КӨНЕ ШӘҺӘР – ТҮРКIСТАН ЖАЙЛЫ ШАЙЫР ЖЫРЛАРЫ

КӨНЕ ШӘҺӘР – ТҮРКIСТАН ЖАЙЛЫ ШАЙЫР ЖЫРЛАРЫ

КӨНЕ ШӘҺӘР – ТҮРКIСТАН ЖАЙЛЫ ШАЙЫР ЖЫРЛАРЫ
ашық дереккөзі

Түркiстан – ежелден келе жатқан ұлтымыздың, қала бердi, Орта Азия халықтарының рухани-дiни орталығы болған шәһәр. Ол һәм бiр замандарда бiздiң, яғни қазақ елiнiң астанасы болғандығы тағы да бар. Және әлi күнге дейiн рухани орталық болып келедi.

Оның үстiне iргетасының Құл Қожа Ахметтей – адам жасар ғұмырдың өзiне шектеу қойған – құдыреттi жанның әруағы қонақтап, ұлы ой ағымдарының бәйiт боп құйылған қасиеттi ордасы боп орнауының өзi не тұрады. Сондықтан да бұл шәһәрға қаймана қазақ пен оның қарапайым шайырларының да тағзым жыр жазып тұруы абзал.

Олай болса бiз бүгiн сондай тағзым жыр жазған шайыр Сейфолла Оспан ағамыздың бiр топ жырларын газетiмiздiң бетiнде жариялауды жөн көрдiк. Құп алыңыздар.

БАБТЫҢ БАБЫ, АРЫСТАН БАБ – ӘУЛИЕМ

Уа, Аллам, жаратқаным, жан ием,

Кешiр менi ағат болса тәрбием.

Жерде мына, Бабтың бабы атанған

Тұғыр болшы, Арыстан баб – әулием.

Тұғыр болшы, Арыстан баб – әулием,

Пенделiктен кердең қаққан жанды иер.

Өздерiң ғой қастер тұтар Бабалар

Сыйлап өтсем қонардай-ақ бар киең.

Аллам өзi адамға бақ жолдайды

Өлi әруақ ырзалықтан қолдайды.

Жаны таза, ары таза жандарда

Қиналса да әсте арамдық болмайды.

Қайда барсам топырағым киелi,

Барша әлемiң аңызға бас иедi.

Адасудан қолын сiлтеп кеткен жан

Тәубесiне келiп қайта сүйедi.

Болса да өлкем қанша жерден кең байтақ,

Елiм мынау, жатқан қалың ен жайлап.

Бабаларым құт-береке дарытып,

Айдарым да сыр бiлдiрмес желге ойнап.

Сезiк туып сескенгенде тулап бақ,

Күйге ендiрген Аллам өзi қуаттап,

Бар әулие, әмбиемнiң киесi,

Қалай ғана қас дұшпанды шыдатпақ.

Содан да бiз төзiмдi ел боп келемiз,

Болашаққа өзiмiздi жегемiз.

Барша әулием өздерiңнен тiлерiм

Өз халқыңды әрқашанда жебеңiз.

Армандаған шықтық бүгiн айдынға,

Қосарланып қалмай қойды қайғың да.

Жарқын жүзiн бәсең тартқан халқыңның

Суаршы өзiң алаулатып айбынға.

Уа, Аллам, жаратқаным, жан ием!

Кешiр менi, ағат болса тәрбием.

Жерде мына Бабтың бабы атанған

Тұғыр болшы, Арыстан баб – әулием,

Өздерiңмен бiрге әмәнда бар кием.

ТҮРКIСТАН ДЕП ТОЛҒАНСАМ

1. ТҮРКIСТАН – ЖЕРIМСIҢ СЕН АЛЛАМ СҮЙГЕН

Түркiстан – Түркi әлемi тұнған аңыз

Төрiнде Тұран ойпат тұрған нағыз,

Айбарың жер әлемдi дүр еткiзген

Бiр кезде тауса алмастай жыр ғып Абыз.

Көкжалым Арғы атасы нұрға қонған,

Барша әлем санасатын тұлға болған.

Бүгiнде отыз екi ұлтты ел боп

Бiрлiктi бердi өзi құдай оңнан.

Көк аспан Көне Түрiк шаңырағы

Шарт сынып талай заман аңырады.

Қақ төсiн қара жердiң тұлпар тарпып,

Найзағай көгiнде ойнап жарылады.

Жел ескен айдарынан сан шәһәрдiң

Айбынын бiр өзi алып бар нәһәннiң,

Өткерiп қуанышын барша Түркi

Уытын бiрге жұтты сан зәһәрдiң.

Тұраннан Түркi болып туындаған

Жүрегi талай дұшман суылдаған,

Түркiстан: қазақ, өзбек сан мың бауыр

Тұсында ұлы шаңырақ дуылдаған.

