ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНА ӘКIМ БОЛУ ОҢАЙ МА?
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНА ӘКIМ БОЛУ ОҢАЙ МА?
Қазiргi қала әкiмi Арман Жетпiсбаевқа бұрынғы билiктегiлер қандай мұра қалдырды?
Соңғы уақытта Шымкент қаласына әкiм болып баруға кез келгеннiң жүрегi дауаламайтын болды. Өйткенi, билiктiң орынтағында отырып, оңды-солды әртүрлi шешiмдер мен қаулы шығарып, халықтың бар байлығын талам-таражға салғандардың айы оңынан тумай отыр. Соңғы кезде Шымкент қаласына тағайындалған бұрынғы әкiмдердiң үстiнен қылмыстық iс қозғалып, елдiң арасында жайсыз әңгiмелер өрбiп кеттi.
Қала билiгiн жұмса – жұдырығында, ашса – алақанында ұстаған Ғалым Жұмжаевтың жүнi жығылып, жер талапайына байланысты үстiнен қылмыстық iс қозғалып, тiрлiгi сотта жатыр. Бұл сот процесiнiң сағызша созылып жатқанына былайша жұрт наразылық та жасап жатыр. Әдiлеттi үкiм шығады дегенге күмән де келтiредi. Бұл әкiм өзi қызмет iстеп тұрған кездегi әртүрлi жасаған былықтары үшiн түрменiң төрiнде отырмаса да, айырылған абыройын ендi ақшаға сатып ала алмайтыны ақиқат. Бұрынғы билiктегi асып-тасыған, думанды заманы да көзден бұлбұлша ұшты.
Саябақтарды мемлекетке қайтару жұмыстары бойынша Оңтүстiк Қазақстан облыстық прокуратурасының тексеру нәтижесi оңтүстiктегi атқарушы билiктiң талай былықтарының бетiн ашты. Оңтүстiк Қазақстан облыстық прокуратурасының басқарма бастығы Қанат Мамаевтың жұртқа жария еткен нақты мәлiметтерiнен мұны анық анғаруға болады.
"…Шымкент қаласы әкiмдiгiнiң саябақ жерлерiн беруi мен облыстық мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау департаментiнiң облыс әкiмдiгi жүргiзiп отырған жұмыстарға көбiне кереғар келетiн қызметi жөнiндегi мәселелер айрықша назар аударуды талап етедi.
ҚР Жер Кодексiнiң 109 бабы 2 бөлiмiне сәйкес жалпы пайдаланудағы жер учаскелерi азаматтар мен заңды тұлғаларға жалпы пайдалану үшiн нұқсан келтiрмейтiндей жеңiл үлгiдегi (сауда шатырлары, дүңгiршектер, жарнама ғимараттары мен басқа да сервистiк нысандар) құрылғыларды салуға уақытша жер пайдалануға берiледi.
Алайда әкiмдер мен жергiлiктi атқарушы органдардың лауазым иелерi бұл талаптарды өрескел бұза отырып, Шымкент қаласындағы саябақтар мен басқа да жалпы пайдаланыстағы жерлерге түрлi нысандардың заңсыз салынуына жол берген.
Мысалы, Шымкент қаласының бұрынғы әкiмi Ғ.Жұмжаевтың салдарынан Абай атындағы саябақта жаңа нысандардың құрылысына 35 жер учаскесi үлестiрiлген және әкiмдiктiң бiрде-бiр қаулысы берiлген жер учаскесiнде тек жеңiл үлгiдегi құрылғылар салу мен күрделi құрылысқа тыйым салу талаптарына жауап бермейдi.
№1235 "ШымНұр" ЖШС-не халықаралық стандарттағы спорт кешенiн салуға 0.9923 гектар жер учаскесi берiлген. Бұл жер учаскесiне "Ақарыс" спорт кешенi салынып, қала әкiмiнiң бұрынғы орынбасары Ю.В.Ен төрағалығындағы мемлекеттiк комиссия 2004 жылғы 6 желтоқсанда пайдалануға қабылдап алған.
