Жаңалықтар

Досымжан ТАҢАТАРОВ: ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ӘН ЖYРЕККЕ ЖЕТЕДI

ашық дереккөзі

Досымжан ТАҢАТАРОВ: ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ӘН ЖYРЕККЕ ЖЕТЕДI

Асыл мұрасын бағалай бiлер халық барда ұлы даламызда арғымақтың дүбiрi, домбыраның күмбiрi, көгiмiзде аққу әнi қалықтай берерi сөзсiз. Сол халықтың бiр бөлшегi өзiнiң биязы үнiмен, қазақи қоңыр сезiмге толы әнiмен тыңдаушысының жүрегiнен өзiндiк орын алған азамат ретiнде жүрегi, “елiм” деп лүпiлдеген, талантымен талайды тамсандырған танымал әншi Досымжан Таңатаровпен кездесуiм маған үлкен әсер қалдырды. Астананың мерейлi мерекесi қарсаңында Астанада ән кешiн өткiзген әншiмен әңгiмемiз де осы төңiректе өрбiдi.

— Жақында ән-кешiңiз өттi деп естiдiк. Концертiңiздiң Астана мерейтойына қатысы бар ма?

— Әлбетте. Әр әншiнiң бағы жанған ортасы — киелi ошағы болатын болса, мен үшiн ол — Астана. Тараздан кейiнгi шыққан үлкен сахнам болғандықтан, өзiмдi Астанамен бiрге өсiп келе жатқан, көркейiп келе жатқан әншiмiн деп есептеймiн. Осы жылдың көлемiнде Қазақстанның бiраз қалаларын аралап концерт берiп, ең соңғы бағытым Астанаға келiп тоқтады. Соғымның соңы тәттi демекшi, бiр жылдық концерттiң түйiнi — Астана мерейтойына тартуым болсын дедiм.

— Астана халқының кешiңiздi қабылдауы қалай болды?

— Ең алғаш 2001 жылы Тамашаға Астана қаласының атынан шыққан болатынмын. Сол кезде астаналық қазақи иiспен әншi шықты деп көпшiлiктiң қуанғаны есiмде. Астана халқының арасында менiң әндерiм жақсы тыңдалады десем, мақтанғандығым емес. Әндерiм әуелi танымалдықты Астанадан алып жатады. Соңғы концертiм 2004 жылы Алматы мен Астанада өткен. Сағынып қалса керек, бұл жолғы концертiм де үлкен ықыласқа ие болды. Бiр-бiрiнiң аузынан жұлып алғандай, бiраз өлеңдердi көрермен өзi орындады. Бiреулерi әндерiмнiң аттарын жатқа айтып, кештi тiптi әсерлендiрiп жiбердi.

— Араға төрт жыл салып, сахнаға қандай жаңалықтар алып шықтыңыз? Концерттiң ерекшелiгi неде болды?

— Техника дамып тұрған заманда, әсiресе жастар жағы жалт еткен дүниеге жаңалыққа әуес, құмармыз ғой. Әдемi қыздар, жастар не керек "Ата-анам тек сiздiң әндерiңiздi сүйiп тыңдаушы едi” деп қолтаңба сұрап жатады. Соған қарап жастар жағын жалықтырып алған сияқтымыз ба деген ойлар да болды. Елдiң есiнде қалу үшiн жанталасып еңбек етiп жатқан жас буын әншiлер аз емес. Ал менiң табиғатыма сиятын дүниенi көз көрдi, ел үйрендi. Ендi бiр қатты өзгерiс енгiзетiн болсам ерсi көрiнiп, осы уақытқа дейiн қол жеткiзген жетiстiктерден бiр сәтте-ақ айрылып қалу қаупiм басым. Әр әншi өз концертiне өзiнше жаңалық енгiзiп отыруы керек шығар. Көбiне домбырамен айтылатын фольклорлық әндер болатын болса, бұл концертте эстрадалық әндерге, оның iшiнде махаббат тақырыбындағы әндерге көп көңiл бөлдiк. Концертке Саят Медеуов, Қанат пен Света қатысты. Сонымен қатар жас iнi-қарындастарымызды сахнаға алғаш алып шықтық. Менiң кез-келген концертiм "Құралай", "Аққусыз" өтпейтiн. Бұл жолы бұрынғы әндер, халық әндерi көп айтылмады. Оны халық өзi айтты. Концерттiң барысында тыңдармандармен келiсiп, кiм де кiм менiң шығармашылығыммен таныс болса сол кiсiлердiң ән айтуға дайын болуларын талап еттiк. Жаңа альбомның тұсаукесерi болды. Сүйiншi сұрап, ән айтып атсалысқан көрерменге альбомды сыйға бердiк.

— Жеке ән жинағыңызға репертуарыңыздағы әндердiң барлығы дерлiк ендi ме?

