Жаңалықтар

ЗОБАЛАҢ КЕЗЕҢНIҢ САРДАР ҚҰРБАНЫ

ашық дереккөзі

ЗОБАЛАҢ КЕЗЕҢНIҢ САРДАР ҚҰРБАНЫ

1985 жыл. Шiлде айы. Оңтүстiкте аспан айналып жерге түсердей ыстық. Облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Асанбай Асқаров зейнеткерлiкке шығып, бүкiл облыс жұртшылығы жаңа хатшыны күтуде болатын.

"Облыстық партия комитетiнiң пленумы болады екен" деген хабар дүңк ете қалды. Аппаратта жауапты қызметтегiлердiң бәрi Бейбiтшiлiк көшесi бойындағы саяси ағарту үйiне жиналдық. Бiздiң әрқайсымызға жеке тапсырмалар берiлген. Маған журналистер тапсырылған. Ол кезде дәл бүгiнгiдей қарақұрым газет жоқ. Үш-төрт журналистi орындарына отырғызып, пленумның басталуын тықырши күтудемiз.

– Асқаровтың орнын кiм басар екен?

– Асқаровтай iскер болса, жарар едi?

– Әй, Асекеңе жете қояр кiм бар дейсiң? – деген сияқты алып-қашпа сөздердi әркiмдерден есiтiп қаламыз.

Сонымен, пленум басталып кеттi. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң хатшысы Сағидолла Құбашев Орталық Комитеттiң Шымкент облыстық партия комитетiнiң бiрншi хатшылығына Рысбек Мырзашұлы Мырзашевты ұсынып отырғанын айта келiп, оның өмiрбаянымен таныстырды. Ол бұған дейiн халық депутаттары Павлодар облыстық Кеңесi атқару комитетiнiң төрағасы лаузымын атқарған екен.

Бейтаныс азаматты кiм де болса тосырқай қарсы алатын ежелгi әдетiмiз емес пе? Ортадан сәл жоғары бойы бар, алдыңғы шаштары түсiңкiреп, қасқалана бастаған. Дөңгелек жүздi, қысық көздiлеу, қараторы жiгiт ағасын бiз де алғаш рет құшақ жая қарсы алған жоқпыз. Оның үстiне сырттай қарағанда паңдау көрiнгендей болды. Қанша дегенмен облыстың бiрiншi басшысы болғандықтан, әрi мiнез-құлқын бiлмегендiктен оның көзiне түсе беруден жасқаншақтай бердiк.

Мен насихат және үгiт бөлiмiнде нұсқаушысымын. Үш айдай дегенi болмаса, осы уақыт iшiнде Асанбай Асқаровты үш-ақ мәрте көрген шығармын. Оның бiреуi алғаш жұмысқа қабылданарда, екiншiсi – партия жиналысында, үшiншiсi – қоштасар кезде. Бiрақта, осы үш сәттiң өзi мен үшiн ешқашан да ойдан шықпас айтулы шақтар болғанын әсте естен шығара қоймаспын. Бұл өз алдына жеке әңгiме.

Рысбек Мырзашұлының хатшы болып келгенiне үш күн өткен. Кешкi сағат бестердiң шамасы болатын. Бiрiншi хатшының көмекшiсi Әбдiкәрiм Мәмбетов телефон соқты.

– Сiздi бiрiншi шақырып жатыр, тез келiңiз, – дедi телефондағы қоңыр дауыс.

Екiншi қабаттағы бiрiншiнiң қабылдау бөлмесiне кiргенде хатшы қыз:

– Сiздi күтiп отыр, тез кiрiңiз, – дедi есiктi ашып.

Рысбек Мырзашұлы стол жанында түрегеп, әлде нәрсенi iздегендей столға үңiлiп тұр екен. Менi көрдi де, стол жанынан бiр-екi қадам алға жүрiп:

– Байдолла, кел! Отыр, – деп қолымды алды. Ол кiсi өз орнына жайғасқан соң, мен де отырдым. Не айтар екен дегендей, қас-қабағынан көз айырғам жоқ.

