз қиыры жоқ, созылып жатқан қасиеттi даламның жұпар аңқыған саф ауасын құшырлана иiскеп, терең тыныс алғанға не жетсiн! Мiне, сол күнi кеше ғана өмiрiмiздiң тәттi кезеңiн мұңсыз өткiзген ұшқан ұямды қатты сағынғаным соншалық, бұл жолы ешбiр кедергiге қарамастан жолға шықтым.
Автобус жылдамдықты асырып, жүйткiп келедi. Жолаушылар шопырдың бұл әрекетiне аздап налығанмен, өз басым iштей құптап қоям. Өйткенi, туған жерiмнiң ыстық ұлпа топырағын басуға асығып барам. Сағыныштың әбден шарықтау шегiне жеткен болуым керек, ауылдағы кездерiмдi ойласам жүрегiм әлденеге елегiзiп, бiр түрлi аузыма тығылатын сияқты. "Бiрге оқыған достарым қалай екен? Не iстеп жүр десеңшi. Осы уақытқа дейiн бәрi өзгерiп, отбасы құрып, үйлi-баранды болып кеткен шығар, ә?!.".
…Ауыл мектебi тура бiздiң үйдiң артында едi. Қабырғасы бiрге жапсарлас болғандықтан арғы жақтағы мұғалiмнiң сабақ түсiндiргенi, аракiдiк оқушыларға ұрысқаны барынша естiлетiн. Сабақтан келсем, үйдегiлер: "Бүгiн апайларыңнан әбден таяқ жедiңдер-ау" деп бәрiн бiлiп отыратын. Бiрақ сол құрқылтайдың ұясындай ғана бастауыш мектепте қаншама оқушы бiлiм алып, қанат қақты. "Тәрбие – тал бесiк" демекшi, шағын ауылдағы кiшкентай мектепте талай баланың буыны бекiп, түзу теректей бой түзедi. Бiрiншi сыныпқа барғанда "Арпа iшiнде бiр бидай" демекшi, үш ұлдың iшiнде жалғыз қыз болдым. Үнемi ұлдармен жүргендiктен де солармен бiрге футбол ойнап, доп қуатынмын. Олар менiң нәзiкжанды екенiмдi бiлгендiктен болар, әйтеуiр ылғи қақпаға тұрғызып қоятын едi. "Мұнда теп, ой, ары теппедiң бе?" деп бар ынты-шынтымызбен берiлiп, терлеп-тепшiп ойнайтынбыз. Алғашқы ұстазымыз Талғат ағай анадай жерден қарап отырып қызығып кете ме, ақыр аяғында бiзбен бiрге доптың соңында кететiнiн бiлмей қалатын. Езуге күлкi үйiретiнi, сыныптас достарым кешегiге дейiн менi "футболист" деп келеке ететiн едi. Бәлкiм, балалық шағымда футболды көп ойнағандығымнан шығар, қазiр телеарнадан аладоптан жарыстар өтiп жатса, мейлiнше құр жiбермеуге тырысамын. Өйткенi, мен үшiн футбол – балаң кезiмнiң ең бiр қызықты кезеңiне саяхат жасайтын естелiктiң бiр парағы iспеттес.
… Сол алғаш әрiп таныған алтын ұя – мектебiмдi, делебем қозып доп қуған алаңқайды, жеңiс үшiн бiр-бiрiмiздi итере-митере допқа таласқан сыныптас достарымды көруге құмармын. Бәрi қызық. Өмiрдiң өзi жеңiс пен ұтылыстан тұратындығынан сол кездегi бала бiз де аз-маз хабардар болыппыз ғой. Себебi, одан берi қаншама жылды артқа тастадық, бiрiмiз биiк шынарға өрмелеп бара жатсақ, ендiгi бiрiмiз жарты белден құлдилап сырғып кеттiк. Тiрлiктiң бiзге берген сынағы болар бұл. Әрине, оқығаны оқып, шоқығаны шоқыды. Бәрiнен де олар өмiрдегi басты парыздан туған бақыт – ана, әке болып ұрпақ әкелудi ұмытқан жоқ.