— Ән жинағым "Сарыарқа" деген атпен жарық көрдi. Осы уақытқа дейiн буып-түйiп сақтап отырған жаңа он бес әннен тұратын күйтабақ. Бiр-екеуi халық әнi де, көбi эстрадалық жанрдағы қазақ композиторларының әндерi. "Анашым", "Ұмытуға бола ма?", "Арман қала", яғни Астанаға арналған әнмен аяқталады.

— Концертiңiзге кiмдер демеушiлiк жасады, әндерiңiздi қай студияда жаздырдыңыз?

— Концерттiң режиссерлiк қызметiн Рүстем Күлшебаев, Астана-Думан орталығының директоры Сұлтан Исраилов атқарды. Альбом Бағлан Омаровтың "Арман" продюсерлiк орталығынан басылып шықты. Өлеңдерiмнiң бiразын Ташкентке барып жаздырып келдiм. Бұған дейiнгi үш альбом "Дастан", "АСД рекордс", "Әлем мюзик" студияларында жазылған. "Эра" еларнасымен Астана радиосы ақпараттық демеушiлiк жасады.

— Әндi қалай таңдайсыз? Көбiне халық әндерiн орындайсыз ба?

— Абайдың сөзi бар, "жүректен шыққан ән жүрекке жетедi" деген. Менiң орындап жүрген әндерiмнiң негiзгi сазгерлерiнiң басым көпшiлiгi – кәсiби деңгейде болмаса да елдiң арасында жүрген жандар. "Ел iшi – кен iшi" дейдi ғой. Сол елдiң iшiнде көп жүргеннен кейiн де болар, жаныма жақын деген елдiң аузында айтылып жүрген, сол елдiң көңiлiндегi әндердi өңдеп өздерiне қайта сыйлаймын. Өзiңiз айтқандай, басым көпшiлiгi халық әндерi. Өнерiмнiң өзегi, темiрқазығы да — осы әндер. Сонымен қатар замандас сазгерлердiң атап айтқанда, Бауыржан Есебаевтың әндерi бар.

— Көп әншiлер халықаралық деңгейде ән айтып, басқа мемлекеттерде концерттерiн қойып жүр. Ал сiздiң әндерiңiз тек қазақтардың арасында қалып қоймады ма?!

— Мен көптiлдi әншi емеспiн. Айтылатын әндерiм қазақ үшiн керек дүние. Дегенiмен тек қазақ үшiн ән салмаймын ғой. Өнерiмдi бағалап, әндерiмдi қазақтан кем тыңдамайтын ұлты, тiлi өзге көрермендерiм де баршылық. Шамамыз келгенше өзi қазақ бола тұра тiлi шұбар қандастарымыздың бойына ән арқылы әсер қалдырып жатсақ нұр үстiне нұр болар едi. Осыдан екi жыл бұрын Қытайдың алты облысында болып концертiмiздi қойып келдiк. Өткен жылы Туркияға концерт ұйымдастырылған болатын. Елшiлiкке байланысты кейiнге қалып қойды. Омбыдағы қазақтардан да ұсыныстар түсiп жатыр.

— Өздерi ән жазып, өздерi орындайтын әншiлерге көзқарасыңыз қандай?

— Қолынан келсе, шын дарыны болса, оны халқы мойындап жатса, неге жазбасқа?! Мен сазгер, ақын емеспiн. Тек дайын дүниенi орындап, үддесiнен шығуға тырысамын. Ұсынатын әндерiмдi елдiң алдына жеткенше бiр кiсiдей талдап, талғап, кем-кетiгiн түзеуге өнердегi ағаларымнан кеңес алып отырамын.

— Жанды дауыспен ән салу үрдiсiнiң сiздiң концерттерiңiздегi үлесi қаншалықты?

— Әр нәрсенiң өзiнiң уақыты, орны болады. Жанды дауыспен ән салу уақытында келген дүние, халыққа бергенi де аз емес. Сегiз жылдан берi Президент оркестрiнде жұмыс жасап келем. Салтанатты түрдегi үлкен мерекелiк кештерде, мемлекет басшыларының қабылдауында бiз еш уақытта фонаграммамен ән айтқан емеспiз.

— Жанұяңыз жайында бiлгiмiз келедi.

— Бiр қыз, бiр ұлым қазiргi күнi жазғы демалыста. Ауылда ата-апасымен бiрге. Бiрiнiң қуыршағы қолында, бiрi – құлынның соңында. Жұбайым екеумiз жұмыс бабымен шапқылап жүрмiз.

— Келешекте қандай жоспарларыңыз бар?

— Әншiнiң жоспары не болушы едi? Бiрiншi дүние елдi жаңа өлең, жаңа альбоммен қуанту ғой. Алла қаласа, 10 жылдық мерекенi өткiзгеннен кейiн Алматы халқына концертiмдi толықтыра ауқымды және өзгерiске түскен түрде ұсыну ойымда бар. Үрмелi аспаптар ансамблi, фальклорлық, симфониялық, кiшi камералық, 50-60 адамның басын қосып жанды дауыспен ән айтып, халықты қуантуға күнделiктi жұмыс жасап жатырмыз.

Әңгiмелескен Манар ӘЛИЕВА