БYГIНГI ҚАЗАҚ ВОЛЕЙБОЛЫ
БYГIНГI ҚАЗАҚ ВОЛЕЙБОЛЫ
Тынысты тарылтқан шiлiңгiр шiлдеде Алматының Балуан Шолақ спорт сарайында волейболдан дүбiрлi екi жарыс өттi. Шiлденiң алғашқы жартысында өткен "Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың кубогы" халықаралық турнирiнде 6 ерлер, 6 әйелдер командасы сынға түскен едi.
Сол додада Ресейдiң Екатеринбург қаласының волейболшылары Қазақстан құрамасын 3:1 есебiмен тiзе бүктiрiп кеттi. Тiзе бүктiрiп қана кеткен жоқ, бiрiншi орын алған командаға берiлетiн 30 мың долларды бөктерiп кеттi. Иран, Пәкiстан, Эстония волейболшыларынан басым түсiп, Ресей, Тунис шеберлерiнен сүрiнген Қазақстан командасы 25 мың доллар олжалап, екiншi орынға көтерiлген болатын. Ал әйелдер командаларының арасында ерекше тартыс Қазақстан қыздары мен Қытайдың "Сичуан" волейболшылары арасында өттi. Әсiресе, үшiншi партия ұзаққа созылды. Екi жақтың да ұпайлары отыздан асып жығылды. Бұл партияда қытай қыздары айласын асырып кеттi. Жан алысып, жан берiскен айқастың төртiншi партиясы 25:18 есебiмен Қазақстан волейболшыларының пайдасына шешiлдi. Бiрақ доп айырмашылығы арқылы Қытай волейболшылары жеңiс көшiн бастап, 30 мың долларды олжалады. Қазақстан қыздары жiгiттердiң жолын қуды. "Ең қымбатты ойыншы" деген жүлде команда капитаны Марат Иманғалиевке, "Ең үздiк шабуылшы" жүлдесi Нариман Сүлейменовке берiлдi. Қазақстан қыздары да елеусiз қалмады. "Ең қымбатты ойыншы" жүлдесi команда капитаны Елена Павловаға, "Ең үздiк тосқауылшы" жүлдесi Наталья Жуковаға табыс етiлдi. Талай-талай атаулы жүлделерге қонақтар да қол жеткiздi.
Қазақстанның екi командасы да екiншi орынға қол жеткiздi. Бiрақ бiздi ойландырған басқа нәрсе. Алпауыт Ресейдiң бiр қаласының командасы Қазақстан құрамасының жiгiттерiн сүрiндiрдi. Құмырсқадай құжынаған Қытайдың "Сичуан" қыздар командасын Пекин олимпиадасында ел намысын қорғайтын Қазақстан құрамасы әрең ұтты. Қытайлар ұтып та кете жаздады. Қытайдың бiр ғана клубтық командасы. Бiрақ "Сичуан" Қытайдағы ең үздiк команда болып есептеледi. Ал Ресейдiң Екатеринбург қаласынан келген "Локомотив-Изумруд" та өз елiндегi белдi командалардың бiрi екен. Бұдан тура 34 жыл бұрын негiзi қаланған кәсiби команда 1999 жылғы Ресей чемпионы, 2004 жылғы Еуропа Кубогының қола жүлдегерi.
