Жаңалықтар

КРИШНАИТТЕР КIМГЕ АРҚА СҮЙЕЙДI?

ашық дереккөзі

КРИШНАИТТЕР КIМГЕ АРҚА СҮЙЕЙДI?

47,5 гектар жер әлi де солардың иелiгiнде 

Қазақ елi дiн туралы заңын қатаңдатқысы келiп заң жобасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiп жатқанмен миссионерлiк қызметiн бейуайым атқарып жүрген дiни ағым өкiлдерi айылдарын еш жияр емес. Жаңа заң жобасы талқыға салынған уақыт iшiнде әлдеқандай өзгерiс бола ма деп күткен бiздiң үмiтiмiз сейiле бастаған сияқты.

Неге десеңiз, олар керiсiнше, бұрынғыдан да өршелене түсiп шетелдiк ұйымдардан көмек сұрап, "Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы" Заңдағы кейбiр өзгерiстерге келiспейтiндiктерiн бiлдiрiп, шағымдануларын жиiлетiп барады. "Жаман үйдiң қонағы билейдi" дегеннiң керi осы шығар. Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен ордасын ашып, қазақтың қаракөздерiнiң санасын улап жатқан миссионерлiк ағым өкiлдерi бәз баяғы жұмысын әлi тоқтата қойған жоқ. Жақында ғана "Иегово куәгерлерi қауымдастығы" дiни бiрлестiгiнiң жетекшiсi мен қауымдастықтың басқа да мүшелерiне Талдықорған қаласының аумағында "Баршаға арналған кiтап", "Күзет мұнарасы", "Оян!" және басқа да мерзiмдiк басылымдар таратып келгендiгi үшiн айып салынды. Ал осы әрекетпен айналысып жүрген миссионерлер қаншама. Талдықорған қаласының прокуроры Қайрат Әбдiхановтың айтуынша, Германияда басылып шығатын бұл журналдар шетелдiк басылымдар болып табылады. Осыған байланысты қала прокуратурасы әкiмшiлiк құқық бұзушылық фактiсi бойынша iс қозғады. Талдықорғанның мамандандырылған әкiмшiлiк сотының шешiмiмен "Иегово куәгерлерi қауымдастығы" дiни бiрлестiгiне 50 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде айып салынып, басылымдар тәркiлендi. Ал, Қарасай ауданы әкiмшiлiгiнiң "Кришна ой-санасы" ұйымының қолданысындағы жердi ала алмай жүргенiне де бiраз уақыттың жүзi. Естерiңiзде болса, "Кришна санасы" дiни бiрлестiгi бұдан алты жыл бұрын Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылының жанынан 47, 5 гектар жердi алғашында шаруа қожалығына пайдалануға деп алып, бұл жерге өздерi сыйынатын шiркеу мен сиырқора салып, өз миссиясын алаңсыз атқара берген. Яғни, күнi кешегiге дейiн жердi ел меншiгiне қайтаруға қарсылық бiлдiрiп, соттасып келген дiни бiрлестiк заңды бұзып, шаруа қожалығына арналған жердi дiни уағыздарын жүргiзетiн орталыққа айналдырған. Әйтiп-бүйтiп жүрiп ҚР Жоғарғы соты азаматтық iстер жөнiндегi алқасының 2007 жылғы 8 мамыр күнгi шешiмi бойынша 47,5 гектар жер Қарасай ауданының меншiгiне заң жүзiнде қайтарылған болатын. Нәтижесiнде 2007 жылдың 10 қыркүйегiнде Қарасай ауданының арнайы қаулысымен бұл жер Алматыдағы №1 балалар үйiне жалға берiлген. Алайда, бұл шешiмге селт етпеген дiни бiрлестiк бұған дейiн "Құс өсiрушi" саяжай серiктестiгiнiң жерiне заңсыз үйлер салып алған екен. Жер телiмдерiн сату жөнiндегi арнайы құжаттарды жалған жасағандығы әрi "Кришна санасы" дiни бiрлестiгiнiң өкiлдерiне сатқандығы үшiн бұзылған едi. Дей тұра, секта мүшелерi өздерiнiң жасап отырған iс-әрекетiнiң заңсыздығына қарамастан, шетелге дейiн шағымданудан жалықпай келедi. Тiптi, қазiр миссионерлiк ағымдардың шашбауын көтерiп, солардың мұңын бiрге бөлiсiп жүрген адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис