Жаңалықтар

Иоганн Вольфганг Гете: БIЗ ИСЛАМДА ҚАЛУЫМЫЗ КЕРЕК

ашық дереккөзі

Иоганн Вольфганг Гете: БIЗ ИСЛАМДА ҚАЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Алманияның ұлттық мәдениетiнде өшпес iз қалдырған ұлы немiс ақыны Иоганн Вольфганг Гётенiң шығармашылығында ислам тақырыбы ойып тұрып орын алады. Гетенiң өмiрлiк ұстанымын айқындауда оның достары мен жақын адамдарына жазған хаттары, 1771-1772 жылдары қолына түскен қасиеттi Құран мен парсының ұлы ақыны Шамс ад-Дин Хафиз Ширазидың "Диванымен" танысудан кейiнгi әсерден туған еңбегi "Батыс-шығыс Диванының" ықпалы орасан болды.

"Мұсылманмын" деп жұртқа жарияламаса да, ақынның көптеген шығармаларынан Ислам мен оның рухани-құндылықтарына деген көзқарасы айқын аңғарылады. Гётенiң бақи мен фәни туралы түсiнiгi Ислам қағидаларымен тұспа-тұс келедi. Ұлы ақынның мұсылман болған-болмағаны бiр Аллаға ғана мәлiм. Алайда оның қасиеттi Құранды Илләхи кiтәп, ал Мұхаммедтi (с.ғ.с) елшi деп танығанын баяндайтын еңбектер аз емес.

…1995 жылы Веймарда Гетенiң еңбектерi мен сансыз хаттарын зерттеген шейх Әбдүлқадыр әл-Мурабиттiң басшылығындағы топ оның мұсылман екендiгi туралы пәтуа шығарады. Гёте адамның тұтас болмысымен бүкiл әлемдi жаратқан Жаратушының ырқына бағынғанына кәмiл сендi. Мұны жазушы адам өмiрiнiң мәнi ретiнде қабылдап, Құдайдың қалауына бұлайша мойынсұнуды Ислам деп атады. "Батыс-шығыс Диуанында" ақын былай деп жазады: "Анау – мынау нәрсе туралы оңды-солды ой шығындау – қандай ақымақтық. Егер Ислам Аллаға мойынсұну болса,бiз бәрiмiз Исламда өмiр сүрiп, Исламда өлемiз". Ақынның бұл тұжырымы өзге тарихи құжаттарда да көрiнiс берген. "Бiр Аллаға деген сенiм,– деп жазады Гёте, – әр уақытта рухыңды биiк етедi,өйткенi ол адамның рухани тұтастығының өлшемi болып табылады. "Батыс-шығыс Диуаны туралы ескертпелер мен очерктер" атты еңбегiн¬е ақын тағы былайша ой қорытады. "Алланың тоқсан тоғыз сипатын айтып мұсылмандардың таспих тартуының өзi өте ұлық ғибадат. Тәңiрге тән барлық сипаттарды бiр негiзде еске алу Оның құдiретiнiң аса шексiздiгiн бiлдiредi, сондықтан мұсылмандар Оның еркiне бағынып, тыныштық табады".

Гётенiң бұл ұстанымы өмiрде кездесетiн барлық кездейсоқтықты жоққа шығартты. Оның пайымдауынша, адамның басынан өтетiн барша оқиға Алланың айрықша ишарасы мен сабағы iспеттi.

