ХАЛҚЫ СЫЙЛАП ХАН КӨТЕРГЕН
ХАЛҚЫ СЫЙЛАП ХАН КӨТЕРГЕН
Қай кезеңде болмасын қазақ даласы талай шайқастардың куәсi болды. Едiл бойынан құба қалмақ, башқұрт, Шығыстан жоңғарлар XVI-XVII ғасырларда қазақ жерiн басып алуға әрекеттенiп ұрыстар жүргiзсе, XVIII-ХIХ ғасырларда көршiлес Қоқан мен Хиуа хандықтары да көз алартып, олардың бектерi Сырдың төменгi ағысы бойына қорғандар салып, әскерлер ұстаған. Солардың көмегiмен қазақ ауылдарын шауып, зорлық-зомбылық жасап отырғаны, орыстардың iшкерiлеп енуi, тарихи оқиғалар, құжат деректерi мен ел аузындағы аңыз-әңгiмелер, дастандар арқылы белгiлi.
Мiне, осы тұста ел билеген билер, батырлар ұлтының намысын қорғауға бел буған. Сөзге тоқтаса тiлмен, тоқтамаса қаруымен тоқтатқан. Осы тұста белгiлi батырлар Есет Көтiбаров, Жанқожа Нұрмұхамедов, басқа да батырлар өз жерiн, ауыл-аймақтарын, қазақ елiн қорғауда ерекше батырлық көрсеткен. Қиын-қыстау кездерде Жанқожа батыр қасынан табылған би Айдарбектiң Бекмырзасы болыпты. Арал, Қазалы аудандары жұртшылығының арасында Бекмырза Әлдеұлының (орыс құжаттарында Алдеев) қарадан шығып хан болғандығы туралы шындыққа шамалас әңгiмелер баршылық. Қазақ халқының тарихы ататек-шежiре арқылы әкеден балаға тарап отырғаны, әр заманның бiлiктi адамының жазып қалдырған шежiре-аңыз әңгiмелерi арқылы дамығаны белгiлi. Сондай бiр аңыздардың бiрiнде, Жанқожа батыр орыстың қазақ жерiне бойлап енуiнен қорқып, оларға тосқауыл ретiнде хандық құруды ойлапты. Сонда тоқтағаны Бекмырза би болған. Бұл ойын Жанқожа батыр Алты Әлiмнiң бетке ұстар азаматтарымен ақылдаса отырып iске асырған. Сөйтiп 555 үй Айдарбек аталығынан шыққан Бекмырза "Сазды" жайлауында хан болып сайланады. Ел-жұрт алдына Жанқожа батыр шығып, Бекмырзаға: "Жерiңдi алдырма, жетiмдi жылатпа! Халқыңның ноқтасын ұста, панасы бол", – деген тiлектерiн айтып, халықтың батасын алып Бекмырзаны хан етiптi. Ел iшiндегi аңыз-әңгiмелер осылай өрбiсе, түрлi басылымдарда Жанқожаға қатысты деректерде Бекмырза бидiң аты жиi аталып отырады. Қазалы уезiнде көп жыл бiтiмгершiлiк соттың судьясы болған, әрi зерттеушi, осы өңiр туралы бiрнеше кiтаптар, мақалалар жазған И.В.Аничкевтың "Песня о киргизском батыре Джанходжа Нурмухамедове" атты Санкт-Петербургте шыққан кiтабында. Бекмырзаның Райым бекiнiсiн салуға қазақтарды жұмылдырғаны айтылады. Жанқожаның орыстарға қарсы ұрыстар кезiнде орыс шенеунiктерi Бекмырза бидi өзiне тартып, шен бергенi және 1847-50 жылдар аралығында Бекмырзаның Жанқожа батыр атымен Алты Әлiмдi басқарғанын, өзiнiң атымен аталатын бұлақ маңында "Ақиректе" жерленгенiн жазған. Демек, ел iшiндегi Бекмырза хан болды деген сөздер шындыққа жанасады. Ел-жұрт қысылған кезде ортасынан хан сайлаған кездер болған. