Жаңалықтар

ӘКIМ АУЫСҚАН САЙЫН "ҚОЯНДЫ" АУЫЛЫНЫҢ ЖОСПАРЫ ДА ӨЗГЕРЕДI ЕКЕН

ашық дереккөзі

ӘКIМ АУЫСҚАН САЙЫН "ҚОЯНДЫ" АУЫЛЫНЫҢ ЖОСПАРЫ ДА ӨЗГЕРЕДI ЕКЕН

Қоянды ауылы Астанадан 18 шақырым қашықтықта орналасқан. 2007 жылдың 7 мамырында Қоянды округi болып тiркелген. Округке Қоянды, Тимофеевка, Шұбар ауылы кiредi. Бұрын 60-тай үйi бар Қоянды Киров кеңшарының бөлiмшесi болған көрiнедi.

“Қояндыда 897 адам тұрса, округ бойынша халық саны 1500. Жалпы, тiркелмеген халық екi есе көп, олардың басым көпшiлiгi Астанада жұмыс iстейдi” – дейдi ауыл әкiмi. 2003 жылы Нұқ Оразханның басшылығымен оралмандар легi Қояндыға шоғырлана бастаған. 2003–2008 жылдарда ауыл әкiмдiгiнде жер телiмiн алуға 5013 арыз тiркелiптi. Жер телiмiн алған 1313 адамның 861-i оралмандар. Жер құжатын ала алмай жүрген 134 адам. "Қояндыдағы даудың басы 2004 жылы сол кездегi "Көшi-қон және демография" агенттiгiнiң төрайымы, қазiр "Руханият" партиясының жетекшiсi А.Жағанова мен сол кездегi Астана қаласы әкiмiнiң орынбасары болған, қазiргi Мәжiлiс депутаты Т.Мұхамеджановтардың арнайы ат басын бұрып, оралмандарға арналған 96 гектар жердiң қазығын қағудан басталды" – дейдi жергiлiктi халық. Ауылда жергiлiктi әкiмдiк пен мектептен басқа әлеуметтiк ғимарат жоқ. 50 оқушыға арналған мектепте 212 бала оқиды. Мектеп тоғызжылдық. Бұрынғы балабақшаның ғимараты. Ескi ғимаратта оқушылар сығылысып, бiр партада үш-төрттен оқып келiптi. 2009–2011 жылдары 900 орындық мектеп салынады деп жоспарланған екен.

Халықты қинайтын автобус қатынасы, медициналық көмек көрсету, ауызсу, жарық, бiлiм алу, жер мәселелерi. №38 қалалық автобусының Қояндыға қатынай бастағанына бiр айдан асты. Қалалық емхананың дәрiгерлерi де айына бiр рет келiп, медициналық қызмет көрсете бастаған. Таяуда дәрiхана ашылмақшы. Ауызсу мәселесi мүлдем шешiлмеген. Суды қаладағысы қаладан, даладағы жұрт даладан тасиды. Ауыл әкiмдiгiнiң жанында елдi электрмен қамтамасыз ететiн трансформатор орналасқан. Қалтасы қалың халық 80000–120000 теңгеге электр жарығын тарттырып алса, күнкөрiсi төмендер арзан бағаға заңсыз тартылған электрмен күн көруде. Заңсыздықтың соңы жақсылыққа әкелмейтiнiн жақында 29 жасар келiншектiң токқа соғылып қайтыс болғаны дәлелдеп отыр. Ауыл әкiмiнiң сөзiне сенсек, жарты жылда үлкен трансформатор салынбақ екен. Ауылда 40-тан аса телефон тетiгi бар.

