Жаңалықтар

“КӨКСАРАЙДЫҢ” ТIЗГIНI ШҮКЕЕВКЕ ТАПСЫРЫЛДЫ

ашық дереккөзі

“КӨКСАРАЙДЫҢ” ТIЗГIНI ШҮКЕЕВКЕ ТАПСЫРЫЛДЫ

Биылғы жыл Оңтүстiк жұртына аса қолайсыздық әкелдi. Оның негiзгiсi — көп жерлердi су тасқыны жайлап кетiп, ауыл халқын әбiгерге түсiрсе, көктем шығысымен шегiртке жауып, егiстiк алқап пен шүйгiн шөптен тұқыл да қалдырмады.

Жылдағы жағдай осы. Дерек көзiне зер салсақ, су тасқыны жыл сайын 200 мыңдай тұрғынды тасқын қаупi бар аймақтан көшiруге мәжбүрлейдi. Ал биыл Сырдың жағалауын қоныстанған ауылдар мен Отырар алқабы судың астында қалғанда Үкiмет "Көксарай" арнайы су реттеуiшiн салу керек" деген ұйғарымға тоқтады. Бұл әңгiменiң ұшығы шыққан соң, Парламент депуттаттары екi жаққа бөлiнiп, бiрi — "Көксарай" су қоймасын салсақ су мәселесi толыққанды шешiледi десе, ендiгi бiрi – бұл экологиялық зардапқа ұрындырады, деп орта белден килiккен едi. Осындай ырду-дырдудан кейiн бұл мәселеге Елбасының өзi бас болып, екi жақтың ұсынысын тыңдай келе, оларды "Көксарай" су реттегiшi салынуы тиiс деген тоқетер пiкiрге шақырды. Ал мұның алдында Премьер-министр К.Мәсiмов: "Көксарай" су қоймасын салу туралы шешiм Орталық Азияда су-энергетикалық консорциум құру мәселесiне еш қайшы келмейдi. Өйткенi, бұл — Орталық Азия республикаларының президенттерi қабылдаған ортақ шешiм" деген болатын.

Сонымен, әлеуметтiк маңызы бар нысанның iргетасының құрылысы мақұлданып, темiрқазығы қаланды. Сыйымдылығы 3 млрд. текше метр болатын су реттегiшiнiң құрылысына 223 млн. доллар көлемiнде қаржы көзделген. Ал қазiргi кезде резервтен 2,5 млрд. теңге қаржы бөлiндi. Нәтижесiнде дихан қауымы судан тапшылық көрмейдi, суармалы әрi шабындық жерлер ұлғаятын болады, ең әуелгiсi, су реттегiшiнiң құрылысы 5 жылда бiтуi тиiс деп болжап қойып, iле-шала бұл мерзiмдi қысқартып, 3 жыл iшiнде аяқтаймыз деген сөз шықты. Әрине, қолға алған жауапты жұмыстың тезiрек бiткенi көңiлi алаңдаулы халыққа да жақсы. Дегенмен, наурыз айында жұмыс тобы құрылып, маусымның соңында қазығы қағылған "Көксарайдың" шаруасы не болып жатыр?

Негiзi алғашқыда бұл мәселенi Төтенше жағдайлар министрлiгi өз мойнына алған. Ал Елбасы құрылыстың тамырына тезiрек қан жүгiрту үшiн бар жауапкершiлiктi әккi саясаткер, вице-министр Өмiрзақ Шүкеевке тапсырды. Ол жаз мезгiлiнде Қызылорда облысы егiс алқаптары судан тапшылық көрмес үшiн салынатын "Көксарай" су қоймасының құрылысын лажы болса тезiрек бiтiруге атсалысатынын жеткiздi. Өмiрзақ Естайұлының сөзiне қарағанда, аталмыш су қоймасының құрылысын салуға бүгiнде 150 адам және 105 бiрлiк арнайы техника жұмылдырылған. Қарқынды жүргiзiлiп жатқан жұмыстың арқасында бүгiнге дейiн 196 мың текше метр топырақ қазылыпты. Қазiр "Әкiмдiк "Ақдала" өндiрiстiк кооперативiнен 37 мың гектар жердi алу жөнiнде жұмысқа кiрiскен. "Көксарай" су қоймасы құрылысын жылдам бiтiрiп, алдағы қысқы маусымда артық суды жинақтауымыз қажет. Құдай қаласа, жобаға келесi жылдың бюджетiнен де қомақты қаржы қарастырылатын болады" дедi сенiмдiлiк танытып.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