Бiр жағы, Қиыр Шығыс жатқан жота,

Бiр жағы, қолда ойнаған Еуропа,

Оңтүстiгi Үндiмен ұштасатын

Ел едiк берекелi тапқан опа.

Озық ой Әмiр-Темiр гүрiлдеген,

Жәһәнға Түркiстан боп дүрiлдеген,

Бейбарыс, Атиллалар осы өңiрден

Түлептi, сан дұшпаны дiрiлдеген.

Iз тастап елден ерек Тұмар ханым

Өртенiп шыққан дара от боп жалын,

Қан құйған қаһарынан небiр залым

Олжалап кете алмаған шыбын жанын.

Бастаған әулиенi Арыстан баб,

Абырой таба алмаған алысқан жат.

Түркiстан – жерiмсiң сен Аллам сүйген

Құт болып қайта қонған қайрылған бақ.

Бiрiнен бiрi өткен бәрi осының,

Ерлiгi Тұран ойпат баласының.

Түркiстан сол тұғырдың Пiрi болдың

Бiр өзiң табынатын дана шыңым.

Сақтайтын мәңгi-бақи қарашығым!

Түркiстан – Түркi әлемi тұнған аңыз,

Төрiнде Тұран ойпат тұрған Абыз.

Айбарың әруақты өрши берсiн,

Көкжалым көгiн тiреп тұрған нағыз.

2.ТАСИ БЕРСIН ТҮРКIСТАНДЫҚ МЕРЕЙIМ

Отырардың маңайында Испиджаб

Қаласы бар айтар аңыз еске сап.

Сол қалада Қожа Ахмед Яссауи

Туыпты өзi күндерде бiр iске сәт.

Жаны – жарық, сөзi – қанық, өзi – адал

Көкiрегiмен күмбiрлеткен не ғазал.

Бiлiм қуып, iшпей уыт, ойға суыт

Енiп кеткен бата алмастай сұм ажал.

Табиғаты бiр Алланың жолында,

Шариғаты санасында, қолында,

Бар тағдырын қанағат жыр билеп ап

Тербетiлген тек адалдық қомында.

Дүниең де жауын алар көзiнiң,

Байлығың да еркiн алар өзiнiң,

Сұлуың да талқан болар төзiмнiң

Бұза алмаған қанағатын өзiнiң.

Алдамшылық небiр сиқыр сөздерiң

Не алаяқ кейпiн берген өзгенiң,

Өркөкiрек ожар жандар санасыз

Дәрменсiз боп сала алмаған безбенiн.

Даналықты жұмсақтықпен баптаған,

Алла сөзiн инабатпен ақтаған.

Бiр жан едi ол, ел күнәсiн арқалап

Шыбын жанын дозақ отқа қақтаған.

Ахметтiң бұл бiр жолын шырақтай,

Дүние қоңыз пенделерiң ұнатпай,

Оңашартып тастағысы келген-дi

Небiр мықтың жолын бөгеп сынаптай.

Бiрақ оны Аллам өзi ептедi,

Дарымады жамандықтың дерттерi.

Уағыздары нұрын шашып қайта оның

Арамдардың құрықтары жетпедi.

Қағидалы қалыптасқан санамыз,

Пенделiкке ерiк бермей бабамыз,

Ғұмырын да 63-пен шектеген

Тәуелдi етiп табынардай бар аңыз.

Содан да оның асылдығы өшпедi,

Қасиетi де өзгелерге көшпедi.

Жатқан жерi Түркiстан боп тарихта

Талай елдi Тәңiрiдей төстедi.

Омырауынан сәуле шашып күн көзi,

Шариғат пен шапағаттың күмбезi,

Түркiстан боп тұрып қалды мәңгiлiк

Билеп алған құдыреттей шыңды өзi.

3.ӘРУАҒЫҢ АСА БЕРСIН ТҮРКIСТАН

Қожа Ахмет түлегi едi Яссының

Яссы болды орталығы жақсының.

Сол жақсылық Түркiстанды тұрғызды

Түркi елiнiң айбарындай асты үнiм.

Қожа Ахмет құдыретi "құлшылық",

Құлшылықтан өрбiп жатты тiршiлiк.

Адалдықтың, тазалықтың тамыры

Өнiп шықты Яссы болып бiр шыбық.

Ұласты ол Пайғамбардың iсiмен,

Ұлығат боп бiр Алланың күшiмен.

Қанағаттың қанаттанған рухы

Орын тептi мұсылмандық iшiнен.

Сол қасиет айдап Әмiр-Темiрдi

Алып келдi бағалауға өмiрдi.

Даналығы Қожа Ахмет ерiксiз

Көзiне оның құдыреттей көрiндi.

