Жаңалықтар

ЕСКI ЖАЙТТАРДЫ ЕСКЕ САЛҒАН ЕСТЕЛIКТЕР

ашық дереккөзі

ЕСКI ЖАЙТТАРДЫ ЕСКЕ САЛҒАН ЕСТЕЛIКТЕР

1979 жылдың желтоқсанының соңғы күндерi едi. Осы Алматыдағы қазiргi Жiбек Жолы мен Шәмшi Қалдаяқов көшелерiнiң қиылысында жолығысып, жай шаруалармен сөйлесiп тұрғанымызда, сол кездегi "Социалистiк Қазақстанның" жауапты хатшысы, белгiлi аудармашы, журналист Кеңес Юсупов Қызылордадан Зейнолла Шүкiровтың қаза болғандығы туралы хабар келгендiгiн әншейiн сөз арасында айта салды. Тұла бойым мұздап жүре бердi. Кеңес Зекеңмен екеумiздiң арамыздағы қатынасты қайдан бiлсiн, оған ештеңе дей алмай дереу жұмысыма оралып, жан-жаққа хабарлассам, өлiм өтiрiк болсын ба, рас екен.

Жiгiттер Қызылордадағы Зекеңдi отбасының, анығы әкесi Әнәпияның ұйғарымымен, елге алып кетпек қамында. Аралға жерлей ме, одан да әрi Бөгенге алып кете ме, әзiр ол жағы белгiсiз. Бара көредi. Әнi-мiне жаңа жыл. Бастықтарыма бардым. Олар мейрам күндерi болмаса, жұмыс күндерiме рұқсат етпедi. Бұдан бұрын да араға осы Тұмағаны қанша салсам да мына тұрған Шымкенттегi Нәсiреддин Сералиевтiң тойына да рұқсат ала алмағам. "Ерекше қамқорлықтың" кiмнен екенiн бiлемiн, бiрақ ол кезде маған себебi белгiсiз. Жаңа қызметкер болса да қыздай. Сөйтiп айдың, күннiң аманында қайран Зекеңе топырақ сала алмағам. Кейiн есiттiм, Зекеңнiң шағын жер үйi де болатын. Үкiмет үйi суытқан кезде әлдеқалай сырқат батқанда сол үйге қолдан от жақтырып жылы жерде жан бағатын. Аяқасты ұстаған науқастар қаптай қинаған, шақырған жедел жәрдем келiп болмаған. Тым көп күткен көрiнедi. Өмiрге жалғап жiберетiн титiмдей ғана иненi әнi-мiнi келдi деп күту қандай үрейлi де азапты десейшi. Ақыры өзi жүрегiнiң тоқтағанын бiлiп, "бiттi" деп айтып үлгерiптi. Бұл қырық төрт жыл бойы төсекке таңылып аурулардың не сүлейлерiмен арпалысып өткен ақынның ақтық сөзi. "Бiттi".

Қызылордадан бар болғаны мың данамен шыққан "Бiр жұлдыз болып жанам мен" ("Тұмар" баспасы) атты естелiктер жинағы сондай, сол ғана емес-ау, сол тақылеттес талай-талай жайттарды еске салып отыр. Кешегi өзiң куә болған қарапайым оқиғалар да жиырма, отыз жыл әрi аунаса болды, өткен шақ – ескiлiкке айналып, жаңа реңкке, ерекше мән-мағынаға ие болады екен.

….Баспа маңында жүрген соң хадари-хәлiмше әрекетке кiрiскем. Зекеңнен қалған мұрадан Ф.И. Тютчевтiң аудармасы мен "Отты өткелдер" автобиографиялық романын шығаруға мұрындық болдым. Алпысбай iнiсiн заңды мұрагер етуге жүгiрдiм. Қазiр бейiтiнiң басында тұрған гранит құлыптасты Алматыда жасатуға дәнекер болдым. Сол автобиографиялық романның аты қойылмаған екен. Машинкаға екi дана етiп басылған таза нұсқа. Редактор, рецензенттер екiншi данасымен жұмыс iстейдi. Рецензенттер, редактор, бөлiм бастығы, бас редактор, баспа комитетi, оның рецензенттерi қарай-қарай талай өткелектен өте келе, сiлiкпесi шыққан соң барып әбден пiскен нұсқасынан сан-алуан түзетулер бiрiншi данаға түсiрiлiп барып баспаханаға жiберiледi. Кеңестiк кезең. Қолжазбаға үстiнен ғана емес, сыртынан да қос дүрбiмен қарау қалыпты әдет. Редакторы құстың көлеңкесiнен үркедi. Болмашы жерден саясат тауып, қаламы залалсыз-ақ жерлерге де тие бередi. Соны сезген бөлiм меңгерушiсi Мағзом Сүндетов ағамыз шығарма өндiрiске кететiн кезде маған бiр көрсетiп алған. Қайшыға iлiккен, саясатқа тимейтiн бiрсыпыра тұстарды қайта қалпына келтiргенбiз. Автобиографиялық роман сөйтiп қыспақтан өтiңкiреп барып, аман-есен жарық көрген. Кейiн мемлекет өзгердi. Нұсқау жаңарды. Мемлекеттiң өзгеруiнiң соңы апалақ та сапалаққа ұласты. Бiр сабырға келдi-ау деген кезде "Жазушы" баспасының жұртына барып, сол қолжазбаның бiр де бiр данасын таба алмадым. Зекең қолжазба сақтауға мұқият емес-тiн, Алпысбай болса "менде түпнұсқа жоқ" дедi.