Ал бiзге не iстеу керек? Жат ел командаларының жетiстiктерiне тамсанып отыруымыз керек пе?! Не жетiспейдi бiздiң ойыншыларға? Жетiспейтiн нәрсе баршылық. Бiзде қорғаныс әлсiз. Бұл ерлерге де әйелдер құрамасына да қатысты. Көп жағдайда қарсылас шабуылшысының соққысына тосқауыл қоюға секiрген екi-үш волейболшымыздың сырт жағы ашық қалып жатты. Қорғаусыз қалады. Қарсылас команданың әккi ойыншысы допты ұрмай, тосқауылға секiрген бiздiң ойыншылардың бастарынан асырып тастап жатты. Оны алуға ешкiм дайын емес. Бұл кемшiлiк қатарынан үш-төрт рет қайталанып жатты. Бiр-екi рет қателiк жiбергеннен кейiн қорытынды шығаруға болады ғой. Волейболшылар көбiнесе тек шабуылды ғана мақсат тұтатын сияқты. Әрине, шабуыл керек, бiрақ қорғанысты да ойлау қажет емес пе?! Қарсылас добы тура жанында, бiр метр жерге түсiп жатады, иiлiп алуға икемсiз, құлықсыз. "Президент Кубогы" кезiнде бiз байқаған осы қателiк туралы ойымызды "Сичуан" командасының бас бапкерi Ху Джин бекiттi.
– Қазақстанның әйелдер құрамасының волейболшылары өте бойшаң, күш-қуаттары мол, – дедi Ху Джин бiрден. – Бiрақ қорғаныстары әлсiз.
Осындайда сағынышпен Октябрь Жарылғаповты еске алды қарт жанкүйер. КСРО чемпионы болған Қазақстанның "Буревестник" командасын, оның негiзiн қалаған асқан дарынды волейболшы Октябрь Жарылғаповтың, оның iзiн басқан талантты iнiлерi Жанбек Сауранбаевтың, Заңғар Жәркешевтiң, Марат Мәденовтiң, Еңсебек Иманғалиевтың ойындарын ерекше тебiренiспен еске түсiрдi. Тебiренткенi сол, империя кезiнiң өзiнде қазақ волейболында Октябрь Жарылғаповтың қамқорлығымен, тәрбиесiмен ұлт перзенттерiнiң топтана өнер көрсетуi. Ал КСРО чемпионатында топ жарған Алматы үй құрылысы комбинатының "АДК" әйелдер командасында Г.Рахымбаева деген қазақ қызы ойнаған. Қазiргi әйелдер құрамасынан жалғыз қазақ қызын көрмейсiз. Тәуелсiз елдiң ерлер командасында екi ғана ұлт перзентi жүр: Марат Иманғалиев пен Нариман Сүлейменов. Спорттың тiзгiнiн ұстаған басшылар мұны да ойлануы керек. Жапон командасына қарасаң – бәрi жапон, Эстон волейболшылары – түгел эстон, Иран командасы – түгел ирандықтар. Қарап тұрып риза боласың. Рухы мықты ұлт деген – дәл осылар!
Шiлденiң екiншi жартысында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының түндiгiн желпiлдетiп ерлер клубтық командаларының Азия чемпионаты өттi. Бұл құрлықтық бiрiншiлiкке Қазақстан құрамасының негiзiн қалайтын "Алматы" және 1989-90 жылдары туған талантты жастардан құралған "Есiл" командалары атойлап қосылды. Екi топқа бөлiнген құрлықтың сегiз командасы алты күн айқасты. "А" тобында өнер көрсеткен "Алматы" командасы Бахрейн елiнiң "Аль-Найма" командасын 3:0, Жапонияның "Сантори санбедз" волейболшыларын 3:1, Кувейттiң "Араби Спорт Клуб" шеберлерiн 3:0 есебiмен жеңiп, өз тобында көш бастады. Жартылай ақтық айқаста "В" тобында екiншi орын алған Бiрiккен Араб Әмiрлiгiнiң "Аль-Наср" командасымен жолықты. Желпiнген бiраз жанкүйерлер ойын басталмай жатып Қазақ елiнiң негiзгi командасын ақтық айқасқа шығарып үлгердi. Араб волейболшыларын сөзсiз жеңетiнiне жанкүйерлер сенiмдi. "В" тобынан дара шығып, жартылай ақтық айқаста "А" тобында екiншi орынға қол жеткiзген азулы жапондық "Сантори Санбедз" жеңген Иранның "Пейкан-Исако" командасы жалаңдап ақтық айқасты күтiп тұрғаны анау.
