АТЫ - ҚАЗАҚ, ЗАТЫ – ҚЫТАЙ

АТЫ - ҚАЗАҚ, ЗАТЫ – ҚЫТАЙ

АТЫ - ҚАЗАҚ, ЗАТЫ – ҚЫТАЙ
ашық дереккөзі

Қытайдағы қостiлдi оқыту iсi осыған жетелеп келедi

Қытайдың ұлттық аумақтарында "Қос тiлдi" оқу-ағарту жүйесiн енгiзу күн сайын кеңiнен таралып келедi. Аты "қос тiлдi" оқыту болғанымен, шын мәнiнде "Қазақ тiлi" мен "Әдебиет" пәнiнен басқа пәндердiң бәрiнде сабақ бiр ғана тiлде (қытайша) жүрiледi. Жоғары оқу орындарында тек қана қытай тiлi бойынша бiлiм алады. Қытайлық ғалымдардың пайымынша, "ғылыми-техникалық бiлiмнiң қоры мол, ортақтандыру көлемi кең, өресi биiк қытай тiлi мемлекеттегi 55 аз ұлтты озық өркениетке жеткiзетiн бiрден бiр жол" екен.

Қазiргi кезде, қытай тiлi мемлекеттiк тiлге айналғанын ескерген ҚХР үкiметi, заң-құқықтық тұрғыдан алғанда, оны үйрену, бiлу және қызмет барысында қолдануды әр ұлт өкiлдерiнiң борышы мен құқығы деп таниды. Жергiлiктi әкiмшiлiктер мен партия органдары оны жүзеге асыру барысын "жаңа дәуiрдiң беталысы, жалпы дамудың талабы", "осы заманға сай ұлттық болмысты қалыптастырудың алғы шарты" деп халық санасына сiңiруге әрекеттенгенiне де аз болған жоқ.

Ұйғыр, қазақ және де басқа аз ұлттардың мәдениетi мен тiлдiк ортасы қою болған Шынжаңда қытай, ағылшын тiлдерiн оқыту үшiн ауыл-қыстақтардың тұрғындары балаларын қалашықтарға апарып оқытады. Қалаларда "қос тiлдi" оқу орындарының ұлттық сыныптарында оқитын қазақ пен ұйғыр балаларының саны күрт азайып, қытай сыныптарында бiлiм алатын аз ұлттардың саны еселеп көбейдi. Балалар бақшасындағы сәбилердiң тiлi қытай тiлiнде шығады. "Ана тiлiнде шешен, дәрiс тақырыбын жетiк бiлетiн, бiрақ қытай тiлiне шорқақ ұлттық оқытушыларды зейнетке шығару немесе бiлiмiн жетiлдiруi керек" деген сылтаулармен бiлiм жүйесiнен бiртiндеп аластай бастады. Ұлттық территориялы автономия заңындағы "жергiлiктi ұлт тiлiмен қатар жүредi" дегендерi қағаз жүзiндегi құрғақ ұранға айналды, басына iс түскен малшы-диқандар дәтiн жеткiзу үшiн қытай тiлiн бiлетiн адамды iздейдi немесе ақшаға жалдайды. Қытай тiлiн бiлмегендердiң мемлекеттiк жұмысқа тұруы мүмкiн емес. "Бiз ешқашан ұлттарды құртпаймыз, қайта құрып бара жатқан ұлттарды құтқарамыз" деген арзан сөздiң аясында ҚХР қазақтарының тiлi көркеюдiң орнына, тынысы тарылып, қолдану аясы тараю бағытына шұғыл бет бұрды. Басқа шығар жол таппаған қазақ пен ұйғыр жұртшылығының бiр бөлiгi қытай тiлiн осы бастан үйренбесек, дамуға iлесе алмай, түптiң түбiнде материалдық байлыққа кенеле алмаймыз деп алаңдайды.

