ҒАЙНИКЕН БИБАТЫРОВА
ҒАЙНИКЕН БИБАТЫРОВА
Ол кiсiге қарап отырып, қазақтың қыздарының әдемi, көркемдiгiмен қоса өте қарапайымдылығына тағы да таң қаласың. Елжiреп тұратын бауырмалдығын айтсаңызшы. Елiмiздiң мәдениетi мен ғылымына зор еңбегi сiңген қазақ қызының аппақ жүзiн торлаған мұңның сыры көп кешiкпей-ақ ашылды…
Ауыр қазаға ұшыраған бiр жолдастарының асына қатысып, небiр нұрлы күндердегi бiрге болған шақтарды өткен уақытпен еске алудың қаншалықты қиын, жан ауыртар сәт екенiн сезiнген сайын адам бойы ауыр тартып, көңiлсiздiк билейтiн пендәуи көңiл-күйiн бiз де терең түсiндiк. Түсiндiк те кешiрiм сұрап, мүмкiн болса келесi күнге келудi өтiне сұрап едiк, ол кiсi: "Қайта сенiмен әңгiмеден кейiн серпiлетiн сияқтымын" – дедi, болмашы жымиып. Қазақ қоғамына елеулi үлес қосып келе жатқан Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi Ғалымдар үйiнiң директоры Ғайникен Айдарханқызымен әңгiме осылай өрбiдi… Әңгiмелескен сайын өзiмiз сырттай қайратты да жiгерлi, бiрбеткей iскер қазақ қызы деп қабылдайтын осы бiр сұлу да кербез әйелдiң жаратылысы тым нәзiк, сағыныш пен мұңға, қуаныш пен қайғыға қабырғасы қайысатын қарапайым ғана пенде екенi одан сайын ынтықтыра түскендей.
СӨЗ БАСЫ
– Бiздiң қазақ өзiндiк педагогикасы, пәлсафасы, этнотәрбиесi ерекше халық қой, – деп бастады апай әңгiмесiн. – Мен мұны жаңалық аштым деп айтып отырған жоқпын. Бұл пiкiрiм кез келген таза қазақи үрдiспен тiрлiк кешiп келе жатқан әрбiр отбасындағы тәрбиеден көрiнетiн көрiнiс. Әсiресе, ана сүтiмен дарыған жақсы бiр қасиетiмiздiң бiрi мейiрiмдiлiк, бауырмалдық қой. Өз басым осы бiр қасиетi үшiн халқымды, елiмдi шексiз жақсы көремiн. Талай қырғын-сүргiннен, тағдыр-талайынан аман алып келе жатқан да осы қасиетiмiз.
Мен қазақтың көпбалалы қарапайым ғана отбасында дүниеге келiппiн. Әке шешемнiң тұңғышы болдым. Ал қазақ отбасында тұңғыштың жауапкершiлiгi, жүгi өте ауыр екенi аян. Қазiр ғой "тұңғыш" дегендерiңiз – жалқау, ерке шолжаң. Бiздiң замандастар, артынан ерген көштiң бәрiн құтты орнына қондырғанша, сол өзiңнiң соңыңнан ерген көштiң қайда, қалай орналасуына әке-шешеден гөрi бiз жауапты болып өскенiмiздi менiң тұстастарымның кез келгенi мойындайды. Бiз – мейiрiмдi ұрпақпыз! Өз бауырларына ерекше қарым-қатынаспен қарап, тәрбиесiне алаңдаған жауапты ұрпақпыз! Жүрегiндегi мейiрiм жүзiне шығып тұрған иманды ұрпақпыз! Бiз – қоғамдық жұмыстағы қатаң тәртiптi отбасындағы қатал тәрбиемен ұштастыра қабылдаған ұрпақпыз!
