БАҚЫЛАУ ЖОҚ, ДӘРI-ДӘРМЕК ҚЫМБАТ
БАҚЫЛАУ ЖОҚ, ДӘРI-ДӘРМЕК ҚЫМБАТ
Елiмiздiң денсаулық сақтау саласы халықтың сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отырғаны ащы да болса шындық. Оның үстiне "орындалмайтын" реформасы мен бағдарламасын тықпалай келетiн министрлер өзiне жүктелген мiндетiн тұщымды атқармағаны ел есiнде. Өз iсiнде салғырттық көрсеткен кешегi экс-министр Ерболат Досаев та, денсаулық саласына қатысты кез келген мәселенiң шешiлуiне кесiмдi пiкiрiн ашық айта алмайтын бүгiнгi министр Анатолий Дерновой да осы таз кепештен арылмауда.
Шымкент өңiрiн ұлардай шулатқан ВИЧ iндетi ошағы бiржола жойылмаса да, әзiр бұл туралы әңгiме аздап саябырсыған. Алайда, ана мен бала тағдырын тәлкекке салып, бар өмiрiн тұмандандырған iндетке ешқандай тосқауыл қоя алмағанымыз жанға батты. Әйтеуiр, оларға азын-аулақ көмек қолы созылғаны болмаса, жағдайлары бәз баяғы, iшкенi iрiң, жегенi желiм. Кiнәлi кiм? Әрине, дәрiгердiң салғырттығы мен өз iсiне немкеттi қарағандығы. Өмiр мен ажалдың екi ортасында арпалысқан қаншама адамды арашалап алып қалатын ақ халаттылардың еңбегiн еш еткiзгiмiз келмесе де, олардың тарапынан көрсетiлетiн көмекке қанағаттанбайтындар 80 пайыздан асады екен. Мiне, аяғы қасiрет пен тауқыметке, дәлiрегiнде, ана мен баланың ажал құшуына әкелген ВИЧ iндетi ел медицинасының қауқарсыздығын тағы бiр рет дәлелдеп бергендей.
Бiр айта кетерлiгi, бұл пiкiрдi министр Дерновойдың өзi де құптайтын сияқты. Ол бiр сөзiнде: "Қазiр елiмiздегi азаматтардың денсаулықтары нашар, тұрғындарға көрсетiлетiн медициналық көмектiң сапасы төмен. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы мен кадр ресурстарының төмен деңгейi және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстарының бәсекеге қабiлетсiздiгi бастаған iстi қажеттi деңгейде жүзеге асыруға қолбайлау болып отыр" деген-дi. Басқа емес, денсаулық сақтау саласының басы-қасында отырған басшының сөзi осындай. Алайда, бүгiннiң өзiнде мемлекеттен денсаулық саласына бөлiнiп отырған қаржы 2000 жылмен салыстырғанда 4 есеге өсiп, 400 миллиард теңгеден асса да, "баяғы жартас, сол жартас". Әрине, бұдан денсаулық саласына бөлiнген қыруар қаражатты жергiлiктi атқарушы органдардың тиiмдi жұмсай алмай отырғандығын аңғару қиын емес. Ал, Денсаулық сақтау саласының бұрынғы министрi Жақсылық Досқалиев "Ауруханаларға бөлiнетiн қаражатты облыстық бюджеттерден қайтарып алып, жұмсалуын, тегiн жәрдем сапасын қадағалауға арналған комитетке бақылату керек" дей келе, облыстарда сатып алынған медициналық құрал-жабдықтардың барлығы жұмыс iстемей бос тұрғандығын айтады. Дұрыс-ақ. Дегенмен, кезiнде осы салаға басшылық еткен Досқалиевтың денсаулық сақтау саласына айтар сынының көбейiп кеткенiн қалай түсiнуге болады? Кейде "Министрлiк тiзгiнiн ұстап тұрған кезде қайда қалған?" деген ойдың да қылаң беретiнiн жасырғымыз келмейдi.
