АҚЫТ АЛАШТЫҢ АҚЫНЫ

АҚЫТ АЛАШТЫҢ АҚЫНЫ

АҚЫТ АЛАШТЫҢ АҚЫНЫ
ашық дереккөзі

(Әйгiлi ғұлама Ғазез Ақытұлымен сұхбат)

– Қадырлы Ғазез ақсақал, әкеңiздi өзгеден гөрi өзiңiз жақсы бiлесiз ғой, Ақыт Үлiмжiұлын шын мәнiнде кiм деп бағалайсыз?

– Бұл сұраққа жоғарғы сөздерiмде де жауап бердiм-ау деймiн. Ақыт Үлiмжiұлы ең әуелi қазақтың iшiнен шыққан дiни ғұлама деп есептеймiн. Мен әдеттегi моллаларды бұлай атамаймын. Өйткенi дiни ғұлама болу үшiн төрт түрлi шарт болуы керек.

1. Дiни ғұлама болған адам Құранкәрiмдi қазақша аударып түсiнуi керек.

2. Құран iшiнде жазылмаған көп нәрселер бар, сол үшiн пайғамбарымыздың хадистерiн зерттеу керек.

3. Осы екеуiне негiзделiп Ислам ғұламалары жазған том-том кiтаптар бар. Осыларды бiр-бiрiмен салыстыра зерттеп түсiну керек.

4. Бұл еңбектердiң барлығы араб тiлiнде жазылғандықтан, араб тiлi грамматикасын жақсы, жетiк бiлуi шарт.

Мiне, бiздiң әкемiз жасынан өз талабының арқасында қажыға барып Мекке Мәдиненi аралаған, ислам шарттарын толық орындаған адам. Ол кiсiнiң Қазанда басылған көптеген кiтаптары дiни өлең-дастандар едi. Тiкелей дiн туралы жазғандары жарияланбаған. Ол кiсi қасиеттi Құранкәрiмдi қазақша аударып жатқанда, қолға алынып кеттi. Ал одан басқа "Бақшалар кiлтi" деген бiр кiтапты аударып болған едi, ол да қолды болды. Осылардың барлығына негiзделгенде әкем әуелi қазақ даласының Ислам дiнiн таратушысы, дiни қайраткер.

Сонымен бiрге әкемiз қазақ жазба әдебиетiнiң негiзiн салушы, әйгiлi ақын. Мұның дәлелi, Қазан баспасынан 1891 жылы жарық көрген "Жиһаншаһ" атты кiтабi. Алғашқы кiтаптары Ақыт Үлiмжiұлы, Ақыт Қорамсақов, Ақыт Қорамсақов Алтаиский деген аттармен жарияланған. Ол кiсi араб, парсы, түрiк, шағатай тiлдерiн бiлуiнiң арқасында Ислам ғұламаларының еңбектерiмен, шығыс әдебиет өкiлдерiмен сусындаған.

– Сонда Ақыттың алғашқы кiтаптары қай тiлде басылған?

– Негiзiнен қазақ тiлiнде ғой, бiрақ Шағатай, Араб, Парсы, Татар тiлдерiнiң үлгiсi, сөздерi көп еңбектерiнде ұшырасады. Бұл кезде Қытай қазақтары арасында кiтап шығарғанды қойып, баспаның атын да бiлмейтiн, ал Абайдың кiтабының өзi Ақыттан кейiн 7-8 жылдан соң барып шықты.

– Ақыттың Абаймен қандай байланысы болған?

– Менiң бiлетiнiм, 1930 жылдар, яғни менiң алты жас кезiмде Абай қолжазбаларын әкемнiң алдынан көретiнмiн. Кiтабын қанша бұрын шығарғанымен, үлкен жақтан әлемнiң Абайын ұстаз тұтты деп айта аламын. Бiрақ, екi алыптың әуенi, сарыны, ой-мұраты, арманы бiр қазақтың тағдыры болғанын ел бiледi. Бiр айта кететiн жәй, Қытай қазақтары арасына Абайды алғаш танытып, өлеңдерiн үгiттеп таратқан Ақыт екенi ақиқат. Бұл туралы өлеңдерiнде де айтылады. Ал, Шәкәрiммен менiң әкем құрдас…..

– Осы Ақыт Қажы еңбектерiнiң халық арасына кең тарау себебi неде?

