Жаңалықтар

КӘСIПТIК МАМАН ДАЯРЛАУ — БАСТЫ МӘСЕЛЕ

ашық дереккөзі

КӘСIПТIК МАМАН ДАЯРЛАУ — БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Жақында "ҚазМұнайГаз" компаниясына қарасты Ақпараттық саясат департаментiнiң "Әрiптестiк стратегиясы және адам ресурстарын басқару. Көшбасшы философиясы" тақырыбында, 2008 жылдың 6-7 қарашасында өтетiн төртiншi Халықаралық адам ресурстарын басқару жөнiндегi конференцияға дайындық жөнiнде "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының Корпоративтiк баспасөз орталығында вице-президенттiң мiндетiн атқарушы С. Елшiбековтiң, адам ресурстарын басқару департаментiнiң директоры Р. Райысханованың, қызметкерлердi дамытудың бiрыңғай орталығының директоры Г. Толқынбаевтың қатысуымен брифинг өткiзiлдi.

С. Елшiбеков: — Бiз бұдан бұрын өткiзген үш конференциядан төртiншiнi өзгеше өткiзсек деген оймен мәнi мен мағынасына өзгерiс енгiзiп, "Көшбасшы философиясы" деп атауымыздың өзi — адам ресурстарына, тағдырына терең ғылыми ой санамен қарауымызға итермелейдi. Өйткенi, адам ресурстарына жәй ғана тек жұмысшы немесе маман ретiнде қарамай, компнияның, елiмiздiң, тұтастай экономикамыздың тағдыры солардың қолында екенiн қоғамға жеткiзу. Сондықтан әрбiр iрi компаниялар немесе бiздiң серiктестер және басқалар болсын, қоғамдағы әлеуметтiк жағдайға жауапкершiлiкпен қарағаны дұрыс. Конференция кезiнде қайырымдылық акциясын өткiзiп, одан түскен қаржының 20 пайызын жетiм балалар үйiне өткiземiз.

2008 жылдың 6-7 қарашасында өтетiн конференция кезiнде дүние жүзi бойынша орта мектептер мен кәсiптiк-техникалық бiлiм ордаларының жетiстiктерiнiң көрмелерi өтедi. Бiрiктiрушi фактор —адам ресурстарын дамыту. Негiзгi мақсат — шетелдiк бiлiм ордалары мен шетелдiк үздiк өндiрiс компанияларының, қазақстандық бiлiм ұйымдары мен жетекшi компаниялар арасында iскерлiк тығыз байланыс орнату. Сонымен қатар, конференцияға дейiн, "Көшбасшы философиясы" тақырыбында журналистер арасында үздiк мақалаларға байқау жариялаймыз.

Бiрiншi орынға — 300 мың теңге және компьютер.

Екiншi орынға — 200 мың теңге және фотоаппарат.

Үшiншi орынға — 100 мың теңге және цифрлы диктофон.

Ынталандыру және қосымша бағалы сыйлықтар болады.

Қысқаша айтқанда "Бәрi де адам игiлiгi үшiн" деген философиялық ұғыммен конференция өтетiн болады — дедi сенiммен. Журналистердiң:— Компания жұмысшылары мен қызметкерлерiнiң жалақысы өсе ме? — деген сұрағына, — Әрине, жаңа техникалық құралдар орнатып жұмысшыларды қысқартып, қалған жұмысшылардың айлығын өсiруге болады. Бiрақ, бiз оған бармаймыз. Өйткенi, бiр жұмысшының артында бала-шағасы күн көредi. Бүтiндей бiр ауылдар өмiр сүрiп отырған жерлер де бар. Асыраушы жұмыссыз қалса бiр отбасы аш қалмай ма? Мүмкiндiк болмай қысқартуға тура келген жағдайда басқа мамандыққа қайта оқытып, басқа жұмыс көздерiн ашып, бәрiбiр жұмыссыз қалдырмаймыз — дедi, адам ресурстарына философиялық тұрғыдан қарайтындықтарын дәлелдеп.

Р. Райысханова ханым, сөз арасында:— Ұлттық компанияның негiзгi мақсаты тек қана мұнай сатып ақша табу емес, әрбiр тапқан табысымызды бiздiң қарамағымызда iстейтiн және Қазақстан халқының игiлiгiне жұмсаймыз және әлеуметтiк хал-жағдайына жауаптымыз. 2004 жылы бiздiң компанияның жанынан құрылған "Қызметкерлердi дамытудың бiрыңғай орталығы" — Қазақстандық қызметкерлердi оқыту мен дамытуды ұйымдастыру қызметтерiн көрсетуге бағытталған. 2005 жылы 24-25 наурызда отандық және шетелдiк компаниялардың өкiлдерiмен тұңғыш рет конференция өткiзгенiмiзде, мұнай-газ саласында жетiспейтiн жұмысшы —мамандарды дайындау, оқыту және шетелден де әкелу мәселелерi қаралған болатын. Орталықтың табысты iс-әрекетiнiң тағы бiр маңызды факторы әлемдiк аренада өз орны бар жоғары класты мамандарды тартуға мүмкiндiк беретiн алыс және жақын шетелдiк iрi халықаралық университеттермен, жетекшi тренинг-орталықтарымен, бизнес мектептермен тұрақты халықаралық және тығыз iскерлiк қарым-қатынастар орнатылды. Соған сәйкес бiз даярлаған мамандар "жоғары сапалы маман" деп танылып, олардың әрқайсысы әр компанияда, өндiрiс орындарында жоғары сапалы маман атына лайықты жұмыстар атқаруда. Бiз оны мақтаныш тұтамыз — дедi көтерiңкi көңiлмен.

Тоғайбай Нұрмұратұлы