Жаңалықтар

Экономика жаңалықтары

ашық дереккөзі

Экономика жаңалықтары

ЖЕР ТУРАЛЫ СӨЗ БОЛДЫ

Дүйсенбi күнi, ҚР Президентi Н.Назарбаев концессия және корпоративтiк дауларға рұқсат беру мәселелерiне қатысты ҚР заңнамалық актiлерiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы екi заңға қол қойды.

ҚР Президентi баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, концессияға қатысты қабылданған заң мемлекеттiк меншiктегi нысандарды концессионердiң қаражаты есебiнен салуға және қайта қалпына келтiруге бағытталған. Ал корпоративтiк дауларға қатысты құжат корпоративтi дауларға қатысты туындаған қиындықтарда заңды тұлғалар мен оған қатысушыларға тиесiлi меншiктi қорғауды қамтамасыз етедi. Жер демекшi, ресми мәлiметтерге сүйенсек, соңғы үш жыл iшiнде, яғни, 2005-2008 жылдың 1 шiлдесiне дейiн жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер телiмiн алуға 901 мыңнан астам өтiнiш түсiптi. Бұл туралы дүйсенбiдегi үкiметтiк отырыста ҚР Индустрия және сауда министрi Владимир Школьник мәлiмдедi. Министрдiң айтуынша, қазiргi таңда 235 500 жер учаскесi пайдалануға берiлiп, түскен өтiнiштiң 27 пайызы қанағаттандырылыпты. Үстiмiздегi жылдың соңына дейiн жергiлiктi әкiмдiктер қосымша 68 688 жер телiмiн бөлудi жоспарлап отырған көрiнедi. Ал алдағы 3-5 жылдың көлемiнде әкiмдiктер бөлетiн жерлерге 40 млн. шаршы метрлiк тұрғын үй салынады.

ҚАПШАҒАЙДА — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ

ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов Алматы облысына қарасты Қапшағай су қоймасы жағалауына халықаралық туристiк орталықтың құрылысын салу туралы хаттамаға қол қойды.

Ресiмдеу шарасына Үкiмет басшысымен бiрге ҚР Туризм және спорт министрi Темiрхан Досмұхаметов пен америкалық Eighth Wonder International Limited компаниясының жетекшiсi Марк Адвент қатысты. Жобада халықаралық деңгейдегi қонақ үй кешендерi, гольф ойнайтын алаңдар, мейрамханалар мен ойын-сауық, сауда мен спорттық нысандар құрылысын салу қарастырылған. Сондай-ақ, Астана қаласынан туризм мен қызмет көрсету саласындағы кәсiби бiлiктiлiгi жоғары ұлттық мамандарды дайындайтын Ален Дюкастың аспаздық өнерi және Қонақ үй бизнесi академиясын ашу жоспарлануда. Eighth Wonder International Limited – әлемдiк деңгейдегi қонақ үйлердi, ойын-сауық кешендерiн, туристiк орталықтарды салуда тәжiрибесi көп компания. Қапшағай жағасындағы құрылыс жобасының алғашқы кезеңiне 3 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы көлемiнде инвестиция салынбақ.

ӨЗБЕКТЕРМЕН КЕЗДЕСТI

ҚР вице-премьерi Өмiрзақ Шөкеев өзбекстандық әрiптесi әрi Өзбекстанның қаржы министрi Рустам Әзiмовпен кездестi. Жүздесу барысында оңтүстiкқазақстандықтарды табиғи газбен қамтамасыз ету мен екi ел арасындағы еркiн сауда аймағын құру туралы мәселе көтерiлдi.

Орталықазиялық аймақтағы тұрмыс пен тiрлiктiң осы өлкедегi елдердiң ынтымақтастығына тәуелдi екендiгiн жеткiзген Ө.Шөкеев өзбек шенеунiктерiмен бiрге екiжақты экономикалық байланыс, индустрия және сауда, ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығы, мұнай мен газ тасымалы, кеден мәселелерiн талқыға салды. Қазақ делегациясының құрамында ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң жетекшiсi Нұрлан Алдабергенов, ҚР Ауылшаруашылығы министрлiгiндегi Су ресурстары комитетiнiң төрағасы Анатолий Рябцев, ҚР Индустрия және сауда вице-министрi Жанар Айтжанова, "ҚазМұнайГаз" ҰК басшысы Серiк Бүркiтбаев, ОҚО әкiмi Нұрғали Әшiмов, Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Зауытбек Тұрысбековтер болды. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы былтыр 2006 жылмен салыстырғанда, 63,3 пайызға артып, 1 млрд. 410 млн. долларға жеткен. Сауда қатынасындағы серiктестiк жағынан алғанда, Ресейден кейiнгi екiншi орында тұрған өзбектер қазақтарды негiзiнен ауыл шаруашылығы өнiмдерiмен қамтамасыз етедi. 2008 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанға Өзбекстаннан 428,7 тонна ауыл шаруашылығы өнiмдерi әкелiнiптi.

ҮЛЕСКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ЗАҢ

Елiмiздегi наразылықтарға себеп болған үлескерлер дауына Үкiмет назар аударды. Сейсенбiдегi отырыста Министрлер кабинетi үлескерлер туралы заңға толықтырулар мен өзгертулер енгiзу туралы заң жобасын мақұлдады.

Аталған заң жобасы бойынша ҚР Индустрия және сауда министрi В.Школьник баяндама жасады. Заң жобасы үлескерлiк құрылыстағы өкiлеттiк органды анықтауға, үлескерлердiң қатысуы бойынша салынатын тұрғын үй құрылысына бұрынғыдай 5 емес, 1 ғана лицензияны енгiзуге, күшiне енетiн заңды үлескерлермен бiрге дүкен, кеңсе сияқты коммерциялық орындарға да пайдалануға мүмкiндiк бермек. Министр мырза аталған заңда құрылыс компанияларына қойылатын талаптардың күшейтiлгенiне тоқталды: "Тұрғын үй құрылысы бойынша кем дегенде үш жылдық тәжiрибесi және пайдалануға тапсырылған 100 пәтерi болуы шарт. Компанияға тиесiлi жеке капитал 100 мың айлық көрсеткiштен кем болмауы тиiс". Сонымен қатар үлескер екiжақты келiсiм-шартты бұзуға ниет бiлдiрген жағдайда олардың ақшасын қайтарып беру үшiн құрылыс компанияларының екiншi деңгейлi коммерциялық банктерде үлескерлер қаражатының 5 пайызына жуық қаржысы бөлек шотта сақталуы керек. Тағы бiр талап: құрылыс компаниялары жыл сайын қаржылық есептiк аудитiн жүргiзiп, оның көрсеткiштерiн өкiлеттi органдарға тапсырып отырады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