Жаңалықтар

БИ ӨНЕРIМЕН ӨРЛЕГЕН

ашық дереккөзі

БИ ӨНЕРIМЕН ӨРЛЕГЕН

"Өнерлi бала өрге жүзер" деген. Кiшкентайынан өнер атты құдiреттi кеменiң құлағын ұстаған Нұрсұлтан отбасындағы басқа балалардан ерек едi. Өмiрге, өнерге деген махаббаты да өзгеше өрiлдi. Алдыңғы "жағасы" – екi ағасы Нұрболат пен Бекболаттан бiр елi қалмай "Бәйшешек" би үйiрмесiне үзбей келетiн Нұрсұлтанның биге деген құштарлығы бес жасынан басталыпты. Бiр қызығы, құдiреттi өнердiң жанына терең үңiлу бақыты екi ағасына емес, Нұрсұлтанға бұйырған екен.

Өнер – тек өзiне бiржола берiлгендi ғана таңдайды. Әрi сол жолда аянбай тер төккендердi мойындайды. Мiне, соның бiрi Нұрсұлтан Бермаханов киелi сахнадағы алғаш тұсауын майталман әншi Роза Рымбаеваның концертiнде кестi. Өзi би үйiрмесiне жаңадан ғана барып жүрсе де, осынау өнердiң қыр-сырын тез арада меңгерiп алады. Тiптi, Нұрсұлтан сахнаға шыққан кезде осы бақытқа ие бола алмаған басқа бишi балалар мен олардың ата-аналары ерекше таңқалысын жасыра алмайды. Би құдiретiн бойына сiңiрген Нұрсұлтанның қабiлетiн дер кезiнде бiлген Нұржiгiт Құлбарақов өзi жетекшiлiк ететiн "Айналайын" би ансамблiне шақырады.

– "Айналайын" ансамблiнде жүрген кезiмде "Азия дауысы" байқауына дайындықсыз шығарып жiбердi. Бұл кезде де бидi ойдағыдай сәттi орындадым. Бiрде Алматы хареографиялық училищесiнiң оқытушылары келiп билеуге икемi бар он шақты баланы таңдап әкеттi. Соның iшiнде мен де он жасымда осы мектепке қабылдандым. А.В.Селезнев атындағы Алматы хареографиялық училищесiнiң халық би бөлiмiнде оқып жатқаныма сегiз жыл. Алла бұйыртса, биыл бiтiремiн. Осы мамандыққа бүкiл өмiрiмдi арнауға бел будым – дейдi бишi Нұрсұлтан.

Рас, кезiнде әсем Алатаудың баурайындағы бiрде-бiр концерт "Айналайын" би ансамблiнсiз өтпейтiн. Мәскеуде бiлiм алып келген ұстазы Нұрлан Жұмалиевтiң шақыруымен Қорғаныс министрлiгiнiң ансамбiлiнде, тiптi, талантты балалардың өнерiн паш ететiн "Әншi балапан", "Мисс обояшка" секiлдi байқауларда да бақ сынаған Нұрсұлтан алғаш сахнаға шыққан күннен берi әрдайым алдынан қолдау көрсететiн жандардың кездесiп тұрғанын мақтана айтады. Ал, Нұрсұлтан және оның отбасы үшiн ең қуанышты жағдай – жақында Сочиде балалар және жасөспiрiмдер арасында өткен ХI халықаралық байқауға қатысып жеңiспен оралуы. Өзiнiң талантына сенген Нұрсұлтан Сочиға интернет желiсi арқылы хат жазып, бидiң бейнетаспасын жiберген соң, көп ұзамай шақыру билетi келедi. "Көп түкiрсе көл" демекшi, бишi Нұрсұлтанның әкесi журналист-аудармашы, марқұм Алдоңғар Бермахановтың жақын жанашыр достарының көмек қолымен аттанған талант иесi үкiлi үмiттi ақтап қайтты. 17 мемлекеттен 2500 бишi қатысқан байқауда Нұрсұлтан украин халқының ұлттық биi "Гопакты" сәттi орындап, екiншi орынды иемдендi. Ал өзiмен бiрге бақ сынауға барған құрбысы Әсел Әлiмбекова бас жүлденi қанжығаға байлап, шетелдiктердi өз өнерлерiне тәнтi етiп оралды. Биге арнаған өмiрiндегi алғашқы жетiстiгiн аса бiр тебiренiспен жеткiзген бишi: "Әдiлқазы алқасындағы бiр француздың көзiне түсiп, төрт адамның iшiнде қазақ елiнен барған Әсел екеумiздi оқуға шақырды. Ал, мәскеулiк Ирина Шиголева: "Гитс" би оқуына түсуге көмек беремiн" – дедi. Одан басқа Испанияға демалуға екi аптаға жолдама бердi", – дейдi жүрекжарды қуанышын ақтарып.

Демек, Нұрсұлтанды әлi талай асулар мен биiк шыңдар күтiп тұр. Жас та болса, өзiне сын көзбен қарайтын талантты бишiнiң ендiгi арманы – би өнерi ерекше дами түскен Мәскеуде бiлiмiн ұштау. "Шетелде оқу-бiлiм алуға ұмтылсам да, өз елiмде қызмет еткiм келедi" деген Нұрсұлтанның әрқашан халқының мерейiн үстемдете беретiнiне сенiм артып, әрдайым айың оңынан туып, жұлдызың жарқырай берсiн демекпiз!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