…Көлiкке отырғалы берi бақытты балалық шағыма көңiлмен ой жүгiртiп отырып, бiраз марқайып қалыппын. Нәр татпасам да, қарнымның ашқаны бiлiнбейдi. Әдемi уақыттың қаяу түспеген кiршiксiз күндерi жайлы тәттi ойымды бұзғым келмей, ұзақ уақыт көзiмдi терезеден алмадым. Жол-жөнекей бiр-бiрiне жалғасқан iрiлi-ұсақ ауылдардың сыртқы келбетiне қарап отырмын. Бұрындары жасыл желекке бөленiп жататын ауылдың өзi тұрмақ, жұрнағы да көрiнбейдi. Адамдарының да қабағын кiрбiң шалған. Нарық заманы, әсiресе ауыл халқын әбден сарыуайымға салдырып, қатал, тұрпайы етiп жiбергендей. Дәл қазiр бағанадан бергi өне бойыма жылылықтың лебiн сепкен ұшық ойдан дым қалған жоқ. "Бiздiң ауылдың жай-күйi де дәл осындай боп кеттi ме сонда?". Ойласам, жiгерiм құм болып, жүрегiм езiлiп кететiн сияқты…
Әне-мiне деп, шiлiңгiр ыстықта күйiп тұрған ауылыма жеттiм. Биыл Оңтүстiктiң жаңбырға жарымағандығын, қуаңшылыққа тап болғандығын естiгенмен, бұл жағдайдың қаншалықты ауыр тиетiнiн басынан өткiзген тұрғын бiлер. Баяғыда иiсi мұрныңды жарып әкететiн жусаны мен қысқа тамызық болар жыңғылы да сиреген. Сап-сары алқапқа айналған ауылдың мал жайылым шөбiнiң де түгi қалмай қурап кетiптi. Ол аздай, көктемде жауған шырылдауық шегiртке шөптен қылтанақ та қалдырмапты. Ауыл халқының жағдайы мұң шертiп тұр. Биылғы жаздың қарапайым шаруаға орны толмас қолайсыздық әкелгенiн аңғардым. Қорасындағы мал басының саны азайып, арзан бағаға сатуға мәжбүр болуда. Ендi қайтсiн? Алдында қылышын сүйреткен қыс. Жем-шөбi жоқ, мал бекерге қырылып қалмақ. Сол төрт түлiгiмен бала-шағасын асырап, оқытып отырған отағасы неге, кiмге арқа сүйейтiнiн бiлмей дал. Әйтеуiр, бұрын еңбектенiп азын-аулақ мақта, егiн егiп, оны сатып тiрнектеп жиған малының жем-шөбiне ақша айырып жүрген жандар бұл несiбеден де бiржола қағылып отыр.
Бiздiң ауылдың талайдан бергi шешiмiн таппай келе жатқан күрделi мәселесi – ауыз су. Ертеректе "Судың да сұрауы бар" дегеннiң бар екенiн бiлсек те, бұл сөз бiзге арналмағандай едi. Ол кезде тiршiлiктiң нәрi – су әр үйдiң есiгi алдынан күндiз-түнi толассыз ағып жататын. Көгала киiмiн киген көктем келiсiмен ауыл жұрты бау-бақша салып, көкөнiс пен жемiс-жидектен аузы құралақан қалмайтын. Ауылға ерекше көрiк берiп тұратын жасыл желек, терек, қара тал, жемiс ағаштары тамырын бiр-бiрiнен қалыспай жайып, көкке жететiн. Жаздың ыстығында үйге сыймайтын бiз сол талдың көлеңкелi саясын паналап, ойнаушы едiк. Қазiр соның бiрi де жоқ. Айнала атырап, мидай тыныштық. Бәрi өзгерiп сала берген. Жұрт бақша егiп, суғармақ түгiлi, iшерге ауызсу таба алмаудың аз-ақ алдында тұр. Бұл су мәселесi ауылға күнi бүгiн емес, ең азы он шақты жылдың көлемiнде жабысқан дерт. Алғашқы кезде су болмай қалған күндерi аудан орталығынан темiржол бойындағы стансада тұратын халыққа цестернамен әкелетiн. Еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейiн үйдегi бар ыдысына үш-төрт күндiк су толтырып алатын. Таусылса тағы да келедi. Тағы да сол жапа-тармағай су тасу нөпiрi басталады. Мұндай