Бүгiнгi ас менi қатты толқытты. Жүректегi сағынышты қозғаған, қанды толқытқан бiр күн болды. Өзiмнен кейiнгi сiңiлiм күйеуiнен кейiн қыршындай баласынан айырылып қалып едi, кезектен тыс демалыс алып сонда баруға, қасында болып әбден мауқымды басып келуге кетiп барамын.
Қазақ – данышпан халық қой, "қайғы қайғыны қозғайды" дегендi қалай тап басып айтқан десеңшi!
ҚАЗАҚТЫҢ ТӘЛIМ-ТӘРБИЕСI ЕШКIМГЕ ҰҚСАМАЙДЫ
Сынаптай сырғанап өтiп жатқан уақыт емес пе "жастықтың мiнiп тұлпарын" деп жүргенде бiр күнi зейнеткер бола қалдық. Әр уақыттың өзiндiк әдемiлiгi, өзiндiк қызығы бар. Егер орныңды дұрыс тапсаң, ойыңды ашық айтып, өзiңдi лайықты ұстай бiлсең қызметтен де, өмiрден де сыйсыз өтпейсiң, ешкiмнен кем болмайсың.
Менiң ең үлкен бақытым – екi ғасырдың да куәсi болғаным. ХХ ғасырда өсiп-өнiп, тоғыз жыл комсомолда, одан қалған ғұмырымның бәрiн партиялық, қоғамдық жұмыстарда болдым. Сондықтан да ХХ ғасырды мақтан етемiн де, ХХI ғасырға рахмет айтамын. Сөйтемiн де, екi ғасырдың куәсi болуды маңдайыма жазған тағдырыма мың шүкiр, тәубә деймiн. Еткен еңбегiмiз де жоқ емес. Оның бағасын, әрине, ел бередi. Бiз қоғам алдындағы мiндетiмiздi атқара бiлдiк, сол қызмет арқылы халқымызға перзенттiк борышымызды ақтадық десем, әбден болады. Өйткенi, жетпiстен асқан шағымда әлде де сол халықтың жоғын жоқтап, барын түгендеп отырған жайым бар.
Ал сол екi ғасырда екi қоғам болды ғой. Өз басым, "ойбай, партия мынадай едi, комсомол мұндай болған" деген пiкiрдi жиi құлағым шалады, бiрақ мен келiспеймiн. Мұқан Төлебаев өгiз арбамен пианино апарып, "Бiржан-Сараны" жазған кiшкентай ғана ауылда туыппын. Жетiсудың жетi өзенiнiң бiрi – Лепсiнiң бойында. "Көкжие" деген ауыл, осы өзен бойы қалың тоғай. Жиделi тоғай болатын. Балалық шағымыз соғыс жылдарында, яғни таршылық пен жоқшылықтан қашып құтыла алмайтын кезеңде өттi. Күнi бойы жиде теремiз, етегiмiзге толтырып әкелген жиденi анамыз марқұм бiресе суға қайнатып, кептiрiп қақ жасайды, жартысын сағыз ғып шайнаймыз. Құмның iшiнде кiшкентай ғана тайымызға мiнiп, мал бағып, тiрлiк еттiк.
Әкем Айдархан мен шешем Ажархан ауыл сыйлаған, қадiрлi кiсiлер болды. Соғысқа бармады, өйткенi соғыс басталғанда елдегi еркеккiндiк әскерге алынып жатқанда "Сен коммуниссiң, елдiң тыныштығын сақта, бас-көз бол" деген тапсырма алған бiраз азамат милиция формасын киiп, ауыл-аймақта еңбектi ұйымдастыруға қалған ғой. Содан милицияның қызы, балалары болдық та, тәрбие де, талап та қатал болды. Оның үстiне анам көргендi, көкiрегi ояу, шала сауатты кiсi болса да, бiздi мүмкiндiгiнше бiлiмге баулуды ерте мақсат еткен жан едi. "Қыз Жiбек", "Қамар сұлу", "Қобыланды батыр" сияқты этнотарихи жырларды үнемi оқып беретiн. Оқығандағы мақамы, әуездi үнi керемет болғаны сонша, әлi күнге құлағымның түбiнен сол бiр аяулы қарлығыңқы үн кетпейдi… Ал, әкем өте мәдениеттi, парасатты кiсi болды. "Үлкен кiсiлердiң алдынан кесекөлденең өтпе, танысаң да танымасаң да, амандас, сұраса жөнiңдi айт" деп отыратын-ды. Қазақтың ешкiмге ұқсамайтын этнопедагогикасын қатаң ұстанушы едi. Одан берi талай ел аралап, жұртпен араласып келе жатсам да, дәл сондай тәрбие желiсiн ешкiмнен көрмедiм десем артық айтқандық емес.
