Жаңалықтар

FАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖЕҢIЛ АТЛЕТИКА

ашық дереккөзі

FАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖЕҢIЛ АТЛЕТИКА

ШАҒЫН ШЕЖIРЕ

Жеңiл атлетика тарихы 1918 жылдан бастау алады. Азамат соғысының қыспағына, аштықтың құрсауына қарамай 1918 жылы Абай елiнде спорт үйiрмесi ашылыпты. Семейдегi ол үйiрменi ашқан – Алексей Огородников деген азамат. Қазақстанда алғаш салынған ең үлкен спорт ғимараты – 1925 жылы Семейде ашылған.

Киров атындағы стадион. 1929 жылы Алматыдағы "Динамо" стадионы дүниеге келедi. Кейiнiрек Алматыдағы "Спартак", "Локомотив" стадиондары бой көтердi. Қарағанды, Петропавл, Қызылорда қалаларында спорт ғимараттары салына бастады. Мұның өзi Қазақ елiнде спорттың қанат жаюына мүмкiндiк туғызды. 1928 жылы Семейде физкультура техникумы ашылды. 1928 жылы Петропавл қаласында өткен Бүкiлқазақстандық Спартакиада жиырмасыншы жылдардағы ең айтулы оқиғалардың бiрi болды. Ал 1937 жылы Кеңес Одағының бiрiншiлiгiне Қазақстаннан арнайы шақырылған төрт жеңiл атлетшiнiң бiрi Хамза Мұхамеджанов едi. Мұхамеджанов 100 метрлiк қашықтықта Кеңес Одағының жеңiмпазы Николай Каракуловпен бiрге жарысты. Қазақстандық Евгений Кадяйкин Мельбурн олимпиадасына қатысқан спортшы. Асқан желаяқ Ғұсман Қосанов Рим олимпиадасының күмiс тұғырына шыққан қазақ. Осылайша шежiре тарих тарқатылып кете бередi…

ЖАС ТА, ҚАРИЯ ДА ЖАРЫС ЖОЛЫНДА

Ендi шамалы уақыт өткеннен кейiн жұмыр жердегi миллиондаған жанкүйердiң жүрегiн дүрсiлдеткен, сағына күткен Пекин олимпиадасы басталады. Сол Олимпиадаға үлкен топпен аттанатын – жеңiл атлетика спортшылары. Қазақстан жеңiл атлетикасының спортшылары соңғы жарыстарда өздерiн сынап, ширығып, тықыршып жүр. Алматыдағы Орталық стадионда жақында жеңiл атлетиканың 90 жылдық тойы дүбiрлеп өттi. Сол дүбiрлi жарыста ардагерлер, ересектер және жастар арасындағы байрақты бәсеке талай спортшының жолын ашты. Жеңiл атлетикадан Қазақстан Республикасының бiрiншiлiгiн 90 жылдық мерейтоймен орайластыра өткiзудiң де өз артықшылығы бар едi. Алыс-жақын елдерден қазақ спортына айтулы iз тастаған ардагер спортшылар келдi.

Даңқты желаяқтар Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқовтардың iздерi спорт тарихына жарқырап мөр болып басылды. Айтулы жүйрiктер жүгiрген 100 метрлiк қашықтықта ерлер арасынан Пекин олимпиадасында Қазақ елiнiң намысын қорғайтын спортшы табылмай тұр. Республика бiрiншiлiгiнде топ жарған – қостанайлық Ринат Ганиев. Оның көрсеткiшi – 10,53 секөнт. 60-64 жас аралығындағы ардагерлер арасында бұл қашықтықты Солтүстiк Қазақстан облысынан келген Анатолий Федоршин 14,97 секөнтте жүгiрiп өттi. Ал жастар арасынан қара үзiп шыққан Станислав Смелянецтiң көрсеткiшi – 10,79 секөнт.