Сол құдырет көтерiлдi күмбез боп,

Шақырды да жатқан елдi күнде ез боп,

Сенiмдерiн сiңiрiп ап бойына

Шапақ атты жан-жағына күн кез боп.

Алла қолдап Түркiстанның даңқы асты

Яссауимен қос өрiмдей алға асты.

Десе елiм "Мекке жақта – Мұхаммед,

Түркiстанда – Қожа Ахмет" жалғасты.

О, Түркiстан, түлеп қайта орнықтың,

Не зардабын тарттың өзiң қорлықтың.

Ғасыр бойы iштей тұнып ғұмырың

Лақтырды ақыр тауқыметiн зорлықтың.

Айбары боп Орта Азия айбатты,

Айдары боп Орта Азия қайратты,

Қайран менiң Түркiстаным жасай бер,

Қасиеттi әруақ боп Ардақты.

Елбасы боп Түркiлердiң салмақты,

Ордасы боп Мұсылманның жан-жақты!

4. ЕШТЕҢЕ ЕМЕС ЕНДI БIЗГЕ ҚАЛҒАН МҰҢ

Отыз екi рулы ел боп бөлiнбей,

Тұрған шақта Түркi әлемi өрiмдей,

Отыз екi тiстен шыққан аңызың

Тұнған тұста көкiректе төгiлмей.

Тұран жұрты жатты жалпақ тұтасып,

Құран болып жеткен жерi ұштасып,

Сонау алғаш әлiмсақтан санаға

Сiңген қалам – ТҮРКIСТАНЫМ, бұл ашық.

Аяқ жетер барша әлем атырап,

Түркi әлемнiң қаһарынан қалтырап,

Қайта жасап түлегенде дүние

Көк бөрi де ойнақ салған жарқырап.

Бұл ТҮРКIСТАН сонда тұрған дүрiлдеп,

Күннен туған елдей-ақ бiр күлiмдеп,

Жұмыр жердi уысына ұстап ап

Жүрек жұтқан тұлғасымен гүрiлдеп.

Қожа Ахмет Яссауиiн туғызып,

Күдiк пенен үрейлердi қуғызып,

Әмiр-Темiр көреген боп тарихта

Арай төккен әруағын тұрғызып.

Қастер тұтар қасиеттi топырақ,

Жайға айналып тағзым етер атырап.

Жарты әлемге имандылық шапағын

Төктi Тұран қақ төрiнде жатып ап.

Сан сенiмнiң шытынатып шатырын,

Өзегiнен елжiретiп ақырын,

Айналаңды мұсылман ғып бiр тұтас

Үйiрдiң сен ТҮРКIСТАНЫМ, батырым.

Қол жетпейтiн күмбез болдың көгi күн,

Тiрi түгiл ұлылардың өлiгi

Құмар болған құшағыңа ТҮРКIСТАН

Өрiлiп тұр ұлтыңменен өмiрiң.

ТҮРКIСТАНЫМ түлеп қайта жандандың,

Күнiндей боп көкiрегiнде бар жанның,

Жасырынып келдiң-дағы жарқ еттiң

Ұшар биiк қиясындай арманның,

Ештеңе емес ендi бiзге қалған мұң!

5. СОТТАЛҒАН СӨЗ – "ТҮРКIСТАН"

Оқыдық бiз не хикая қырқысқан,

Елiн қорғар ерлерiңдi тұс-тұстан,

Бiрақ өзiң асып түстiң бәрiнен

Қастер тұтқан қасиетiм – Түркiстан!

Қайрат берер тұнбаң бар-ау бойыңда,

Түршiгетiн бет қаратпас сойың да.

Кешегi өткен қызыл көздер қып-қызыл

Шоқ басқандай болды сенiң тойыңда.

Қыбы қанған жер тезек боп шыбынша,

Мiз бақпайтын бүкiл халық қырылса,

Есiмiңдi есiне алса бiр сәтке

Безгегi ұстап атылатын тығынша.

Жойғанменен небiр жанды зиялы,

Тұлғаларды кiмнiң көзi қияды.

Сол жауыздар дүбiрлетiп жатқанда

Сенiң атың бар арманын тияды.

Қолданатын барлық қару ұрыста,

Зеңбiрек те, пулемет те, қылыш та,

Сенiң атың аталғанда қақалып,

Бас ұрғандай болды бәрi құрышқа.

Ататтырмай атыңда атты шоланға,

Үрейлендi қауыптенiп содан да.

Атып тастар жан емессiң бiрақ та

"Халық жаудан" бетер болдың қоғамға.

Тұншықтырып өзiңдi олар соттады,

Арайланып атар таңым атпады.

Бiрақ өзiң жүректерге ұялып

Қазақ бiткен қуат көз ғып сақтады.