Халық ауыл әкiмi заңсыз жер сатумен айналысады десе, Д.Сүгiрәлиев: "Нағыз алаяқтар халық iшiнде" дейдi. Өткен жылы жер дауымен мемлекеттiк органның есiгiн жағалаған халықты: "Бәрiн шешемiз. Қатырамыз" деп алдаса, биыл оларды ешкiм тоқтата алмай отыр. Құр сөз, құрғақ уәдемен аузын сүрткен шенеунiктерге халық сенуден қалған. Бұрын оралмандардың аузынан сөз ала алмайтын болса, билiктегiлер қазiр олардың аузын жаба алмай әуре. Олар биыл облыс әкiмi, "Нұр Отан" ХДП, қаржы полициясы, прокуратура секiлдi сегiз құзырлы органға арызданыпты. Мамырда 68 адам ауданға барса, аудан әкiмi қабылдамапты. Аудандық мәслихат депутаты Мәжiренов: "Сендерге жердi қайдан табамыз, шұбыртып 10 баладан табасыңдар" деп дүрсе қоя берген көрiнедi. Содан халық: "Депутат халықпен бiрге депутат. Халық болмаса, оның несi депутат? Не үшiн сайладық оларды" деп, 129 адам "Нұр Отанның" кеңсесiне келдi. Қабылдау жүргiзген мәжiлiс депутаты Ж.Сүлейменовке мән-жайды түсiндiрдi. Ол Қояндыда болып, халықпен кездестi. Аудан барып, облыс барып титықтаған халық жер дауын мәжiлiс депутаты шешедi деп, оған сенiм артып отыр.

"Өзiн-өзi басқару" қоғамдық ұйымының жетекшiсi Б.Алуайұлының айтуынша, ауыл, аудан әкiмi ауысқан сайын Қояндының бас жоспары да қайта сызылады екен. Халық қай жобаға сенерiн бiлмейдi. Облыс әкiмiнiң орынбасары болған Ж.Дүйсебаевтың (қазiр ол мәжiлiс депутаты) кезiнде Қояндыдағы 655 жер телiмi заңдастырылыпты. Жер дауын айтып, қоғамдық ұйым қаржы полициясына 20 рет, IIБ-не 10 рет, прокуратураға 20 рет арызданса, одан нәтиже жоқ. Шайнап бергендi жұта алмаған құқық қорғау органдарына халық сенбейдi. Аудан әкiмi, облыс әкiмiмен кездесуде алдын-ала дайындалған адамдар сөйлейдi де, жүзiң бар, бетiң бар деп, шындықты тiлiп тұрып айтатындарға сөз тимейдi. Ауыл әкiмi оралмандарды есiгiнен қаратпайды екен. Ауылда жиын болса, әкiм басынан башпайынан дейiн қаруланған полиция қызметкерлерiн сақадай сайлап қояды. Ж.Сүлейменов келгенде, полиция қызметкерлерi қарасын көрсетпедi. Сондықтан болар, кездесуден соң халық мәжiлiс депутаты Ж.Сүлейменов, аудан әкiмi М.Мыңжанов, оның орынбасары Б.Амантаев, "Политон" клубының жетекшiсi З.Батталова, аудандық халықты еңбекпен қамту және әлеуметтiк мәселелер бөлiмi бастығының орынбасары А. Әшiров, ауыл әкiмi Д.Сүгiрәлиевтi қоршап алып, мұң-зарын шақты. Қояндылық А.Тәби "Ауылдың бас жоспарындағы мектеп пен мәдениет үйiне бөлiнген жердi ауыл әкiмi баяғыда сатып жiберген" дедi. 22 отбасы қоныстанған жерге Д.Сүгiрәлиев: "Мектеп салынады, мешiт салынады. Жердi аламыз" деп, полиция қызметкерiмен келiп, онсыз да шарасыз күй кешiп отырған халықтың көзiн шарадай еткен. Оралмандар: "Ешқайда көшпеймiз. Осы жерде сүйегiмiз қалады" деп, орындарынан қозғалмай отыр. Ауылға дөкейлер келген соң, ауыл әкiмi мектеп орны қоршалып, қалған бос жердiң халыққа теңдей бөлiнетiнiн жеткiздi. Елдi дүрлiктiрмей, бұрыннан берi осындай шешiм шығарса, қайда қалды? Ауыз жаласқан жемқорлық аждаһаны Қояндыға тамырын тереңге салғанға ұқсайды.

Қояндыда "Өзiн-өзi басқару" қоғамдық ұйымы З.Батталованың көмегiмен 2007 жылдың 8 қыркүйегiнде ашылды. 27 маусымда ауыл әкiмдiгi Қоянды күнiн ресми түрде өткiзiп, халықты жинай алмады. 29 маусымда Қоянды күнiн "Өзiн-өзi басқару" ұйымы тойлады. Ұйым басшысы атқарған жұмысы жайлы есеп бердi. Мерекеге 500-дей халық жиналды.

Сәуле ҚАБАНБАЙ