Қалған мұраны түгендеп, ақынның атын өшiрмеу әрекеттерiн жасау үшiн Жазушылар одағы арнаулы комиссия құрған. Төраға Мұзаға – Мұзафар Әлiмбаев. Осы кiсiнiң атынан арнайы хат дайындап, ақынмен дәм-тұздас болған замандас, қаламдас аға-iнiлерi мен қатысқан көз көргендердiң естелiктерiн жинағам. Естелiк жүйесi едәуiр қарайып қалды. Алайда бұған келгенде тұмсық тасқа тiрелдi, " анау болды, мынау болды", жинақ жарық көрмедi. Бұл 1980 жыл. Мына кiтапқа енiп отырған қолжазбаларды қайта қарап отырып, "ештен де кеш жақсы", сол еңбегiмiз еш болмаған екен деген шүкiршiлiкке тiрелiп отырған жай бар. Сол естелiктер бұл кiтаптың негiзгi арқауын құраған. Тағы бiр шүкiршiлiк етерiмiз – сол естелiктердi жазып берген ақынға ерекше етене жақын болған С. Мәуленов, Н.Сералиев, С. Баязитов, Ф. Омаровтардың бұл күндерi өздерi де жоқ. Кезiнде басты куәдай боп қағазға түсiп қалғанына қалай шүкiршiлiк етпессiң ендi.

Жинақ кейiн жазылған жаңа қолжазбалармен, хаттармен толысып, бұрынғы деректердi айтарлықтай байыта түскен.

Жұртқа белгiлi жайт – Зекең жарық дүние есiгiн шыр етiп ашқалы бейнетке белшесiнен батқан адам. Әкенiң сотталып кетуi, жесiр ана, төсекке таңылған мүгедектiк, жоқ-жұта, тiршiлiк, емделудiң сергелдеңi, медбикенiң кесiрiнен бiр көзiнен айырылу. Осы тауқыметтердiң барлығы бiр адамның басында. Жалғыз жұбанышы – қалам. Қайсар адам едi. Сол үйiлiп төгiлген қыруар тауқыметтi қайсарлықпен ғана жеңдi.

Сол таудай-таудай тауқыметтiң iшiнде де алақанына салып отырған жалғыз тiрегi – жан анасы Набаттың дүние салуы ақынды көрiнеу көзге ойсыратып кеттi. Мүгедек кiсi қамқорлығынан айырылып абажадай төрт бөлмеде мектеп оқушысы Алпысбай екеуi ғана қалған . Бала мектебiне кетедi, ол келгенше құлып астында екi көзi төрт болып жатады. Су алып берiп, түбегiн төгетiн де жан жоқ.

Сол төрт бөлменiң қонақ бөлмесi кiсi қабылдайтын жаз жайлауы болатын. Тынысы кеңiп, жеңiл киiммен аунап-қунап жатады. Келген қонақ та емiн-еркiн отырады. Ал түкпiрдегi шағын бөлме қыс қыстауы. Суық тигiзiп алмау үшiн шағын бөлме барынша мықтап қымталады, iшi ұядай, өзiне жайлы жып-жылы. 1971 жылдың суық күзiнде ерте бардым. Набат апамның көзi бар кезiндегi қалыптасып қалған әдет. Пойыздан түсе сәлем берiп шығамын. Соқпай кеткенiмдi бiлсе, ренжитiн. Пойыз Қызылордаға ерте келедi. Есiктi көзiн уқалап Алпысбай ашты да қайта жатуға кеттi. Сырттан келген кiсiге бiрден бiлiнедi, жылы бөлменiң iшi удай ащы иiске бөгiп тұр. Зекең оянбаған. Тастай қымтанып ары қарай ұйықтап жатыр. Иiстiң удай болатын себебi – әбден қымталған бөлмеде саңылау жоқ. Зекең әлсiн-әлсiн насыбай атады. Сол насыбайды түбекке тастайды. Кiшi дәрет те сол түбекте. Екеуi қосылған соң анау-мынау сау адамды бәңгi етпей ме. Шешiнген соң түбектi алып шығып, тазалап түбiне су құйып орнына қойдым. Есiкке саңылау бердiм. Өзiме таныс шағын жез шылапшын мен тұтқасы сылдыраған кiшкентай әлеумен шәйнекке жылы су құйып дайын еттiм. Әбден мүжiлiп қылтанағы ғана қалған тiс шөткесi мен сабын, сүлгiсi де дайын. Ояну бойына бас жағында жатқан мүйiз көзiлдiрiгiне ұмтылады. Киiп алып:

