Жаңалықтар

«МЕНОПАУЗА» ДЕГЕНIМIЗ НЕ?

ашық дереккөзі

«МЕНОПАУЗА» ДЕГЕНIМIЗ НЕ?

Адамзат баласының жаратылысы – тым жұмбақ, тым құпия. Жаратушының аса қабiлеттiлiгi, құдiретiнiң шексiздiгi алдында ерiксiз бас иесiз. Шыр етiп өмiрге келiп, тағдыр талайына жазған пәндәуи қуаныш несiбе мен қайғы-қасiреттi көре жүрiп, өмiрдiң әрбiр сатысынан сүрiнбеуге тырысып бақсаң да, маңдайыңа жазылғанды көрмей қоймайсың. Жалындаған жастығың, ана- әке болып сәби сүйiп, жұбайлық ғұмырды бастан кешiрдiң. Одан кейiнгi бақыт, Жаратушың құп көрсе, әулетiңнiң өскен-өнгенiн көру, құда- жекжат, келiн түсiрiп, қыз ұзату, немере сүйiп, соның қызығы мен шыжығына сүйсiнiп жүргенде өзiңнiң де бел ортадан асқаныңды сезбей қаласың…

Мiне, осы бiр адам жаратылысының кезең-кезеңге бөлiнген бел-белестерiн аралап жүрiп, денсаулықтың да қадiрiн бiле бермейдi пендеңiз. Албырт он сегiзде болатын адам ағзасындағы өзгерiс құбылыстар осы бiр қартаюдың алдында тағы да алдыңнан шыға келетiнiн көпшiлiгiмiз бiле де, мойындай да бiлмеймiз.

Ауыл түгiлi, мың сан дәрiханалары қаптаған, көздерi ашық, көкiрегi ояу оқыған-тоқыған қалалықтар да естерiнен ауып қала жаздайды. Өйткенi, әйелдерде етеккiр циклi тоқтаған кездегi дене құбылысындағы, мiнез-құлқындағы өзгерiс кейде алдын алмаса айықпас дертке шалдықтыруы әбден мүмкiн дегендi айтады дәрiгерлер. Сонымен, қазақи тәрбиеге аса араласа алмай, ұлына тiке айтуға батылы жете бермейтiн қазақи тiрлiгiмiз қыз балаға бұл тақырыпта әңгiме қозғамақ түгiлi, бетiнен қақпай өсiрген бойжеткендердiң "құлағына алтын сырға" деймiз бе, қайтемiз? Әлде "Келiнiм саған айтам, қызым сен тыңдаға" көшсек пе екен?! Орыстiлдi басылымдар одан да дөрекi әдет-ғұрыптарды насихаттап жатады, ал соларды оқымайтын қазақ баласы кемде- кем. Олай болса,осы бiр жұмбақ құпия ғұмырдың еркекке әйелдiң, әйелге еркектiң қаншалықты керек екенiн, бiрiнсiз бiрi тiрлiк кеше алмайтынын, тек қана өмiрге ұрпақ әкелу ғана емес, олардың өмiрбақи жарасымды жұптасып ғұмыр кешуiнiң көптеген жағдайда денсаулыққа әсерi көп болатынын, әсiресе, орта жастағы ерлi-зайыптыларға байланысты ортақ бiр әңгiме жүргiзудi жөн көрдiк.

Атам қазақ "Орта жаста әйелiң, орта жолда атың өлмесiн" деп бекер айтпаса керек. Осындай дана халықтың сөзiнде үлкен философиялық, психологиялық мән жатыр. Перзентiне қабағымен, қала бердi ыммен дегенiн ұқтыруға тырысқан қазақи тәрбиенiң жөнi бөлек десек те, "ауруын жасырған өледiнi" айтып кеткен де осы қазақ.

Бүгiнгi ұятсыздау, аш-жалаңаш ғасырда ұрпақ тәрбиелеу өте-мөте ауыр да қиын. Олай болатыны, бүгiнгi ұрпақтың тәрбиешiсi, яғни тәрбиелеушiсi кешегi осындай ұғымда тәрбие көрген, үлкеннiң алдын кесiп өтпеген, кiшiге мейлiнше қамқор болып өскен бүгiнгi ата-аналар көргендi, тәрбиесi бөлек ұрпақпыз. Бiрақ болашағымыз балаларды өмiрге әкелiп, өсiрiп-өндiрiп жүргенде өзiмiздiң де бiраз жерге барып қаларымыз ойдан да,санадан да мүлдем шығып кетедi.

