АССАМБЛЕЯ ҚАЗАҚТЫҢ МҮДДЕСIНЕ ҚАШАН ҚЫЗМЕТ ЕТЕДI?

АССАМБЛЕЯ ҚАЗАҚТЫҢ МҮДДЕСIНЕ ҚАШАН ҚЫЗМЕТ ЕТЕДI?

АССАМБЛЕЯ ҚАЗАҚТЫҢ МҮДДЕСIНЕ ҚАШАН ҚЫЗМЕТ ЕТЕДI?
ашық дереккөзі

Өткен аптаның соңында Алматыдағы Достық үйiнде Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов жиын өткiзiп, ұлт патриоттарының көкейде жүрген сауалдарына жауап бердi.

Қазақ ұлтшылдарының жиi қырына iлiгiп, үнемi қоғамның сынына ұшырап жүретiн Қазақстан халқы ассамблеясының қазақ қоғамындағы рөлi және оның ел, мемлекет, қала бердi қазақ мүддесiне қызмет етуiн қамтамасыз ету үшiн не iстеуге болады? Жиында осы мәселе төңiрегiнде пiкiр алмасылды.

Жиналғандардың көпшiлiгi Қазақстан халқы ассамблеясының Қазақстан секiлдi унитарлы мемлекетте басы артық конституциялық ұйым екендiгiн баса айтты. Өйткенi, мұндай конституциялық ұйымның болуы федеральды мемлекеттiң алғышарттарын құрайды.

Күнi кешеге дейiн оның мәртебесi де, өкiлеттiгi де айқындалмай келген болатын. Алдағы күзде Мәжiлiске оның мәртебесi мен өкiлеттiгiн анықтайтын заң жобасы келiп түсетiн болады. Қазақстан халқы ассамблеясы туралы заң жобасы қазiрдiң өзiнде дайын. Ол ендi тек мақұлдауды күтуде. Ол заң жобасын алып қарасаңыз ассамблеяға берiлетiн өкiлеттiк те, құқық та өте жоғары. Ассамблея конституциялық құрылым болып бекiтiлмек. Әрi елдегi әртүрлi iшкi саясатты реттеуге араласатын болады.

Жалпы, Қазақстанның ұлттық құрамын көпұлтты мемлекет деп айдарлау дұрыс емес. Бұл Қазақстанның даму жолында үлкен саяси қателiк болды. Алғашқылардың бiрi болып сөз алған ғалым, жазушы Советхан Ғаббасов Қазақстандағы ұлт өкiлдерiнiң мәдени орталықтарының қызметi мен қаржылық ресурсының мүлдем жабықтығы ойлантатындығын айтты. "Өйткенi, бұл мәдени орталықтарға өзге ұлт өкiлдерi мүше бола алмайды, құжаттары бойынша Үкiмет тарапынан қамқорлыққа мұқтаж мәдени орталықтар да, ал iс жүзiнде ерекшеленген ұлт өкiлдерiнiң қаржы-өндiрiстiк империялары мен корпорациялары деп түсiнiп жүрмiз. Қазiр бiр ғана ұлттан тұратын компанияларға өзге ұлт өкiлдерi жұмысқа кiре алмайды. Бiз осылай сепаратизмдi қолдан жасап отырған жоқпыз ба? Екiншiден, бұл орталықтардың өздерiнiң үкiметтiк және мемлекеттiк жүйелерiн құрмауына кiм кепiл?" – дедi, ол.