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында Қарақұм көтерiлiсiне қатысушылар өздерiне сенiмдi адамдарды хан еткен. Ал, шөмекейлiктер арасында сұлтан Елекей Қасымовты хан деп есептеп, хан атаған Сонымен қарадан шығып хан болған әдiл би Әлдеевтiң есiмi Ресей құжаттарында бiраз жерде кездеседi. Соның бiрiнде 1852 жылдың 3 сәуiр күнi қоқандықтардың Мақпалкөл мен Айгеректе отырған қазақтардың 100 ауылын шапқанын, оны қууға өздерiне 16 адаммен көмекке келген Алтынбай биi Бекмырзаның 6 сәуiрде қоқандықтарды қууға жолбасшы болып, көмектескенi айтылады. Қуғыншылар (әрине орыс әскерiнiң көмегiмен – Т.Д.) барымтаға алынған 83 түйе, 6 жылқы, 162 мүйiз¬дi iрi қара, 52925 қойды қайтарып алған. Шапқыншылық жасағандарды Ақшабұлақта қуып жетiп, жоғарыдағы малдарды қайтаруға үлес қосқандарың бiрi – Бекмырза. Осы еңбегi үшiн Б.Әлдеевке 20 сом күмiс ақшасы сыйға берiлiптi. Етене берiлiп патша шенеунiктерiне қызмет етпесе де, олардан байланысын үзбеген. 1856 жылдың 26 ақпанындағы құжатта:№1 фортқа қажеттi отынмен қамтамасыз ету жүзбасы Б. Әлдеевке жүктелгенi жазылса, Сырдария желiсi бастығына Бекмырза Әлдеевтiң жазған мәлiмдемесiнде №1 форттың комендант бастығы, майор Булатовқа 667 пұт сексеуiлдi Арал флотилиясы үшiн даярлағанын айтып,ендi Шектi, Қаракесек т.б. аталықтардан 40 түйе жинап оларға тиiстi ақшаларын бергенiн хабарлаған. Сондай-ақ, 1856 жылдың 13 наурызында Орал бекiнiсiнiң бастығы майор Михайловқа жөнелтетiнiн мәлiмдеген. Жалпы осы жылдары 15 667 пұт сексеуiл даярлап өткiзгендерi үшiн тиiстi ақшалардың таратылғаны жайлы комендант бастығы қол қойған. Орынбор шекаралық комисиясының құжаттарында (1849-1850 жылғы) Б.Әлдеев жайында нақты мәлiметтер келтiрiлген. Оның Кiшкене шектi руының Алтынбай бөлiмiне, оның Жаманшасы екендiгiн көрсетiп, жасының 38-де екенiн және бетi әдемi келген, көзi қара, мұрты мен сақалы қара, қыр мұрынды келгендiгiн атап өтедi. Қазақтар арасында аса беделдi, мәселенi салқынқандылықпен әдiл шешетiн би деп жазған. Сондай-ақ осы мұрағат құжатында оның жайлауы Қарабөгет, қыстауы Арал бекiнiсiнiң маңы, Жалаңаш өзенi екенiн, 1847 жылы хиуалықтарды қуудағы ерлiгi үшiн шұға камзолмен марапатталғаны да қоса көрсетiлiптi. Бекмырза қадiрлi би болғанымен аса бай болмаған. Оның бар-жоғы: 5 түйе, 6 сиыр, 40 жылқы мен 40 қойы болыпты. Осы құжатта бидiң (1851ж.) үш әйелi, екi ұлы, бiр қызы, шешесi мен iнiсiнiң барлығы жазылса, 1858 жылы 25 желтоқсандағы есауыл Карамышовтың мәлiмдемесiнде Бекмырзаның екi әйелi, 3 ұлы мен 3 қызының барлығы жазылған. Көптеген зерттеушiлер мен ұрпақтарының жазбаларында Б.Әлдеевтi 1816 жылы тудырып, 1863 жылы Жанқожа батырдан кейiн дүниеден оздырады. Бұл деректер ауызша әңгiмелерден алынып берiлгендiктен қателiктер орын алған. Бiрiншiден, орыс құжаттарында (мәлiмдемелерде, жауап алу) әлгi адамның кiм екенi, дiнiнiң қандай екендiгi, руын, мал-жанын, отбасын, сотталған, сотты болмағанын сұрау ереже қалыптасқан болатын. Олай болса, (1849-50 жылдарда бидiң жасы 38-де екенiн ескерсек,) ол кiсi шамамен 1811-1812 жылы туған болып шығады. 