Сонымен, қыз бойжеттi, ұл ержеттi…

РАЙХАН БАСТАУБАЙҚЫЗЫ, ГИНЕКОЛОГ:

– Медицина тiлiмен айтқанда, "климакс" деп аталатын бұл кезең – тiрi пенденiң басынан өтпей қоймайтын бiр жаратылыстың заңды құбылысы десе де болғандай. Оны тiптi, кейде "Әйелдiң алтын күзi" деп, те атайды. Неге десеңiз әйел отбасын құрып, нәрестелi болып, ол сәбиiн өсiрiп, ұясынан ұшыратын, сөйтiп отау iшiнен отау құрып, әйелдiң өмiрiне кеңшiлiк ерiк берiлдi деп саналады. Әйелдiң жүктiлiк қабiлетi азаяды да, ол әйелдiң анабезiмен тығыз байланысты болғандықтан дене құбылысының өзгерiске ұшырауына, түрлi сырқаттардың бас көтеруiне әкеп соғады. Тез шаршап, дел-сал күй кешiп, ұйқысыздық, мазасыздық салдарынан ағзадағы ауруға қарсы имунитетi азаяды. Болар-болмас самал жел немесе күйдiрiп жандырған ыстық, кейде жеңiл -желпi жылы леп соққандай болып, бiресе суып, бiресе тоңазыған өтпелi құбылыстан мезi болған шаршаңқылық, айналып келгенде тұмау,тамақ баспа, ангина сияқты аурулар жиi қайталанады. Осының салдарынан нерв жүйесi де босаңсып, не болса соған өкпешiл, жәй ғана нәрсеге бола бұлқан-талқан ашуланғыш, тершеңдiк те мезi етiп жiбередi. Мұндай жағдайлар, әрине, өз ағзасында болып жатқандықтан, әйелдердiң көңiл-күйi де құбылмалы болып келедi. Бiр қызығы бұл табиғаттың тылсым сыры ер-азаматтарымызда да кездеседi. Әйелдерде 45-48, ал ерлерде 50-55 жаста пайда болады. Мұндай жағдайда не iстеу керек?

Сондықтан осы кезең жақындап қалғанда, кез келген пендеңiз өзiне жеңiл өтуi үшiн дәрiгерлiк тексерулерден өтiп, кеңестерiн мұқият тыңдап, тыңдап қана қоймай, жүзеге асыруға тырысқандары жөн. Өзiн-өзi психологиялық жағынан дайындап, оның ауру емес, өтпелi кезең ғана екенiн санаңызға сiңiрiп, қай кезде болса да басыңыздан кешуiңiз қажет екенiн мойындап, соған дайын болуыңыз керек. Салауатты өмiр салтын қалыптастыруға, таза ауада қыдыру, тау, өзендерге барып өзiңдi де, көзiңдi де демалдыру, дененi түрлi жаттығулармен шынықтырып, түрлi дәруiштермен сылап-сипауды әдетке айналдырған абзал. Гипофиз, ұйқы безi, бүйрек безi, эндокрин жүйесi, зоб сияқты ауру түрлерiмен қатар, қан қысымының бiресе жоғары, бiресе төменгi қалыптан жиi өзгеруi, простатит, проктит, невралгия, бронхит, полиартрит, ревматизм сияқты сырқаттардың, тiптi созылмалы түрiне айналып кетуi де дәл осы өтпелi кезең тұсында ұшыға түседi.

СӘДУАҚАС МҰСТАФАЕВ,ПРОФЕССОР ГИНЕКОЛОГ:

–"Климакс" деп қалдыра берген дұрыс шығар, өйткенi халықаралық медициналық термин ғой. Кей тұста "менопауза" деп те аталатын бұл құбылыс, денеден бөлiнiп тұратын айлық қан дегендi бiлдiредi. Ал паузасы тiптi, түсiнiктi десек те болады. Адам жаратылысының әрқилылығына байланысты бұл зат алмасу кезеңi де әр адамға әртүрлi жағдайда бiлiнедi. Ал салауатты ғұмыр кешкен, тән тазалығы мен жан жарастығы қатар салтанат құратын денi сау, бойын түрлi ауру сырқаттардан сақтай бiлген сауатты келiншектерде бұл белгiлер сәл-пәл болса да кешiгiңкiреп бiлiнiп жатады. Ең бiрiншi белгiсi – жоғарыда айтқанымыздай ай сайынғы белгiлi бiр кезеңнен соң туындайтын ағзадағы көптеген тығылып жатқан аурулардың бой көтеруi. Егер тоқтағаннан кейiн бiр жылдың iшiнде қайта келмесе, оны "менопауза" дейдi. Орта есеппен елу жас "климакс" кезеңi. Оның әр әйелде әртүрлi өтуi оның ағзасындағы ерекше рөл атқаратын бездерге де байланысты. Егер туабiттi сырқаттары бар, әу бастан күйзелгiш, боркемiк мiнездi пендеңiз өзiн-өзi қолға алмаса, тiптi айықпас созылмалы сырқатқа ұрынуы әбден мүмкiн.

Адам өмiрiнiң үштен бiрi, осы – "климакс" кезеңi.Адам ағзасындағы қажеттi гармондардың бiрi экстрагендiк гармондар. Ол жас ұлғайған сайын азая бередi де, ол азайған сайын әйел ағзасы да өзгерiске ұшырай бередi. Түрлi себептерге байланысты әркiмде әртүрлi болады дедiк қой, сондықтан жиырма бес пайызы өте ауыр күйзелiсте өтсе, жиырма пайызы тiптi жеңiл-желпi өтiп жатады. Ең бастысы оның пәлендей сырқат емес, қарапайым тiлмен айтар болсақ, ағзаның өзгерiске ұшырауы, соған жүйкенiң жауабы десек те болады. Әйелдегi болып жатқан физиологиялық өзгерiстер кезiнде көбiне жатыр, жұмыртқа безiнiң және сүт бездерi iсiгiнiң көбеюi бiр қарағанда заңдылық. Өйткенi, ағзадағы әрбiр мүшенiң қажеттi гармоны төмендеген сайын атқаратын қызметi де әлсiрей бастайтыны анық. Зат алмасу тұсындағы кезеңде, әсiресе сүйектердiң зақымдануы, яғни астефороз ауруына жиi соқтырады.