– Мен ертең ертемен Созақ ауданына жүргелi отырмын. Онда пленум болады. Созақты естiгенiм болмаса, көрген жерiм ем- ес. Пленумда бiрiншi хатшыны сайламақпыз. Менiң сөйлеуiм керек. Соған 15-20 минөттiк сөз дайында. Көмекшiмнен сұрастырғанымда, сенiң қазақшаңның дұрыстығын айтты. Мен де қазақшаға дұрыспын. Алайда, үнемi орысшасы мол ортада жүргендiктен болар орыс тiлiнiң жетегiнде кетiп қала беремiн, – деп маған, обкомдағы ең төменгi қызметкер-нұсқаушыға ағынан жарылды. Мен алғаш рет не айтарымды бiлiңкiремей, үндемей тұрыңқырап қалдым да, аз-маз үзiлiстен соң:

– Рысбек Мырзашұлы, мен де Созақ ауданын көп бiле бермейтiн едiм, – дедiм.

– Оқасы жоқ. Барлық бөлiм саған қызмет жасайтын болады. Цифрларды көбейтудiң қажетi жоқ. Жер жағдайына, халқының көңiл-күйiне көбiрек көңiл бөл. Сендерде "терiскей", "күнгей" деген сөздер бар екен. Оның да мән-мағынасын түсiндiре кетсең, ол мен үшiн қажет.

– Жарайды, Рысбек Мырзашұлы, қолымнан келгенше әрекет жасаймын, – деп орнымнан тұра бастадым.

– Бiз таңертең сағат 7-де жүремiз. Сөздi кезекшiге бер, – деп менiмен жылы шырайлы қоштасты.

Берiлген тапсырма жүгiнiң ауыртпалығынан салым суға кетiп, ұнжырғам түсiп, кабинетке көңiлсiздеу кiрген болуым керек, манадан тағатсыздана күтiп отырған Жұмабек:

– Өзiңiз өрт сөндiргендей ғой. Тыныштық па? – деп орнынан түрегеле қарсы алды.

– Тыныштық. Созаққа пленум өткiзуге барады екен. Соған сөз дайындайтын болдым. Уақыт тығыздығы көңiлге қобалжу туғызып тұр, – дедiм.

– Жауапты тапсырма екен. Мен кедергi жасамаймын – деп ол кабинеттен шығып кеттi.

Мен неден бастарымды бiлмей, ойымды жинақтай алмай отырмын. Сәлден соң әр бөлiмнiң басшылары мен орынбасарлары келе бастады. Ауыл шаруашылығы бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары, ақ шашты Борис Максимович Пашевин даудырап қалған жасы үлкен азамат болатын.

– Баке, Вам конкретно какие цифры надо. Я все данные о Сузакском районе принес, потом вернете, – деп бiр бума қағазды алдыма қоя салды.

– Созақтағы құрылыстан қажеттi материалдар мына папканың iшiнде, – дедi құрылыс бөлiмiнiң меңгерушiсi Оңайбек Мырзабеков папканы столға қойып жатып, – керегiн осылардың iшiндегi қағаздардан тауып аласыз.

Бұрын кабинетке кiре қоймайтын ығайлар мен сығайлар: "Жаңа келген бiрiншiнiң қаһарына ұшырап қалмайық", – дегендей қағаздарын қойып, менiң сөзiмдi күтiп, бiр-бiрiмен дабырласа сөйлесiп, бөлме iшiн әңгiме дүкенiне айналдырып жiбердi.

– Сiздерге көп-көп рахмет. Қағаздарыңызды алып қалайын. Мүмкiн бiр қажетке жарап қалар. Ендi ойымды жинақтауға мүмкiндiк берiңiздер, – дедiм.Олардың күтiп тұрғаны сол болса керек, өзара әңгiмелескен күйi шығып кеттi.