ҚОНАЕВ ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТI ҒОЙ
СОНЫМЕН, отбасындағы тәлiм-тәрбие, iлiмгеө бiлiмге деген құштарлық ауылда қалуға мұрша бермедi. Оның үстiне өзiм де етi тiрi, пысықай болсам керек. Ауылда, ауданда комсомол жұмысын атқарып жүрген ұйымдастырушылық қабiлетiм орталықтан бiр-ақ шығарды. Көк тiреп тұрған көке жоқ, шиеттей бала-шаға, әке-шешеде қауқар жоқ. Осының бәрiн ойлай келе, жоқ, тiршiлiктi бастау керек, бастау үшiн бiлiм керек екенiн iштей түйсiндiк те, ауылдан аттанып кете бардық қой.
Қойшы, әйтеуiр, сатылап-сатылап жүрiп, елiмiздiң бiр туар перзентi Димекеңнiң алдынан бiр-ақ шықтық. Ол тұста қыз-келiншектердiң билiкке араласпаған кезi. Ақмолада Фарида Хамитова деген хатшыны ғана естимiн.
"Өзiңдi комсомолдан жақсы бiлемiн, менiңше сенен үлкен қоғам қайраткерi шығады" деп, Жамбыл облыстық партия комитетiне хатшылыққа бекiттi де жiбердi. Қабылдауына Мәскеуде Орталық комитет жанындағы академияда оқып жүрген жерiмнен шақырылдым. Кең , жарық кабинетiнiң ана басы мен мына басына жету қандай қиын едi, оның үстiне есiктен төрге дейiн үндемей жүру тағы ыңғайсыз. Өзiм нәп-нәзiк, аяқта бiз өкше туфли. Сасқанымнан, "Димаш Ахметұлы, кабинетiңiз қандай үлкен, Сiзге жете алар емеспiн", – деппiн. Ондай қарапайым, кiшiпейiл, ондай парасатты адамды өз басым көрмедiм. Сонда орнынан күлiмсiреп тұрып маған қарсы жүрдi. "Мен онда Статенин жолдасқа айтайын (iс жүргiзушiсi болған), Галя Бибатыроваға менiң кабинетiм ұнамады, не кiшiрейт, не басқаша жаса дейiн", – деп күлдi. Толқып, абыржып келе жатқанымның бәрi ұмытылды. "Ұлы адамдар өте қарапайым болады" дегенге қалай сенбессiң!
Одан кейiн де талай рет кездестiк, кездескен сайын "комсомолкам менiң" деп арқамнан қағып қоятын. Елуге толған кезiмде ғой, "Димаш Ахметұлы, қашанғы комсомол болып жүре беремiн, елуге келдiм ғой", дедiм. Сонда ашыла бiр күлiп, баяғы өзiнiң " сен әлi өсетiн баласың" дегенiн есiне алып, талай рет ұсыныс жасаса да, Жамбыл облысының обком секретары Бектұрғановтың: "Ойбай, ондай идеолог қайдан табамын" деп жiбермей қойғанын айтты. Басқалардың еңбегiн жоққа шығарып, даттамаймын, қоғамда әркiмнiң өз орны, өз төрi бар, әрине. Дегенмен, ол кiсiдей қазаққа еңбегi сiңген қайраткердi кездестiрмедiм. Осы жасыма дейiн көрмедiм, бiрақ қазақ деген ұлы халық қой, мүмкiн бiр замандарда туылар. Бiрақ ХХ ғасырда мен бiлетiн Қонаевтай қазақ жоқ! Шынын айту керек, таза патриот, елiн, жерiн шексiз сүйген, бүкiл сана-сезiмiн, ақыл-парасатын аямаған ұлы кемеңгер, қайраткер екенiн iштей бәрiмiз де мойындаймыз.