пен Нинель Фокина әжейдiң де сөзi бiр жерден шығатын бопты. Олар “Дiн туралы” заң жобасындағы қатаңдатылған баптардың миссионерлiк ағымдарға тиiп кетер зардабына алаңдап, бәйек болып жүр. Әншейiнде елде адам құқығын қорғайтын мәселе туындағанда жақ ашпайтын бұл кiсiлердi қандай түлен түрткенiн кiм бiлсiн, осы жолы да қазақтың алдын орағытып әкетiп, жат пиғылды дiни ағымдардың әрекетiн ләппайлап қолдап келедi. Өздерiн қолпаштайтын осындай адамдардың бар екендiгiн мiсе тұтқан жат пиығылды дiни ағым өкiлдерi заңсыз жерге ие болғанымен қоймай, маңайдағы ауыл адамдарының тыныштығын алды. Қысқасы, Елтай ауылының iргесiнен қоныс тепкен кришнаиттер ауыл жұртын әбiгерге сала бастады. "Өзiмiздiң жерiмiздi босатсын! Дiнiмiздi бүлдiрмесiн!" деп жастардың келешегiне алаңдаулы ақсақалдар: "Iргемiзден қоныс тепкенiне бес жыл болған жат дiни ағым өкiлдерi жастарды уағыздарымен улап, берекемiздi қашырып бiттi. Түнiмен от шашу шашып, таңға дейiн әнi мен биi еш таусылмайтындар санамызды улағанымен қоймай, сұлу табиғатымызды бүлдiрiп, таза көлiмiздi ластап, күл-қоқысқа айналдырды" дейдi ашынып. Ауыл тұрғындарының жаны шырқырап, не iстерiн бiлмей әлек. Шынында да, ауыл iргесiндегi суы мөлдiр керемет көлге кришнаға сыйынатындар басқа басқа, сиырларын шомылдырады екен. Ал ауыл балалары суға шомылуға барса, оларды шақырып алып, тәттiлерiн берiп өз дiнiне кiруге үгiттейтiн көрiнедi. Дегенмен, "Кришна санасы" дiни бiрлестiгiнiң төрайымы Галина Голоустың ауыл тұрғындарының тарапынан айтылған қарсы пiкiрдi үзiлдi-кесiлдi жоққа шығарып отырғанына не жорық? Осындай бассыздық пен оспадарлыққа көздi бақырайтып қойып барып отырған "Кришна санасы" дiни бiрлестiгiнiң бұл әрекетiне көзжұмбайлықпен қарап келген жергiлiктi билiк өкiлдерi бiр ауылдың берекесiне сызат түсiрген 35 кришнаитке қарсы шара қолданбай келедi. Масқарасы сол, облыс басшылығы 2008 жылы 25 наурызда "Кришна санасы" дiни бiрлестiгiнiң өкiлдерiмен кездесiп, оларға Iле, Талғар аудандарынан жер ұсыныпты. Әдетте жерсiз, күйсiз жүрген қазақтың басындағы жағдайға қырын қарайтын билiктiң бұл қай жарылқауы? Тiптi, ұйым мүшелерi еркетотайлығын танытып: "Астана тойының алдында бiзге жер беремiз деген әңгiменiң шетi шыққан болатын. Барсақ, бiзге бердi деген жерлер қоқыс төгетiн орындар екен. Бұл жерлерде адам тұратын жағдай жоқ, қалаға қашық" дейдi ағынан жарылып. "Бұға берсең сұға бередi" демекшi, әкiмшiлiк құрылыс салуға болады деп шешкен жердi кришнаиттер менсiнбей отырса, бұл ауданда қазiр осы жерге жете алмай отырған 1500-дей тұрғынның бар екенiн кiм ойлаған? Елтай ауылының әкiмi Орынбай Жанәдiл мырза халықтың шағымына байланысты: "Құқық мекемелерi бар. Ауыл әкiмiнiң қолынан не келедi? Бұл тұрғыда Iшкi iстер мекемесi жұмыс iстеуi тиiс" деген жауап қайырды. Бiр сөзбен айтқанда, бiздiң заң басқа емес, миссионерлердiң алдында да түкке тұрғысыз болып қалған сияқты. Өйткенi, кришнаиттерге қатысты сот процесi аяқталып, арнайы үкiм шығып, заңсыз жер мемлекет иелiгiне қайтарылсын десе де, секта мүшелерi "Мерей" саяжайын босатуға асығар емес. Сонда Қазақстан заңы мен сот үкiмiн елең-алаң қылмайтын бұл дiни бiрлес¬тiктiң қандай құдiреттi күшi бар?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