Жаңалықтар

ҚЫРЫҚ КIСI БIР ЖАҚ...

ашық дереккөзі

ҚЫРЫҚ КIСI БIР ЖАҚ...

Үстiмiздегi жылы "Нұрлы әлем" баспасынан "Ақиқат жолында" атты көлемi қалың, салмағы ауыр кiтап жарық көрдi. Авторы — Ғалым Тұрғамбаев. Кәсiпқой жазушы емес. Бұрынғы Талдықорған облысындағы Ақсу, Көксу, Панфилов аудандарының "Құрметтi азаматы". Компартияның дәуiрлеп тұрған кезiнде қамшы ұстап, атқа мiнiп, үш ауданды басқарған кiсi. Қазақстанның Жоғарғы Советiне депутат болған. Жаңылмайтын жақ, сүрiнбейтiн тұяқ бар ма тәйiрi. Сол жылдары Талдықорған қалалық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ақылбаев Көбестiң айтуына қарағанда, оны көреалмаушылар, бақталастар қапияда тобықтан қақса керек.

"…Сол бiр түскен арыздардан кейiн Ғалекеңдi бұрын Ақсу ауданында қызметте жүргенде "служебный үй" салып, сонда тоғыз шаршы метр артық болып шыққаны үшiн Көксу ауданының бiрiншi хатшылығынан босатып, бұрын өзi iстеген "Басши" совхозына директор етiп жiбергенiн бiлемiз".

Шынымен-ақ, еңбегi елге сiңген айтулы депутатты, тоғыз шаршы метр жер үшiн қызметтен босатқаны ма?.. Ақылға қонбаса амал қанша.

Талдықорған облысының әкiмi Серiк Ахымбековтың: "Ғалым Тұрғамбаев болмаса "Алтынемел" мемлекеттiк ұлттық паркi де болмас едi", дегенi бар. Рас. Ұлттық парк Тұрғамбаевтың табандылығының арқасында 1991 жылы құрылды. Мұны ешкiм жоққа шығара алмайды. Шаруашылық таратылған тұста, парктiң бас директорының нән папкесiн ұстады. Алайда сегiз жылдан соң жағдай күрт өзгерген.

"…1998 жылы Кербұлақ ауданына Президент Н.Ә.Назарбаев келiп, екi шаруашылықта болып, егiстiктердi көредi. Жанында З.Нұрқадiлов бiрге жүрiп, ретi келгенде мен туралы әңгiме қозғапты. "Тұрғамбаев пенсия жасына келiп қалды. Өзiнiң денсаулығы да болмай жүрген сияқты. Сондықтан демалысқа шығарсақ қалай көресiз?" дептi. Бұл әңгiменi жанында жүрген жiгiттер айтып бердi. Президент бiрден жауап бермей, бiраздан кейiн "өздерiң бiлiңдер" дептi.

…Не деуге болады? Ендi алпарыспағаным Нұрқадiлов болды ма?

Астанаға Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлiгiне поштамен өз еркiммен қызметтен босату жөнiнде арызымды салып жiберiп, арыздың көшiрмесiн, аудан әкiмiне келiп тапсырдым".

Бұл Ғ.Тұрғамбаевтың сөзi. "Ақиқат жолына" осылай деп жазыпты. Солай қызметтен өз еркiмен кеткен.

Ұлттық парктың бас директоры болып Сауытбек Құрманәлиев тағайындалады. Ол бұрын облыстың аң қорғау инспекциясын басқарған. Құрманәлиев келген бойда: "Ғалеке, ұлттық парктi құрған өзiңiз. Жұмыс жағдайын жақсы бiлесiз. Маған көмекшi болыңыз. Сiз бен бiз болып, iстi алға бастырайық", — деп ұсыныс жасағаны жұрттың есiнде. Тұрғамбаев келiскен екен. Бiрақ үш айдан соң араларынан қара мысық өткендей сыйластықтары бұзылған. Содан берi Тұрғамбаев пен оның жақтаушылары тарапынан Құрманәлиевтiң үстiнен 83 арыз-шағым түсiптi. Аудан басшыларынан бастап Республика Президентiне дейiн жазылған. Сондай арыздарымен министрлiктер және заң қорғау орындарының қоржындарын да толтырған. Ұлттық паркке бiрi келсе, бiрi кетiп жатқанын көрген жұрт: "Ау, бұл неткен бiтпейтiн тексерiс" деп жағаларын ұстапты. Ары тексерiп, берi тексерiп iлiк таппаған соң "арыздағы көрсетiлгендер дәлелденбедi" деп iстi жабуға мәжбүр болады.