Сол отырғаннан обком хатшысы болып табаны күректей он үш жыл отырдым. Жетiсуда туып өскенiм болмаса, Жамбыл облысы маған өте ыстық болатыны да содан шығар. Елiмде қазiр ет жақыннан ешкiм қалмады десем де болады. Бiрақ әкем атында көше бар, сол көшенiң тұрғындары үшiн жылда барып, сый-сияпат жасап, құран бағыштап қайтамын. Ел iшi береке ғой, барын дастарқанға салып жайыла күтiп жатады. Әйтеуiр әкем марқұмның аруағы риза болса екен деп мен де барымды арқалап, әр үйге сыйлық жасаймын. Оларға бiр ғана бұйымтай айтып кетемiн, әкем атындағы көше таза болса екен, күл-қоқысқа батпаса екен дегендi қайта-қайта айта бергiм келедi… Ал Жамбыл облысы жаныма жақынырақ, осы өңiрде өстiм, жетiлдiм, қызметте төселдiм, тәжiрибе жинадым. Адалдықтан аттаған жоқпын, ешкiмге жасаған қиянатым да жоқ. Кеңес дәуiрiнiң дәуiрлеп тұрған кезi, мен де дәуiрледiм. Сол замандарда дүниеге келген Ғайникендердiң саны оннан асады, алды тұрмысқа шығып та үлгердi. Жақсылықтарынан әлi күнге дейiн қалмаймын, хабар жетсе баруға, батамды беруге, аянбаймын. Қонақжайлылығына көңiлiм де, көзiм де тойып қайтамын…
Бүгiнде ел қоғам қайраткерi, мемлекет қайраткерi деп қабылдап жатса, ол да Қонаевтай ел басшысының арқасы дер едiм. Бiрақ, кедергiлерге қарамай, елiнiң мәдениетiн, экономикасы, ғылым бiлiмiн жетiлдiруде, кадр дайындауда ол кiсiдей көреген, талғамы мен талабы күштi қайраткерлер аз ау, аз.
МИХАИЛ ЕСЕНАЛИЕВ, ӨЗБЕКӘЛI ЖӘНIБЕКТЕР НАҒЫЗ АЗАМАТТАР ЕДI.
Елiмiздiң тарихына, мәдени тарихына үңiлер болсам, Димекеңдей адал қызмет еткен тағы бiр тұлғалардың келбетi санада көлбеңдерi сөзсiз. Әсiресе, қазақ халқының мәдени мұралары, тарихи ескерткiштерi, мәдени ошақтары – театрлар туралы әңгiме бола қалса, осы бiр қос азаматтың есiмдерi еске оралады. Халқымыздың алғыр перзентi, алғашқы комсомол Ғани Мұратбаевтың ескерткiшiн жасатқан да, атын тарихқа қайта жаңғырта алып келген азамат та осы – Өзбекәлi. Қаны қазақ болып қайнаған жан. Шынын айту керек, елiмiздiң оңтүстiк аймағы қаншыл, қазақтың салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын терең сезiнетiн, санада үнемi жаңғыртып отыратын өлке. Оңтүстiк андай- мындай дегендi жиi айтамыз, қазекең бiрiн бiрi жамандамаса iшi жарылып кетуi әбден мүмкiн. Жақсылық жағымызды айтып қанша мақтансақ та, осындай кемшiн тұстарымыз да жетерлiк.
