Жаңалықтар

"РЕТРО-АЛМАТЫ" КӨРМЕСIН КӨРГIҢIЗ КЕЛСЕ

ашық дереккөзі

"РЕТРО-АЛМАТЫ" КӨРМЕСIН КӨРГIҢIЗ КЕЛСЕ

Асылын әспеттеп, дарынын дәрiптеп бағалай, аялай бiлер көрерменi барда өнер ошақтарының оты өшпейтiнi, өнерлiлердiң аты өлмейтiнi, туындылары мен шығармалары тарихтан тарихқа мирас болары анық. Дегенмен "Көзден кеткен көңiлден кетедiнiң" керi келмес үшiн және көптiң көңiлiн жалықтырып алмау мақсатында Мемлекеттiк Ә. Қастеев атындағы өнер музейi тұрақты экспозицияларынан басқа да уақытша көрмелер болып тұратынын қуана жеткiздi.

Қазақстанның белгiлi суреткерлерiнiң 1940-1980 жылдардағы туындыларының басын бiрiктiрген "Ретро — Алматы" көрмесiнде музей қорындағы Ә. Қастеев, С. Калмыков, В. Колоденко, Ү. Әжиев, Ж. Шәрденов тағы да басқа суреткерлердiң жазған 60 шақты кескiндемелiк және графикалық жұмыстары қойылған. Олардың туындыларында қала әр қырынан көрiнiп, түрлi тақырыптық бағытта ашыла түскен. ХVII-ХIХ ғасырлардағы орыс және Батыс Еуропа өнерiнiң 19 туындысын француз, фламонд, немiс мектептерiнiң кескiндеме және графика рестовраторлары өңдеп өзгеше қалыпқа келтiрген "Жаңартылған жаухарлар" атты кескiндеме туындыларының көрмесi де өзiндiк сұлу сырларымен жаныңды жаулап алардай. Сондай-ақ, келушiлердiң назарына "Сергей Калмыковтың ғарышы" деген атпен өнер музейi өз қорынан автордың оныншы жеке көрмесiн ұсынды. "Нығайған кеңселер"1946ж, "Газет оқу үстiнде"1946ж, "Дуал салынған пейзаж"1909ж, "Ер адамның бас бейнесi"1910, "Қалпақ киген әйел"1945ж туындылары алғаш рет көрсетiлiп отыр. "Қазiргi кескiндеме және мүсiн" көрмесiне қазiргi авторлардың жұмысы, мерекелiк "Мерейжас-2008" көрмесiне К. Шаяхметовтың 80 жыл, И. Бондаренконың 80 жыл, Ә. Жүсiповтың 80 жыл, Ким Хен Нюннiң 100 жыл, Б. М. Кустодиевтiң 130 жылдығына арнап авторлардың жұмыстары қойылған. Сонымен қатар, "Медиа-номад" 1-шi жылжымалы медиа-павильоны 2007 жылғы Венеция Биенналесiндегi Орталық Азия павильонының жобасын көрсеттi. "Музыкстан"-ның ашылуы да жоба авторларының қатысуымен кешкiлiк концертке ұласты. Игiлiктi iс-шара барысында эксперементатор-суретшiлердiң минифестивалi де назардан тыс қалмады. Әйгiлi суретшiлердiң әртүрлi техникада орындалған түпнұсқа туындылары қойылған мұндай көлемi ықшам көрмелердiң маңызы зор, берерi мол. Сонымен бiрге музей экспозициясы музейдiң үш толқын ғылыми қызметкерлерiнiң жинау, зерттеу, реставрациялау және сақтау жұмыстарының үлкен нәтижесi болып табылады. Тағыда бiр ауыз толтыра айта кетерлiгi 10 күн бойына "Орталық Азия киносындағы ұлттық сана-сезiмнiң екi дәуiрi. 60-90ж." атты кең көлемдегi кинобағдарламаның көрсетiлiмi жоспарланған. Онда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан, Өзбекстан, Түркiменстанның атақты кино режиссерларының кинолары көрсетiледi.

Манар ӘЛИЕВА