Төпелеген жөнсiз арызға кiм төзе бередi. С.Құрманәлиевтiң де жүйкесi жұқарып, жаладан арашалуға бұқаралық ақпарат құралдарына жүгiнуiне тура келедi. Мен 2003 жылдың тамыз айының басында сол ұлттық табиғат паркiнде болдым. Басшидiң тұрғындарымен, парк инспекторларымен кездесiп, Құрманәлиевтiң үстiнен түскен арыздар бойынша пiкiр алыстым. 7 тамыз күнi осы газетке "Текетiрес" деген атпен зерттеу-талдау мақалам жарияланды. Солардың сөздерiне, заң қызметкерлерiнiң тексеру материалдарына сүйене отырып, шырмауықтай шырматылған арыздардан әдiлдiк, шындық iздедiм. Керiсiнше, таразының С.Құрманәлиев жағы басып кеттi. Қай сарапқа, қай сүрлеуге түсiп, тырнақ астынан кiр iздесем де әдiлдiктiң шетi С.Құрманәлиевке алып барумен болды.

Жалпы "мешкей" деген жақсы ат емес. Арызқойлық та соның баламасы. Жұртты тез жирендiредi, опа әпермейдi.

"Ақиқат жолында" кiтабының айқайлап тұрған аты затына сай ма? Қай кiтапқа да оқырманның сын көзбен қарайтыны бар. Кiтаптың жартысы Тұрғамбаевпен қызметтес, сыйлас болған жандардың лебiзi. Олардың асыра мақтағанына қарап, Ғ.Тұрғамбаевты бiреудiң үстiнен арыз жазатын жанға қимайсың. Парасатты, пайымды жан екен дейсiң. Ал кiтаптың "Мен кiммiн…" деп аталынған бөлiмiн оқығанда, әлгiнде ғана көңiлiң толып отырған әсерден айырылып, аңтарылып оғаш ойға батасың. Тұрғамбаевтың бұл кiтапты жазудағы мақсаты не? Iштегi шерiн тарқату ма? Жоқ. Олай емес сияқты. "Жеңiлген күреске тоймайдының" керi секiлдi. Қысқасы, жалған арыздар жиынтығы. Ал онысы кiмге өнеге болмақ? Арызы дәлелдi болса, шындықпен астасып жатса құба-құп. Жазғандары жала болып, жұрттың берекетiн қашырса ше?..

"…Менi көмекшi етiп аламын деген сөзiнде (С.Құрманәлиевтi нұсқап отыр. АК.) тұрмады. Қарызға алған 3 мың долларды қайтарып бермедi. Соны бермеу үшiн менiң үстiмнен ауылда өзiне ұқсас қараниеттi адамдарды тауып арыз ұйымдастырып, маған қастандық жасау жолына түстi".

Қастандықты кiм кiмге жасаған?

Басши ауылының тұрғындары 2003 жылы 13 қазан күнi "Алтынемел" мемлекеттiк ұлттық табиғат паркi кеңсесi алдында болған жайсыз оқиғаға байланысты Кербұлақ аудандық сотының төрағасы Қ.Ш.Молдашевқа түсiнiктеме берген.

"Парктiң Бас директоры С.Құрманәлиев қасында Құзатбеков Науатбек Булбекович, Қазақстан Республикасы Премьер-министрiнiң регионалдық даму бөлiмiнiң орынбасары, Сарыбұлақ акционерлiк қоғамының төрағасы Бейбiтов Ерғали, ауыл әкiмi Т.Бекмурза, аудандық мәслихат депутаты Бас директорының бiрiншi орынбасары Қ.Ахметов, Панфилов аудандық мәслихатының депутаты парктiң күзет бөлiмiнiң бастығы Ө.Битебаев, кеңсе күзетшiсi С.Әлдибеков болып парктiң кеңсесi алдында әңгiмелесiп тұрғанда Қанат Нұртазаев ойда жоқта келiп абайсыз тұрған С.Құрманәлиевке шабуыл жасап, басынан теуiп жығып, қашып кеттi. Көшеге қашып барып "Наша победа!" деп айқайлап кеттi. Содан кейiн ауыл әкiмi Т.Бекмурза учаскелiк полиция инспекторы Искатов Жанболат екеуi Қ.Нұртазаевты iздеп жүрiп ұстап алып келдi. Кеңсеге алып келгеннен кейiн Қ.Нұртазаев тағы да шу шығарып, жанжал шақыра бастаған соң байлап тастап, аудандық iшкi iстер бөлiмiнен жедел топ шақырылды. Осы кезде Қ.Нұртазаевтың өз аузынан "Менi Ғ.Тұрғамбаев 40 (қырық) литер дизель жанар майын берiп С.Құрманәлиевтiң көзiн құрт деп жiбердi" дегенiн барлығымыз естiдiк. Соны растап, дегенiн жазып, қол қоямыз. 1.12.2007 жыл." Қолдары қойылған.