"Батыс-шығыс Диуаны" атты еңбегiне кiрiсерден аз ғана бұрын, 1813 жылдың күзiнде әлдебiр немiс солдаты оған Испаниядан Қасиеттi Құранның 114-шi "Ан-нас" сүресi жазылған ескi араб қолжазбасын әкелiп бередi. Оқымыстылардың көмегiмен Гёте бұл сүренi көшiрiп алып, оның мағынасына үңiлуге ұмтылды… Ақын өмiрiнiң соңына дейiн бұл оқиғаны өзiне жiберiлген Тәңiрдiң ишарасы ретiнде қабылдап өттi. 1814 жылдың қаңтарында Жаратушы тарапынан тағы бiр белгi берiлдi. Жазушы орыс армиясында қызмет ететiн мұсылман-башқұрттардың намазына қатысады. Ғибадат Веймардағы протестант гимназиясында өтедi. 1814 жылы Требрге арналған хатында Гёте бұл оқиға туралы былай деп тебiрене жазды: "Қазiр тiптi бұрынғы пайғамбарларға да таңсық дүниелер мен небiр кереметтер бола бастады. Бұдан бiрнеше жыл бұрын бiздiң протестант гимназиясында мұсылмандар құлшылық қылып, қасиеттi Құранның сүрелерi оқылады деп кiм ойлаған! Дегенмен бұл осылай болды және бiз башқұрттардың намаз оқығанын көрдiк, молласын тыңдадық, басшысын театрда құттықтадық. Ал бiздiң кейбiр ерекше дiндар ханымдар тiптi Құранның аудармасын кiтапханадан алдырды. Олар маған ерекше құрмет бiлдiрiп садақ пен жебе сыйлады, мен оны өз ошағымның үстiңгi жағына iлiп қойдым". "Ұйқыдағы жетеу" деген өлеңiнде Гёте Исаны екiншi пайғамбар деп атаған. "Иса пәк, ол бiр Алланың құлы, – деп жазады ақын. Оны Құдай дәрежесiне көтеру – Тәңiрдi мазақ ету. Алланың бiрлiгiн таныту арқылы бүкiл әлемге бас идiрген Мұхаммед (с.ғ.с.) әкелген шындық салтанат құрсын!"..

Гетенiң Исламға қатысты айтқан уәждерiн арқау етiп тұтас бiр кiтап жазуға болады..

1814-1815 жылдары Гёте профессор шығыстанушылар Паулюс, Лорсбах және Козегартенмен араб тiлiн үйрене бастады. 70 жасқа толған жылы, Гёте "Пайғамбарға Құран түскен түндi лайықты түрде қарсы алуға қамданғаны" жөнiнде жазады. "Батыс-Шығыс Диуаны туралы ескертпелер мен очерктерден" атты туындыдағы "Бұл кiтап мәңгiлiк қуат-күштiң қайнар көзi болып қала бермек" дейтiн гаухар тiркестер iлкiдегi ойымызға қазық болса керек.

Гётенi Құран тiлiнiң сұлулығы, әуездiлiгi мен ұлылығы, ондағы дiни және философиялық терең астар қайран қалдырды. Ол уақытының көп бөлiгiн Хақтың құлы ретiнде бiр Тәңiрге ғана ғибадат етуге жұмсайды. Бұл ақынның қасиеттi Құранның жекелеген аяттары мен 1771 жылы Бақара сүресiн аударған еңбегiнен көрiнiп тұр. Онда Гёте, адамдарға табиғат құбылыстары құдiреттi Құдайдың бiр екенiн және бар екенiн баяндайтын аяттарды арнайы таңдаған. Гете, "бiз аз нәрседен Жаратушының ұлық сипатын көре бiлуiмiз керек" деп мысал ретiнде Бақара сүресiндегi аралар туралы нақылды келтiредi.

Гёте қасиеттi Құранды латын, ағылшын, немiс пен өзге тiлдерге аударып қана қоюдың жетiмсiздiгi мен олқылығын сездi. Сондықтан қолы қалт еткенде жаңа тәржiмаларды табуға талпынатын..

"Бiздер, Еуропа халықтары – дейдi ұлы ақын, – мәдениетiмiздiң айрықша дамығанымен, хазiретi Мұхаммедтiң ұлылығының ең бiрiншi сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтiруге болмайды. Және бұдан кейiнде одан ешкiмнiң аса алуы мүмкiн емес"… "Сонымен..бiз Исламда қалуға тиiспiз. Мен бұған басқа ештеңе қоса алмаймын."

Бұл – Гётенiң тасқа басылып, дiндер тарихының төрiне мәңгiлiк қатталып қалған қанатты сөздерi.

Жолымбет МӘКIШЕВ, журналист