"Алматы" командасының арабтармен кездесуi сылбыр басталды, бұрынғы шамырқанған, ширыққан ойын жоқ. Тәжiрибелi бапкер Николай Рагозин мықты шабуылшылар Нариман Сүлейменов пен Марат Иманғалиевтi ойынға шығармады. Мұны тәжiрибелi бапкердiң тактикасы деп түсiндiк. Ақтық айқасты күтiп қасқайып Иран командасы тұр. Мықты ойыншылардың күш-қуатын соларға қарсы пайдаланатын болды, Әмiрлiктiң волейболшыларын осы құраммен-ақ ұтатын шығар деп ой түйдiк. Жоқ, Әмiрлiктiң волейболшылары өлiспей берiспейтiнiн бiрден байқатты. Бiрiншi партия 25:23 есебiмен араб волейболшыларының қанжығасында кеттi. Ойынға қосқан бiраз доптары тордан аса алмай, төрт-бес ұпай жоғалтты. Соның өзiнде ширығып, ширақ ойнады. Ал бiз өз командамызды танымай қалдық. Екiншi партияға Марат Иманғалиев пен бойы көк тiреген (210 см) Антон Юдиндi шығарды. Марат мықты шабуылшы, Юдин болса көтерiлген допты шегедей қадап ұрады. Екеуiнiң ойынға кiруi өзгерiс әкелдi. Екiншi партия 25:20 болып бiздiң пайдамызға шешiлдi. Үшiншi партияны 25:19 есебiмен аяқтадық. Төртiншi партияны 27:25-ке жеткiзiп, бiзге жеңiс әкелетiн партияны тартып әкеттi. Есеп – 2:2. Ақтық бесiншi партия ойыншыларды да, жанкүйер қауымды да дiңкелеттi. Жеңiске жеткiзетiн 15-доп алдырмай-ақ қойды. Сiлкiлескен екi команда тiстесiп 14:13-ке жеттi. "Алматы" командасына жалғыз ғана ұпай керек. Екi жақтың да ойыншыларының жүйкелерi жұқарған. Он бесiншi допты араб волейболшысы өзi сыйлады. Ойынға қосқан добы айдалаға кеттi. 13 минөтке созылған бесiншi партия жанкүйер жүйкесiн жүндей түтiп барып солығын басты.
"Алматы" ақтық айқасқа шықты. ""Есiл" жеңiлiстен көз ашпады. Ал бiздi мазалаған басқа дүние. Атқан оқтай ойынға қосылатын доп қайда?! "Алматы" командасының бiрде-бiр ойыншысы секiрiп қатты соққымен допты ойынға қосқан емес. Солбырап, салбырап, дiңкелеп, сүйкенiп торға әрең жеткен бейшара доп әупiрiммен әрi аунап, қиралаң етiп құлайды. Бұл – бiраз кемшiлiктiң бiреуi ғана. Қуатты соққы артықшылық емес пе?! Қуатты соққыны қабылдау да оңай емес, абдыратып тастайды доп алушыны. "Аль-Насрдың" шабуылшысы Гуеммади Хичемнiң соққылары-ай! Анау-мынау тосқауылды қақыратып өтедi. Құйылып та ұрады, түйiлiп те соғады.