Төрт сағат тапжылмай отырып, сөздiң алғашқы сұлбасын да жөнге келтiрдiм. Содан кейiн оны қажеттi фактiлермен аздаған цифрлармен қонақжай мiнездерiн де қағаз бетiне түсiрдiм. Созақ туралы оқыған, естiген материалды шыбын тайып жығылатын әппақ қағазға бастырып, кезекшiнiң қолына ұстаттым.

Созақ аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып Досыбай Шерiмқұлов сайланды. Ол бұған дейiн облыстық партия комитетiнiң ауыл шаруашылығы бөлiмiн басқаратын. Мен оны Қызылқұм аудандық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы кезiнен танитынмын. Ұзын бойлы, аққұба, сымбатты жiгiт. Парасатты да, мәдениеттi де, бiлiмi де, тәжiрибесi де жеткiлiктi. Саясаттың да, билiктiң де дәмiн татқан, жарқын жүздi азамат ретiнде оны құрметтейтiнмiн.

Арада үш күн өттi. Бiрiншi сол күнi-ақ Шымкентке оралған. Аппараттағы қызметкерлердiң бәрi әлiптiң аяғын күтiп, күндегi тiршiлiктерiмен айналысуда. Мен де көптiң бiрi болып, бөлiм бастығы мен оның орынбасарының тапсырмаларын, өзiме жүктелген мiндеттердi әл-қадiрiмше атқарудамын.

Обкомда "жалпы бөлiм" деген жаналғыш бар. Мәскеуден, Алматыдан келген дирпктивалық құжаттар мен қаулы-қарарлардың, Орталық, облыстық партия комитеттерi бюролары шешiмдерiнiң орындалуын, халықтан түскен арыз-шағымдарды тексеру қорытындыларын осы бөлiм бақылайды әрi мерзiмдерiн белгiлеп бередi. Олардың бәрiн алдымен орындау үшiн шаралар белгiлеп, оны жүзеге асыру, сөйтiп қалай орындалғанын жазбаша хабарлау, ал шағым-арыздарды тексерiп, оған жауап жазу – нұсқаушылардың мiндетi. Мен де бөлiмнiң осындай қара жұмысымен айналысып, мұрнымнан шаншылып жатқанмын-ды. Алдымда тұрған телефон шылдыр ете қалды. Көтердiм.

– Сiздi бiрiншi хатшы шақырып жатыр, тез келе қойыңыз, – дедi қабылдау бөлмеде отыратын қыз.

Жұмабек маған қарады. Мен жай ғана:

– Бiрiншi шақырып жатыр, – дедiм. Алғашқы кездегiдей көңiл қобалжуы бола қойған жоқ. Осыдан үш күн бұрынғы бiрiншiнiң жылы қабағы, жайдары жүзi, қараторы шуақты өңi көз алдыма келе қалды. "Тағы қандай тапсырма берер екен", – деген ой жетегiнде бiрiншiнiң кабинетiне де кiрдiм. Рысбек Мырзашұлының көңiлi көтерiңкi отыр екен.

Әдеттегiдей орнынан тұрып, жайдары қалпында маған амандасқалы қолын созды. Мен де аяғымды жылдамдата басып, ұсынған қолын алдым.

– Саламатсыз ба, Рысбек Мырзашұлы! – дедiм.

– Байдолла, отыра ғой. Менiң сенде көп те шаруам жоқ

Столдың алдындағы орындыққа жайғасып отырдым. Ақырындап оның бетiне қарадым. Үнсiздiк ұзаққа созылған жоқ. Әңгiменi бiрiншi бастап кеттi.

– Созақ ауданына барып қайттым. Саған рахмет айтайын деп едiм. Сөздi дұрыс, әсерлi дайындапсың. Iшiнде сөз мәйегi – мақал да, мәтел де жеткiлiктi. Жалпы, ауданға барғанымша-ақ бұл аймақ туралы мәлiметпен толық хабардар болдым. Сол ризашылығымды бiлдiрейiн деп едiм, – дедi. Әңгiме осымен аяқталды. Мен үндемей орнымнан тұрдым. Iшкi жан-дүнием алай-дүлей. Қуанышым қойныма сиятын түрi жоқ. Жарылып кетердеймiн.