Сезiмдерде серiппелi қарудай,

Ұлт-намысты бейне тұмар дарудай,

Сағыныш боп сақталдың сен халқыңда,

Өзiң-дағы сiңiп кеттiң арудай.

Егемендiк алған кезде тұс-тұстан,

Жау жанарын найзағайдай қырқысқан,

Ысырдың да шыға келдiң Күн болып

Айбары асқан Әруағым ТҮРКIСТАН!

6. ЖАН КӨРМЕДIМ ҚОЖА АХМЕТ БАБАМДАЙ

Бойы таза, ойы таза ыластан,

Хикметiмен адамзатқа сыр ашқан,

Жан көрмедiм Қожа Ахмет бабамдай

Жан дүниесi ашық күнге ұласқан.

Пәк сәбидей қашық жүрген күнәдән,

Санасына кiрiп алар бiнәдан,

Өзiн бұзбай, салқынын да тигiзбей

Алып шыққан бұл не деген ұлы адам.

Күрсiнсе де пәктiгiмен күрсiнген,

Қуаныш та берiлiп тұр дүрсiлмен,

Күрессе де ақылменен күрескен

Жан емес ол сәл боса да күпсiнген.

Бата алмаған пәктiгiне сайтандық,

Тас түнекке жарық төккен жайсаңдық,

Надандыққа нақылменен жол ашқан

Кеудесi оның күмбiрлеген күйсандық.

Нәпсi бiткен шектелумен шоқтанып,

Ынсапсыздық ұлағатпен тоқталып,

Өз-өзiнен өнеге боп өмiрге

Нұрын шашып тұрған-сынды от дарып.

Тағдыр жазған артық көрiп өмiрiн,

Даналықпен ауыздықтап көңiлiн,

Мына жалған жарықты да шақтаған

Түсiрумен көлеңкесiн көрiнiң.

Адал жолды ақиқатты сiлтеген,

Арсыздыққа шоғын атқан бiлтемен,

Мiр оғындай құдай салған аузына

Сөзiн айтып, жаза алмаған мүлт өлең.

Көз алдымда тағдыр өзi сұраған,

Сөзi сара, өзi дара тұр адам.

Аллам сүйген құлы болса бiр адам

Қожа Ахмет бабам болар ұнаған.

Бойы таза, ойы таза ыластан,

Хикметiмен адамзатқа сыр ашқан,

Жан көрмедiм Қожа Ахмет бабамдай

Жан дүниесi ашық күнге ұласқан.

7. КҮМБIРЛЕТКЕН КӨКIРЕГIН ЕСТIНIҢ

Қансоқта ғып жас ұрпақты бетi нұр

Егемендiк алғалы да жетi жыл.

Қасиеттi төл үнiмiз "Түркiстан"

Жарық көрдi кемшiн соғып екi жыл.

"ТҮРКIСТАНЫМ" алтын айдар айбыным,

Басын бiр сәт қайырғандай қайғының.

Кеше ғана көкiрегiң күрмелiп,

Ашылмап ед барша әлемге айдының.

Ал бүгiндер кең шешiлмей әлiде,

Шемен жүрек бара алмай жүр әрiге.

Шиыр жолдар шимайланған шырмалып

Ұстатпауда арайлы таң сәрiге.

Шығаратын жасқаншақтық талқанын,

Қуат көзi үзiп шылбыр арқанын,

Ел басымыз оң пиғылды отырды

Өз тағына.

Көтередi ел қалғанын.

Тiзгiндi алды танымы мол ғұлама,

Түбегейлi түп-тамырлы сұлама.

Алтын тамыр шежiресiн халқының

Дөп басатын жаңылмастан дүр аға!

Тiлмен төгер көне тарих зардабын,

Елiм өзi түсiнер деп ар жағын.

Қақыратып айтуға ол сақтанар

Шыңдап алмай берiк тұғыр арманын.

Көз алдында замананың ағымы,

Соған орай қалыптасқан арыны.

Түгiн тартса майы шыққан жерiндей

Ағамыз ол Тәңiрiдей тағлымы.

"ТҮРКIСТАНЫМ" басқаша айтсам – ҚАЛАҒАҢ

Қасиет бар қастер тұтар бар адам.

Шежiрелi әмбебабы ол елдiң

Сабыр сақтап аста-төксiз қалаған.

Ел ажары – өшпейтұғын бақ пен тақ,

Тақ иесi әрқашанда елге жақ.

"ТҮРКIСТАНЫМ" рухани байлығым –

Көкбайрағым мәңгi ендi сақталмақ.

Құтты болсын, "ТҮРКIСТАНЫМ", бес жылың,

Жарқыраған жаны жайсаң сестi үнiм.

Көне тарих даналығын жаңғыртып

Күмбiрлеткен көкiрегiн естiнiң!