– Әуелi бұл кiсi шынайы халықшыл, ұлтшыл адам болды. Әрi сол бiр қараңғы қоғамда осындай оқымыстылық деңгейге көтерiлу өте сирек едi. Ол кiсiнiң еңбектерiнiң негiзгi арқауы – дiн, Ислам дiнiн халыққа жеткiзу негiзiнде едi. Бiрақ мәдениет төңкерiсi кезiнде бұл еңбегi өзiне жала болып жабылып, дiн қайраткерi атағы алынып, еңбектерi тәркiлендi. Ақыттың ұлы, әрi қоғам қайраткерi атағымен соққыға ұшырап, жиырма жылдық түрме жазасын өтеп 1979 жылы 6-айда келгеннен кейiн, Ақыт Үлiмжiұлы туралы тұңғыш рет мақала жаздым. Ал, Моңғолиядағы қазақтар арасында 1898 жылдар Ақыт шығармашылығы туралы материалдар жариялана бастапты. Оның бәрiн тiзiп жату ыңғайсыз болар.

– Ақыт шығармаларының жалпы көлемi қанша деп межелейсiз?

– Қытайда Ақыт Үлiмжiұлының екi томы жарық көрген. Ал жарияланбаған қолдағы бар материалдардың өзi екi томнан асады. Оның сыртында халық арасынан да табылады.

– Сол шығармаларының жарияланбау себебi неде?

– Мұның басты себебi, сол кездегi баспа iсi саласының тапшылығынан көптеген шығармалары көшiрiлiп, қолдан-қолға тарап кетедi. Ал өз қолжазбалары әкем ұсталғанда бiрге мүсәдiрланды. Сол кезде көптеген материалдары жоғалып кетедi….

– Ақыт ақынның тап бермеде тауып айтатын тапқырлығы туралы да ел әңгiме қылады. Осы қаншалық шындыққа жанасады?

– Әкем жазба ақындықпен ғана шұғылданып қалмастан, жас кезiнде қазақтың ауыз әдебиетiмен де сусындап, айтысқа түскендiгi, замандастарына арнап қолма-қол әзiл өлең құрайтындығы оның төкпе ақындықтан да құр емес екендiгiн дәлелдейдi ғой.

– Мысалға бiрiн айта кетсеңiз?

– Ел арасына тараған аңыздарға сенсек, бiрде Ақыт ақын бiрнеше ақсақалдармен табақтас болып қалады. Iшiнде Ақыттан үлкен Бажақ деген адам бар екен. Бас пен жамбас қатар келгенде, "басты сiз алыңыз" деп басты салт бойынша Бажаққа ұсынады. Бажақ басты алмастан, алдымен жамбасты алып турай бастайды. Сонда Ақыт қолма-қол:

Әуелi Бажақ алсын таңдағанын,

Бажақтың мен алайын алмағанын.

Басты қойып, жамбасқа қол салған соң,

Бажақтың сонда бiлдiм аңдағанын,

– деген екен.

Тағы бiрде Ақыттың өзiмен бiрге почташы болған Қобдабай деген балуан құрдасының басында шашы жоқ, айнабас екен. Бiр күнi есiк алдында бет дәрет алып отырып, Қобдабай Ақытқа "әй, Ақыт, ақын болсаң мына менiң басымды қолма-қол өлеңге қос, болмаса мұнан кейiн ақын атыңды өшiр" деп айна басын көрсетедi. Сонда Ақыт:

Айнабас-ау, айнабас,

Айнабастай қайда бас.

Бит домалап түскендей,

Тайғанақ, тақыр, майда бас.

Қарсы алдымнан өтiңiз,

Көрiнсiн бiздiң бетiмiз.

Жалаңбас тұрып алдымда,

Аз аялдап кетiңiз.

Басыңа назар салайын,

Айнала бiр қарайын.

Бет көрiнiп тұрғанда,

Мұртымды басып алайын,

– дегенде Қобдабай "жә, ендi тоқтат! Ақындығыңды мойындадым" дегенiн Ақыт ақын қолға алынғаннан кейiн, ол кiсiнiң мұны жары Ұлжанға әңгiмелеп бергенiн өз көзiммен көрдiм.

– Ақыт Қажының соңғы өмiрi туралы не айтасыз?

– Абаққа аты шыққан Ақыт молла,

Тараған жазған хаты оңмен солға.