Шымкент қаласы әкiмдiгiнiң 2003 жылғы 2 ақпандағы №168 қаулысымен (Ғ.Жұмжаев қол қойған) "Сигма-Вrаu" ЖШС-не кафе құрылысы үшiн 0.6412 гектар жер учаскесi берiлген. Әкiмдiктiң 2005 жылғы 2 маусымдағы №1598 қаулысымен осы ЖШС-не кафенiң бiр бөлiгiн сырахана дайындау орнына айналдыруға рұқсат берген. Саябақ iшiнде салынған сыра шығару зауытын пайдалануға қабылдап алу актiсiн Шымкент қаласы әкiмiнiң бұрынғы орынбасары Б.Ахметов әкiмдiктiң 2005 жылғы 21 маусымдағы №1938 қаулысымен бекiткен.
Қала әкiмдiгiнiң 2003 жылғы 7 қаңтардағы №15 қаулысымен (Ғ.Жұмжаев қол қойған) қала азаматы Б.Қозыбақоваға Абай саябағының қақ ортасынан нысан салуға және автопарк ұйымдастыруға аумағы 5.285 гектар жер учаскесi ойылып берiлген.
Яғни, қала басшылары мен өкiлеттi шенеунiктерiмiздiң өздерi саябақтарда мақсатты құрылыс нысандарын салуға болмайтынын бiле тұрса да рұқсат берген. Оларды заң талаптарын бiлмей қалды деу орынсыз болар едi.
Шымкент қаласының бұрынғы әкiмдерi Абай атындағы саябақ аумағынан жер бөлу жөнiндегi төрт шешiмге, Қ.Iзбасқанов бiр шешiмге қол қойса, қалған шешiмдердiң бәрi Ғ.Жұмжаевтың қолымен жүзеге асқан.
Бұдан басқа саябақтар жерiн бөлуге байланысты шешiмдер қабылдау кезiнде орынсыз артықшылықтар беру фактiсi кездескен. Мәселен, А.Мадияров пен Г.Күзембайға "Жеңiс" саябағы аумағынан бөлiнген жердiң заңсыздығы жөнiнде соттың 2004 жылғы наурыздағы шешiмi бола тұра Шымкент қаласының бұрынғы әкiмi Ғ.Жұмжаев бiр жылдан кейiн осы адамдарға сол жердi беру жөнiнде жаңа қаулыға (№1473 және №530 17.05.2005 жылы және 14.02.2005 жыл) қол қойған. Бұл факт бойынша жинақталған материалдар тиiстi шешiм қабылдау үшiн қаржы полициясына жiберiлдi.
…Бұрынғы әкiм Ғ.Жұмжаев басқарған жергiлiктi атқарушы органның одан арғы әрекетi де түсiнiксiз. Мәселен, құрылыс жұмыстары үшiн ешқандай рұқсат болмаса да қала әкiмдiгi 2004 және 2005 жылдары бұрынғы нысандардың орнына 25 жер учаскесiн ЖШС жекеменшiгiне өткiзiп жiберген. Аумаққа енетiн бiр учаскенi, жаңа нысандар салу үшiн 2 учаскенi, сондай-ақ, уақытша пайдалану үшiн 2.1618 гектар жер учаскесi жекеменшiкке берiлдi".
Бұл қала әкiмдерiнiң онды-солды заңсыз шешiмдер шығарып, Шымкенттегi бiтпес жер дауын туғызғандарын құзырлы органдар нақты фактiмен дәлелдеп отыр. "Ұсталмаған ұры емес" демекшi, билiктегi шенеунiктер өздерiнiң ешқашан қылмыстық iс-әрекетiн мойындаған емес, мойындамайды да. Сондықтан бұл жерде ақиқатты айта алған, шенеунiктердiң атақ-абыройына, қалтасына қарамай жазалауды талап еткен прокуратура қызметкерлерiне мың алғыс айтуға болады. Ендi бұл заңсыздықтарды реттеу үшiн қаншама адамдардың жүйкесi тозып, сот пен оттың арасында жүргендiгiн көрiп отырмыз.