– Оу, провинция, келдiң бе? – дейдi маған қарап.

– Асалаумағаллейкум, Зеке.

Қолы шағын, алақанға сыйып кетедi.

Екеумiз оңаша шай iштiк. Оңашадағы әңгiменi шүйiрке дейдi. Шүйiркеде жалпақ жұрт түгiлi жақынға да айтыла бермейтiн iшкi сыр шығады. Сонда әңгiме арасында: "Шаршадым. Пышақ, қайшы, алмас тәрiздi суық қаруларды түнге қарай менен алысырақ қойыңдар деп айтып отырмын", дегенi бар-ды мұңайып. "Ондайды қойыңыз, Зеке". Бұл әбден тарығып қажыған, ашынған адамның аузынан ғана шығатын сөз. Демек бұл кезде қатты күйiнiп, азарланған кездерiнде сондай суық ой да болған ғой.

Шүкiр, онан кейiн де оншақты жыл өмiр сүрдi, өзiн-өзi аямай берiле еңбек еттi. Естелiкте айтылатындай, көбiне қолжазбаға қайта қарамайды, өзiн-өзi жөндемейдi. Бар болғаны екi сынып оқыған оның жазуы маржандай екендiгi рас. Көрiнген кiсi қиналмай-ақ оқи бередi.

Өмiрiнiң соңғы кезiнде бiр барғанымда төсекте шалқалап жатыр екен. Оң қолын маңдайына қойып төбеге қадала қарап ойланып жатып тыныстап алатын әдетi бар. Айналасы қобыраған қағаз. Қап-қара сақал, мұрты қауғадай болып өсiп кеткен. "Бұныңыз қалай?" "Осы шығарманы бiтiрмей сақал-мұртыма ұстара тигiзбеймiн деп ант еттiм". Арзымбек Мәдединов көршiсi түсiрген сол сурет менде болатын. Кейiн таба алмай қалдым. Қолды болды.

Бұл дүниеден озарынан екi-үш жыл-ақ бұрын.

Жетпiсiншi жылдардың жазында Зекең Қазалыға бiр келгенде көп адам шақыруды қаламай "өзiмiз оңаша болайықшы" деп Файзолланы ғана алдырды. Жайланып болған соң "бiздiң үйге кеттiк" дедi ол. Сонда бардық. Күн ыстық болатын. Аулаға масақана құрғызып, үшеумiз түннiң бiр уағына дейiн әңгiме-дүкен құрғанбыз.

Сол Файзекең бұл жинаққа енiп отырған естелiгiнде былай деп жазады:

"Қызылорда қаласындағы Ногина көшесi №14 үйде емтиханға әзiрленiп жатқанмын. Бұл күндерде әбден етене боп, түбi бiр туысқандай болып кеткен қазақ әдебиетiнiң көрнектi өкiлi Қалмақан Әбдiқадiров, ақын-азамат Әбдiкәрiм Оңалбаев, жазушы Нәсiреддин Сералиев, менiмен құрдас жас ақын Қомшабай Сүйенiшевтер ойда жоқта мен жатқан пәтерге жетiп келмесi бар ма. Қуанышым қойныма сыймай, дереу дүкенге қарай зытып бара жатыр едiм, Қалекең жеңiмнен тартып қалды.

– Отыр, бала, шаруа бар!

– Аманшылық па?!

– Ойбай, аманшылық, жай жұмыспен келiп отырмыз, – деп, Қалекең мен Нәсiр жарыса сөйледi. – Әй, қорқақ сорлысың-ау! – деп, Қомшабай "тобышықтан" бiр қағып қалды… Менiң ерегiсе кету ескi дертiм едi. "Жайшылық" деген соң өтiнiштерiне құлақ аспай, үйдiң түбiндегi дүкенге барып, ол-пұл әкелдiм де, ардақты ағаларыма дәм таттырып болған соң шаруаларын сұрадым. Сөздi Қалекем бастады:

– Осы сенiң денсаулығың қалай?