Үнемi ой үстiнде, қолынан қаламсабы түспейтiн. Сырт көзге суық, сұсты, қатал көрiнгенiмен, жан дүниесi өте нәзiк жаратылған азамат едi. Тағдырыма риза болатыным, қазақтың маңдайына бақ болып туылған осындай жұлдызды азаматтарымен қызметтес болғаным. Есенәлиев те, Жәнiбеков те орта бойлы болғанымен, ойы, сана-сезiмi аса жоғары, жаратылысы бөлек едi. Ресейде туып-өссе де, қанына тартып туған Михаил дарынды, қабiлеттi, сауатты, ал Өзбекәлi сонысымен қоса ұйымдастырушылық қабiлетi ерекше басшы болды. Айтқанынан қайтпайтын, бiрбеткей, өжет. Наурыз мерекесiн тiрiлту үшiн қаншама есiктен бетi қайтса да, дiни ұғымдағы мейрам деген сансыз қарсылықтарға төтеп беру тек Өзбекәлiнiң ғана қолынан келетiн тiрлiк. Орталық комитетке жазып жүрiп, әйтеуiр қазақ күнтiзбесiне енгiзiп кеттi, жарықтық! Ал, қазiргi Қостанай облысы, бұрынғы Торғайға сiңiрген еңбегi, төккен терi ауызбен айтып жеткiзе алмайтын тiрлiк. Сол өңiрде өмiрге келген тұңғыш музыка театры, ән-би ансамбльдерi, ондағы ұлттық бояуға тұнып тұрған ұлттық киiмдер, әшекейлердi былай қойғанда, тарихи мұражайлардың қайта жабдықталып, жаңаруы, жасаған баға жетпес еңбегi әлi күнге ел есiнде. Көзi тiрi сол кездегi облыс басшылары кездескен сайын оның талапшылдығын, талғампаздығын жыр ғып айтады. Тiптi қолына қазық-балғасын ұстап, жердi қадамдап өлшеп, қай жерде театр үйi, қай жерде бақ отырғызылуы керектiгiне дейiн белгiлеп өзiнiң жүруi қазiргi креслода отырып, телефонмен шаруа шешетiн басшыларға үлгi-өнеге дер едiм. Ондайлар шаруаны шешсе жақсы ғой, бiрi-бiрiне сiлтеп, кiсiнi таусылмайтын әуреге салады емес пе?! Солар осындай азаматтардың тiрлiгiнен тәлiм алса, бүгiнгiдей молшылық заманда ненi болса да жарып шығуға болар едi. Бiрақ… қайдан болсын, әркiм өз басын күйттеген, қарнының тойғанын ғана ойлайтын заманға тап болдық қой. "Қазақреставра¬ция" деген ұйым ашып, қалай болса солай жұмыс iстеп келген, әбден тозығы жеткен мұражайлар мен кiтапханаларға өз қолынан жан бiтiрiп едi. Кiм не десе де, соны көрген, азаматтың маңдай тер, еңбегiн көрген бiз, мiне, тiрiмiз, сондықтан оны айту парызымыз. Орасан сол еңбектiң атағына жармасып жүргендер де көп, бiрақ таза еңбек Өзбекәлiнiкi дер едiм. Сөйткен, қазақ мәдени тарихына орасан зор еңбек сiңiрген Өзекеңдердiң аты айтыла бермейтiнi, мерейтойлары үнсiз ғана өткенi тарихымызға қара күйе жағу екенiн бүгiндерi ешкiм санасына сыйғыза алмай келедi…
ҚАЙРАН, ҒАБЕҢДЕР…
Осы бiр кезеңде, әсiресе, Жамбыл облысында жүргенде қазақтың талай сыйлы азаматтарымен дәмдес, табақтас болдым. Олардың iшiнде суретшi, өнер, қоғам қайраткерлерi, ақын-жазушылармен де етене араластым. Өйткенi, сол тұстарда Жамбылда атақты "Алатау" триосының дүрiлдеп тұрған кезi. Мен қызметке келгенде киiмдерi де, мекемелерi де жұпыны ғана топ екен. Осы күнi атағы жер жарып тұрған Алтынбектi шақырып, жаңадан ғана отбасын құрған кезi екен, облыс орталығынан екi бөлмелi пәтер бергiзiп, осы ансамбльге жетекшi етiп қойдым. Алғашында жетекшi болғысы келмей, бiраз қиқаңдап жүрген, ол кезде пәтер мәселесiнiң күйiп тұрған кезi, содан тез келiстi. Ол ансамбльмен шет елдердiң бiразында болдық. Сонда Қазақстандай алып елдiң кiшкентай ғана бiр облысында осындай талантты, қабiлеттi, дарынды әншiлер бар екенiне қайран қалып, қол соқпаған ел жоқ шығар. Шiркiн, өнер адамдарымен қызметтес болған, аралас- құралас болған қандай қызық, көңiлдi.
