ПӘТЕР СҰРАП, ТЕРЕШКОВАҒА ХАТ ЖАЗҒАН

ПӘТЕР СҰРАП, ТЕРЕШКОВАҒА ХАТ ЖАЗҒАН

ПӘТЕР СҰРАП, ТЕРЕШКОВАҒА ХАТ ЖАЗҒАН
ашық дереккөзі
(қаз-қалпында)

Баспанасыздың көрген күнi құрысын. Тап бiр баспанасыздық қазақтың маңдайына жазылып қойылғандай, Алматының "жетiм бұрышында" әлi қаракөздер қара-құрым. Бiлетiндердiң айтуынша, 60-70 жылдары қазақтың қалаға бас сұғуы тiптi қиын болған екен. Урбанизация қазаққа жараспайтындай көрiнсе керек. Сол кезде Алматыда пәтерден-пәтерге көшiп жүрген аға-әпкелерiмiздiң әңгiмесiнен көзге жас тұнады. Бiрақ пәтер мәселесiнде ұтқырлық пен тапқырлық танытқандар да аз емес. Баспаналы болудың қарекетiмен өзгеше жағдайды бастан өткерген Алтыншаш Әбдiрасылова апайдың әңгiмесiн назарларыңызға ұсынамыз.

1970 жылдың 27 маусымы… Осынау қаралы күнi жасы жиырмадан жаңа асқан Алтыншаш жас қызын құшақтап, жесiр қалды… Барар жер, басар тауы жоқ. Қолында Семей техникумының жеңiл өнеркәсiп факультетiн бiтiрген дипломы бар, әйтеуiр. Сол дипломмен бiр жылдан соң Жетiсу фабрикасына модельер-конструктор болып жұмысқа тұрды. Табандылығынан болар, сол фабрикада аттай 26 жыл қызмет iстептi…

Алтыншаш апай әңгiмесiн айтып отыр. Баяғыда өткен бұлдыр күндер… Бастан не өтпедi. Өзi бәсiре бала болып, әкесiнiң ағасының қолында өстi. Қыз болып, бой жетiсiмен, ерте тұрмысқа шығып кетуiне сол әсер еткен де болар, бәлкiм. Күйеуiнен жастай айрылған соң, бiр қызын құшақтап, басын тауға да ұрды, тасқа да соқты… Одан кейiн тағдыр жазып, екiншi рет күйеуге шығып, қазiргi қосағынан бiр ұл, бiр қыз көрдi. Бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн, митың тiрлiк. Тек Терешковаға хат жазып, пәтер сұрағанын айтқанда, апайдың көздерi әлденеге күлiмдеп, жүзi қуақыланып қоя бердi.

— Фабрикада жұмыс iстеп жүргенiммен, "свободный дипломмен", яғни партияның бағыттауынсыз, өз еркiммен көшiп келген менi жас ана ретiнде пәтер кезегiне қоюдан бас тартты. Сонда да екi жылдан соң, пәтер сұрап аудандық кәсiподақ төрағасына бардым. Олар "Әке-шешеңнiң үйiнде тұрады екенсiң, үй ауқымы адам санына сай, саған үй берiлмейдi" деп қайтарып жiбердi. Оған мойынсұнатын мен бе, аудандық атқару комитетiне де бардым. Бiрақ олардан да көмек болмады. Сосын үйге ызаланып келдiм де, отырып алып, Брежневке хат жаздым. Осылай да осылай, бiр қызыммен жесiр қалдым, әке-шешемнiң қолында отырмын, маған үй алуға көмектесiңiз" деп…

… Бұл 1975 жылдың наурыз-сәуiр айлары. Үйдегiлер: "Хат Мәскеуге жетпейдi, оны Брежневке оқуға ешкiм қолына бермейдi" дестi. Хатымды алып, почтаға келдiм. Мекен-жайын көресттiм: Москва, Генеральному секретарю ЦК КПСС тов. Брежневу от жительницы г.Алма-Ата Абдрасиловой А М. Сөйттiм де, тапсырысты хат етiп рәсiмдеп, жөнелтiп жiбердiм.