Егер осы түсiнiктi С.Құрманәлиевтiң жеке өзi жазса, екi ұдай ойда қалар едiк. Бес бiрдей лауазымды адам растап қол қойып отырса, қалай сенбейсiң. Бұдан өткен қастандық бар ма?

"…Сонымен өз қолыммен құрған ұлттық паркiм жемқорлардың тартысына түсiп кеттi. С.Құрманәлиев келе салысымен Қызылауыздан сауна-монша салды. Қазiргi шенеунiктер, қалталылар көп мәселенi сол саунада шешедi. Себебi, сол моншада бас қосып, қыздырынып, босаңсып, арақ iшiп, жезөкшелермен тамаша жасап, көп қылмысты iс-әрекеттер жөнiнде келiсiм-шарттар жасалады".

Сол Қызылауызда "Айқын" газетiнiң тiлшiсi Нұрболат Аманжол екеуiмiз де болдық. Иә, онда сауна-монша бар. Тау асып, жол жүрiп, шаң басып, келген соң сол моншаға жуынып-шайынып, тазаланып алдық. Сол жерден арақ iшiп алған шенеунiктердi көргенiмiз жоқ. Тау iшiнiң табиғатын айтсайшы. Көз жауынын алады. Мұндағы барлық игiлiк туристер үшiн жасалғаны көрiнiп-ақ тұр. Табиғатты қызықтауына, таза ауамен тыныстап, жуынып-шайынуына бар жағдай жасалынған. Тұрғамбаев қалай айтса да уақыт талабына сай. Қала бердi табыстың бiр көзi сонда келiп, мәдениеттi түрде дем алып кететiн туристерде ғой.

"…Оның үстiне аңның қуырдағы, сорпасы болса бұл "жақсылықты" көрген шенеунiк заңгер қандай тапсырыс болса да одан бас тарта алмайды. Осыны жақсы сезген С.Құрманәлиев сауна жасап, үлкендердiң көбiн сол моншадан өткiзiп, торға түсiрiп, ойына келгенiн жасады".

Сол аңның қуырдағын жеген шенеунiктерiңiз кiм? Есiмдерi бар ма? Бiр күндiк құрмет-қошаметке мастанып, Құрманәлиевтiң дегенiнен шыға алмай қалатын шенеунiк соншалықты ақылынан алжасқан ба? Жоқ олар бұрын-соңды сауна-монша көрмей жүр ме? Жөн-жосықсыз айтылған долбар сөз адамды шаршатады. Тiптен жирендiредi.

"…Дайынға келiп, менiң жасаған дүниеме ие болып, елден ұялмай, моншасына түскен дөкейлерге сүйенiп Ұлттық парктi талқандауға кiрiстi".

Бiз екi күндiк сапарда талай шақырымдарды артқа тастап, Ұлттық парктiң тау қойнауларына, етектерiне орналасқан кордондарда болдық. С.Құрманәлиев келгелi кордондардағы қаңыраған жайларды қайта қалпына келтiрiп, санын екi есеге өсiрген. Үй жайлардың iшi қазiргi талапқа сай. Орысша айтқанда "благоустроенный". Жуынып-шайынатын орны, әжетханасы бәрi iшiнде. Айнадай жалтырап тұр. Жылу жүйелерi жүргiзiлген. Үйдiң айналасы көгалдандырылған. Аулаларынан "УАЗ" не мотоциклдi көресiң. Әр инспектордың қолында әуе байланыс құралдары. Басшидегi орталықпен кез-келген уақытта хабарласа алады. Осыларды көрiп тұрып, қалай көздi жұмасың. Тұрғамбаевтың "талқандауға кiрiстi" дегенiмен қалай келiсесiң. Жоқ, Тұрғамбаев мырза! Өтiрiк пен шынның арасы төрт-ақ елi. Бiз көргенiмiздi, қолмен ұстағанымызды айтып отырмыз.

"…Заманбек Нұрқадiлов те облыс әкiмi болатындай мүлдем қабiлетi жоқ адам. З.Нұрқадiлов жайында 2000 жылдың басында "Егемен Қазақстанға" сын материал жазып жолдап едiм, баспады".