– Бара бер, – деген сөздi есiтуiм мұң екен, кабинеттен атылып шығып, үшiншi қабатқа құстай ұштым. Мақсатым – Жұмабекке тезiрек жету. Кiрсем, Жұмабек телефонмен әлдекiмдермен сөйлесiп отыр екен. Сәлден соң ол:

– Иә, газеттiң редакторы болдыңыз ба, тiптi шыдай алатын емессiз ғой, – дедi менiң дегбiрсiзденген түрiме қарап:

– Бiрiншi рахмет айтты, дайындаған сөзiм оған ұнапты, – дедiм әлi де қуанышымды жасыра алмай.

Қалай десе де Рысбек Мырзашұлының азаматтығына, парасаттылығына, мәдениеттiлiгiне риза болдым. Осыған дейiн де талай хатшылардың сөзiн жазып, кейбiреулерiнiң сөзiн орысшадан қазақшаға аударып берiп жүргенбiз. Оны бiз нұсқаушының қызметтiк мiндеттерiнiң бiрi санайтынбыз. Оларға ұнап жатыр ма, ұнамай жатыр ма одан да бейхабар болатынбыз. Бар алғысты да, ренiштi де бөлiм бастықтары есiтiп, солар қарық болып жататын-ды. Ал, бүгiнгi оқиға – обкомда жұмыс iстеген үш айдан астам уақыт кезiндегi алғаш естiген марапатым. Қалайша қуанбайсың?

Маған дейiн бұл орында жазушы-журналист Мархабат Байғұтов отырған болатын. Ол Түлкiбаста туып-өскендiктен бе, интернатта оқығандықтан ба, орысы көп ауданда жүргендiктен бе, әлде өзiнiң зеректiгiнен бе – орыс тiлiне менен гөрi әлдеқайда жүйрiк болатын-ды. Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегi бастығы Олжас Сүлейменов бiрiншi хатшы Асанбай Асқаровқа Жазушылар одағының Оңтүстiк Қазақстан облысаралық бөлiмшесiнiң хатшылығына жiберуiн сұранып, арнайы хат жазған едi. Қазақтың Олжасының сөзiн жерге қалдырғысы келмеген Асекең Мархабатты арнайы шақырып, Олжастың өтiнiшiн жеткiздi. Обкомда жұмыс iстегенiне жыл толмай-ақ Махаң жазушылардың облысаралық бөлiмшесiне ауысып кеттi де, 1985 жылдың 10 сәуiрiнде оның орнына мен келдiм.

Алғаш келгенде обкомның жұмысы мен үшiн мидай жазық дала болды. Түктен хабарым жоқ.

– Марқаш (еркелеткен кезде оны осылай дейтiнмiн), "көрмеген жердiң ой-шұқыры көп" дегендей, бұрын-соңды болмаған жерiм, бiр шұңқырына түсiп кетiп, омақаса құлармын. Ағаңа көмектес, – деп едiм, көп жасап, өркенi өскiр Мархабат:

– Бәке, жарайды, көмектесейiн, бiрақ Сiз де маған көмектесiңiз.

– Мен қалай көмектесемiн, – дедiм.

– Е, бұл жерде мен айтқан жерге "обкомнанмын, мына мәселелердi шешiп жiберiңiз" десеңiз болды. Жазушыны тыңдамағанмен, обкомды тыңдамауға ешкiмнiң қауқары жоқ, – дедi. Кейiн келе-келе Мархабаттың бұл сөзiнiң жаны бар екенiн де бiлiп, дәмiн тата бастадық қой. Махаң да бiлгеннен соң, жетi ай, жетi күн дәмiн татқан соң, айтып тұр екен ғой.