Тағы бiр есте ұстайтын нәрсе,ол төсек қатынасына байланысты сауаттылық. Атам қазақ баланы "он үшiнде отау иесi" дегендi неге айтқан. Ол бiрiншiден, ертерек аяқтандырып, ұрпағының өсiп өнгенiне асықса, екiншiден, көкiрегi ояу ата-бабаларымыз сол жастағы баланың жаны мен тәнi ненi аңсайтынын да түйсiнген. Әсiресе, Шығыс халықтары қыз баланың тәлiм тәрбиесiне айрықша қараған, сол жастағы қыз баланың бойындағы физиологиялық өзгерiстер, дене-бiтiмiндегi, мiнез-құлқындағы өзгерiстi байқап бақылап отыратын болған. Қыздың бойжеткенi – ана болуға дайындығының алғашқы белгiлерi. Қыз бала бойжеттi, тұрмыс құруға, ана болуға дайын деген сөз. Сондықтан сол сәтте оның ағзасы ненi қажет етедi, бiз ол жөнiнде ойлануға мұршамыз жете бермейдi. Бала деп қараймыз, ал адам ағзасына, тәнiмiзге қажеттiлiктi санамыз арқылы керек ететiн болсақ, ондай тiрлiктер туралы ойлау, балаға үйрету әдепсiздiк деп ойлаймыз. Табиғаттың заңдылығы екенiн мойындай тұра, кейiнге сырғып жатамыз. Ал жаратушының әр пендесiне берген мүмкiндiгiн шектеу де көп ретте зиянын тигiзiп жататынын ойлай бермеймiз. Қыздарымызды бесiкте жатқаннан атастырып, оның ертерек құтты орнына қондыруға асыққан сонау замандағы үрдiстi жаңғыртуымыз қажет. Ал қазiр ше?! Көптеген ата аналар төсек қатынасы, тазалық, жан мен тән қажеттiлiгi туралы айтуға ұяламыз да, бiрақ шетелдiк ашық-шашық телесерияларды бiрге тамашалаймыз. Айтуға ұят, көруге көз жетедi. Бiреудiң басынан өтiп жатқан оқиғаға әбес болса да қараймыз да, ол оқиғаның балаларымызға әсерiне көз жұмамыз. Сондықтан төсек қатынасындағы сауатсыздық көптеген сырқаттардың алдын алуға күшi жетпей жатады. Тәрбиенiң бәрi тек қана жақсы болу, тәртiптi болумен шектеледi де, анайы жағдайлар туралы айтуға санамыз шектеу жасап отырады. Ақыл есi, санасы өсiп, дене бiтiмi, түр тұлғасы жетiлiп тұрған бойжеткен мен бозбаланың ойына не келсе, соны жүзеге асырып жатады. Мұның соңы өкiнiшке қарай, жасанды түсiкке, не өзiне қол жұмсауға, немесе өмiрбойғы өкiнiшке әкеп соқтыратынын, бiз дәрiгерлер ғана емес, көпшiлiк те бiлiп, көрiп жүр. Бұл ретте экономикасымен қоса әлеуметтiк жағдайы ертерек дамып кеткен өркениеттi елдерден үлгi алуға әбден болар едi. Он жастан кейiн қызын құрбысындай, ұлын досындай сыйлай отырып, тәрбиелейтiн ұлыстар баршылық. Сонда ғана қоғамда ана мен бала денсаулығына ерекше қоғамдық пiкiр, көзқарас қалыптасар едi. Сонда ғана көптеген жас отаудың кешiгiп көтерiлуi жастарымыздың белсiздiгiмен, түрлi ауруларға әкеп соғатын жасанды түсiктер де азаяр едi.

ТҮЙIН: Иә, адам жанының құпиялығы, жұмбақтығы да сонда, әр пендеңiздiң жаратылысы да, мiнез- құлқы да әрқилы. Олай болса тағдыр таланы да өзгеше. Бiр-бiрiне ұқсамайтын пендеңiздiң бойындағы сырқат белгiлерi мен ем-домдары да әртүрлi болмақ. Ең бастысы, салауатты бақытты ғұмыр кешкiңiз келсе, бәрiне де мүмкiндiгiңiз шексiз екенiн сезiну, соған дер кезiнде уақыт таба бiлу керек екенiн бiле тұра ұмтылмайтын жайбасарлығы¬мыздың құрбаны болуға икемдiгiмiз. Денiңiзге саулық тiлейiк, ағайын!

Таңсұлу Алдабергенқызы