Екi тiлде оқыту жүйесi қазақ оқушыларының бiлiм алуына ауыр кедергi болып отыр. Осы тұрғыда жергiлiктi мамандар мен мұғалiмдер үйлесiмдi оқыту әдiс-амалдарын тез арада бiрлiкке келтiрудi талап етсе де оны тыңдайтын құлақ жоқ. Әуелi, "партияға, мемлекетке және оның заң-саясатына қарсы тұрдың" деген сылтаумен қудалануы да ғажап емес.

Бiрнеше жылдан берi бiрiншi сыныптан бастап тiл-әдебиет сабағынан басқа дәрiстердiң бәрi қытай тiлiнде өтiлуi осы тiлдегi басылымдардың көбеюiне әкелдi. Бұл өз кезегiнде халықаралық сахнада қолданылатын, қазақ тiлiнiң 40% сөздiк қорын құрайтын жаратылыстық ғылыми атаулар мен терминдердiң жарамсыз қалу қаупiн тудырды.

Соңғы кезде жергiлiктi зиялы топтар қытай мектептерi мен ұлттық мектептердi бiрiктiру практикасының қостiлдi үйренудiң бiрден бiр амалы бола алмайтынын ашық бiлдiре бастады. Әсiресе шалғайдағы шекаралық аудандарда оқушылардың келiп-кетуiне қолайсыз мектептердi бiрiктiру малшы-диқандар мен олардың балаларына қолдан жасалған қиындық тудыруы халықтың ғазабын қозғап отыр. Бұрын қазақ мектептерi ұлттық дене шынықтыру және ұлттық ән-би, күй, айтыс, ою-өрнек секiлдi көркемөнер сабақтарына айрықша мән беретiн, қазақ бiтiмiмен дараланып тұратын едi. Мектептердiң бiрiгуiмен бұл үрдiс кейiнге шегiне бастады. Аты-жөнi қазақ болғанмен түр-тұлғасы, киiм-кешегi, ойлау жүйесi қытайлардан аумайтын аты – қазақ, заты – қытай жаңа буын өсiп келе жатыр.

Қытайдағы қазақтар ана тiлiн қорғау, дамыту жөнiнде ғылыми талқылау жиналыстарын тұрақты түрде ұйымдастырып, "Қос тiлдi" оқу-ағартуға көшкен мектептерде жаратылыстық ғылымдардың терминологиясын ана тiлiнде оқыту жөнiндегi ой-пiкiрлерiн бiлдiргiсi келгенiмен арманы көп, дәрменi жоқ күй кешiп келедi.

Бұдан басқа, соңғы уақытта Шынжаңның зиялылары арасында араб графикасындағы төте жазу әлiпбиiн латын әлiпбиiне ауыстыру жөнiндегi пiкiрлер жиiлеп келедi. Араб графикасын қолдануды жақтаған бұрынғы зиялы қауым, дiни топтар және ұлтшыл топтар өкiлдерiнiң қартайып, халық iшiндегi ықпалының әлсiреуi себептi, сондай-ақ, осы ғасырдың басынан бастап Қытайдың "батыс, солтүстiк өңiрдiң экономикасын кең көлемде игеру және дамыту" стратегиясының ықпалымен қытай тiлiнiң кеңiнен қолданылуына байланысты, латын әлiпбиiне қайта өту және осы арқылы өз тiлдерi мен жазуын сақтап қалу орайы туылуда. Осы тұрғыда, қазiргi кезде көптеген қазақ зиялылары ең алдымен Қазақстанның латын әлiпбиiне көшкенiн күтiп, сол әлiпбидi негiзге алуды ұсынып отыр. Латын әлiпбиi қытай жазуының латындық дыбыс таңбасы арқылы берiлетiн жазбаша нұсқасына (пiн иiн) жақын болғандықтан қытай елi де оған аса қарсы емес. Оның үстiне олар арап үлгiсiндегi жазуларды исламмен тамырлас қарап, оның қолданыстан қалғанын жек көрмейдi.

Осылайша Қытайдағы қазақтар "қос тiлдi" оқытудың көгенiне маталып, қытайласу құрығына iлiндi. Оларды қалай құтқару керек?