– Өте жақсы.

– Келiн бар ма?

– Әзiр жоқ, Қалеке…

Осы арада Қомшабай араласа кеттi:

– Қалеке, бұл "өмiрi үйленбеймiн" деп жүр…

– Соның-дұрыс! – дедi Нәсiр де қағытып.

– Әй, тоқтатыңдар! Мен сөйлесiп отырмын ғой! Немене өздерiң! – деп Қалекең ашуланған соң әзiлкештер жым болды. Ұялып та қалды өздерi.

– Файзолла, – дедi Қалекең байсалды кейiпте әңгiмесiн қайта сабақтап,– Сен ақын ағаң Зейнолланы бiлемiсiң?

– Бiлгенде қандай!

– Оның сырқат екенiн бiлесiң бе?

– Хабарым бар, Қалеке.

– Бiлсең, – дедi Қалекең, – сол Зейнолла бәрiмiздiң ортамыздағы бiр сырқат дос-iнiмiз. Сенiң ағаң! Мен Сәкеннiң, Iлиястың, Бейiмбеттiң, Мәжиттiң, кешегi Мұхтардың көзiн көрген, дастарқандас болған, талай сұхбаттасқан көненiң көзi Қалмақан Әбдiқадiров, саған бұйырамын! Сен сөзсiз орындайсың! Солай ма?! – деп, маған тiктене, сұсты көзбен қарады. Жүрегiм зу ете қалды… Сәл ойланып тұрдым да: "Орындаймын!" – дедiм. Бәрi ду күлiп жiбердi. Түкке түсiнбей мен де күлдiм… – Мәселе былай, қарағым, – деп ендi Қалекең жұмсара, әкелiк жылы мейiрiммен сөйледi, – Зейноллаға биыл ауру батып жүр. Сол ақын ағаңды Алматыға апарып, қасында бiрге боласың. Бiр айдай емделген соң Көкшетаудағы Бурабай курортына апарасың. Екi ай жата ма, үш ай жата ма, қасында болып, өз iнiсiндей қызмет етесiң. Бар жауапкершiлiгi – сенiң мойныңда. Бурабайдан демалып, емделiп шыққан соң Омск қаласындағы урология институтына апарасың, онда көп бола қоймас, емдетiп, ауылға аман-есен жеткiзесiң. Осыны әбден ойлан да, жауап бер! Қолыңнан келе ме, денсаулығың жарай ма, ойлан,– деп Қалекең өте бiр ауыр тапсырманы аманат еттi. Ауыр мiнездi ағамыз Әбдiкәрiм Оңалбаев: – Байқа, қарағым, ол аса қадiрлi қазақ! – деп жалғыз ауыз сөз қосты. Ол да маған сынай қарап тұр. Қиналдым. Қысылдым. Жан терiм шықты. Жалтаратын жол жоқ! Мына ми қайнаған ыстықта алпамсадай Зекеңдi құшақтап, әуелi Жетiсуға, сонан соң Арқаға, сонан соң Омскiге баруым керек. Бұл – зор тәуекелдiң, көзсiз батырдың iсi. Мұны мен де, мына азаматтар да жақсы түсiнiп тұр. Бәрi де үндеспей сазарып, маған үмiттене қарайды. "Ойпырмай, ендi қайттiм?! Маған ғана сенiп отыр-ау, осылар".

– Қалеке! – дедiм бiр кезде, – бұныңыз зор адамгершiлiктiң iсi. Шынында, Зекең мына жазира заманның аясында, адамзаттың қамқорлығының арқасында тiрлiк етiп жүр. Мұны түсiнiп-ақ тұрмын. Бiрақ мен емтихан тапсырып жатқан кiсiмiн. Педагогикадан емтихан тапсыруым керек едi. Осы жалғыз сабағым қалып тұр, оны қайтем?– дедiм шынымды айтып.

Қалекең қарқылдап кеп күлдi.

– Сол да сөз боп па?! Әкел, зачет книжкаңды, мен қазiр-ақ "тапсырып" келемiн!

– Мен келiстiм! Тәуекелге бел байладым!"