Әсiресе, Ғабеңнiң ( Ғабит Мүсiреповтың) "Ғайникеш, Мойынқұмға қарақұйрық келдi ме?" деп телефон шалатыны, содан сән-салтанатымен келiп, дем алып, серуен құрып қайтатын кездерi әлi күнге ұмтылмайды. Соңғы кездерi жанары талып, көзi оншакөрмей жүрдi. Соған қарамай ол кiсiге шай құятын келiншектiң де әдемi болғанын қарастырамыз. Әйтпесе, ашуланып кетiп қалуы мүмкiн. Кезектi сапарында әдемi бiр кеш ұйымдастырылды, Мойынқұмның кербез бишiлерi би билеп, әншiлерi таңға дейiн ән салды. Сонда: "Ай, Ғайникеш, осындай бiрiнен бiрi өткен сұлуларды қайдан жинағансың?", – дедi. "Ойбай, Ғабе, көзiм көрмейдi дейсiз, алыстан олардың сұлу екенiн қайдан бiлiп қойдыңыз?" деп әзiл-шыны аралас қалжыңдаймын ғой. "Сұлулықты көру үшiн көз емес, түйсiк керек қой", – дедi ол кiсi ағынан жарылып. – Алыстан көрмесем де, олардың мың бұралып, мына бiр әуенге елiтiп, елжiреп билеп жүргенiн сезiп отырмын". Жанарына келiп қалған мөп-мөлдiр тамшылар аппақ жүзiн жуып кеткенi. Өз халқының өнерiн, биi мен күйiн шексiз сүйген, адамның жаны елжiреп тыңдағаны қандай ғажап! Мойнын болмашы ғана бұрып, маңайына көз тастауы өзiне керемет жарасушы едi. Аппақ қол орамалынан әдемi бiр әтiрдiң иiсi танау жарып, қалтасынан алып қайта-қайта жанарын сүрткiлейдi. Қандай тәкаппар, кербез, келiстi кiсi десеңiзшi! Үстi-басы мұнтаздай тап-таза, шалбарының қыры ұзақ тұру үшiн одеколонмен үтiктетедi екен. Не деген серiлiк десеңшi!? Әлденеге әсерленген кезiнде көзiне кәдiмгiдей мөлт-мөлт етiп жас келетiн. Не деген нәзiктiк, тазалық, сұлулық деп таң қалушы едiк. Туған халқының әдебиетiне қомақты үлес қосып қана қоймай, оны жанымен сүюi, құштар болуы, өнерiне елжiреп, көзiне жас алуы қандай тосын құбылыс, көрiнiс. Осындай ұлы адамдары бар, әдебиетiне, өнерiне жаны ашитын, жүрегi ауыратын қайраткерлерi болған, әлi де бар халқымыз бiр кездерi Ғалымдар үйiн құртып жiберудi, қалталыларға сатып жiберудi де ойластырғанын ойласам, төбе шашым тiк тұрады.