Демек газет қызметкерлерi сiздiң Нұрқадiловтi ғайбаттаған сөзiңiзбен, дүдәмал сыныңызбен келiспеген.

"…"Алтынемел" ұлттық паркiнiң бас директорының орнына З.Нұрқадiлов өз адамын әкеп отырғызды".

Қай басшыны алмаңыз, жауапты қызметке iскер, жiгерлi жанды қояды. Нұрқадiлов Құрманәлиевтiң екi туып, бiр қалғаны емес. Ет жақынын қоямын десе, басшылықты жақсы көретiн бауырлары жетiп жатыр. Менiңше, ол Құрманәлиевтiң iскерлiгiн бағалаған. Оны қазiргi басшылар атқарған жұмыстарынан көрiп отыр. Есiңiзде ме, ана бiр жылы Талдықорған обкомының бiрiншi хатшысы Әрiпбай Алыбаев сiздiң қарым-қабiлетiңiздi бағалап, Панфилов аупарткомына бiрiншi хатшы етiп қойған жоқ па едi. Iскерлiк танытып, ауданды көтердiңiз. Сол еңбегiңiзбен Алыбаевтың жұмысын да қаншама жеңiлдеттiңiз. Тағдыр-ай десеңiзшi, кейiндеу сол Алыбаевпен араңыз кабинетiңiзге жалғаған дем алатын орын мен әжетхана үшiн суып кеттi. Иә, әмiршiл сол уақыттың тәртiбi қатты едi. Бүгiнгiлерге айтсаң "Сол үшiн бе?" деп күлерi хақ. Қазiр заман басқа, заң басқа. Демек жауапты қызметке тағайындалған жан халық игiлiгi үшiн аянбай жұмыс iстесе несi айып. Уақыт ағымымен жылдар бiлiнбей жылжи бередi. Толқынды толқын қуалайды. Табжылмай тұрып қалған мәңгiлiк ештеңе жоқ. Бұл өмiрдiң заңы. Тек соны дер кезiнде сезiнген жөн-ау.

Заманбек Нұрқадiловтың бақилық болғанына төрт жылдан асты. Бiреу дос, бiреу қас. Жұрттың бәрiне бiрдей жағыну өте қиын. Ондай болу мүмкiн де емес. Оны кiтабыңызда бiраз ғайбаттапсыз. Өмiрден озған жанның соңынан солай айтқандарыңыз қалай болар екен. Адами имандылыққа қайшы келедi деп ойламадыңыз ба?

Кiтаптың "Әдiлетсiздiк жайлаған кезең" атты тақырыппен берiлген бөлiгiнен де арыз-шағымдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Рас, басында автор "Алтынемел" ұлттық парктiң қалай құрылғанына, оның қиыншылықтарына тоқталған.

"1991-1996 жылдар аралығында барлық ұйымдастыру жұмыстары — парктiң материалдық базасын нығайту, аң-құсты қамқорлыққа алуды күшейту бюджеттiң қаржысынсыз жүзеге асырылды. Осы уақыттары парк аумағында қосымша тоғыз кордон ашылып, инспекторлардың саны 30 адамға жеткiзiлдi. Қорықты қорғау үшiн браконьерлермен күрес барысында бұрын еш жерде қолданылмаған шаралар жүзеге асырылды".

Ғ.Тұрғамбаевтың бұл айтқаны орынды. “Еңбек ет те, мiндет ет”. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келген сол кезең ұлттық парк үшiн айтарлықтай қиын едi. Олар шамаларының келгенiнше суық қолдылардан жан-жануарларды қорғап қалды. 1995 жылы тележурналист Владимир Антонов ол туралы "Бұл ыңғайсыз Тұрғамбаев" деген жарты сағаттық фильм жасады. Сол кездегi Үкiмет басшысы Әкежан Қажыгелдин оған ризашылығы ретiнде "Ланд Крузер" автокөлiгiн сыйламақшы да болған екен. Бiрақ белгiлi себептермен уәде үдесiнен шыға алмай кеттi.

"…Ол (С.Құрманәлиевтi айтып отыр. АК.) өзi келген күннен бастап, бұл парктi баю мен жеке басының мүддесiне пайдаланып келедi. Заң алдында жауапты болмас үшiн С.Құрманәлиев облыстық прокурор болып қызмет жасайтын iнiсi С.Оңғарбаевтың көмегiмен Кербұлақ ауданының прокуратурасына А.Нүсiпалиевтың тағайындалуын қамтамасыз етiп, ол өз кезегiнде С.Құрманәлиевтiң барлық талаптарын орындаушыға айналды".