Марат Иманғалиевтiң "Президент кубогындағы" ойынын көргенбiз. Ойынға қатты қосқан добының бiреуi алаңға түссе, екiншiсi айдалаға кетедi, немесе торға ұрады. Ал бұл жолы тек салбыратып берумен болды. Доп жоғалтпауды ойлаған болуы керек. Дұрыс шешiм. Бiрақ жаттығу кезiнде атқан оқтай қуатты да көз iлеспес доп берiп дағдылану керек емес пе?! Ал осы шебер ойыншының тор түбiндегi шабуылдары, тосқауылдары, соққылары тамаша. Тор түбiнде ұрғанын айнымай түсiретiн шабуылшы Нариман Сүлейменов…
Ақтық айқасқа арындап келген Иран командасы "Алматы" волейболшыларына да ырық бермедi. "Алматы" алғашқы партияда мойын оздырғанмен, қалған үш партияда да ирандықтардың тегеурiндi қарқынына шыдай алмады. Бiр күн бұрын Бiрiккен Араб Әмiрлiгi командасымен 5 партия тiстесе айқасқан қазақстандықтардың қатты шаршағаны байқалды. Бiрақ мықтының мықтылығын мойындаған абзал. Тосқауылдары тас қамал, соққылары дауыл көтердi. Сонымен ақтық айқаста Қазақ елiнiң бас командасын сүрiндiрiп, "Пейкан-Исако" Азия кубогын Иранға көтерiп кеттi. Ал екiншi жастар командасы "Есiл" сырғанап отырып балаққа бiрақ түстi, сегiзiншi, соңғы орында.
Допты ойынға қосудағы әлсiздiк, тосқауылдың осалдығы, шабуылдың сәтсiздiгi көзге ұрып тұрды. Төрешiлер бiз көрген екi жерде тiзе батырып та жiбердi. Қазақстан шабуылшысының қатты соққысын қайтарған Иран ойыншысының добы зәулiм сарайдың төбесiне сарт еттi. Бiрiншi төрешi ойынды тоқтатып, қазақстандықтарға бiр ұпай жазуы керек едi. Жоқ, түк көрмегендей. Ойын жалғаса бердi, ақыры бiр ұпай ирандықтар қанжығасында кеттi.
Иран шабуылшысының соққысы қазақ тосқауылшыларының қолынан емес тордан қайтып, алаң сыртына кеттi. Ал Сауд Арабиясынан келген бiрiншi төрешi Аль-Хемайли Абдулла Али тосқауылдан қайтты деп, бiр ұпайды тағы да ирандықтар қанжығасына байлады да жiбердi. Бiз осы екi өрескел қателiк туралы осы кездесудiң екiншi төрешiсi жапондық Муракани Сейджидiң пiкiрiн сұрадық. Ол доптың төбеге тигенiн мойындады, бiрақ жауапкершiлiгiн бiрiншi төрешiге сiлтеп, бiздi жұбатқандай болды. Ал шырылдап, қырылдап, спорт сарайын дүрлiктiрген жанкүйердi қалай жұбатарсың?! Жә, сол екi доп та ойын тағдырын шешпес едi. Бiрақ қазылардың әдiлдiгiне не жетсiн?!
– Жанбек Сауранбаев ұлы адам, – дедi "Алматы" командасының бас бапкерi Николай Рагозин.– Ондай шебер, ойлы ойыншы Кеңес Одағында да жоқ едi. Кеңес Одағында оған тең келер ойыншы болған емес. Токио, Мехико олимпиадаларының чемпионы болатын-ақ жiгiт едi. Мәскеудегi кейбiреулер қазақтың Олимпиада чемпионы болғанын көргiсi келмедi.
Рогозиннiң адалдығы айтқызып тұр бұл сөздi. Басқа бiреу болса, өлiп бара жатса айтпас едi бұл сөздi. Бұл – теңдесi жоқ мықтыны мойындау. Екi рет Еуропа Кубогын, әлем Кубогын олжалаған асқан таланттың iнiлерiн iздеймiз бiз қазiр. Еуропаны екi рет мойындатқан "Буревестник" ойыны сағынышқа айналды. Мүмкiн тәуелсiз қазақты ду еткiзетiн команда қалыптасып жатқан да болар.
– Арнайы спорт мектептерiн, волейбол залдарын салмай Қазақ волейболы еңсесiн көтере алмайды,– дедi бiзге даңқты Жанбек Сауранбаев.
Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