Басылып Европада кiтаптары,

Оқылып алды қазақ қолдан-қолға,– деп әйгiлi ақын Арғынбек

Апашбайұлы жырлағандай, ел мен жұрттың құрметiне бөленiп, қормалына айналған ғұлама ақын, ағартушы, ел қамқоры, ұлағатты ұстаз Ақыт Үлiмжiұлы Қытай қазақтарының тәуелсiздiк жолындағы ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң рухани көсемi болғаны белгiлi. Соны бiлген Шыңсысай үкiметi 1939 жылы 12-айдың 24 -күнi жiберген Керiм және Лю Шанжың қатарлы жендеттерi ұстап әкетедi. Арада 13 күн өткенде қайта келген белсендiлер Ақыттың барлық қолжазбасын, кiтаптарын екi түйе, бiр атқа артып, тартып алып кетедi. Ақыт Қажы бастаған қазақ зиялыларын қолға алғанда, Алтай елi атқа қонып көтерiлiске шығады. Халық көтерiлiсiнен сескенген үкiмет қазақтардан: “не талаптарың бар?” деп сұрағанда, ең алдымен Ақыт қажыны босатуын сұрайды. Бұл кезде әкем ауыр азаппен түрмеде өлтiрiледi. Үкiмет мұны халыққа айтпай, жалған уәдемен халықты алдайды. Арада екi жыл өткенде, 1943 жылы бейбiт жолмен сүйегiн қайтарып алып, өзi туған мекенiне жерледiк. Әкемiз алты некелi болған адам. Бүгiнде ғұлама ақын Ақыт Үлiмжiұлының 300 ден аса үрiм-бұтағы Қытай, Моңғолия, Қазақстан, Түркия қатарлы елдерде тұрады.

– Жалпы ел көкейiндегi ендiгi бiр сауал Ақыт Ақынның суретi жайлы. Осы күнгi басылымдардағы Ақыт портретi шынайы өз бейнесi ме?

– 1936 жылы күз. Менiң 12 жастағы кезiм. Көктоғайдың Тұрғын ауылында отырған үйiмiзге Мәми бейсiнiң Мәнкейi бастаған бiр топ адам келдi. Арасында қаңылтақ денелi, көзiлдiрiк таққан аққұбаша ханзу жiгiтi бар. Аудармашы Қаба ауданынан Бәди деген кiсi. Бұл ханзу жiгiттi сол кезде оқыған, санасы ашық ағам Қалманның таныстыруынша, сол тұста оқыған жучүнхұй деген екен. Бұлар әкемнiң жинағын басып шығаратын болыпты. Осы кiсiнiң талабы бойынша әкем басына ақ сәлде, үстiне құндызбен жұрындаған жұқа ақ iшiгiн киiп, үй iшiмен қарағай мешiтiнiң алдына барып топтық суретке түстi. Сол кезде әкеммен бiрге түскен адамдар: апам – Үкiжан, үлкен ағамыз – Ғабдысамет, онан кейiнгi ағаларым – Ақанай, Қошат, әпкемiз – Шәрипа, Ғазез (мен), Мақаш бес жаста жетеуiмiз. Кейiн айтқандай әкемнiң жинағы да баспаға жолданып кеттi. Бiрақ, жинақ бiр жыл жатып басылмай қайтып келдi. Сүйтсек, iлешала Жу Чүнхұй қолға алынып кетiптi. Көп өтпей әкем де қолға алынды. Ал әкемiзден жоғарыдағыдан басқа сурет қалмады. Ол кiсi түрмеде қайтыс болғаннан кейiн, 1948 жылы Боғда жаққа, Шонжы ауданына қоныс аударып барғанымызда, Оспан ауылында молдалық iстеп жүрген Қапас мүфти (ол суретшi екен) деген адамға жоғарыдағы сегiз адамның iшiнен әкемнiң суретiн қиып алып, қарындашпен қайта сыздырдық. Кейiн бұл сурет адырақбайлар арқылы аудандық сақшының қолына түсiп, бүктелiп, сынып қалғандықтан, марқұм Қалибек Мәнапұлына екiншi рет сыздырғанбыз. Қазiргi кiтап-журналдарда пайдаланып жүрген сурет осы.

– Ақын шығармаларының зерттелу жайына аз тоқталып өтсеңiз.

– Жақында жазылған "Бас" атты толғауымдағы:

Ақытым асқар бел едi,

Шырменен жеткен дерегi.

Абақтың алтын терегi,

Алаштың асыл беренi.

Ұлтына ғылым берерi,

Құлшына жазам мен оны.