Бiрiншi хатшы бұрынғы кадрлармен жұмысын одан әрi жалғастыра бердi. Хатшылардың ешқайсысын ауыстыра қойған жоқ. Алайда, "Асқаровтың "кадрларын" акуыстырады екен" деген сыбыстар анда-санда есiтiлiп қалады. Мұндай сөздердi, әсiресе сыртағылар естiгiш-ақ. Мәскеудегiлер қайта-қайта телефон соғып, тiптi кiмдердi жұмыстан босатуы керектiгiн де айтып, тапсырмалар берiп жатқанға ұқсайды деген де алып-қашты сөздердi есiтiп қаламыз. Бiрақ, обкомның iшiнде де, сыртында да тыныштық. Ал, Созақтағы ауыс-түйiске келетiн болса, ол Асқаровтың кезiнде-ақ пiсiп-жетiлiп, басталған болатын-ды. Бұған жаңа хатшының қатысы шамалы.

Рысбек Мырзашевтiң алғашқы жаңалықтарының бiрi – қала мен ауылдың арасын бiр-бiрiне жақындастырудан басталды. Ең бастысы, ауыл диқандары өсiрген өнiмдердi қала тұрғындарының игiлiгiне айналдыруға ерекше күш салды. Күзде негiзгi азық-түлiк өнiмдерiнiң жиын-терiмi аяқталысымен Шымкент қаласының үш ауданынан азық-түлiк өнiмдерiнiң жәрмеңкесiн ұйымдастырды. Ондағы тауарлар бағасы базардағыдан әлдеқайда төмен, әрi сапалы, әрi таза, әрi қолайлы болды. Кейiн мұндай жәрмеңкелердi өткiзу дәстүрге айналып кеттi.

СОКП Орталық Комитетiнiң Бас секретары М.С.Горбачев бастаған қайта құру реформасы елiмiзге етене ене басталған шақ. Тоқырау кезеңi деп айдар тағылғанмен Л.И.Брежневтiң уақытымен салыстырғанда iстен гөрi сөздiң үстемдiк алып тұрған шағы болатын бұл тұс. Қай жерде болса да елдi демократияландыруды алға тұта, өткен күндерiмiздi ойсырата жамандай отырып, болашақтан үмiтiмiздi үзбеуiмiздi насихаттайтын сылдыр сөздер сарыны аспанымызда шарықтап тұрды. Дүкендерде ет-майды, қант-шайды, киiм-кешек пен арақ-шарапты былай қойғанда, күнделiктi тұтынатын сабын мен тұзға зар қып қойған дәуiр басталды да кеттi. Мiне, осындай қысыл-таяң кезде, нарықтың шарықтап, базардың қағынып тұрған кезiнде жоғарыдағыдай жәрмеңкенiң өзi қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да халық үшiн едәуiр жәрдем болған-ды.

1985 жылдың қазан айының аяғында облыстық полиграфия, баспа және кiтап саудасы iстерi жөнiндегi басқарманың бастығы, Ұлы Отан соғысының ардагерi Көшербай Ысқақов зейнеткерлiкке шығып, осы басқарманың бастығы болып Бақыт Тiлеубаев тағайындалды. Обкомда насихат және үгiт бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасарының орны бос қалды. Әркiм әртүрлi жорамал айтып жүрген-дi. Бiрақ, ол жорамалдың iшiнде менiң фамилиям жоқ болатын-ды.

Сол жылғы қараша айының 4 жұлдызында түстен кейiн "бiрiншi хатшы шақырып жатыр" деген хабар сарт ете қалды. Бардым. Бiрiншi бұрынғыдай өте жылы қабылдады. Хал-жағдайымды сұрады.