Кеңес Одағы заманында қазақтың қазақтығын сақтап қалған не едi, шетел асқан қазақтар өзiнiң қазақтығын қалай сақтады?

Осы мәселелерге көз жiбергенде мынадай тәжiрибе сабақтарды бiлемiз.

Қазақстандық қазақтардың "жанын" аман алып қалғаны олардың – әнi, күйi, кiтабы, сахналық шығармалар төңiрегiндегi кино, театры, радио-теледидары, және де сөнбеген ұлттық рухы. Ол тұста қазақ мектептерi бүтiндей жабылмағанымен уақыт өте келе қазақтар табиғи түрде орыс мектептерiне бүйрек бұра бастаған. Дiн түгелге жуық жойылған. Ендеше, "қазақстандықтар қазақ өнерiмен аман қалды" деуге ғана негiз бар.

Олай болса, "жер бетiне тарыдай шашылған өзге қазақтар тiлiн қалай сақтады?" деген сауал туады. Монғолиядағы қазақтарға монғол ұлтының қысымы болған жоқ. Еуропа қазақтары жалғыз Алладан ғана медет сұрады. "Тiлiм аман қалмаса да дiнiм аман болсыншы!" дегендi рухани тiрекке айналдырды. Ел бастап барған көнекөз қариялар қазақтықты дәрiптеп, ұрпақтарын өздерi тәрбиелеп отырды. Халифа Алтай секiлдi ғұламалар шетелде отырып-ақ қазақ тiлiн, шежiресiн, салт-дәстүрiн сақтау тұрғысынан ұрпақтарына ұлағатты кiтаптар жазып ұсынды. Ұрпақ тағдырына алаңдай бастағанда, Алла тiлектерiн берiп қазақ мемлекетi шаңырақ көтердi.

Бiздiң өткен кезеңдерге бұлайша бұрыла қарағанымыз сияқты Қытай елi де ондағы аз ұлттарды өзiне қалай сiңiру керектiгiн күнi бұрын ойлады. Оларда ұлтты жою жағдайындағы кеңестiк тәжiрибенiң кемелдi әдiстерiне өздерiнiң құрық бойламас қулық-сұмдықтарын қосып, жаңа әдiстер ойлап тапты. Оның негiзгiсi – ұлттың бойындағы ең асыл қасиеттерiн жою. Өзегiнен айрылған ағаш, тамырынан айрылған өсiмдiк қурамай қайтсiн!? Ұлттық ұжданынан айрылған ұрпақ ендiгi жерде ешкiмнiң зорлығынсыз-ақ өзiн-өзi құртады. Бүгiндерi қазақ тiлiн менсiнбейтiн "орысшылдардың" ортамызда әлi тайраңдап жүргенi сияқты онда қытай ұлтын мәдениеттiң көкесi санайтын "қауiптi будан" шаранасын жарып келедi. Олар арзан билiктiң басына шығып, "қуыршақтарға" айналған кезде ата-апаларының төбесiне шай қайнататын болады. Көресiмiздi сонда көремiз Халық "қос тiлдi оқытудан" алаңдай бастаған осындай бiр өтпелi кезеңде Қытай елiнiң ұйғыр немесе қазақ секiлдi ұлт өркендерiнiң мектепте үздiк оқығандарын iшкi өлкелерден тегiн бiлiм алуға, университетке түсуге жетелеуi, сондай болашақтық iс-шаралары үшiн күнi бұрын iстелiп жатқан жұмыстары. Мұны қазақтар "аюдың өз майына өз етiн қуыру" деп атайды. Ертең отты солардың қолымен көсетiп, өзiмiздi өзiмiз шыжық қылсақ онда олардың арманы орындалып, тәрбиелеген шәкiрттерiнiң "үмiтiн ақтағаны" болмақ. Ендеше қайту керек?