Файзолла ағамыздың өзi де дiмкес, қолқада кәкiр бар. Соған қарамастан ағаларына берген сол уәдесiн түп-түгел орындап келдi, зiңгiттей кiсiнi шабаданына, домбырасына қоса көтерiп Алматы, Көкшетау, Омскi, одан тағы Алматы асып барып жарты жылдай көтерiп, күндiз-түнi жағдайын жасап, есен-аман елiне жеткiздi.Өзiн сөйлетсек былай:

"Менiң сорыма Зекең тым семiрiп кеткен екен. Ауыр. Оның үстiне қолында ауыр чемоданы тағы бар. Маған бiр оңашада Есмағамбет Ысмайылов: "Зейнолла туысқаның ба?" деп сұрады.

– Жоқ. Мен бiр қазақ, ол бiр қазақ.

– Бұл қиындыққа қалай төзiп жүрсiң?

– Қалмахан тапсырды. Достарым тiлек еттi.

– Бауырым-ай, көп жаса, көгер. Өз денсаулығыңды да ескер, жаным! – деп әкелiк ақыл айтты ол."

Көкшетауда тынықтырып алған соң Омск кеттi. Сонда болған мына бiр жайтты өз аузынан есiтпесек болмайды:

"Бiздiң ұяттау бiр iсiмiз болды. Ол – қолымыздағы қаптаусыз домбырамыз. "Осыны тастап-ақ кетейiкшi, Зеке!– деп қиылып сұрап едiм, ағамыздың да кiдi мiнезi бар едi ғой, "алып жүремiз" дедi, қысқасынан…

Осыны дәрiгерлер алғашында қызықсынса да, кейiн жақтырмауға айналды. Өйткенi аса әлсiз әруақтай жүдеу сырқаттар бiздiң оңаша палатада домбыра шерткенiмiздi ұната қоймаса керек.

Сырқаттар дәрiгерге шағым айтып, ақыры домбырамызды алды да "қайтарда беремiз" деп, өз кабинеттерiне апарып қойды.

Ал Зекеңнiң домбырасыз өмiр сүруi мүмкiн емес. Көңiл күйi күрт төмендеп кеттi. Кiтап оқуға көзi нашар. Үш күннен кейiн емдеушi дәрiгер әйелдi шақырып алып: "Мен емделмеймiн, қайтамын" – дедi.

– Ау, неге, Зейнолла Шукурович? Әдейi келген соң, емделгенiңiз жөн едi ғой. Не болып қалды? – деп сезiктене сұрады.

Зекең шынын айтты:

– Қымбатты дәрiгер қарындасым! Мен – қазақ ақынымын. Жиырмадан астам кiтабым жұрт қолында. Көрiп тұрсыз ғой, бiр көзiм жасанды көз, екiншi көзiм бұлдырап, кiтап оқуға жарамай барады. Еш әрекетсiз отыра алмаймын. Егер домбырамды қайтарып берсеңiз, бiр айдай емделемiн. Бермесеңiз, осы қазiр хош айтысамын.

Дәрiгер әйел бiраз ойланып тұрды да, тез кабинетке барып, Зекеңнiң далада үш күн түнеген домбырасын әкелiп бердi. Әй, бауырлар, сенесiздер ме, Зекең домбырасын құшақтады, көзiне жас алып, үнсiз бiраз отырды да, баяу шертiп қойып.

– О, туған даламның қураған қу ағашы. Сенсiз маған өмiрдiң қызығы не? Бұл жалғанда шын сөйлеп, шын сырласарым – сен ғана. Менде қатын жоқ, бала жоқ, мына жарық дүниенiң жарығы да күңгiрт тартып барады. Iшiм лаулаған жалын, күйiп өлемiн ғой мен сенсiз. Дауылпазым – домбырам, дауылпазым – домбырам! – деп аузынан от шашқанда, терiс қарап еңiреп мен отырдым."

Бiз әңгiмелеп отырған кiтаптың таралымы аз, демек ауыл арасынан ұзамайды, қашыққа жетпейдi. Сол маңда шөгiп қалады. Сондықтан олардың арасында Көкшетауда болған мына бiр жайтты да оқырман назарына салмасқа тағы болмай тұр.

"Бiз орналасқаннан кейiн бiр ай өткенде, Нәсiр мен Қомшабай 400 сом ақша салыпты. Маған, өзiме ғана! Мен арланып, ақшаны алмай қайта телеграфпен салып жiбердiм. Мұны естiген Зекең тас-талқан боп ашуланды.

Сәл шәлкем-шалыс келiп қалдық!

– Зеке! Мен ешкiмге жалданып жүргем жоқ! Адамдық парызымды өтеп жүрмiн! Алмаймын ақшаларын! – дедiм.

Асыл аға үндемей ғана отырды да:

– Мiнезiң бiртүрлi-ау, айналайын-ай! – дедi."