Тұрғамбаев мұны неге айтып отыр? Оған мына жағдай себепшi болса керек.

2002 жылы Талдықорған өңiрi бойынша қаржы полиция басқармасының тергеушiсi Н.Рамазанов Басши тұрғындарының "Алтынемел" МҰТП-нiң бұрынғы бас директоры Ғ.Тұрғамбаев және басқа лауазымды адамдардың сенiп тапсырған мүлiктi талан-таражға салғаны бойынша арыздарын тексерiп, үстерiнен қылмыстық iс қозғаған. Айыптау қорытындысы 19 бет құжаттан тұрады. Тергеушi бiрнеше қылмыстық iске тоқтала келiп:

"…Ол (Ғ.Тұрғамбаевты айтып отыр АК.) өз қылмыстық әрекетiн жалғастыра отырып, 10 пайыз сақтық қордың малдарын, яғни 595 бас қой (бiр бас қой 2000 теңге) барлығы 1190000, оның iшiнде 185 бас барлық құны 370000 теңге қойларды Алматы қаласына апарып сатып, ақшасын жеке өзiне иеленiп алып, және 46 бас жылқы (бiр бас жылқы 15 мың теңге) барлық құны 690000 теңге, 86 бас iрi қара (бiр iрi қара 15 мың теңге) барлық құны 1290000 теңге және 15 бас түйе (бiр түйе 20 мың теңге) барлық құны 300000 теңге малдарды талан-таражға салған. Барлығы 3470000 теңгеге "Алтынемел" МҰТП мекемесiне көп мөлшерде, яғни 3470000 материалдық залал келтiрген.

Ол лауазым иесi бола отырып, коррупция заңын өрескел бұзып, өз қызметтiк өкiлеттiгiн қызмет мүдделерiне кереғар пайдаланып, жеке басының мүддесi үшiн мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзып, "Алтынемел" МҰТП мекемесi атынан 1999 жылы шiлде айының 10 жұлдызында "Дастархан" жеке шағын кәсiпорнының жетекшiсi әйелi С.Б.Малау және өзiнiң бiрiншi орынбасары Х.Ахметбеков арасында жалған келiсiм-шартты бекiтiп, осы "Алтынемел" паркiне келген шетел аңшыларын тамақтандыру "Дастарқан" жеке шағын кәсiпорнымен Кербұлақ аудандық салық комитетiнде тiркелмеген келiсiм-шарт жасаған. Х.Ахметбеков 1999 жылы шiлде айының 28 күнi Алматы қаласында орналасқан "Ратибор Лов" кәсiпорынының кассасынан барлығы 186745 теңге ақшаны алып, (бұл ақша "Алтынемел" МҰТП мекемесiне тиесiлi) "Алтынемел" МҰТП кассасына кiрiстiрмей, алдын ала келiсiмдер бойынша С.Б.Малауға апарып берген. Содан кейiн бұл қылмыстық әрекеттерiнiң iзiн жасыру үшiн С.Б.Малау жалған құжат, яғни №3 1999 жылғы тамыз айының 2 жұлдызында 83538 теңгеге және №4, 1999 жылғы тамыз айының 13-i күнi 103207 теңге кiрiс жалған квитан¬циясын толтырып, оған "Алтынемел" МҰТП мөртаңбасын басып, барлығы 186745 теңге ақшасын иеленiп, ұрлап алған. Сөйтiп ол Х.Ахметбековпен бiрiгiп қылмыс жасап, көп мөлшерде "Алтынемел" МҰТП мекемесiне 186745 теңге материалдық залал келтiрген".

Тергеушi бұрынғы басшы Ғ.Тұрғамбаев пен оның қызметтестерiне осындай айыптар таңа отырып, "ҚР мемлекеттiң және совхоздардың мүлiктерiн жекешелендiру" туралы заңды сондай-ақ, "Совхоз мемлекеттiк мүлкiн директорларға жеке меншiкке беру" туралы Жарлығын өрескел бұзған. Өзi жекешелендiру комиссиясының төрағасы болып, заңға қайшылық әрекеттер жасаған дей отырып ҚР ҚК 176 баб 2 бөл. "А,Б,В"тар, 176 баб 3 бөл. "Б" тар. 307 баб 1 бөл. және 308 баб 1 бөл. көрсетiлген қылмыстық iстермен айыптаған. Мұны Кербұлақ аудандық прокуроры А.Нүсiпәлиев бекiтiп, iстi сотқа жiберген. Сот iс қарау барысында қайта тергеуге жiбередi.