Кеңестер Одағындағы қазақтардың тiлiн сақтап қалған ән, күй, кiтап, кино, театр, радио-теледидар, қазақ мектептерi… тағы басқалар оларда қалай? Қазiрше бәрi жақсы сияқты. Әсiресе радио-теледидардың қазақ тiлiндегi бағдарламар таратуы бiздегiден де жоғары (Шын мәнiнде тiлi – қазақша болғанымен, рухы – қытайша, қытай мемлекетiнiң ұлттық тәрбиесiмен қауiпсiздiгi тәрбиесiн өзек етедi). Алайда өзгерiстi бiздiң күретамырымыз болған мектептен бастағаны – әрине, қасiреттiң бастауы.

Бiр қызық жайт, кезiнде Қытайда "мәдениет төңкерiсi" аталған саяси науқан қызып тұрған шақта, шетел радиосын тыңдауға рұқсат етiлмейтiн. Рұқсат етiлмей ғана қалмастан тыңдағандар қылмысты есептелiп, жазаға тартылатын едi. Шеңбер тарылып, шекесiне асық қыздырып басса да сол жұрт радионы ұрлап тыңдайтын болған. Кейiн Қазақ елi еркiндiк алғаннан кейiн жұрт көңiлiне тоғаю сезiмi орнап, бейғам күйге түстi. "Бәрi бiр қазақ елiмiз бар, солар бiздi жоқтап алады" деген алаңсыздық пайда болса керек, ешкiм шектеу қоймаса да баяғы ынтасы жоқ.

Осы орайда, Қазақстан екi жақты қарым-қатынастардың күшеюiн және стратегиялық әрiптестiк қатынастарды пайдалана отырып, Шынжаңдағы қазақтардың төл мүддесiне сай келетiн және ұлттық рухын нығайтатын жүйелi, нысаналы және байыпты саясат жүргiзуi қажет деп ойлаймыз.

Бiрiншiден, Қытайдың шекаралық аймақтарына қоныстанған қазақтардың "Қазақ радиосын" тыңдап, "Хабар", "Қазақстан ұлттық телеарнасын" көретiнiн ескере отырып, радио-телевизияда қытай қазақтарына қатысты (немесе "Шетелдегi қазақтар" деген тақырыппен) арнайы бағдарлама ашу керек. Мүмкiн болса онда Қытайдағы қазақтардың өткен тарихы, бүгiнгi тiрлiгi, әйгiлi адамдары, болашақтық бағыты көрсетiлiп отыруы керек. Әрi қытайдағы қазақтардың радио-телевизия тарату орындарымен арнайы байланысқа шығып, Қазақ елiнде түсiрiлген фильмдердi ("Қазақфильм" немесе басқа да студиялар) оларға сыйға берiп, тегiн тарату iсiн қолға алғаны жөн. Ән-күй жағынан да ондағы қазақ радио- телевизиясына үнемi тегiн көмек көрсету керек.

Екiншiден, Қытай жағы Қазақстаннан "Көршi" секiлдi журнал шығарып, Қытай елiнiң "ұлылығын" санамызға сiңiруге астыртын жұмыс iстеп жатыр. Бiз Қытай жағынан Қазақстанды таныту, қазақ мәдениетiн таныстыру мақсатында журналдар шығару iсiн неге қолға алмаймыз!?

Үшiншiден, Қазақстан тарапы үнемi шетел қазағына бағытталған iс-шаралар ұйымдастырып, оған әр шетелден, әсiресе қытай қазақтарынан өкiлдер қатыстырып отыруды жыл сайын емес ай сайын орындап отыруы керек. Ол тек қана ақындар айтысы, мүшәйра, концерттiк байқаулармен шектелiп қалмай әр түрдегi, әр мамандықтағы ғылым және өнердегi көп саланы қамтуы керек. Соның iшiнде мектепара, университетара барыс-келiстер көбейсе ондағы қазақ жастары бiздiң ортамызға жиi келiп, адасуының алды алынар едi. Бұл шаралар Қазақстанда ғана өткiзiлмей кезi келгенде Шынжаңда немесе оның әр аймақ-аудандарында жүргiзiлiп отырса нұр үстiне нұр болар едi. Аталған шараларды орындауға жауапты болуға Шынжаңда Қазақстанның Мәдениет орталығын құру мәселесi тезiрек қолға алынып, ол қазақтар жиi қоныстанған Үрiмжi, Алтай, Тарбағатай, Iле аймақтары бойынша жұмыс атқаруы тиiс.