ДӘРIГЕР ТАПШЫ, ӨЛIМ-ЖIТIМ КӨП
Аталмыш салаға бөлiнiп жатқан ақшаның көптiгiне қарамастан елде түрлi аурулардың саны өсiп, өлiм-жiтiм кемiмей тұр. Сорақысы сол, елiмiзде нәрестелер мен балалардың өлiмi көбейiп кеттi. Мәселен, әрбiр 1000 балаға шаққанда 15-тен келедi екен. Украина, Беларусь және Ресеймен салыстырғанда бұл көрсеткiш әлдеқайда көп. "Қазiр бiрiншi орында iштен дұрыс тумайтын нәрестелердiң, екiншi орында кемтар, кемiс туатын сәбилердiң, үшiншi орында өкпе ауруымен ауыратын балалардың өлiмi тұр", — деген едi академик Камал Ормантаев: "Қазақстанда 6 мың дәрiгер маман жетiспейтiндiгiн, оның үстiне денсаулық сақтау мамандарының жалақының аздығынан басқа салаларға кетiп жатқандығын жеткiздi. "Германиялық жүйеге көшемiз", деген желеумен бiрер жыл бұрын педиатрия факультетi жабылды. Ал мұның өзi балалар мен аналар денсаулығының проблемаларының көбеюiне соқтыратын факторлардың бiрi", — дейдi балалардың бас дәрiгерi. Ал, осыны бiле тұра жалған ақпаратпен жұртты алдаңқыратқысы келетiн Дерновой мырза: "Қазiр бала туу мен өлiм-жiтiм және халықтың табиғи өсiмi сияқты медициналық-демографиялық көрсеткiштер жақсарып, ана мен бала өлiмiне қатысты жағдай тұрақтанып отыр" дейдi. "Жақсы сөз жарым ырыс". Бiрақ та қолда бар дерек көздерi бұл пiкiрдi қуаттамай отырған жоқ па?
Ресми мәлiметтер бойынша, Қазақстанның медицина саласы 4 мыңға жуық дәрiгерге зәру. Ал, ауылдық жерлерде 2 мың 900-ден астам дәрiгер жетiспейдi. Осыдан-ақ денсаулық сақтау саласы маман тапшылығы мәселесiне бой алдырып отырғаны көрiнiп тұр. Денсаулық сақтау министрi Анатолий Дерновой "Дәрiгерлердiң жалақысын 30 пайызға көтерiп жатырмыз" дегенiмен мәселе толыққанды шешiмiн таба алған жоқ. Жалақысы аз, әлеуметтiк жағдайы сын көтермейдi. Осыны көрiп-бiлiп жүрген жастардың бұл мамандыққа қалай ынтасы аусын? Яғни, дәрiгер маманының тапшылығын жою үшiн алдымен соларға деген мемлекеттiк қолдауды кеңейтiп, қоғамда алатын рөлiне қарай материалдық жағдайын өсiру қажет. Дәрiгер өз iсiн адал, сапалы атқарсын десек, оның тұрмысы да сапалы болуы керек сияқты. Өйткенi, дәрiгер — алдына келген науқас адамның өмiрiне жауапты тұлға емес пе?!
ДӘРI-ДӘРМЕК МӘСЕЛЕСIНЕ МОНОПОЛИЯ ЕНГIЗIЛМЕК
Үкiмет елiмiздегi көптен берi дәрi-дәрмек мәселесiнiң ушығып кеткенiн, бей-берекет қымбат бағаға сатылуын алғаш рет талқыға салды. Дәрi-дәрмек саудасына арнайы бақылаудың жоқтығы министрлiктiң де, Үкiметтiң де бұл мәселеге селқос қарайтынын аңғартып жүрген. Айталық, кейбiр өңiрде бiр дәрiнiң түрiн бес есеге дейiн қымбат сату фактiсi тiркелсе, ендiгi бiр жерде тұтынушы сатып алған дәрiсiнiң орнына басқа сұйықтықты құйып қойғандығын бiлiп сан соғып қалған оқиғалар да кездескен. Премьер-министр К.Мәсiмов дәрi-дәрмектiң бағасын бес есе артық бағамен сататын пайдакүнем компанияларға қарсы тұру үшiн денсаулық сақтау ұйымдарына дәрi-дәрмектi бiрыңғай жүйемен бөлу жобасын қарастырып, монополия енгiзудi қолға алып, "Орталықтан басқару қарекетiне қайта оралмасақ, жеке компаниялар қазына қаржысын қанағатсыз қарпи беретiн түрi бар" дедi. Ал министр Дерновой: "Мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiне дәрi-дәрмек жеткiзу iсiне министрлiк тiкелей араласып, реттеп отырғаны жөн" дейдi. Өйткенi, қазiр әр облыс, тiптi, әр аудан өзi тендер өткiзiп, дәрiмен қамтамасыз етушi компанияларды анықтайды. Содан "қазаншының өз еркi қайдан құлақ шығарсаның" керi келедi. Бүгiнде бiр ауруханаға орташа есеппен 20 тасымалдаушы компания қажеттi дәрiлердi әкеледi екен. Бағаның өсуiне мұның тiкелей әсерi бар екенi айдан анық.