Дегенмен тергеушi Н.Рамазановтың оларға таңған соншалық айыпты жәйдан-жай көктен алып, ойдан құрастыра салмағаны байқалады. Аудан прокуроры А.Нүсiпәлиев айыптау қаулысымен мұқият танысып барып, сот қарауына жiбергенi кәмiл. Оның үстiне Тұрғамбаевтан өз атына түскен арыздың қарау мерзiмiн созып алғаны бар. Өйткенi соған дейiн бiрнеше рет тексерiлген. Дәлелденбеген соң кейiнге шегере берсе керек. Ол сол үшiн де Ғ.Тұрғамбаевқа жазықты көрiнген болар.

"…Зоология және генофонд институтының қызметкерлерi К.Плахов, Р.Шаймарданов осы институттың аға инженерi Б.Тұяқбаевтың және ұлттық парктiң жауапты қызметкерлерi жүргiзген есеп бойынша 1999 жылдың 23 наурыздағы мәлiмет бойынша парктегi Сiбiр таутекелерiнiң саны 3720 бас, жайрандар 4790 бас, арқар 63 бас, құландар 613 бас болатын.

Ал ұлттық парктегi қазiргi аң-құстардың саны жайлы айтатын болсақ, 1999 жылдың наурыз айында тiркеуге алынған жануарлардың жартысы да жоқ деп жауапкершiлiкпен мәлiмдей аламын".

Үстiмiздегi жылдың басында аталмыш мекемелердiң ғылыми қызметкерлерi ұлттық парктегi жан-жануарларға кезектi санағын жүргiзген. Олардың жоғарыдағы тиiстi орындарға берген мәлiметтерi мынау. Жайран 6796 бас, арқар 249 бас, құлан 1783 бас, елiк 275 бас, қабан 85 бас. Жануарлардың қай түрiнен де өсiм бар. Сонда кiмге сенемiз — Арнайы құрылған санақ комиссиясына ма, әлде Ғ.Тұрғамбаев ақсақалдың үйде жантайып жатып "жауапкершiлiкпен" жазған мәлiметiне ме? Әрине комиссияға.

"…2000 жылдан берi қарай парктегi жануарлардың есебi әдiл жүргiзiлiп келе жатқан жоқ деп есептеймiн. Себебi, бұл есептен адал, әрi принциптi ғылыми қызметкерлер К.Плахов, Р.Шаймарданов тысқары қалдырылған.

Ал 2000 жылдан бастап олар ұлттық парктiң аумағына кiргiзiлмейдi. Себебi, оның басшыларына санақтың әдiл жүргiзiлуi тиiмдi емес".

Ғалеке, ғалымдардан құралатын санақ комиссиясы ұлттық парк басшыларының құзырына кiрмейтiнiн сiз жақсы бiлесiз. Сiздiң кезiңiзде де олар бұл мәселенi өздерi шешкен. Ал сiздер санақ жұмыстарына тек жағдай жасадыңыздар. Қазiр де солай. Сол тәртiп.

Сiздiң Плахов пен Шаймардановтан басқаларға күмәнiңiз бар екен. Әрине күмән күдiк тудырады. Бiрақ сiз секiлдi басқаларының бәрiне бiз де сенiмсiздiкпен қарасақ iсiмiз оңа ма? Олар ұлттық парктiң аумағына кiргiзiлмейдi дейсiз. Осы жылғы санақта Шаймарданов комиссия құрамында болған.

"…Ел Президентi мен республиканың Бас прокурорына жазылған көптеген арыз-шағымдарымыздан ешқандай қайыр болмағаннан кейiн мен Премьер-министрдiң қабылдауына жазылдым. Мiне, осы кездесуден кейiн 2002 жылдың 8 мамырында И.Тасмағамбетов "Алтынемел" ұлттық паркiнiң жұмысын тексеру жөнiндегi мемлекеттiк комиссия құру жөнiнде шешiм шығарды. Бұл жұмысшы топты Табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны қорғау министрiнiң орынбасары Н.Ысқақов басқарып, құрамында Премьер-министрдiң жергiлiктi даму жөнiндегi канцеляриясының бас инспекторы С.Райымбеков кiрген екен. Олар бiр күнi маған келiп жолықты. Дастарқан басында мен Н.Ысқақовтан: "Нұрлан, сендер осыдан үш күн бұрын келген едiңдер. Осы уақытқа дейiн маған жолықпай қайда жүрдiңдер?" — деп сұрадым. Ол қорықты аралап, бiрнеше кордондарда болғанын айтты. Содан кейiн мен: "Сендер Құрманәлиевпен бiрге Қызылауыз кордонында болып, ондағы саунаға түсiп, арақ iштiңдер ме?" — деп сұрадым. "Иә, — дедi ол. — Бiз ол жерде болдық, саунаға да түстiк. Арақ та iшiлдi". Осындай ашық сөздерден кейiн мен оған сенi Құрманәлиев сатып алған екен дедiм. Алайда Нұрлан дастарқан басында ант-су iшiп, барлық мәселелердi әдiл әрi шынайы қарауға уәде бердi. "Менi бұлай жасауға әкемнiң сiздiң алдыңыздағы қайтарылмас қарызы да жауаптайды" — дедi ол".