Партия қызметiнен кейiн "уһ" деп бiр дем алуды ойлап жүргенiмде, осы Ғалымдар үйiне қызметке шақырылдым. Таласқа түсiп, көкпардай ары тарт та берi тарт болып тұрған кезi, қып-қызыл тартысқа келiп түстiм. Менiң алдымда Сұлтанғазин директор болған. Бұл 24 ақпан 1991жыл болатын. Алғашқы жылдары аяқтан тiк тұрып кету оңай болмады. Бюджеттен бөлiнген шамалы қаржысымен қабылдап алдым, бiрақ әбден тозығы жеткен ғимарат, сықырлаған еден, есiк-терезелер…Оның бәрiн ретке келтiрiп, ендi жұмыс бастай бергенде нарық келдi… "Өз күндерiңдi өздерiң көрiңдердiң" құрбанына айналдық та кеттiк. Бес қабатты үлкен ғимараттың үлкен, кiшi залы, жоғарыда қыстық бағы тағы бар. Қаражат жоқ, сондай керемет үлкен ғимаратты ұстап тұру қиынға соққан кезде, осы әлсiздiгiмiздi пайдаланып әлдебiр қалталы бiреулер сатып алуға ұмтылып жатты. Бармаған есiк пен тесiк қалмады десем болады. Димекеңнiң көзi ғой, қазақтың академиктерi, ғалымдары бар, неге Ғалымдар үйi болмауы керек? Қай мемлекетке барсаңыз да делегацияның мiндеттi түрде Ғалымдар үйiне бас сұғудан бастайды. "Құдай-ау, ол жерде Сәтбаевтан бастап небiр қазақтың зиялыларының iзi жатыр, аруақтан қорықсақ неттi" деймiн ғой баяғы. Өмiрi естiмеген небiр ғайбат сөздердi де естiдiм. Бiр министр сiңiлiмнiң: "Апай, причем здесь аруаки, продадим, там будут республиканский финансовый центр", – деген сөзiнен соң жүрегiм тоқтап қала жаздады. Мен де қатты кеттiм, сол айқастың соңы Ғалымдар үйiнiң аман қалуымен шешiлдi. Содан берi де он жетi жыл болыпты, демалысқа кеткiм-ақ келедi. Бiрақ соншама күрестен қалған жер, көңiлге қимас, көзге ыстық, әйтеуiр бiлекте күш, жүректе қан жүрiп тұрғанда елдiң бiр жағына ықтасын болып отырған жайымыз бар.
Иә, әрине, Ғалымдар үйi керек! Қаншама әдебиет, өнер қайраткерлерi кешегi нарықтың алқымнан алып тұрған күндерiнiң өзiнде өз оқырмандарымен, тыңдаушыларымен осы бiр ғимаратта бас қосып тұрды. Небiр шығармашылық кештер мен жылы жүздесулер ұйымдастырылды. Әлi күнге халықтың игiлiгiне айналып отырған бұл отау кешегi өмiрден өткен ұлылардың тұяғы – бүгiнгi ардақты ардагерлерiмiздiң жиi кездесiп, сұхбат құратын бiрден бiр ұлық орын десе де сыйымды.
Ал осы әсем де салтанатты ғимараттың шашауына шаң жуытпай, берекесiн кiргiзiп отырған қазақтың маңдайы жарқыраған Ғайникендей асыл қызы десек те орынды мақтау болары сөзсiз.
Халқымыздың ардагер аруларының көш басында келе жатқан қарапайым да бауырмал басшының жүзiне сүйсiне қарап, отбасына, өзiне iштей ұзақ ғұмыр тiлеп қоштастық.
Әңгiмелескен Таңсұлу Алдабергенқызы