Пекин олимпиадасында алматылық Анастасия Пилипенко 100 метрлiк қашықтықта және 100 метрлiк қашықтықты кедергi арқылы жүгiруде ел намысын қорғайды. Бұл ел бiрiншiлiгiнде Анастасия 200 метрлiк қашықтықта 23,27 секөнт көрсеткiшпен дара келдi. Пекинде 100 метрдi кедергi арқылы жүгiруде сайысқа түсетiн шымкенттiк Наталья Ивонинская да жарыс жолына шықты. Ол 100 метрлiк қашықтықтан 11,38 секөнтпен ағып өттi. Олимпиадада спринтерлiк қашықтықта жүгiретiн қос қыздың шыңдалып, қатты ширығып жүргендерiн байқадық.

Ел бiрiншiлiгi кезiнде 110 метр қашықтықта кедергi арқылы жүгiретiн Назар Мұхаметжанды жолықтырдық. Тайландта өткен Азия құрлығының Гран-при жарысынан оралған бетi екен. 10 дүркiн Қазақстан чемпионының Тайландтағы көрсеткiшi – 14,0 секөнт. Самолеттен түскен бетте Алматыдағы жарысқа өкше тiреген Назар 14,21 секөнтпен алтын медальдi iлiп түстi. Марапаттау кезiнде Назарға халықаралық дәрежедегi спорт шеберi атағы берiлiп, арнайы құжаты мен төс белгiсi табыс етiлдi. Бiр өкiнiштiсi, Назар бұл соңғы жарыс екенiн, спортпен бiржола қоштасқанын да айтып үлгердi. Ал Олимпиадаға жолдама беретiн ең төменгi көрсеткiш – 13,72 секөнт.

Үш секiруден шымкенттiк Олег Сакиркин рекордына ешкiм маңайлай алар емес әзiр. 1989 жылы Олег қарғыған 17,58 метр бүгiнгi Қазақстан спортшыларына арман болып тұр. Жиырма жылға жуық уақыт өттi. Ешкiм сол межеге жақындай алар емес. Ал осы жолы мерейтойы қоса аталып өткен ел бiрiншiлiгiнде ең алысқа секiрген Роман Валиевтiң көрсеткiшi – 16,61 метр. Романмен тайталасып жүрген – Евгений Эктов деген спортшы.

Сарытiс спортшылармен тайталасқан 17 жастағы маңғыстаулық Әлия Рабаева найзасын 42,90 метр жерге қадады. Алтын медаль олжалаған Әлияның болашағынан үлкен үмiт күтуге болады. Ал жастардың арасында найза лақтырар бiр жiгiт табылсайшы?! Атақты он сайысшы Дмитрий Карповтың iзiн басқан Павел Дубицкий 7142 ұпаймен Республика чемпионы атанды. Оны өкшелей қуған Қайрат Көшеков 6422 ұпаймен күмiс медальға қол жеткiздi. Пекин олимпиадасында 200 метрлiк қашықтықта бақ сынайтын қарағандылық Вячеслав Муравьев 21,23 секөнт уақытпен топ жарды. Көрсеткiшi керемет емес, Олимпиада жолдамасын қалтаға салған Муравьев бұл жарыста ышқынып тер төгудi қажет те етпеген болар.

Жанкүйердi елең еткiзген – ардагерлер жарысы. Жас мөлшерлерiне қарай топ-топқа бөлiнiп жарыс жолына шыққан ардагерлерге қарап риза боласың. Сонау Павлодар облысынан осы жарысқа 6 ардагер арнайы келiптi. Сол алтаудың бiрi – Ермек Сейiтов 5000 метрде қара үзiп жеке келдi, ал 10000 метр қашықтықта екiншi орынға көтерiлдi. 60-64 жас арасындағы ардагерлермен сайысқа түскен желаяқ жүгiрудi 50 жасқа толған кезде ғана бастаған екен. 2005 жылы Ресейде өткен "Сибирский международный марафон" деген үлкен жарысқа қатысып, бас бәйгенi олжалап қайтыпты. Алпыстан асқан адамға 42 шақырымдық марафон оңай ма?! Кәнiгi спортшы да емес. Ендi тағы бiр ардагер желаяқтың аты-жөнiне құлақ түрiңiз. 70-74 жас аралығындағы желаяқтармен жарысқан Қани Айпиев ақсақал 5000 және 10000 метр қашықтықта бiрiншi келдi. 10 шақырымды Қани ақсақал 49:16,4 минөтте артқа тастады. 70-74 жас арасындағылар арасынан 4 келiлiк ядроны Вячеслав Чехоев шырқата лақтырып, топ жарды.