Жиғаны шалқар көл едi,

Иманы мәңгi қорегi.

Қазақтың жарық жұлдызын,

Ата жау артық көредi.

Шың шысай зұлым түрмеге,

Ақсақал ердi бөледi.

Аштықпен қинау астында,

Азаппен Ақыт өледi.

Ұрпаққа тарап өлеңi,

Жалғасып жылдар келедi.

Бабасы зұлым қытайдың,

Баласы есеп бередi, – дейтiн жолдар осындай күндер кешiрген бабамды жоқтаған балалық базынам едi.

Өздерiңiз танысқандай осы сұқбатымда ақындық қарымы алашқа танылған Ақыт Үлiмжiұлының әлеумет аңғара бермеген, әлiде болса айтыла бермеген кейбiр қырларына тоқталуды жөн көрдiм. Бүгiнде туылғанына 140 жыл толып отырған қазақ жазба әдебиетiнiң негiзiн салушы, ғұлама ақын, ағартушы Ақыт Үлiмжiұлының есiмi қазақ тарихы бетiнде мәңгiлiк қалатыны ақиқат. Алайда қазақ әдебиетi тану ғылымында Ақытқа шетелдегi қазақ әдебиетi өкiлi ретiнде қаралып, шетке қақпайланып қала беретiнi жасырын емес.

Ақыттану ғылымы Қытай, Моңғолиядағы қандастарымыз арасында кеңiнен жалпыласқанымен қолға алғанымен, елiмiздегi әдебиеттанушылар әлi де жалқаулық танытып келедi. Мұның себебi әр қалай. Жүйеден екi алып империя арасындағы қызыл сызық салдарынан Ақыт Үлiмжiұлы өмiрi мен шығармаларымен танысу қиынға соқты. Ал тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi жылдарда да ұлымызды ұлықтап, жоғымызды жоқтап, барымызды бағамдап алсақ та болар едi. Өкiнiшi "балапан басына, тұрымтай тұсына" кеткенде Ақыт шығармашылығы жоқтаусыз қалғаны рас. Қолдан құдай жасап, алты ауыз өлең жазғанды алып етiп ата қуып кеткен арсыздықтан бiр Ақыт емес талай ұлы тұлғаларымызды тот басып қалды. Құдайға шүкiр, шеттегi қандастарымыз арасында сөзi қатталып, жыры жатталып, есiмi ел аузындағы аңызға айналған Ақыт Үлiмжiұлын зерттеп, шығармаларымен танысу тәуелсiз елiмiзде де қолға алына бастады. Қазақстандағы қазiргi қазақ әдебиетi тарихына Ақыт есiмiн қалдыруда – филология ғылымдарының докторы, прафессор Зүфар Сейiтжанұлының "Ақыт ақыт" атты еңбегiн айрықша атап өтуге болады. Сонымен бiрге, тарих ғылымдарының докторы, прафессор Нәбижан Мұхаметқанұлы, филология ғылымдарының кандидаты Дүкен Мәсiмқанның, жазушы Жәди Шәкенұлының еңбектерiнде Ақыт шығармашылығы туралы кеңiнен баян етiледi. Жақында Алматыдағы "Қазақ қауымдастығы" баспасынан 2007 жылы жазушы Жәди Шәкенұлы құрастырып шығарған, Ақыт Үлiмжiұлының "Жиһаншаһ" атты өлеңдер мен дастандар жинағы ақын шығармашылығының Қазақстанда тұңғыш кiтап болып шығуы десек, жоқтан бар деп қанағат сезiнгенiмiзбен Ақыт шығармалары шетел қазақтары үшiн, болмаса азғана ру мен ұлыстың үлесi емес, ұлттық мiнбе тұрғысынан қарастыратын құнарлы еңбек екенiн ойланатын кез келдi. Осы орайда айта кетер базына Қазақстанның келешек қара көздерiне шетел әдебиетi, орыс әдебиетi, ТМД әдебиетi т.б. деп оқытып санасына құйып жатқан уақытта “Шетел қазақ әдебиетi” деген арнайы курс ашып оқытса да артық болмас едi. Курстың жүгiн кемiтпес талай тұлғаларымыз шетелде жатқанын айтудың айыбы не?! Ел болып елеңдеген “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында осы мәселенi де қарастырса құба-құп болар едi.

– Илайым, төрт құбыламыз түгенделер күн болсын ағайын!

Талапбек Тынысбекұлы