"Вагон iшiнде менiң көрген қияметiм – Зекеңдi арқалау емес, тар полкалар арасынан өту ғана болды. Ол кезде жас едiм, қайратты едiм ғой! Әйтсе де вагон iшiндегi полкалар құшақтасқан екi адамға тарлық етiп, шашымды ағартты. Зекеңдi дәретке апара жатқанымда, аяғындағы туфлиi мен шляпасы қайта-қайта түсiп, оны алайын десем, қолым бос емес, небiр зауалды өткiздiм ғой бұл бастан!"

Бұл титiмдей де қоспасы жоқ рас әңгiме. Әлi күнге дейiн Аралда пойыз екi-үш ақ минут аялдайды ғой. Әнебiр жылы әйтеуiр iлдеалдамен өзге вагонға iлiнiп, өз вагонымызға ит боп әрең жеткенбiз. Келесi вагонға өтерде Зекеңдi еңкейтемiн, қолы қарулы, темiр есiктi өзi ашады. Көлденең жүрсең әр жерге аяғы соғады, тар өткелекте қырынан жүру тозақ. Тер одан да кетедi, бұдан да кетедi. Ана қара туфли қалың шұлықпен кисiн деп кең тiгiлген. Көрiмдi осы туфлиден көресiң. Өсiп жатқан аяқ жоқ, қолпылдаған неме дұрыс бұрылмасаң да, босағаға тисе де, бiреуге жанассаң да сыпырылып түсiп қала бередi. Сонан Зекеңдi көтеруге машықтанып алғанмын. Алдымен өзiн жұнттай қылып киiндiрiп отырғызып қоямын. Сонан соң өз аяқ киiмiңдi киiп, бауын мықтап байлап, жолдағы көрпе, алашаларды түрiп тастап, оң жағынан барасың. Қолы қарулы. Шап етiп жабыса қалады. Оң жағынан баратының машинаның орындығына отырғызуға оңтайлы. Құшақтап көтерiп алған соң ендi бұрылуға мұрса жоқ, есiктердi айқара ашып тастап, жұртқа "туфли!" деп жар саласың да тарта бересiң. Түсiп қалса, жауапкершiлiк менде емес деген сөз. Аяқ киiмдi екiншi бiреу жеткiзедi.

Зекең көрсе, бейнеттi қаршадай балаға қара талақтай жабысқан сырқаттан көрдi. Обалы нешiк, қамқордан кенде болған емес. Сонау бiр теңiздiң түкпiрiндегi жылт етiп көрiнген жас ақынды алдымен Асқар Тоқмағанбетов, Мұзафар Әлiмбаев, Қалмұқан Әбдiқадiров, Әбу Сәрсенбаев, Әбдiкәрiм Оңалбаев, Сырбай Мәуленов тәрiздi ағалары қолдады, қолтығынан демеп, көмек көрсетiп отырды. Болса да Әбу ағамыз жазушы қауым арасында талай жасқа демеу болған кеңпейiл абыз ретiнде әйгiлi. Әбенiң Зекеңе жазған хаттары соншалық мейiрбандыққа толы. Ылғи да "қарағым Зейноллажан" деп басталады.

Сағи Жиенбаев, Қабдiкәрiм Ыдырысов, Нәсiреддин Сералиев, Әбiлмәжiн Жұмабаев, Әнуәрбек Дүйсенбиев, Сайд Баязитов, Қомшабай Сүйiнiшев тәрiздi ылғи да бiр ақеден достар қоршады оны. Бұлардың бәрi де Зекеңнiң ақаулығын бiлдiрмей көңiлiн асқақтатып өздерiмен тең ұстауға тырысты, қолдарынан келген көмектерiн аяған жоқ. Зекеңнiң осы достарының сыртынан қамқорлықтарын соғып отырғандығына талай куә болғам. Бұлардың достығы екiнiң бiрi қызғануға тұрарлық кiршiксiз адал да азаматтық достық едi. Әнуәрбектiң өлiмi Зекеңдi көрiнеу көзге қатты күйзелттi. Кәдiмгiдей соққы боп тидi. Содан кейiн өзi де ұзамады…

Зейнолла ақын Файзолла Омаров, Адам Мекебаев, Жақсылық Түменбаев, Елеусiз Кенебаев, Айжарық Сәдiбеков, Серiк Сейтмағанбетов, Өмiрзақ Жолымбетов, Тортай Бәсiбеков, Толыбай Абылаев, Оңдасын Бектұрғанұлы, Бегiмбай Ұзақбаев тәрiздi iнiлерiнiң қолдарынан түскен жоқ. Бұлардың бәрiмен де iш тартып әзiлдеп отыратын. Мiнездерi мен болмыстарына қарай ат қойып алатын. Қомшабай – "қомша", Елеусiз – "атлет", Серiк бәрiмiзге де – "Сережа", Айжарық – "аңғалбай" т.т. Бұлардың бәрi ылғи да ағаларының ығына жығылып, көңiлiне тиер әрекетке бармайды, оның сөзiн әмәнда күлiп қарсы алады.