Мiнберден халықтың қамын күйттеген болып өз мансабы мен қалта қамын ойлайтындардың бүгiнде Шымкентте асығы алшысынан тұрып жатыр деп айта алмаймыз. Дегенмен үйрек ұрлағандардың үш жылға сотталып, түйенi түгiмен, сиырды сирағымен, вагонды составымен жұтқандардың арамызда тайраңдап жүргенi әрине, халықтың ашу-ызасын тудырады.
Жұмжаевтан кейiн Шымкент қаласы әкiмiнiң тiзгiнiн ұстаған Өмiрзақ Әметтiң де басына бақ қонбады. Аты шулы Венада қазiргi күнде қылмыскер боп тығылып жатқан Рахат Әлиевтiң арқасында бiраз уақыт билiкте тайраңдаған Өмiрзақ Әметтiң де үстiнен қылмыстық iс қозғалып, сотты болып жатыр. Әмет те Шымкенттiң шырайын келтiрген жоқ. Жетiм-жесiрдi жебеймiн деп, өз имиджiн көтеру үшiн не суы, не жолы, не газы жоқ айдаладан "Достық" мөлтекауданын салып, елдiң есiн шығарды. Құжаттары бүгiнгi күнге дейiн реттелмеген ол шу әлi басылған жоқ. Айды аспанға шығармақ болған Әмет те облыстың әкiмi боламын деп арманда кеттi. Бүгiнде Шымкент қаласының бұрынғы әкiмi Өмiрзақ Әметтiң үстiнен қозғалған қылмыстық iс сотқа өтiп, қазiргi күнi Шымкент қалалық әл-Фараби аудандық сотында сот қарау iсi жүрiп жатыр. Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексiнiң қызмет бабын асыра пайдаланды деген бабымен айып тағылуда. Iстi қарап жатқан судья Шара Бисембиеваның айтуына қарағанда, қылмыстық iс 48 томды құрап отыр.
Бұдан кейiн қала әкiмi болған Анарбек Орманның да артынан бiраз шу көтерiлетiн түрi бар. Қала бюджетiнiң 10 млрд. теңге көлемiндегi берешек қарызы қалай пайда болғандығы жөнiнде кешегi билiкте жүрген А. Орманнан да сұрау салмақ. Сондай-ақ, саябақтарды мемлекетке қайтару жұмыстарын тексерген прокуратура қызметкерлерiнiң мәлiметiнде "…бұрынғы әкiм А.Орманның әрекетi, тiптi, қисынсыз. Өйткенi 2008 жылы 4-ақпанда жасалынған келiсiм-шарт бойынша Р.Тұрғанова саябақтағы уақытша пайдалануға берiлген 2 гектардан астам жердi қайтаратын болады. Алайда, бұл үшiн Шымкент қаласының әкiмi үйлер мен ғимараттар орналасқан басқа 26 учаскi бойынша ешқандай талап қоймауға мiндеттенедi. Бұл әкiм заңсыз берiлген саябақтар жерiн соттасу жолымен қайтарып алу орнына Абай атындағы саябақ аумағынан мемлекет қажетi үшiн 17 учаскенi алу жөнiнде (№1662 және №2088, 04.09.07 және 10.12.07ж) қаулы шығарады…" Тағы бiр атап өтер жайт, саябақтарды мемлекетке қайтару жөнiнде мәселе қозғалып жатқанның өзiнде мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау департаментi тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат берiлiп келдi. Мәселен, "Кен баба" саябағындағы "SNОВ" үй асханасы, атракциондар залы, осы саябақ аумағына енетiн Қазыбек би көшесi бойындағы мейрамхана ғимаратының құрылысына жоғарыдағы департамент 2007 жылғы 19 маусымда рұқсат берген.