өмiрден жалыққан, судың тапшылығын сезiнген тұрғындардың кейбiрi қалаға қоныс аударып жатты да. Ал бiздiң үйдiң отырған жылы орнын суытуына да негiзгi себеп – осы ауызсудың жоқтығы, медициналық көмек көрсететiн дәрiгердiң болмауы. Қан қысымы жиi көтерiлiп кететiн әкемнiң бiр ажалдан қалғаны әлi есiмiзде. Сонда көмек қолын созатын бiр дәрiгердiң болмауы жанға батқан едi. Әрине, ауылдың күйбең тiрлiгi бiткен бе, бiрде артымнан ерген iнiм үйдiң сыртын сылайын деп көршi жатқан шопан ауылдан су әкелгiсi келедi. Үйде "Нива" автокөлiгi бар болатын. "Бұлар әлi бала ғой, тағы да менiң ұйықтап жатқанымды пайдаланып айдап кетер" деп, көлiктiң кiлтiн анам жастықтың астына қоя салады. Әлден соң анамның көзi iлiнiп кеткендiгiн бiлген екi iнiм, досы үшеуi кiлттi бiлдiрмей алып екi бөшкемен суға кетедi. Ана жүрегi бiр суыт хабарды сездi ме екен, арттарынан жүгiрiп шықса, көлiктiң қарасы көрiнбей, тек аппақ шаңы ғана қалыпты. Анам: "Әй, жарайды, балам дипломын алуға қарсы үйдi жөндеп жатыр, әлгi батпағына су жетпей қалған ғой" деп өзiн-өзi жұбатқан болады. Бiрақ бәрiн тез бiтiргiсi кеп, 20-ға толған күнгi қуанышын достарымен бөлiсуге асыққан iнiм қыршынынан қиылып кете барды. Тап-тақыр жазық жолда кенеттен бұрылған көлiк аударылып, iнiмдi бiрталай жерге лақтырып тастапты. Кенже iнiм мен досы дiн аман. 20 жасқа толар шағында кең дүниеге сыймай кеткен Қалидың көрер күнi, татар дәмi осы болған шығар. Алайда, Алла өзi бердi, өзi алды десек те, негiзгi себеп – судың тапшылығында жатыр ғой деп күйiндiк. Мiне, осындай жағдайға тап болған бiздiң отбасының, әсiресе, iштен шыққан "шұбаржыланын" қимай, өзегi өрт боп күйген анамның етегi өксiкке толып, iшкенi-iрiң, жегенi-желiм болды. Бұдан кейiн қасиеттi мекен – ауылдан "инфрақұрылымы мен инфраструктурасы дамыған ғой" деп, Шымкент қаласының маңайына қоныс аударуды жөн санадық. Мұнда да "Баяғы жартас, сол жартас". Тағы да су мәселесi алдымыздан көсе-көлденеңдей шықты. Шымкент қаласы iргесiнен орын тепкен "Самал-1", "Самал-2", т.б. ықшамауданы құрылысы бiткенiне талай жылдың жүзi болса да, ауызсуға шөлiркеп тұр, жүргiзiлуi тиiс газ құбырлары iзiм-ғайым жоқ. Жергiлiктi тұрғындар ауызсуды 2 мың теңгеге сатып алып күн көруде. Кейбiр отбасы тiптi электр көзiнiң не екенiн ұмытқан. Ал су мен жарыққа жарымай отырған ауылда жолдың төселiп, мектеп пен дәрiхананың салынып жатқанын елестету қиын. Жанға батқан мәселеден бiржола құтылдым-ау деп қалаға көшiп келген қара халық басын тасқа соғуда. Жырақтан келген қандас-бауырлар "Отанымызға оралғанымызға 4 жылдан асты, әлi iркiлiс бола қойған жоқ" дейдi өкiнiшiн бiлдiрiп. Шыны керек, ауыл қазағы ә дегенде қалаға ене алмайды. Тiптi, олар үшiн қалаға қашық елдiмекеннен жер телiмiн алып, баспана салу қиынға айналды. Мiне, соның өзiне әрең дегенде титықтап жеткен қазақ отбасылары қоныс тепкен ауылдың көпшiлiгi осындай. Алайда, мәселенi шешуге келгенде жергiлiктi билiктiң көзжұмбайлыққа салынуы тұрғындардың ғана емес, бiздiң де iшiмiздi қынжылтқаны бар.