Жарыс күндерi жанкүйерлер құрметiне бөленiп спорт ардагерлерi жүрдi. Кеңес Одағының алты дүркiн жеңiмпазы, алты дүркiн рекордшысы даңқты желаяқ Әмин Тұяқов, 800 метрге жүгiруде әлемдiк рекорд жасаған қарағандылық Валентина Герасимова, Кеңес Одағының бiрнеше дүркiн чемпионы марафоншы Зоя Иванова, биiктiкке секiруден Кеңес Одағының жеңiмпазы Людмила Бутузова. Людмила Бутузова қазiр Израильде, Валентина Герасимова Мәскеуде тұрады. Спорт жолын қазақ топырағында бастап даңқын асырған спортшылар Алматыдағы жеңiс атлетиканың 90 жылдық тойына арнайы келiптi. Валентина Герасимованың 1976 жылғы рекордына қазақстандық бiр спортшы жеткен жоқ. Герасимова рекорды 1:56,0.

ТҮЙIН

"Спорт сiзге не бердi?" – деп сұрақ қойғанымызда, Людмила Бутузованың екi көзi боталап қоя бердi. Үнсiз, ойға батып бiраз отырды, қос жанарынан парлаған жас тоқтар емес. Қарағанды қаласына жақын Қарабас деп аталатын поселкеде қара жолдың шаңын бұрқыратып жүгiрген балалығын есiне алды ма, Кеңес Одағында биiктiкке секiруде алдына жан салмаған бақытты сәттерiнiң қайта оралмайтынын ойлады ма, кiм бiлген?! Қияндағы Израильден Алматыға әкелген де Қазақ топырағының құдыретi болар.

– Мен спортпен айналысқан жоқпын, спортпен өмiр сүрдiм, – дедi бiр уақытта Людмила Бутузова. – Менiң қызықты да қимас күндерiм спортпен өттi. Сондықтан да үлкен сағынышпен еске аламын. Қазiр балалардың спортқа деген ықыласы өте төмен, олардың жүрегiн компьютер жаулап алды. Бұл жақсылық емес. Үкiмет тарапынан спорт ғимараттарына деген үлкен жанашырлық керек. Бүгiн жамау-жамау жарыс жолдарына қарап жүрегiм ауырды.

Спортқа деген сүйiспеншiлiк Людмила Бутузованы Алматыда жарыс жолына жетеледi. Спортпен қоштасқанына ондаған жыл өткен Людмила 150 сантиметр биiктiктен оңай қарғыды. Елуден асқан әйелдiң бiр кездегi шеберлiк қолтаңбасы бiрден байқалады. Жанымен де, тәнiмен де биiктiктi аңсайтын сияқты. Бiр кездерi жанкүйердi жалт қаратып мойындатқан биiктiк – 198 сантиметр.

Жетпiстен асқан қариялар 10 шақырым жерге жүгiру үшiн дүбiрлi жарыс iздеп шалғайдан келдi. Оларды жетелеген, жүгiрткен қай құдiрет?! Кеңес Одағы кезiнде қалың ел спортпен айналысты. Спорт үйiрмелерi, спорт мектептерi балалардың шынығуына, шыңдалуына, үлкен спорттың айдынына шығуына жол ашты. Буыны бекiмей жатып компьютер орындығынан құйрықтары ажырамайтын ұрпақтың денсаулығы қалай болмақ?! Кiм ойлайды олардың тағдырын?!

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