Жаңалықтар

ҚЫТАЙ ЦИРКIНIҢ АСТАНАҒА ТАРТУЫ

ашық дереккөзі

ҚЫТАЙ ЦИРКIНIҢ АСТАНАҒА ТАРТУЫ

Астананың 10 жылдық мерекесi думанды, дүбiрлi тойға ұласты. Бұл күнге әр облыс, қала тұрғындары мен шетелден ат арытып келген қонақтар да тарту жасады. Тiптi, қаржы саласында қажырлы жұмыс iстейтiн Казкоммерцбанкi де Елорданың туған күнiне өз тарапынан үлкен сый дайындапты. Дәлiрегiнде, банк Қытай халық республикасының акробатикалық Зуни труппасының Қазақстанға алғаш рет келуiне демеушi болды.

Қытайлық цирк майталмандарының өнерiн астаналық көрермен Астана циркiнде 3-шiлде күнi тамашалады. Ал 5-шiлдеде әсем Алматыға ат басын тiреп, Алатаудың саф ауасымен шабыттанған акробаттар "Сумен үндесу" атты айрықша қойылыммен бала тұрмақ, ересектердi де таңқалдырды. Бұл қойылымда Қытай циркiнiң құпия мен сырға толы тарихы үндесiп жатыр. 1958 жылы өмiрге келген Зуни труппасы әсiресе, акробатика өнерiнiң қыр-сырын терең меңгере бiлген өнерпаздардан құралған. Осыншама уақыттан берi талмай еңбек етiп келген топ күнi бүгiнге дейiн халықтың қошеметiне бөленiп, бiрқатар марапатқа ие болған. Бiр айта кетерлiгi, 12-23 жас аралығындағы жастар мен жасөспiрiмдер құрылған аталмыш топ өнерiн Қытайдан өзге, Еуропа, Орта Азия елдерiне де көрсетуге мүмкiндiк алғалы берi талай шыңды бағындырып келедi.

Алатаудың баурайындағы кең сарай халыққа лық толды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейiн жиналған қауымның қойылымды тағатсыздана күткенi байқалады. Бiрнеше жанрда өнер көрсететiн қойылымның әрқайсысының өз ерекшелiгi бар. Мәселен, бiр мезгiлде үш-төрт қалпақты ауыстырып кию, он екi-он үш орындықты қатар-қатар қойып, үстiнде акробатикалық өнер көрсету, стақандағы ұзын таяқшаларда айналатын тәрелкелер, от алаулаған шырақты бас-аяғына қойып мың бұралу шапалақ ұрғызбай қоймады. Алматылық жұртшылық Астананың 10 жылдық мерейтойы қарсаңында Казкоммерцбанктiң мұрындық болуымен керемет қойылымға куә болғанына аса қуанышты екендiктерiн жасырмады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