Облыс орталығындағы көшелердiң, гулзарлардың бойында "қызыл сызықтан" асқан құрылыстар көп. Сондай-ақ, коммуналдық тораптар (магистральдық газ және су өткiзгiштерi) үстiндегi жерлердi жаппай берiп жiберу фактiлерi орын алған. Тек қаланың орталық бөлiгiнен мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау департаментi бұзуға жатқызған 90 нысан анықталды.
Мiне, Шымкентте бұрын билiкте отырған шенеунiктер қандай былықтар жасап, жұрттың берекесiн алғанын осы жоғарыдағы фактiлерден байқауға болады.
Ендi қалаға жаңадан әкiм болып тағайындалған Арман Жетпiсбаевқа бұрынғы атқа мiнерлерден қандай "ауыр мұра" қалғанын осыдан-ақ болжау қиын емес. Қаланың бұрынғы әкiмi Анарбек Орман "әне кетедi, мiне кетедi" деп жүргенде "Шымкент қаласына ешкiм әкiм болғысы келмей жатыр" деген гу-гу әңгiме де шықты. Жетпiсбаевтың да алдымен қалаға әкiм болып баруға құлқы болмаған дейдi жұрт. Дегенмен, жастық жiгер, оптимистiк рух, болашаққа деген үмiт пен сенiм Жетпiсбаевты тәуекелге бел байлатқан көрiнедi.
– Бiздiң командамыз қаланы өркендету, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жұмыс iстейдi. Осы бағытта бiз алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырмыз. Оның iшiнде бiрнеше үлкен бағдарламаларды iске асыру көзделген. Шындығын айтар болсам, мен бiлетiн кейбiр бизнесi өркендеген азаматтар қала әкiмi болғысы да келмейдi. Өйткенi жаны тыныш, дүниесi түгел, өзiне-өзi қожайын.
Мен үшiн бүгiнгi қызметiм өмiрде биiк мақсаттарды жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi деп сенемiн – дедi БАҚ өкiлдерiмен баспасөз мәслихатын өткiзген Шымкент қаласының әкiмi Арман Жетпiсбаев.
Жетпiсбаев ең алдымен команда жасақтауға кiрiскенi мәлiм. Ол кадрларды кәсiби iскерлiк қабiлетiне қарай таңдайтынын жасырмады. Тамыр-таныстық, жоғарыдағы үлкен лауазым иелерiнiң өтiнiштерiне құлақ аспауға тырысты. Бұл бағытынан айнымағанын өзi таңдаған кадрларға қарап-ақ айтуға болады. Жетпiсбаевты да алғашқы күндерден аяқтан шалып, кейбiр тәуелсiз ақпарат құралдары арқылы имиджiн түсiру бағытында қадамдар жасалғанын жасыруға болмайды. Шымкентте шиеленiскен саяси ойындардың бұл да бiр бiтпегенiн көрсетедi. Дегенмен әлеуметтiк сараптамалардың қорытындысы бойынша Жетпiсбаевтың қаланың проблемаларын шеше алады, қиыншылықтарды жеңедi деген үмiт те жоқ емес. Ол республикадағы қала әкiмдерi арасында рейтинг көрсеткiшi бойынша, 3-шi орынға қадам тiреген. Жаңадан тағайындалған әкiм үшiн бұл да жақсы баға.
Қала әкiмi бүгiн қандай әлеуметтiк-экономикалық басты проблемалармен айналысқалы отыр?
Шымкент қаласында ең басты проблема 9.7 млрд. теңге қарыз төңiрегiнде болып отыр. Бiздегi бейресми мәлiмет бойынша қала тұрғындарының саны 1 миллионға жақындап қалды. Жетпiсбаевтың командасы ең алғашқы күннен бастап қала бюджетiне және бюджеттiк бағдарламаларға толық талдау жүргiзген. Соның нәтижесiнде барлық түйiндi мәселелердi анықтап, қысқа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi бағдарламаларды жүзеге асыру жөнiнде нақты шаралар әзiрлеген. Жоғарыдағы бюджеттiк қарыздың қордалану жайы инфляция бойынша болжамдар мен дағдарыстың салдары ескерiлмегенiн аңғартады. Нәтижесiнде бiрiншi тоқсанда бюджеттiң кiрiс бөлiгiнiң орындалуы 55 пайызды ғана құрады. Бұл қарызға ай сайын кiрiстiң түспеген бөлiгi қосылып отыр. Сонда бүгiнгi таңда қосымша 3.5 млрд. теңгенi құрайды.