Ал, жазушы Смағұл Елубай "Елде "Қазақстан халқы" атты бiртұтас ұғымның қалыптасуында ассамблеяның рөлi болмай қойған жоқ. Керiсiнше, елдегi тыныштық пен бейбiтшiлiктiң жүзеге асуына ассамблея секiлдi әкiмшiлiк жүйенiң болғаны көп әсер еттi. Қазақстанның тәуелсiздiгiн мойындағысы келмеген, қазақтарға үнемi жоғарыдан қарап үйренген орыс ұлтының өкiлдерi ассамблея болмағанда бiрнеше жеке қоғамдық ұйымдар құрып алып, сепаратизмге бастауы мүмкiн едi. Бұл тұрғыдан ассамблеяның облыс, аудандағы өкiлдiктерiнiң басшыларына дейiн әкiмдердiң тағайындап келуi де өз жемiсiн бердi. Бiрақ, "көпұлтты Қазақстан" деген ұғымды әлi күнге дейiн қоғамның санасына сiңiрiп келуiмiз дұрыс емес. Ассамблея да, "көпұлтты Қазақстан" деген ұғым да жойылуы керек" дей келе, – "Ассамблеяға квота бойынша сайланатын депутаттар саны 500-ге де жетпейтiн диаспоралар арасынан сайланбаса екен. Саны 500 мыңнан асатын диаспораларға ғана квота бөлiнсе" деген ой айтты.

"Аллажар-қолдау" қоғамдық қорының атқарушы директоры Болат Бөтеев Ассамблеяға мүше болып келетiн Алматы қаласындағы 25 қалалық, 31 республикалық ұлттық мәдени орталыққа биылдан бастап бюджеттен 521 миллион теңге бөлiнiп келгендiгiн айтты. Биылдан бастап бұл сома 639 миллион теңгеге өскен екен.

Келелi кеңесте айтылған пiкiрлердi сараптай отырып Ассамблея төрағасы Ералы Тоғжанов мырза қорытынды сөз айтты. Оның айтуынша, Ассамблеяның секретариаты жанынан сарапшылар алқасын құру жоспарланып қойған екен. Осы сарапшылар алқасы бүгiнгiдей бас қосуларды ұйымдастырып, ғылыммен терең айналысып жүрген азаматтар да оның құрамына енетiн болады.

— Қазiргi қазақ қоғамы Ассамблеяның қызметi мен атқарып жатқан iс-шараларынан мақұрым. Сiздердiң айтып отырғандарыңызға қарасақ, "Ассамблеяның басты мiндетi бiрiктiру емес, керiсiнше, ыдырату" деген түсiнiктер басым екен. Сондықтан, халық арасында Ассамблеяның жұмысын үгiттеу iсiн қолға алуымыз керек. Қоғамдағы күйiп тұрған толғақты мәселелердi, соның iшiнде қазақ мәселелерiн шешуден Ассамблея тыс қалмауы керек. Елiмiздiң солтүстiгiнде "Национальная школа возрождения" деген мектептер жұмыс iстей бастапты. Бiз осы мектептердiң жұмысын тексердiк, немен айналысып жүргенiн анықтадық. Ол мектептерде әуелi мемлекеттiк тiл үйретiледi екен. Содан кейiн азаматтардың қалауы бойынша, өзге тiлдердi үйренуге деген ықыластарына орай, тiл үйретiлiп келiптi. Сол себептi де Ассамблеядан үркудiң қажетi жоқ, Ассамблеяның мiндетi Қазақстан қоғамын интеграциялау болып табылады, — дедi ол.

Сонымен Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметiнiң былайғы жұртқа түсiнiксiздеу бетiн ашуға тырысқан жиында айтылған ойлар осы. Елдегi негiзгi ұлт пен өзге ұлттар арасындағы алшақтық, қазақ қоғамындағы екi түрлi мәдениет пен екi түрлi тiл төңiрегiндегi топтасу, орыстiлдiлер мен қазақтiлдiлер арасындағы түсiнiспеушiлiк мәселелерi осы жиын арқауына айналғанымен, конструктивтi диалог өрiс тапты деп айту қиын. Ассамблея елдегi 100-ден аса ұлт диаспораларының, соның iшiнде басымдық танытып отырған орыс ұлты өкiлдерiнiң ғана сойылын соқпай, қазақ мүддесi үшiн қызмет етуi керек. Бұл тұрғыдан оның қызметiн мақтаулы дей алмаймыз.

Есенгүл Кәпқызы