ҚҰНДЫЗ, ҚУЫРШАҚПЕН ОЙНАЙСЫҢ!..
ҚҰНДЫЗ, ҚУЫРШАҚПЕН ОЙНАЙСЫҢ!..
Қазақ қаракөздерiн осылай арбайтын клуб бар
Редакциямызға 72 жастағы қария Оразхан Нарымбетов келiп, өзi куә болған жайтты баяндай жөнелдi. Қаны қазақ деп, жүрегi ұлт деп соғатын ақсақалдың ашуы әбден шарықтау шегiне жеткен болуы керек, жанын шүберекке түйiп-ақ тұр екен. Екi қолы парақша мен кiтапшаға толы. Кiтапша дегеннен-ақ миыңызға сарт ете қалған шығар, иә, бәз-баяғы көше кезiп, қолыңа бояуы қанық кiтапшаларын ұсына кететiн миссионерлiк дiни ағымға қызмет етiп, үгiт-насихат жүргiзетiндердiң "рухани азықтары". Ал парақшасы – Iнжiл балалар клубына қатысуға арналған балаларды шақыру билетi екен.
Бiз де әлгi парақшаны қолымызға алып, онда жазылған сөздерге көз жүгiрттiк. Қазақшасы қате, сауатсыз жазылған кiшкентай ғана ақ қағаздың төбесiне "Балалар клубы" делiнген де, жанына 5-12 жас аралығындағы балалардың қабылданатынын және болатын күнi мен уақытын көрсетiп қойыпты. Ал астына "Оиындар. Оиыншықтар жасау. Киелi кiтап. Аңгiмелер. Сылықтар" дейдi де, "Балаларға ата-аналарынан балалар клубына қатысуға жазбаша рұқсат керек" дегендi бадырайтып жазған. Бiлуiмiзше, ата-ана "Баламның iнжiл балалар клубына қатысуына қарсы емеспiн" деп өз қолын қоюы тиiс көрiнедi. Бiз парақшада жазылған сөздердi қаз-қалпында берiп отырмыз. Ана тiлiмiздi қорлап, мүсiркеп жазған хабарламаны оқып төбе шашымыз тiк тұрды. Қазақтың қаракөздерiн бiлген қазақ тiлiнде жазып-шақырып, санасын улағысы келген жат пиғылды ағымның тағы бiр астыртын әрекетi секiлдi ғой бұл.
Әуелi миссионерлiк ағымның қазақ балаларына ауыз салған әрекетiн Оразхан атаның өз аузынан естуге асықтық. "29-маусым, жексенбi күнi немерелерiм Төрехан мен Нұржамалды жас қыздар мен келiншектер "Балалар клубына" келiңдер, ойын-сауық көрсетемiз, ойыншықтар беремiз" деп қолдарына шақыру билетiн берiп, ата-аналарың қолын қойсын, бiрақ олар келмесiн" деп, билеттi ұстатып жiберiптi. Содан олар көршi балалармен бiрге жүгiрiп кеттi. Артынан "Не ойын-сауық көрсетедi екен, бiлiп қайтыңдар…" деп әйелiм мен келiнiмдi жiбердiм. Өзiм де шыдай алмай бардым. Тұрғыт Өзал көшесiндегi (№350 үй) жеке қораның iшiндегi екi қабатты үй екен. Iшке енсем, 4-10 жас аралығындағы 20 шақты қаракөз қазақтың балалары көздерi жәутеңдеп отыр. Сыныптағы оқушылар сияқты қолдарына қалам берiп, үгiт-насихат сабақтарын жүргiзгелi жатыр екен. "Келiңiздер, отырыңыздар" деп бәйек болып, асты-үстiмiзге түсiп әлек. "Неге қазақ балаларын ғана жинап алғансыңдар, бұл не мекеме?" десем, "Бiз бұларға көмек көрсетемiз, оқытамыз" деп шыр-пыр болды. Дәлiзi кiлең басқа дiндi үгiттейтiн кiтап-журналдан көз тұнады. Ашу-ызаға булығып, қолындағы шақыру билетiн күшпен тартып алдым. Дереу көршi-қолаңға, ауладағы балаларға хабарладық. Олар да жүгiре шауып "қамаудағы" балаларды шығарып алды".