– Облыстық газеттерде жарияланған материалдардың бiрқатарын оқып жүрмiн. Әсiресе, аудандардан, ауылдардан жазылған сын материалдардағы көтерiлген проблемаларға ерекше назар аудару қажет. Сен ешқандай ұялма, ауданның бiрiншiлерiне тiкелей шық, сындарды дұрыс қабылдап, шара көретiн болсын, – дедi. Мен редакцияның тәртiбiн, материалдарды тексеруге жiберетiнiн айта бастап едiм, ол:

– Редакция өз тарапынан әрекетiн жасай берсiн, ал бiз өз тарапымыздан әрекет жасалық. Оның артықтығы жоқ. Сайып келгенде, бәрiмiздiң де түпкi мақсатымыз – елдiң жағдайын түзеу, жеке адамдардың сұранысын, арыз-шағымдарын қанағаттандыру емес пе? – деп маған мұным қалай дегендей сұраулы кейiппен қарады.

– Дұрыс айтасыз. Бұрын бұл газет редакцияларының iшкi iсi ғой деп аралспайтын едiм. Бұл тапсырмаңызды бүгiннен бастап басшылыққа аламын. Редакциядағылар да қуанып қалатын болды. Бұл редакция үшiн де үлкен көмек қой.

– Мен бұл жерде әдiлдiк пен шындықты жазған материалдарды айтып отырмын. Өткенде "Казахстанская правда" газетiнде "Журналистердiң шығып тұруын сұраймын" деген сын мақала шығыпты. Түлкiбас ауданының бiрiншi хатшысының сөзiн мақаланың тақырыбы еткен. Осы материалдың анық-қанығын өзiң барып бiлiп қайт та, шындыққа сай келсе, бюроға материал дайында, – дедi.

– Мақұл, – дедiм де орнымнан тұрмақшы болдым.

– Түлкiбастықтардың көңiл-күйiн мереке алдында бұзбай-ақ, ол жаққа 7-ноябрьден соң барасың. Менiң саған айтпағым тiптен басқа шаруа. Журналистика саласында жұмыс iстегенiңе қанша жыл болды?

– Жиырма жылдай.

– Онда облыстағы журналистердiң бәрiн дерлiк жақсы танитын шығарсың?

– Бәрiн болмаса да көзге көрiнiп, ел аузына iлiнiп қалғандардың бiрқатарын бiлемiн, – дедiм. Бұл сұраулардың тасасында қандай мән барын ойлағанымша, ол:

– "Южный Казахстан" газетiнiң редакторы Роман Прокопьевич Зуев зейнеткерлiк жасқа келiптi ғой, кеше ол туралы өзi келiп айтты. Мен ол кiсiге: "Қызметiңiздi атқара берiңiз", деп кеңес бердiм. Дегенмен, ерте ме, кеш пе зейнеткерлiкке шығатыны рас қой. Соның орнына лайықты кiм бар, ойланғанымыз жөн, – деп маған қарады. Менiң ойыма бiрден Кунгурцев түстi. Ол жиырма жылдан астам осы газетте iстеп келедi. Қызметтi қарапайым тiлшiлiктен бастаған. Бөлiм бастығы, жауапты хатшы қызметтерiн тәп-тәуiр атқарды. Қазiр редактордың орынбасары, жақсы публицист, жазушылығы да бар. Бiрнеше кiтаптың авторы. Жергiлiктi қазақ жазушылары мен ақындарының бiрқатар шығармаларын орыс тiлiне аударды. Бiлiмдi, мәдениеттi, iскер журналистердiң қатарындағы азаматтардың бiрi. Мен осы пiкiрлерiмдi бiрiншiге айтып едiм. Ол:

– Тағы да ақылдасып көрермiз. Жалпы, сенiң де пiкiрiң ойымызда болады, – дедi де маған тiкелей қарады, көзiнде шуақ бар сияқты. Мен екеуара әңгiме осымен аяқталған шығар деп үнсiз отырмын, – Ал, ендi негiзгi әңгiмеге көшемiз, – дедi бiрiншi. Мен ол қандай негiзгi әңгiме екен дегендей оған аңтарыла қарадым. Рысбек Мырзашұлының нұсқаушысымен осылай шешiле әңгiмелесiп отырғанына қысылып-қымтырылып отырғанда, тағы да екiншi бiр мәселенiң шетiн шығарғалы отырғанын есiтiп, одан әрмен өзiмдi ыңғайсыз жағдайда сезiне бастағандай бiртүрлi қобалжып, әбiгерге үстiм.

