Жаңалықтар

Жазылған жайдың жаңғырығы: МҰХАММЕД САЛИХҚА ЖӘРДЕМ КЕРЕК

ашық дереккөзі

Жазылған жайдың жаңғырығы: МҰХАММЕД САЛИХҚА ЖӘРДЕМ КЕРЕК

"Түркiстан" газетiнiң "Қоныс" қосымшасының №3 санында (8-мамыр, 2008 жыл) "Бiр хат" айдарымен "Мұхамед Салих елге орала ма?" атты Мұртаза Бұлұтайдың хаты жарияланған едi. Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшiсi Лама-Шариф мырзадан осы хатқа жауап келiптi. Төменде елшi мырзаның хатын назарларыңызға ұсынамыз.

Ф.ғ.к., дiнтанушы Мұртаза Бұлұтай мырзаға

Құрметтi Мұртаза Бұлұтай!

Сiздiң Елшiлiктiң атына тарихтың тәлкегiнен туған топырағынан ажырап, жетiмдiк зардабымен шеткейдегi Сауд Арабиясына келiп, бар өмiрiн осы жерде өткерiп отырған қандас бауырымыз Мұхаммед Салихты бүгiнгi таңда тәуелсiздiгiне қол жеткiзiп, еңселi ел қатарына қосылған қазақ жерiне қайтару туралы жүрек жарды өтiнiш хатыңызды алдық. Осы атамыздың тағдырына араласып, ең болмаса қартайған шағында туған топырағына аяғы тисе деген жанашырлық ниетiңiзге тәнтi бола отырып, қолымыздан келер iс-шараларды атқаруға тырыстық.

Атап айтқанда, М.Салихтың жағдайымен танысу мақсатында Елшiлiктiң дипломаттары үстiмiздегi жылдың 12 маусымында Жидда қаласында iссапармен болып, аталған азаматпен жүздестi.

М.Салихтың айтуы бойынша, жасынан әке-шешесiнен жетiм қалған ол Оңтүстiк-шығыс Азия елдерiнiң бiрiнен 7 жасында үлкен апасына ерiп, Сауд Арабиясына келген. Осы елде тұрғанына 58 жыл болыпты. Жанұясында 6 (4 ұл, 2 қыз) бала тәрбиелеп, қазiр олар ер жеткен. Екi баласы үйленiп, олардан немере сүйiп отыр.

Мұхаммед Салих 30 жыл бойы автокөлiк жөндейтiн шеберханада қызмет атқарған. Қазiр жасының ұлғаюына байланысты жұмыста жоқ. Ұлдары шағын саудамен айналысады. Дегенмен, жағдайлары өте төмен. Ұзақ мерзiм бойына Сауд Арабиясында тұрғанымен, әлi күнге шейiн осы елдiң азаматтығын не өзi, не ұрпақтары ала-алмай отыр. Сол себептi, бұл жағдай орта бiлiм алғанымен, балаларының төлемақысы жоғары жұмысқа немесе мемлекеттiк қызметке орналасуына үлкен кедергi болуда.

Шет елде өзiн "екiншi қатардағы" адам ретiнде сезiнген М.Салих балаларымен бiрге атажұртқа оралуды мақсат тұтып отыр. Дей тұрғанмен, қаражат тапшылығынан өз бетiмен Қазақстанға көшiп бара алмайтындығын айтып, арманы орындалмайтындығына өкiнiш бiлдiруде.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Көшi-қон комитетiнiң жауапты тұлғаларының айтуынша, "Халықтың көшi-қоны туралы" заңға сәйкес М.Салихтың жанұя мүшелерiмен Қазақстанның қай облысына болса да көшуiне еш кедергi жоқ және елге келген бойда белгiленген мөлшерде тиiстi төлемақы, үй салуына жер алуларына болады. М.Салих аталып өткен заң талаптарымен таныстырылды.

Қазiр М.Салих осы талаптарға сәйкес қажеттi құжаттарын түгендеуде.

Жоғарыда көтерiлген мәселелердi саралай келе, Сiздiң М.Салихтың тағдырына шын мәнiндегi жанашырлық ниетiңiзге сенiм бiлдiре отырып, сонымен бiрге осы жанның жағдайына елең етер, қазақ десе iшкен асын жерге қояр iскер адамдардың бар екендiгiне үмiтiмiз зор. Егер осындай демеушi ретiнде жанашыр жандар табылып, М.Салихтың жанұясының Қазақстанға көшiп баруына қаржылай қол ұшын берер болса, Елшiлiк оның елге көшуiне өз жағынан қолдан келер амалдарды атқарар едi.

Мәселен, алдаға қараша айы кезiнде, иншалла, қажылық басталады. Қазақстаннан 5 мың қажыны әкелетiн ұшақтар Жиддадан бос қайтып жатады. Сол себептi, қажыларды тасымалдайтын туристiк фирмалардың басшыларымен жолығып, М.Салихты бала-шағасымен туған жерге оралуына көпшiлiк болып көмектесуге ұйытқы болуды сұраймыз.

Құрметпен, Қазақстан Республикасының

Сауд Арабиясы корольдiгiндегi елшiсi Қ.ЛАМА ШАРИФ