Шынында да, дәрi-дәрмектiң бағасы жыл сайын жиырма пайызға қымбаттауда. Оның үстiне мемлекет есебiнен сатып алынатын дәрiлердiң бағасы әр облыста әр түрлi. Кемiнде 30-50 пайызға дейiн айырмашылық бар. Бұдан бөлек тасымалдаушы компаниялар бiр жылдық дәрiнi ауруханаға бiрден әкелiп тастайтынға ұқсайды. Ал, медициналық мекемелерде дәрiнi сақтайтын қоймалар жоқтың қасы. Мiне, содан кейiн дәрiнiң сапасы нашарлай түседi. Егер министр байқау өткiзiп, бiр ғана операторды iрiктеп, қажеттi препараттардың 70-80 пайызын сатып алып, таратуды соның құзырына берудi ұсынса, ауруханалар төмен көлемде пайдаланылатын 20-30 пайыз арнайы дәрi-дәрмектi Денсаулық сақтау министрлiгiнiң фармация комитетiнен қолжетiм бағамен сатып алатын болады. Сол сияқты байқаудан жеңiп шыққан компания 20 миллиард теңге жұмсап, елiмiздiң аймақтарынан дәрi-дәрмек сақтайтын 16 жаңа қойма салуы тиiс екен. Министрлiк басшысы "Бiрыңғай бөлу жүйесiн енгiзсек, елiмiздiң барлық аумақтарына дәрi-дәрмек үзiлiссiз жеткiзiлiп, бюджет қаржысы 25 пайызға үнемделедi" деп сендiрдi.
Естерiңiзге сала кетсек, соңғы үш жылда дәрi-дәрмектi мемлекеттiк сатып алу көлемi 30 пайызға ұлғайса, былтыр мемлекет бюджетiнен 40 миллиард теңге жұмсалып, дәрi-дәрмек сатып алыныпты. Бiрақ, қомақты қаржының едәуiр бөлiгi тасымалдаушы компаниялардың қалтасына кеткен. Ал басқа елдiң тәжiрибесiнде дәл осындай қаржымен, яғни, 300 миллион доллармен Малайзия жыл сайын 26 миллион тұрғынына тегiн медициналық көмек көрсетiп, қажеттi дәрiнiң 70 пайызын сатып алып отыр. Ұлыбритания да жаңа жүйенi енгiзген бес жылдың iшiнде бiр миллиард фунт стерлингтi мемлекет қаржысынан үнемдеген көрiнедi.
Отандық медицина қажеттi дәрi-дәрмектiң тек 10 пайызын ғана өндiредi. Қалғаны сырттан импортталатын тауар. Алайда, дәрi-дәрмектi жөн-жосықсыз тасымалдаудың нәтижесiнде шетелдiң экономикасына қаншама инвестиция құйып отырған жоқпыз ба? Есесiне, қымбат бағамен әкелiнген тауар елiмiздiң дәрiханаларына екi-үш есе құнымен сатылады. Мұндай бейберекетсiздiктi жөнге салу үшiн дәрi-дәрмек саласына арнайы бақылаудың болуы шарт сияқты. Алайда, денсаулық сақтау саласынан алшақ емес министрлiктер бұл мәселеге монополия енгiзуге қарсы екендiктерiн бiлдiрiп қалды. Олар монополия болған жерде сапаның нашарлайтынын еске салып жатыр.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