Ғалеке, сол ұлттық паркке директор кезiңiзде талай игi жақсылармен дәмдес болыпсыз. Бұрынғы Қорғаныс министрi Мұхтар Алтынбаев, Сарыөзек әскери гарнизонының командирi Бақытжан Ертаев, генерал Асыл Кеней, елiмiзге кеңiнен танымал азаматтар Иманғали Тасмағамбетов, Зейнолла Кәкiмжанов, Асхат Дауылбаев, Ерлан Атамқұловқа табиғаттың тағы жануарларын көрсетiп қана қоймай, кейбiрiне аңшылық та жасаттыңыз ғой. Мұны мен ойдан шығарғаным жоқ. Осы "Ақиқат жолында" кiтабыңыздан алып, айтып отырмын. Сонда ғой жүргiзушiнiң аналық текенi атып, тау басынан құлатқаны, емшегiнен сүтi ағып сұлап жатқан текеге Зейнолланың қарауға дәтi бармағаны, жетiм қалған қос лағы анасын айналақтап маңырап зар қаққанда Зейнолла қос қолымен екi құлағын тарс жауып, етектегi көлiгiне қарай тұра қашқаны кiтапты оқып отырған менiң де жанымды ауыртты. Жарайды, мұны хош делiк. Сондай бiр аңшылықтан кейiн, үстi-бастарын шаң басқан лауазымды жандарды сол жерден "жолың әне" деп тiке Алматыға аттандырмаған шығарсыз. Қызылауыздағы сәндi қонақ-жайға, дастарқанға шақырып, қонақ кәдесiн жасағаныңыз кәмiл ғой. Сол қонақжайда 1996 жылы ұлтымыздың ардақты ұлы Марат Оспановтың иығына шапан жауып, суретке түстiңiз. Көзi қарақты жанның сол суреттен де көп жайды ұғынары хақ. Сонда қалай, сiздiң басшыларды дастарқаннан дәм-тұз таттырғаныңыз сыйластық болады да, С.Құрманәлиевтiң министрдiң орынбасары Нұрлан Ысқақовты сыйлағаны сатып алғаны бола ма? Кiтабыңызды оқыған жанның ойына осы келедi деп ойланбадыңыз ба?

Содан бiрнеше жыл бұрын Панфилов аупарткомында бiрiншi хатшы болып жүрген кезiңiзде Нұрлан Ысқақовтың хирург әкесiн қылмыстық iстiң жазасынан аман алып қалғаныңызды жазыпсыз. "Егер сол кезде мен хирургқа қатысты iстi құқық қорғау органдарының үлесiне қалдырсам, қазiргi Нұрлан Ысқақовтың тағдыры қалай қалыптасар едi", — дейсiз.

Қазақ: "Адамның күнi адаммен" дейдi. Нұрланның iшi бiлетiн жайды жазудың қандай қажеттiлiгi бар. Рас, есеппен жасалатын жақсылық бар, ол айтылады. Ал шын жүрекпен жасалған жақсылық, ешқашанда айтылмайды.

"…Өкiнiшке орай, Нұрлан Ысқақов С.Құрманәлиев құрған торға түсiп және оның артында тұрған адамдардың кiм екенiн бiлгеннен кейiн менiң алдымдағы әкесiнiң қарызын да ескермей және Премьер-министрдi алдап Құрманәлиевтiң барлық әрекеттерiн ақтайтын анықтама жазып кеттi. Менiң "Сенi Құрманәлиев сатып алды ғой" деген сөзiм көрiпкелдiк болып шықты.

…Осыған қарап-ақ Н.Ысқақовтың Құрманәлиевке қатысты қылмысты әрекеттердi жасырып, қызметтiк қылмысқа барғаны белгiлi болып отыр. Ал қазiр болса ол — министр".

