“ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ” КӨСЕГЕМIЗДI КӨГЕРТПЕС

“ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ” КӨСЕГЕМIЗДI КӨГЕРТПЕС

“ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ” КӨСЕГЕМIЗДI КӨГЕРТПЕС
ашық дереккөзі

Тәуелсiздiк алғанымызға осымен 17 жыл толса да Мемлекеттiк тұрғыда әлi ұлтты ұйыстыруға бағытталған шаралар қолға алынбай отыр. Елдiгiн сақтауды көздеген кез-келген мемлекет алдымен ұлттық бiртектiлiгiн (идентичность) қалыптастыруға ұмтылады. Мұны әлемдiк тәжiрибеден байқауға болады.

Мемлекет iшiндегi ұсақ этникалық топтар мен диаспораларды мемлекет құраушы ұлттың аясына бiрiктiрiп, ұлыстан ынтымағы күштi патшалық жасауға ұмтылу адамзат тарихында ежелден бар құбылыс.

Қазақтың "Бөлiнгендi бөрi жейдi" деген нақылы да бастапқыда елдiң тұтастығын ойлағаннан туған болатын. Қазақстандағы қазiргi жағдай бұларға мүлде кереғар бағытта дамуда. Мәселен, бiзде ұлтты (Қазақстандықтарды) бiрiктiруге емес, өзара жiктеуге бағытталған саясат жүргiзiледi. Елбасының түпкi ойын түсiнбеген шолақбелсендi-шенеунiктердiң әрекетi ерiксiз осындай ойға жетелейдi. Мiнберден сөз бастап, көсемсiп жүрген көкелерiмiздiң аузынан: "Қазақстанда жүзден астам ұлт тұрады” дегендi естiгенде, олардың кейде не сөйлеп тұрғанына мән беруге уақыты жетпей ме деген ойда қаласың. Себебi мемлекет халқын бұлайша ұлтына қарай iрiктеу-бүлiкшiлдiктiң қазiргi тiлмен айтсақ экстремизмнiң нағыз өзi. Жiктелу ешқашан жақсылыққа апармайды. Ал бұлай сөз саптау саяси қателiк. Себебi Қазақстан жүздеген ұлт тұратын федерация, я болмаса құрама штаттар емес, унитарлық мемлекет. Бiздiң құрамымызда Ресейдегiдей автономиялар жоқ. Бiз мемлекет құраушы ұлт Қазақ деген бiр ғана халық тұратын бiртұтас мемлекетпiз. Сондықтан елiмiздi мекендеген орыс, татар, түрiктердi орыс халқы, татар халқы, түрiк халқы деп емес, елiмiздегi этникалық топтар деп атағанымыз жөн. Мәселен орыс халқы Ресейде тұрады. Қазақстандағылары диаспоралар. Бiр халық қатарынан екi мемлекетте өмiр сүре алмайды. Кейде қазақстандық ұлт немесе Қазақстандағы халықтар деп сөйлеуге құмарлардың сөз саптасынан Америка немесе Ресейге елiктегiсi келетiндiгi аңғарылады. Егер осы елдердiң тәжiрибесiне көз салсаңыз, бұлар да ешқашан өздерiн ұлтына қарай жiктемейдi. Керiсiнше, “Америкалық ұлт” деген атауға ұйысуға тырысады. Саясаттары да бөлiнуге емес, бiрiгуге бағытталған. Федерация болғанымен, Ресейде ұлттық бiрыңғайлыққа ұмтылады, құрамындағы мемлекеттердi орыстандыруға талпынатыны да осы империя iргесiнiң сөгiлмеуiн ойлаудан туған амал. Бiздегi аталған кемшiлiктер әу баста билiкке уызына жарымаған дүбәра шенеунiктердi отырғызудан басталды. Әйтпесе, Қазақ мемлекетiнiң бабалар салып кеткен өз жолы бар болатын. Бiз Орталық Азиядағы Алаш жұртына жөн сiлтейтiн мемлекет болуға тиiс едiк. Қазақ тарихының өн-бойына көз жiберсеңiз Қасымнан бастап Абылайға дейiнгi хандар тек Қазақ елiнiң ғана емес, Алаш жұртының қамын ойлаған. Бiз алдымен орысша ойлап, сосын қазақша сөйлеуге тырысатын, дәстүрдiң озығы мен тозығын саралай алмайтын шенеунiктердiң арқасында осы ұлы мұраттан, ұлы миссиядан көз жазып қалдық. Ал жоғалғанды жөнге келтiру, қашанда қиын.

Жолымбет МӘКIШЕВ, журналист