Бюджет түсiмдерiнiң түспеу себеп-салдарын нақтылап айтқанда, жер учаскелерi, мемлекеттiк бағдарламалар бойынша пәтерлер сатылмады. Мұнай өңдеу зауыты бойынша акциздердiң бiр бөлiгi аванспен алынып, ол өткен жылы жұмсалынып кеткен болып шықты. Салық түсiмдерi де күннен күнге азайып кеттi. Қарыздардың пайда болу жағдайына тоқталсақ, мердiгерлердiң алдындағы кредиторлық қарыздар көбейген. Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасы бойынша мерзiмi өткен бюджеттiк несиелер өтелмеген. Республикалық бюджеттен бөлiнген трансферттердiң игерiлмеуi де себепшi болды. Жалақы бойынша қарыздар көбейген. Осы жағдайды түзеу үшiн Жетпiсбаевтың командасы төмендегi iс-шараларды жүзеге асырмақ ниетте. Бюджеттiң шығыс бөлiгiн қысқарту мақсатында бiрiншi кезектегi келесi төлемдердi бекiттi. Жалақы, әлеуметтiк жәрдемақылар, коммуналдық төлемдер. Көгалдандыру мен көрiктендiруге жұмсалатын шығындардың басым бөлiгiн қысқартпақ. Жаңадан салынатын нысандардың құрылысын тоқтатпақ. Бюджеттiң кiрiс бөлiгiн ұлғайту жөнiнде бiрқатар iс-шаралар жүзеге аспақ. Ең алдымен сатылған жер телiмдерi бойынша қарыздарды төлету, жалға алынған жерлердi, мемлекеттiк бағдарламалар бойынша салынған пәтерлердi сату. Сондай-ақ, салықтар мен төлемдердi өндiрiп алу бойынша қатаң бақылау жасамақ.
Қалаға ең қажеттi бағдарламалар бекiтiлдi. Ең алдымен қаланың санитарлық жағдайын сақтау, "Нұрсәт" мөлтекауданының құрылысын аяқтау, жылу жүйелерiн қысқа дайындау, жолдарды орташа жөндеу, "Самал-1,2,3" шағын аудандарын ауызсумен қамтамасыз ету болып отыр. Бүгiнгi жағдайда шағын және орта бизнестi қолдау бағытында да Жетпiсбаевтың командасы тиянақты жұмыс жасамақ. Кәсiпкерлiктi қолдау орталықтары құрылады, қоғамдық қабылдау ұйымдастырылады. Әкiмшiлiк кедергiлердi жою жөнiндегi бағдарламалар түзiлдi. Сонымен қатар балаларға арналған мекемелерден 100 метр шеңберде iшiмдiктердi сатуға тыйым салынады.
Қала әкiмшiлiгi ұзақ мерзiмдi бағдарламалар түздi. Қаланың Бас жоспары әзiрленуде, аэро-фототүсiрiлiм жасалды. Қаланың әлеуметтiк мәселелерiн жақсарту бағытында көптеген игiлiктi iс-шаралар түзiлген. Шымкент қаласында тұрақты дамыту орталығын құру, дамудың стратегиясын әзiрлеу, жүйелi инвесторларды тарту, сапалы үш жылдық бюджеттi әзiрлеу сынды ұзақ мерзiмдi бағдарламалар көзделген. Жетпiсбаев қала тұрғындарын "көзбояушылық iс-шаралар мен шала шешiмдер болмайды" деп сендiрiп отыр.
