Экономика жаңалықтары

Экономика жаңалықтары

Экономика жаңалықтары
ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН МЕН АҚШ БИЗНЕС-ФОРУМЫ

Өткен аптада Астанада Мемлекеттiк және жеке экономикалық серiктестiк бойынша қазақстандық-америкалық бизнес-форум болып өттi. Аталған шара 6 бөлiм бойынша экономикалық мәселелердi қамтыды.

Сарапшылар мен технология алмасу бөлiмiнде "Атамекен" Одағы" ҚҰЭП төрағасы Азат Перуашев "Қаржы қорындағы мамандармен тәжiрибе алмасу" тақырыбына баяндама жасады. Қазақстанның Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке өтуiне жағдай жасау, инвестициялық ахуалды жақсарту, елiмiздегi экономиканы диверсификациялау, жемқорлықпен күрес, жеке сектордағы ашықтық, аймақтық интеграция мәселелерi сөз болған бизнес-форумға Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов те қатысты. Форум қорытындысында бiрiккен мәлiмдеме қабылданды. Екiжақты серiктестiктi нығайтуға сеп болатын мұндай шараны жиi өткiзiп тұру да назардан тыс қалмады. Ресми деректерге сүйенсек, АҚШ пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2,05 млр. долларға тең. Қазақстан Америкаға негiзiнен металл, химиялық салаға тиесiлi өнiмдердi жөнелтедi. 2007 жылдың қыркүйегiндегi деректер бойынша, АҚШ-тың Қазақстанға салған инвестициясы 22,9 млрд. доллар.

МАУСЫМДАҒЫ ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

2008 жылдың маусымында Қазақстандағы инфляция деңгейi 1,2 пайыз болған. Азық-түлiк пен тұтынушылық тауарларға деген сұраныспен бiрге баға өсiмi де саналуан.

Азық-түлiк нарығындағы ахуал нан өнiмдерi мен дәндi-дақыл өнiмдерi 4,8 пайызға қымбаттаған. Күрiш – 35%, дәндi-дақыл – 3,5%, ұн – 2,1%, макарон өнiмдерi – 1,7%, нан – 1%-ға өссе, қант – 2%, май мен май өнiмдерi – 1,8%, ет өнiмдерi – 1,2%, жемiс-жидек – 1,1%-ға көтерiлген. Есесiне, жұмыртқаның құны 5,8 пайызға арзандаса, жаңа пiскен көкөнiстер – 1,5%, сүт өнiмдерi 0,4 пайызға түсiптi. Нарықтағы ахуалға тiкелей қатысты жанар-жағармай – 2 пайызға, дизельдiк отын – 6,8 пайызға қымбаттаған. Сонымен қатар дәрi-дәрмек (1,1%), үй шаруашылығына қажеттi заттар (0,9%), жеке бастың гигиенасына арналған тауарлар (0,7%), киiм мен аяқ киiм (0,5%), кiтап пен газет-журнал (0,4%), тұрғын үй-коммуналдық қызмет (0,1%), суық су (1%), тұрғын үйдi ұстау шығыны (0,9%), жарық пен газ (0,2%), шаштараз (1,3%), мәдени сала (0,6%), бiлiм беру (0,3%) құны да көтерiлген.

МИНИСТР УӘДЕ БЕРДI, НАРЫҚ НЕ ДЕЙДI?

ҚР Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев үстiмiздегi жылдың 1 шiлдесiнен бастап күнкөрiс деңгейi 10,5 мың теңгеге өсетiнiн, еңтөменгi жалақы 12 мың теңге, зейнетақыға қосылатын үстеме 1200 теңге көлемiнде болатынын мәлiмдедi.

Министрдiң айтуынша, 2012 жылы республикалық бюджеттен қаржыландырылатындардың жалақысы екi есеге дейiн өсiрiледi. Министрлiктiң қазiргi таңдағы басты мiндетi – жұмыссыздықпен күрес. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы үш жылда 7,8 пайыздан 7,3 пайызға төмендеген. Яғни, 200 мың адам жұмыспен қамтамасыз етiлген. Депутаттардың шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеруге мароторий жариялауға байланысты туындаған кейбiр мәселелердi шешуге байланысты бiлдiрген алаңдаушылықтарын Сапарбаев тексерулердi қызметкерлердiң өтiнiшiне сәйкес өткiзетiнiн жеткiздi.

Билiк мемлекет тарапынан бөлiнетiн жәрдемақы, зейнетақы, жалақыға тиын-тебен қосудан кенде емес. Тек болмашы сома алыпсатарлар мен кейбiр "пысықайлардың" жұмырына жұқ болмай, қымбатшылыққа жұтылып кететiнi өкiнiштi. Өйткенi, күнкөрiс деңгейi 10,5 мың теңге бiр адамның 1 айдағы iшiп-жемi, киiм-кешегi мен дәрi-дәрмегiне толық жетпейтiнi анық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