Iнжiл балалар клубына баратын басқа емес, өзiмiздiң қаракөздер екенiн естiп-бiлгенiмiзде елiмiздегi дiни заңның солқылдақтығын сезiнгендей болдық. Оразхан атаның ашына айтқан әңгiмесiнен кейiн сол клубтағы шараларға абайсызда қатысып, жүректерi шайылып қалған балалармен сөйлескiмiз келiп балалар алаңқайына бардық. Көңiлдерiне кiрбiң түспеген балалардың әңгiмесi де сол клуб жайында екен. Тiптi, кинодағы жалмауыздың үйiн көргендей, бiрiнiң үрейiн бiрi ұшырып айтып жатыр. Бiрi: "Анау тәте маған ендi бұл жерден шықпайсың" деп мойныма пышақ тақап қорқытты десе, екiншiсi: "Сендердiң мұсылман дiндерiң құрыған, ендi Исаның құлы боласыңдар!" деп айтқан сөзiн дiрiлдей жеткiздi.
"Балалы үйдiң ұрлығы жатпайды" демекшi, әйтеуiр көзбен көргенi мен естiгенiнiң бiрiн қалдырмай жан-жақтан жамырай айта жөнелдi. 6 жастағы кiшкентай Құндыз да шақыру билетiне анасына қол қойғызып алған. "Қуыршақпен ойнайсың!" дегенге қуана жүгiрген Құндыздың қайда барғанынан бейхабар жұмысбасты ана алғашында мән бермеген. Сөйткен Құндыз айналдырған екi күннiң iшiнде көз алдынан талай сұмдықты өткiзiптi.
– Далада ойнап болған соң, iшке кiрдiк. Сосын әңгiме тыңдадық. Бiрақ бәрi бiз бiлмейтiн әңгiме. Бiр кезде Оразхан ата келдi. "Кетемiн" деп атаның қолын ұстап едiм, анау тәтей менiң қолымнан жұлқылап жiбердi. Сандуғаш, Мұстафа үшеумiз үйге кеткiмiз келiп едi, бiздi жiбермей қойды. Кейiннен Мадияр, Жәнiбек, т.б. ағалар келiп шығарып алды.
– Сендерге басқа ештеңе iстемедi ме?
– Сандуғаштың қолына бiр бiлезiк тақты. Артынша қолым бiр түрлi ұйып кеттi дедi. Сосын бiзге беретiн тамаққа бiрдеңе сеуiп жатқанын көрiп қойдық. Бәрiмiзге тақпақ айтқызып, "Е, Құдайым, жаманшылықтан сақтай гөр" деп орыстар сияқты сыйындырды. Сенгiмiз келмесе де, перiште сәби осылай сайрап тұр.
Құндыздың анасы Гүлмира қызының түнiмен шошып шыққандығын айтып, "Бәсе, тегiн жатқан не ойыншық деп таң қалып едiм, ақыры осы болды. Алматыда миссионерлiк ағымдар жұмысын жайбарақат жасай берсе, баламызды қалай қорғаймыз? Ендi ауылға апарып тастағаннан басқа лаж жоқ" – дейдi баласының болашағына алаңдап.