Ғалым Тұрғамбаевтың бұл сөзi асылықпен айтылған. Тiптен заңға қайшы келедi. Сол жолы Нұрлан Ысқақов "Iстi әдiл шешемiн" деп Ғ.Тұрғамбаевқа берген уәдесiнде тұрды. Басши ауылының жалпы жиналысында 1991 жылы Ғ.Тұрғамбаевтың "Алтынемел" ұлттық паркке өткiзiп жiберген ауыл округiне қарасты 48400 гектар жердi өздерiне қайтарылатынын жеткiзiп, жұрттың алғысына бөлендi. Ал С.Құрманәлиев бұл шешiмге қарсы болмай қайта құптады.

"…Бұл жерде С.Құрманәлиевтi өзiнiң қамқорлығы мен қорғауына алған республиканың бас прокуроры Р.Түсiпбеков болғандықтан, оның қол астындағылар Президентке де, сенаторларға да, Мәжiлiс депутаттарына да жалған мәлiметтер берiп, бәрiн терiс пiкiрге итермелеп отыр. Осы жерде мен Р.Түсiпбековтен: ""Алтынемел" ұлттық паркiнде қаншама рет болғаныңыз және сiзге С.Құрманәлиев қандай аңшылық ұйымдастырып бердi?" деп сұрағым келедi. Мен еңбек етiп жүрген кезде тынымсыз еңбектiң нәтижесiнде қалыптасқан табиғат байлығы осылайша көз алдымызда құрып барады. Сондықтан мен республиканың Бас прокуроры алаяқ Құрманәлиевке ешкiмнiң құзiретi жүрмейтiн ерекше жан етiп қойғанын айтпасқа амалым қалмайды".

Өткен 8 жыл iшiнде Ғ.Тұрғамбаев "Алтынемел" ұлттық парктiң бас директоры С.Құрманәлиевтiң үстiнен, әртүрлi мемлекеттiк орындарға 83 арыз түсiрiптi. Оның iшiнде 50-60-тан топтасып жазылғандары қаншама. Бiрақ сол арыздардағы жеке шаруа қожалық иелерi Е.Бекмұрзаев, Б.Керiмқұлов, А.Шепеков, Д.Қожакеев, Т.Елеусiзов, Б.Нұрманов, Г.Жақынбекова, Д.Иманқұлов, Б.Қожамсейiтов, С.Жұмәдiлов және т.б. сырттарынан қойылған жалған қол таңбаларына қарап, қайран қалыпты.

Тексеру барысында 83 арыздың бiрде-бiреуi дәлелденбесе, Республиканың Бас прокуроры Р.Түсiпбеков не үшiн С.Құрманәлиевтi айыпқа тартуы керек? Арыздар 83 саны ғана. "Бәрiндегi шағым бiреу ғана, — дейдi инспектор Қ.Ахметов. — Өңiн айналдырып, шиырлап жаза берген. Сонда кiм алаяқ, кiм арызқой? С.Құрманәлиевтiң iсiне ауыл дән риза. Оның қай игiлктi iсiн жiпке тiзгендей етiп айта берейiн. Қарияларға, соғыс мүгедектерiне, кембағал жандарға қайырымы, ауылдағы МТМ, құрылыс цехы, монша, аурухананың жұмыс iстеулерiне қосқан зор үлесi қаншама. Кiм кiмдi де халық iсiне қарап бағалайды ғой. Жуырда ауыл ақсқалдары С.Құрманәлиевке алғыстарын айтып, үстiне шапан жапты. Ауыл қариясы Ж.Өмiрбеков: "Тұрғамбаевтың "Ақиқат жолында" кiтабы, аққа қара жағудан, қып-қызыл жалалармен жинақталған. Оқыған жандарды адастыратын, керi тәрбиелейтiнi анық. Мен оған бiр емес, бiрнеше рет: "Әй, Ғалеке, жасымыз жетпiстен асты. Ендiгi өмiрiмiздi бiр Алла ғана бiледi. Шау тартып, шаршаған шағымызда осындай жөнсiз арызқойлықты қойсақ қайтедi. Бiр-бiрiмiзбен сыйласып, денсаулығымызды күтiп, тыныш өмiр сүрейiк те", — деп мәмiлеге шақырдым. Сарыөзектегi соңғы сотта келiстi де. Өкiнiшке орай екi аптадан соң қайта үйреншiктi әдетiне басты. "Қырық кiсi бiр жақ, қыңыр кiсi бiр жақ" деген осы-ау.

"Аттың сыры иесiне мәлiм". Сыралғы жанның сөз түйiнi осы болды.

Көлбай Адырбекұлы