Сол кезде екiнiң бiрiнiң қолы жете бермейтiн жайлы үй алды, қара "Волга" мiндi, арнаулы медбике бекiтiлiп берiлдi, кiтаптары үздiксiз шығып тұрды. Осының бәрi алдымен өз халқының, онан кейiн билiк басында жүрген азаматтардың арқасы.

Зекеңнiң өзi көмекке зәру болып жатқанмен сырқатын сылтауратпай iнiлерiн көзеп, қай-қайсысына да жөн сiлтеп отыратын қамқоршы едi. Олардың оңтайлы оқуларына, қызметiне, кiтап шығаруына, тiптi емделулерiне дейiн қол ұшын берiп, талай-талай жұмыстарға белсене кiрiстi. Өзi сондай күйде жатып, Файзолланы емдету үшiн атқа да мiндi ғой.

"1969 жылы жұлыныма зақым келiп, демiкпе деген кеселге ұшырап, өз аяғыммен жүре алмай, Қызылордадағы сiздiң үйге қос балдақпен бардым. Жүдедiм. Жағдайым екiталай едi. Үмiт жiбi үзiлгелi тұр едi. Маған қинала қарап, күйзеле отырып:

– Ой, ерiм-ай. Не күйге ұшырадың – дегенде, мен тебiрене толқып кеттiм-ау. Сен табанда өзiңдi алып жүретiн адам тауып, Алматыға әкелдiң де, ауруханаға орналастырдың. Мен үшiн Орталық партия комитетiнiң секретарына кiрiп, жақсы жағдай жасаттың. Мен 4 ай жатып сауықтым. Өмiр базарына қайтадан қызу араласып кеттiм. Анадан жаңа туғандай болдым, Жан аға."

Файзолла дәйi жоқ ақкөңiл, дос десе жүрегiн суырып беретiн адал адам едi. Мiнезi шалт, өтiрiк пен зорлыққа көнбейтiн албырт мiнездi ақын болатын. Бiр жағынан сырқат, бiр жағынан жұпыны тұрмыс шалғайлап, өрiс ала алмай өз кiтабын өзi шығаратын мына заманға да жете алмастан дүниеден озды. Ақын атанып атағы дүрiлдемесе де адам деген атына кiр келтiрмей жалғаннан адал өттi. Шаңы басылса батпағы, батпағы кепсе шаңы көтерiлетiн Қазалыда аппақ боп үнемi мұнтаздай таза киiнiп жүретiн. Кездесiп қалсақ болды ернiндегi насыбайын атып тастап, алдымен сұрайтыны: "Зекеңнен не хабар?"

Кiтапқа сын айта алмайсың, осы қалыпта қолға тигенiнiң өзiне тәубе. Өйткенi жинаққа енгiзiлiп отырған мақалалардың авторлары әр қилы, әр дәрежедегi кiсiлер. Бәрi бiрдей қаламгер емес, қаламгер болу шарт та емес. Ақынмен дәмдес, сырлас, әр қилы жағдайларда тоқайласқан не түрдi мамандық иелерi. Бұлардың бәрiн де ортақтастыратын Зейнолла Шүкiровке деген адами қамқорлық, аяушылық, тағдыры тәлкекке түскен замандасына деген адамгершiлiк парыз. Естелiктердiң қай-қайсысы да шынайы, жалған әсiрелеу, әдейi бұза тартып кету атымен жоқ. Кiтаптың құндылығы да осы қарапайым шынайылығында.

Естелiк адам көңiлiне, кейiнгi оқырмандарға қай қасиетiмен ұялайды? Ең бiрiншi – бұлтартпас шындығымен, ақ болса – ақ, қара болса – қара, екiншi – қарапайымдылығымен. Осы тұрғыдан қарағанда жеке өзiме Нәсiреддин Серәлиев, Қомшабай Сүйенiшев, Файзолла Омаров, Айжарық Сәдiбеков, Бегiмбай Ұзақбаевтардың естелiктерi көкейге ерекше қона кеттi. Зекең естелiктер арқылы шындықтағы бар болмысымен қайғырып, ашуланып, үмiттенiп, күлiп қасыма қайта келгендей болды.

Осы шынайы естелiктер арқылы таудай тауқымет арқалаған талант иесiнiң, өжет қаламгердiң өмiрдегi нақты бейнесi сомдалған.