Он шақты күннен кейiн бiр күнi жұмыстан үйге келсем, фабриканың кәсiподақ төрағасы шақырады деп кiсi жiберiптi. Сөйтсем, Мәскеуден жауап келiптi: "Ваше письмо сдан в отдел ЦК КПСС СССР г.Москва" деген мағынада.

Осыдан кейiн маған 1-Алматыдағы "Шұғыла" кинотеатрының жанынан 1 бөлмелi пәтер беремiз деген шешiм шығарыпты. Мен төрағаға кiрiп айттым: "Әуелi барып, көрiп келейiн, сосын жауабын айтамын" деп. Бардым, көрдiм, от жағатын, барак типтес үй екен. Маған олар бар жағдайы келiскен үй деген. Келiдiм де, "Алмаймын" дедiм. Сөйтсем, бастығым "Бас тарттым" деп қағаз жазып бер дейдi". "Жазбаймын" дедiм. "Онда, кет!" деп қуып шықты кабинетiнен.

Үйге келiп, жылап, қайдан шықса, одан шықсын дедiм де, отыра қалып, Валентина Терешковаға хат жаздым. Бар жағдайымды ашып, ашынып жаздым. Ол кезде ғарышкер Терешкова Әйелдер комитетiнiң төрайымы болатын. Шамамен бiр айдан соң одан жауап алдым. Терешкованың өзi жазыпты.

"Выделить, рассмотреть и выдать 1-комнатную благоустроенную квартиру" деп қысқа-нұсқа ғана жазыпты. Сөйтiптi де, 10 күннiң iшiнде Мәскеуге жауабын берiңдер деп нұсқау берiптi.

Бұл кезде 1-Алматының темiржол вокзалы жанында 5-қабатты тұрғын үй салынып жатқан. Сол үйден маған ордер берiлiп, "заселение к 7 ноября 1975 года" қолыма қағаз ұстатып қоя бердi. Соны күтiп жүрмiн. Бiрақ тамыз айның 28-29-ында қайтадан шақыртты. "Алтайда" 3-қабатты үйден 4-үй, 22-пәтер берiлсiн" деп қолыма шешiм шығарыпты. Бұдан бас тарта алмадым. Несi бар, көшiп, кiрiп алдым, — деп Алтыншаш апай әңгiмесiн бiтiрдi.

1992 жылы "Жетiсу" фабрикасы жабылды. Одан кейiн Алтыншаш апай автовокзалға жұмысқа тұрып, сегiз жыл iшiнде администратор болады. Содан кейiн тағы жұмыссыз.. "Еден де жудым, елдiң үйiн жинап, дача жудым, дворник та болдым, кiм болмадым мен" дейдi Алтыншаш апай.

Сүйеуi жоқ, сүйенерi жоқ әйел адамның жүрiп өткен жолы қым-қиғаш екен. Дегенмен, қазақ айтпақшы, "жыртық үйдiң де Құдайы бар" деген рас болса керек, өжет мiнез бен табандылығының арқасында балаларын жетiм қылған жоқ, ел қатарлы жеткiзiп, үйлi-баранды қылып, ендi немере сүйiп, қызығын көрiп отыр.

Дегенмен, өмiр бойы еңбек еткен адамның бiр сәт дамыл тауып отыруы да қиын екен. Алтаншаш апай әлi күнге дейiн тырбанып еңбек етедi. Қызметi — лифтер…

P.S. "1985 жылы Мәскеуге жолым түскенде, Брежневтiң ескерткiшiне арнайы барып, гүл қойдым. Ал Терешкованың өзiне жолыға алмадым, шетелге кетiптi. Кiрiп, ырзашылығымды айтайын деп едiм" дейдi Алтыншаш апай. Одан берi неше жыл өтсе де, сырттай атын бiлiп, жүзiн теледидардан ғана көрген Терешковаға деген ықыласы әлi күнге өшкен емес. Бiр ауыз лебiзiн жерге қалдырмағаны үшiн де ықыласты…

Гүлбиғаш Омарова