– Бiзде насихат және үгiт бөлiмi меңгерушiсi орынбасарының орны бос тұр. Осы орынға сенi ұсынғалы отырмын. Бюро мүшелерi қарсы бола қоймас.

– Рысбек Мырзашұлы, сенiмiңiзге рахмет, бiрақ мен бұл орында iстей алмаймын, шама келмейдi, – дедiм. Ол мұндай жауапты күтпеген болуы керек.

– Неге? – даусы қатқылдау шықты.

– Мен орыс тiлiне онша емеспiн. Әсiресе, жазуға келгенде көп қиналамын. Ал, обкомда барлық iс-қағаз орыс тiлiнде жүредi. Қарамағымдағылардың жазғандарын түзей алмай отырсам, ұят.

– Орыс тiлiнде сөйлей аласың ба?

– Сөйлеуiн сөйлемiн ғой.

– Е, онда жарасы жеңiл екен. Мен мүлдем ешнәрсе бiлмейтiн шығар деп қалып ем. Мен қазақ мектебiн бiтiргенмiн. Орыстың тiлiн кейiн жоғары партия мектебiнде оқығанда үйрендiк қой. Саған тапсырмалар қазақ тiлiндегi мәселелер бойынша берiледi. Едәуiр еңбектенсең, орыстың тiлiн де жақсы меңгерiп кетесiң.

Осымен әңгiме бiттi дегендей Рысбек Мырзашұлы орнынан тұрып:

– 6-ноябрьде бюро, дайындал, – деп қоштасуға маған қолын созды. Мен оның қолын алдым да үндемеген күйi шығып кеттiм.

Ертесiне обкомның хатшысы Клара Төлендiқызы Әлiпова шақырып:

– Байдулла, сенiң мұның қалай? Көп азамат бұл қызметке қолы жете алмай жүрсе, сен бiрiншiнiң ұсынысына келiспеген сияқтысың? – дедi.

– Клара Төлендiқызы, қолымнан келмейдi ғой.

– Келедi! Келгенде қалай? Сөздi көбейтпе. Мен қазiр Рысбек Мырзашұлына келiстi деп айтамын. Бара бер, – деп, менi кабинетiнен қуғандай шығарып салды.

Сонымен Ұлы Октябрь социалистiк революциясының 68 жылдығын бөлiм меңгерушiсiнiң орынбасары лауазымында тойлап, демонстрацияға қатыстым.

Менiң орныма нұсқаушы болып облыстық саяси ағарту үйiнiң консультанты Айдынғали Сыдықов, ал оның орнына Еңбекшi аудандық партия комитетiнде нұсқаушылық қызмет атқаратын Қабылбек Төретаев келдi. Бұл күндерi екеуi де облыстық мекемеде. Айдынғали мәдениет, Қабылбек мұрағаттар және құжаттама басқармаларын басқарады. Идеология жөнiндегi хатшымыз К.Әлiпова басқа жұмысқа ауысты. Орнына Алматыдан Әсен Сүлейменқызы Беспаева келдi. Облыстық, аудандық партия комитеттерiнiң хатшыларының арасында жайлап ауыс-түйiстер болып жатты.

1986 жылдың қаңтар айы болатын. Жұмыс аяғы болып қалған. Әдеттегiдей телефон қоңырау соқты. Телефонның екiншi жағында тұрған Мырзашев екен.

– Алматыдан телефон соғып тұрмын. "Большевик" совхозында Ленинге арналған ескерткiш орнатылмай, аулада жатыр деген арыз Москвада жатыр екен. Тез барып анық-қанығын бiл. Ертең Шымкентте боламын. Болған жағдаятты баяндарсың.

Байдулла ҚОНЫСБЕК