1863 жылы қайтыс болды дегенге келсек, бiрiншiден, 1857 жылдың қыркүйек айындағы жазбаның бiрiнде Алтынбай және Күлiк бөлiмдерiнiң басқарушысы болып хоружный Ұлыбек Тайымовтың есiмi жүр. Екiншiден, 1858 жылдың 25-желтоқсанындағы есаул Карамышовтың мәлiмдемесiнде қайтыс болған жүзбасы Бекмырза Әлдеевтiң екi әйелiнiң шағымы туралы хабарлама жолданған. Үшiншiден, мұрагерлiк, дүние-мүлiктi болу, балаларды тәрбиеге алу мәселесi төңiрегiнде бiраз әңгiмелер туындаған. Онда бидiң бiр әйелi Шонықыз Құрмановадан туған балалары Дәуiтбай 13-те, Сақи 11-де, Әлпеш 5-те, Әсия-3-жаста, екiншi әйелi Дiлдабек Қойсары қызынан: Әмiр 5-жаста, Зылиқа 9-жаста екенi айтылып, Бекмырза бидiң Төлес, Мәлiк атты iнiлерiнiң есiмдерi кездеседi. Бекмырзаның балаларына қамқоршы болып iнiсi Төлес пен Алтынбай биi Ұ.Тайымов белгiленген. 1858 жылдың 25 желтоқсандағы құжатта бидiң әйелi Шонықызда 1 киiз үй, 2 жылқы, 1 сиыр, 20 қой, түлкi тон, екi кiлем, күмiс шәйнек, тағы басқа заттар бар деп есепке алынса, Дiлдабекте 4 сиыр, бiр түйе, бiр жылқы, 7 қой, қылыштың күмiс белбеуi, күмiс ожау, күмiс бiлезiк, үш кiлем, көрпе-жастық, сандық, ошағымен қазан, мыс құман, жiбек көйлек, халаттар есепке алынған. Осы деректер және құжаттардағы фактiлер Бекмырза бидiң асқан бай болмағанын тағы да айқындай түседi. Бидiң адал еңбегi және әдiлдiкпен күн кешкенiн аңғару қиын емес. Хан болсын, қара болсын өз халқына адал болғанға не жетсiн. Бабамыздың хан болғандығы хақында ел аузынан там-тұмдап жиналған әңгiмелер негiзiнде "Қарадан шыққан хан" атты алғашқы кiтапша жарық көрдi. Бекмырза бабамыз өз халқына адал болды. Орыстардың өзiне тартуына, Қоқан, хиуалық бектердiң "мұсылманбыз" деп салған қолқаларына аса сақтықпен қараған. Сондықтан ол кiсi Сыр өңiрiнен шыққан бiрсыпыра ақын-жыраулардың жырларына арқау болған. Сыр сүлейлерiнiң бiрi Нұртуған Кенжеғұлұлы "Шұбырынды ақтабан" атты дастанында былайша жырлаған: "…Аңдыған патша қойсын ба, Бекмырза ханды ұзамай, Тұзағына түсiрдi. Губернатор бiр күнi Шақырды оны қонаққа. Көрсеткен болып құрметiн, Тойғызды әбден тамаққа. Тамақтан iшкен тоғызы, Тұншығып уға төктi тер. Мақсатына жете алмай, Қолдан кеттi қайран ер", деп өкiнiшпен жырға қосады. Дастанда айтылғандай, Бекмырза би орыс шенеунiктерiнiң қолынан у iшiп қаза болған. Б.Әлдеев өзi шыққан Айдарбек бөлiмi ғана емес, алты Әлiмге басшы болған, Жанқожа батырдың үзеңгiлес серiгi. Әлi түрлi салада зерттеу, зерделеу жүргiзiлсе басқа да қырларын танып бiлуге жол ашылмақ. Биiктен көрiнген Бекмырза бабамыздың асыл арманының бiрi орындалып, ел тәуелсiздiгiне қол жеттi. Бабаларымыз армандаған мақсаттар орындала берсiн деген тiлектемiз. Тынышбек ДАЙРАБАЙ