Ауыл халқы қалаға толассыз ағылып жатыр. Басқа не iстемек? Не қарекет, не тұрмыстың мәнi де, сәнi де қалмады. Әлеуметтiк жағдайы нашар отбасы жанын бағып, өлместiң күнiн кешуде. Бiрақ сол әупiрiмдеп тiрлiк жасап жатқан отбасы кемiнде төрт баланы асырап отыр. Мiне, ауыл әйелдерi Үкiметтен жасалынып жатқан азын-аулақ көмекке арқа сүйеп, өмiрге сәби әкелiп, қазақтың санын көбейтiп жатыр! Демек, демографияның сәл де болса iлгерi жылжуына септiгiн тигiзiп жатқан қаланың емес, сол ауылдың әйелi! Мемлекет қолынан келсе, сол аналарға жағдайды үйiп-төксе. Әлбетте, оған мүмкiндiк жоқ емес, бар. Той-томалақ пен мерей¬тойға асып-төгiп ақша шашып жатқанда, ана мен балаға, дәлiрегiнде, мемлекеттiң басты байлығы – халықтың санын көбейтуге келгенде қол қусырып қалмаспыз, сiрә?!
Содан өзi де, көзi де таныс әрi алыстағы ағайыннан да жақын боп кеткен көршiлердiң амандығын бiлгiм келген. Бiр-бiрiне егiз қозыдай ұқсаған, жастары тете төрт бала есiк алдында ойнап жүр. "Ойпырмай, кеше ғана осы шаңыраққа келiн боп түскен Майра қашан үлгерген?" деп қоямын iштей қуанып. Бiраз уақыттан берi аннан-мұннан жиналып қалған жаңалықтарды айтып, өзара шүйiркелесiп отырмыз. Әңгiме сол баяғы отбасы – ошақ қасы, бала-шаға, ақшаның жетiспеушiлiгi туралы. "Ауылда жағдай қиын. Күйеуiң болса жұмыссыз екен. Отбасын, мына төрт баланы асырау қиынға соғып жатқан жоқ па?" деп сұрағымды жұмсартып қойған болдым Майраға. Сонда ештеңеден саспайтын көршiм: "Бала тумағанда не iстеймiз?! Басында төрт бала тусаң жәрдемақы бередi екен дегендi естiп, әрекет жасадық, ал биылдан бастап 35 мың теңге төлейтiн бопты деп тағы қуандық. Құдай қаласа, құрсағымдағы бесiншiмдi аман-есен босанып алсам деймiн. Егер жәрдемақыны анау Ресей секiлдi көбейтсе ғой, ауыл әйелдерi сол кезде-ақ қазақтың санын көбейтуден алдына жан салмас едi ғой, шiркiн?!" деген тұщымды жауап алғанда, ауыл әйелiнiң қайрат пен күшке толы батырлығына таң қалып, басымды тағы бiр рет идiм. Әрине, бала – анаға, демографияның өскенi – мемлекетке керек. Демек, Үкiмет балаға лайықталған жөргекпұл мен ананың күтiмiне бөлiнетiн жәрдемақыны қомақты етiп көтерсе, бiз армандаған 20 миллионға әлдеқайда тезiрек жететiнiмiзге көзiм жеттi. Ондай тұжырымға келуiме Майра секiлдi ауылдағы қаншама әйелдiң өмiрге, бала сүюге деген құштарлығы себеп болды. Бiрақ әйелдердiң осындай ерлiгiн көрсе де, көрмегенситiн қазақ билiгi қолдағы бар алтынның қадiрiн бiлмей отырған сияқты.
Бiр үмiт, бiр күдiк. Ауыл өмiрiнде айтарлықтай оңтайлы iлгерушiлiк байқалмады. Аппақ болып ататын таң да, жып-жылы самалын ескен мақпал түннiң де лебi сезiлмейдi. Айта-айта жауыр болған мәселенiң түйiнi сол күйi, әлi шешiмiн таппаған. Ауыл бұрынғыдай емес, тозығы жетiп, жүдеу тартқан. Содан ба екен, талай уақыттан берi сағынып барған ауылым төл баласын салқын қарсы алды. Жүрiп-өткен жерiм, бәрi-бәрi көз алдымда сайрап тұр. Өзегiме бiр шоқ түсiп кеткендей, кемсеңдеп тұрып жылағым келдi…
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