Қала әкiмi бiрнеше кадрлық ауыз-түйiстер жасады. Жаңадан тағайындалған кадрлардың арасында өзiндiк ой-пiкiрi бар, қала тiршiлiгiн жақсы бiлетiн азаматтар да жоқ емес. Бұрынғы идеология саласында тәжiрибесi бар қала әкiмiнiң орынбасары болып Жолдасбек Күздеубаев қайта тағайындалды. Жолдасбек мырза: “Бiзде идеология саласында әлi де көзбояушылық, науқаншылдық басым, – дегендi айта келiп, нақты фактiлер келтiредi. – Бiрақ бұл салада мүлдем жұмыс жасалынбады деген ойдан аулақпын” – дейдi. "Тiл туралы" Заңның екiұштылығы талай тiрлiктiң оң шешiмiн табуына кедергi болып тұр деген пiкiрiн жасырмайды. "Мектептердегi жемқорлықты жою үшiн мектеп директорлары мен орынбасарларын жұмысқа конкурс арқылы қабылдауды қолға алғанбыз. Конкурс арнайы комиссияның БАҚ өкiлдерiнiң қатысуымен ашық өтетiн. Кейiн мен қызметтен кеткеннен соң тоқтап қалды. Бұл бастамаларды қайта қолға аламын" – дейдi ол. Басқа келеңсiздiктер туралы ойын сабақтай келе Күздеубаев: "Көрiп жүрмiз, кейбiр басшылар, әкiмдер қызмет мансабы үшiн бес-алты партия ауыстырып үлгердi. Бүгiн партияны сатып өзгесiне кiрген адам, ертең отанын сатады. Ана сүтiмен келген мiнезiм, ұстанымым өзгермейдi. Оны ешкiм өзгерте де алмайды" – деген қала әкiмiнiң орынбасары өз ойын жариялы түрде ашық айтты. Қалада Күздеубаев қызметте жүргенде көптеген былықтардың бетi ашылатын түрi бар.
Қала әкiмiнiң тағы бiр орынбасары Ерғали Бiлiсбековтi өз пiкiрi, өз ойы бар ұлтжанды азамат дейдi. Саябақтарды мемлекеттiң меншiгiне қайтару жұмыстарына белсене атсалысып жүр. Бұл жұмыс үш бағытта қолға алынды. Ауқымды мәселелердi бұл қала орынбасары бiтiмгершiлiк жолымен шешпек ойда. Жас отбасыларға баспана беру жайын ипотекалық бағдарламаға енгiзген шенеунiктiң бiрi.
Қала әкiмiнiң кеңесшiсi Мұхтар Мұхамбетжан – жастар арасында беделдi азаматтардың бiрi. Ол саясатта да ысылған кадр. Ол үнемi жастардың қамқоршысы болуға тырысады. Мұхтар да өз ойын кез келген жерде ашық айтып жүрген ұлтжанды азамат. Мұхтар айтады: "Ауруын жасырған өледi" деген рас. Сондықтан дәл бүгiн студенттер арасындағы коррупцияны бiз ашық айтуға тиiспiз. Расында да қолын жүрегiне қойып тұрып, асқақ көңiлмен қазақ Гимнiн айтып, гимн бiткен соң аудиторияларға барып, пара берiп зачет, емтихан алған жастарды патриот деп айтуға еш болмайды. Пара беру – Отаныңды бүгiн сату екенiн жастарға ашық айтып, осы ел болашағына көлеңке түсiрiп отырған құбылысты бәрiмiз жоқ етуге тиiспiз."
Қала әкiмi Арман Жетпiсбаевтың командасында қоғамдағы келеңсiздiктерге төзе алмайтын, әлеуметтiк әдiлетсiздiктi жоюға бет алған бiр топ ұлтжанды азаматтар жүргендiгiн байқауға болады. Қаладағы қордаланған проблемаларды шешуге олардың күш-қуаты, табандылығы жетедi деген ойдамыз. Дегенмен әлiптiң ақырын бағайық.
Балтабек ТYЙЕТАЕВ