Төртiншiден, Шынжаңдағы қазақ баспалары мен қазақстандық баспалар арасындағы және БАҚ өкiлдерi арасындағы, Жазушылар одағы арасындағы байланыстарды күшейту арқылы қазақ тiлiндегi кiтаптар мен басылымдардың сыртқа шығарылуын, өзара алмасуын, кiтап көрмелерi мен жаңа кiтаптар тұсаукесерлерiн өткiзуiн, түрлiше түсiндiрме сөздiктердiң дер кезiнде жетiп тұруын, ондағылардың қазақстандағы қазақ басылымдарын пошта арқылы жазғызып оқуын қамтамасыз ету керек.

Бесiншiден, қазақстандық мұражайлар мен әртүрлi қоғамдық ұйымдар немесе жеке өнер иелерi Шынжаңда ұлттық сипат алатын өз көрмелерiн ашуды дәстүрге айналдыру керек.

Алтыншыдан, жоғарыдағы мазмұндар аясында екi ел қазағының арасында гастрольдiк сапарлар жиi ұйымдастырылуы керек.

Жетiншiден, Қазақстан жағы латын әлiпбиiне көшудi тездетiп, "Дүниежүзi қазағын бiрiктiретiн" ортақ рухани тұтастық қалыптастыруы керек. Бiз латын әлiпбиiне көшудi қанша баяулатсақ, шетел қазағына қатысты құрбандықтарды солғұрлым көп беремiз.

Сегiзiншiден, Сыртқы iстер министрлiгi Қытайдың орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарындағы Қазақстанның бiраз аумағын ежелгi өз территориясы етiп карталап отырғанына өзгерiс енгiзудi талап еткенi жөн. Уақыт өте келе санасы уланған ұрпақ Қазақстан аумағын Қытай территориясы ретiнде тануы ғажап емес. Әрi Сыртқы iстер министрлiгiнiң Қытайдағы консулдық басқармасы немесе оның Үрiмжiдегi бөлiмшесi қандастарға визаны кезексiз ашуды жолға қою керек.

Тоғызыншыдан, Қазақстан- Қытай арасында еңбекшартымен жұмысшы қабылдау туралы келiсiмi жасалып, оған тек қана қазақ жұмыскерлерi тартылу керек.

Оныншыдан, Бiлiм және ғылым министрлiгi немесе Көшi-қон комитетi секiлдi органдар ондағы қандастардың атамекенге көшiп келуiне, отырықтануына, жастарының бiлiм алуына, жұмысқа орналасуына барынша мән беруi керек. (Қазiр көштiң баяулағаны, келемiн деушi студенттердiң азая бастағаны жасырын емес).

Жоғарыдағы өтiнiш-талаптарды орындауда Қытайдың өз заңдарын негiзге алу керек. Мысалы, 1984 жылы қабылданып, 2001 жылы өзгерiске ұшыраған "ҚХР ұлттық территориялық автономия заңының" 10-тармағында: "Ұлттық автономиялы жерлердiң автономия органдары өз жерiндегi ұлттар да өз ұлтының тiл-жазуын қолдану және дамыту бостандығы, өз салт-сана, әдет-ғұрыптарын сақтау немесе өзгерту бостандығы болуына кепiлдiк етедi" делiнсе, 21-тармағында: "Ұлттық автономиялы жерлердiң автономия органдары мiндет атқарған кезде, өз ұлттық автономиялы жерiнiң автономия ережесiндегi белгiлемелер бойынша сол жерде жалпылық қолданатын бiр немесе бiрнеше түрлi тiл-жазуды қолданатындар территориялық алған ұлттардың тiл-жазуын негiз етсе болады" – делiнген. Бұл бүгiнгi өздерi бастап отырған тiлдiк өзгерiстерге сәйкес келмейдi деген сөз.

Жәди Шәкенұлы