Кiшкентай қаракөздерiмiздiң жанды ауыртарлық әңгiмесiнен кейiн әлгi балалар клубына баруды жөн көрдiм. Өзiмдi "Ата-анамын, баламды осы клубқа берейiн деп келдiм" деп таныстырып едiм, құрдай жорғалай кеттi. Өзi қазақшаға судай әйел: "Өте қуаныштымыз, келiңiз!" деп алыстағы ағайынын көргендей қуанды. "Баламды әкелемiн, бiрақ қай жерде отыратынын, не iстейтiнiн бiлсем бола ма?" деп өтiнiп едiм, "Әрине, жүрiңiз" деп әлгi екi қабатты үйдiң iшiне кiргiздi. Кiре берiс босаға төбесiне "Келгенiңiз өте дұрыс болды" деп жазылыпты. Бiрiншi қабатта ересектер бас қосады екен. Екiншi қабатқа көтерiлдiк. Кәдiмгi мектептегiдей парта мен шкаф қойылған бөлме толы Иса мәсiхтi уағыздайтын кiтап пен журнал. Бiр жағына жұмсақ әрi құрастырмалы ойыншықтар қойылған. Осы ойыншықтар арқылы әлденеге сенгiш баланы арбап, бiржола өздерiне тартып алғысы келген сияқты. Ұзын бойлы, арықшаң келiншек әңгiмесiн жүре айтты. "Осы дiнге кiргенiме 27 жыл уақыт болды. Бiз Иса мәсiхтi мадақтаймыз. Балалар көшеде құр тентек болып жүргенше, осында келiп ойнаса жақсы ғой. Айтпақшы, жаз мезгiлiнде балаларды арнайы лагерьге апарамыз. Несiн жасырайын, оларға ара-тұра Исаны мадақтайтын әндер мен тақпақтар айта отырамыз" дедi, ештеңеден қымсынбастан. Сөреде тұрған кiтап-журналға көз жүгiрттiм. Қолыма балаларға арналған рухани-танымдық "Шарапат" журналы түстi. 2005 жылдан берi 5 мың данамен жарық көрiп келген журналдың сыртқы мұқабасына өңкей қазақ балалары түскен. Iшi-сырты, әңгiмесi мен өлеңi, тiптi, салынған суретi мен құрастырма сөздiгiнiң бәрi Иса пайғамбар жайында. Жағамды ұстап, iшiмнен бiсмiлләмды айта тұрдым. Дәл осындай журналдың елiмiзде шығып, басқа емес, балаларға таралып жатқанын бұрын бiлмеппiн. Сол тұрғанда, 10 жас шамасындағы екi бала "Апай, ойыншық бар ма?" деп төпелей жүгiрiп келдi. "Бүгiн жоқ, ертең келiңдер" деп балалардың басын сипап, елжiреген кейiп танытқан аққұба келiншек қолдарына ойыншық секiлдi бiр затты ұсынды. Асыр салып, мәз болған балаларға ақырын ғана сыбырлап: "Мұнда неге келесiңдер, сендердi басқа дiнге өткiзiп жiбередi" десем, "Бiз тек ойыншық үшiн келемiз, олардың өлеңiн қайталамаймыз, оның орнына "Алтын күн аспаны…" деп Әнұранды айтамыз. Анау тәтейге жеткiзiп қоймаңызшы, бiз де сiздiң журналист екенiңiздi айтпаймыз" деп қояды жымыңдап.
Сыртқа шыққаннан кейiн әлгi екi балаға бар ақылымды айтып, екiншi рет мұнда келмеуiн өтiндiм. "Әке-шешемiз жұмыста, есiктi жауып кетедi. Кешке дейiн далада жүргенше, тегiн ойыншық алып, ойнап жүрмеймiз бе?" деп тақылдап тұр. Мiне, жауапсыз ата-ананың баласының тәрбиесiне бей-жай қарауының салдары неге әкеп соққанын көрген шығарсыз?
Бiз бұдан кейiн Алматы қаласы Iшкi саясат департаментiнiң бастығы Айдар Есенбековке хабарластық. Ол қалада 203 дiни бiрлестiктiң тiркелгендiгiн және бiз айтқан "Балалар клубының" жасап жатқан айла-әрекетiнен бейхабарсыздығын бiлдiрдi. Ал клуб орналасқан аумаққа жауап беретiн Бостандық ауданының iшкi саясат бөлiмi қызметкерi Айбек Жақсыбаевқа да телефон шалғанымызда, "Тұрғындар, ата-аналар арыз жазсын, заң жүзiнде тiркелген бе әлде заңға қайшы ма, прокуратурамен бiрлесiп тексеремiз" деген қысқа жауап алдық. Бiр қызығы, қалалық әрi аудандық Iшкi саясат бөлiмi де бiраз уақыттан берi миссионерлiк қызметiн адал атқарып келген бұл клубтың тiркелген, тiркелмегендiгiн бiлмейдi. Өз аумағында қандай мекеменiң, дiни бiрлестiктiң жұмыс iстеп жатқандығынан бейхабар Iшкi саясат бөлiмiнiң енжарлығы таңдандырады.
Қазақтың "Жау жағадан алды" дегенi осы да. Қазақ халқын, әсiресе, болашағымыз – балалардың санасын бiртiндеп улап, түп тамырына дейiн сiңiсiп жатқан жат пиғылды ағымдардың әрекетiн қашан ауыздықтай аламыз? "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Заңдағы баптарды қатаңдатқан күйiнде қабылдамасақ, түк iстей алмайтынымыз анық.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