Қызылордада тұрған кезiнде Зекеңмен көп дәмдес болған iнiлерiнiң бiрi – Зұлқарнай Сақиев болатын. Бұл кiсi көп естелiк айтар едi, қызық жайларды жазар едi. Мен бiлерде Зұқаңда ағасының дауысы да болуы тиiс.

Ақынды ерекше құрметтеп, көп қамқор болған Әбiлмәжiн Жұмабаевтан естелiк болса, кiтапты байыта түскен болар едi.

Уақыт оздырмай осыларды қайта бiр түгендесе, бiлетiн, бiлген адамдарға сауын айтып толықтыра түссе, жинақ әлi де ажарланып баи түсер едi-ау деген ой келедi. Ал ақынға жазылған, оның өзi жазған хаттар бiр бөлек. Бiр-бiрiн толықтыра түсетiн осы екi саланы тағы бiр бiрiктiрiп шығарар ма едi.

Айта келгенде бұл тәлiмi бар жинақ қазақтың табиғи бауырмалдығына бұлтарпас айғақ.

Пiшiмi Набат шешемiзге келiңкiрейтiн кiшкентай бала асыр салып жүрушi едi. Сабылып келiп, кетiп жататын көп қонаққа үйренген. Үйге мейман келгендi ұнататын, олардың ағасының жанында көп отырғанын қалайтын бала едi. Меймандар кетiп қалмасын деп олардың аяқ киiмдерiн тығып та қоятын. Асыр салып кiсiлердi әңгiмелестiрмей мазаны ала берген кезiнде Зекең шақшасын лақтырып қуып отыратын. Сол Алпысбай iнiм азамат болды. Осы күнге дейiн ағасы марқұм болғалы жүгiрiп жүрiп оның он алты кiтабын шығарған екен. Бұл екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн көп шаруа, үлкен ерлiк. Сөйтiп жазушының қолынан шыққан шығармалар түгенделiп те қалды. Ағасының үмiтiн ақтады. Ақынмен ұзақ уақыт дәмдес, сырлас болған iнiсiнiң бiрi ретiнде риза екендiгiмдi бiлдiру маған да парыз.

Талай-талай әлеуметтiк, мәдени маңызы бар iстерге ат басын бұрып, өзiне бейтаныс болса да Зейнолла ағасының кiтаптарының жарық көруiне бұрын да талай көмек көрсеткен осы жолы да бiраз ауыртпалығын мойнына алып отырған Алик Серiкұлы Айдарбаев iнiмiзге разы көңiлдiң барлығын қалай жеткiзбессiң.

Зекең көзi тiрiсiнде елу жылдық мерейтойын көрiп кеттi. Сонда қаламдас достары, халқы, iнiлерi, бар жұрттың алақанында қамкөңiл азаматтың мерейi бiр тасып төгiлген. Сонан кейiнгi бар ғұмыр екi-ақ жыл…

Алпыс жасы тойланбады. Жетпiсi еленбедi. Бүкiл қоғам өзгерiп, жұрттың әл-ауқаты шатқаяқтаған кезеңге тура келген соң кiмге болса да кiнә артарлық үдде жоқ.

Өткен жылы өнерге iшi ерекше бұрып тұратын Мұхтар Құл-Мұхаммед iнiмiздiң тiкелей бастауымен Қызылорда облысы, оның да iшiнде кiндiк қаны тамған Арал өңiрi, ақынын еске алып, есте қаларлық бiраз iс-шаралар атқарылып, мәре-сәре болып қалды. Ерекше тәнтi боларлық жайт – сол тойда бiр Зейноллаға отыз жетi ақын жыр арнады. Бiрiнен бiрi өтетiн сағынышқа толы ылғи да аңсау жырлар. Солардың да iшiнде Толыбай Аблаев, Мөлдiр Айтбаева, Салтанат Жүсiпова, Сапар Абдулла, Назгүл Бердiқожа тәрiздi жас таланттардың өлеңдерi жұртты пәрмендi шынайылығымен тебiренткен. Ақынды қайта тiрiлткендей болған.

Сол той ақынның өз халқының алақанында екендiгiн дәлелдедi. Күн-түн қатқан, аянбай арпалысқан ер еңбегiнiң еш болмағандығын айғақтады.

Қазақ рухының елеулi бiр көмбесi – қазақ әдебиетiнен айтарлықтай аулақтаған жаңа жас ұрпақ бұл жинақтың бас кейiпкерiнiң әдебиет үшiн қалай арапалысқанын түйсiнте бiлсе кәнi.

Молдахмет ҚАНАЗ