Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАСИТЫН ЖӨНI ЖОҚ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАСИТЫН ЖӨНI ЖОҚ

Қазiр бiр кездерi Кеңес одағының шекпенiнен шыққан қай елге көз салсаңыз да барлығында ұлттық өрлеу жүрiп жатыр. Әсiресе, iргелес Ресейдiң жөнi бөлек. Бұлар "батыстық демократияны" басы бүтiн қабылдамай, өзiндiк дербес жолға түсiп, орыс ұлтшылдығын әспеттеуге көштi. Онда да Путин айтқандай "жақсы мағынасында". Себебi, Ресей өзiндегi этникалық ерекшелiк пен мемлекеттiң федерациялық құрылымын ескере отырып, мұндай бастаманың әсiреұлтшылдыққа (ультранацизм) ұласып кетпеуiн қадағалауға мәжбүр.

Қазiрдiң өзiнде ұлтшылдарға көрсетiлген қолдаудың күштiлiгiнен Ресейде ультранацистiк бағыттағы көптеген қозғалыс та қалыптасты. Скинхедтер солардың бiрi. Алайда кейiнгi кездерi олардың әрекетiн бақылауға алып, басбұзарларын бұғаулау арқылы ондағы билiк ұлтшылдықтың мұндай түрiн қаламайтынын бiлдiрдi. Бұл мемлекеттiң тұтастығына қауiптi. "Ресей – орыстар үшiн!" деп ұрандататын, амбициясынан арыны ойлай алмайтын "тақырбастар" империяда өздерiнен басқа да халықтардың тұратын ұғынғысы келмейтiн тәрiздi. Олардың мұндай әрекетi "Бiртұтас Ресейде" ұлт араздығын қоздырып жiберуi мүмкiн. Оның арты ендi ес жия бастаған империя iргесiнiң сөгiлуiне әкелiп соғады. Бұл билiкке керек емес. Оған керегi тек әрбiр орыстың санасын дүбәралықтан тазалап, ондағы империялық мұратты ояту ғана. Ұлттық кембағалдықтан (неполноценность) арылып, Орысқа жәй орыс емес, "Ұлы орыс" екенiн ұқтыру. Бажайлай қарасақ, қазiр Ресей осы тұрғыдағы көздеген мақсатына жетiп қалды. Қазақстандағы жағдай бұлармен салыстыруға келмейдi. Бiзде Мемлекет құраушы ұлт өз жерiнде жасып отыр. Ең құрығанда қалт-құлт еткен орысқа Қазақша тiл қатып, Қазақша жауап ала алмайтынымыз жанымызға батады. "Не понимаю" десе болды, тiлiмiз келмесе де ойымыздағыны орысқа орысша жеткiзбек болып әлектенемiз. Осындай кембағалдық Қазақ баласын күнде жасытады. Ең өкiнiштiсi, өз елiмiзде тұрып өзгеден Қазақша жауап берудi талап ете алмайтын шарасыздыққа етiмiз үйренiп барады. Яғни ұлт, бiр кездерi төзе алмайтын, көне алмайтын нәрселерге көнгiш болып кеттi.. Осының әсерiнен ұлтымыздың бойында "Немқұрайлылық" деп аталатын жанама жаман қасиеттер қалыптасып барады. Бiр кездерi "басынан сөз асырмайтын" Қазақ баласы "басын арашалап қалуды" абырой көретiн күйге түстi. Ұлтты мұндай тоқыраудан алып шығып, Қазақтың өршiл рухын оятатын бiр ғана жол бар. Ол – ұлтшыл азаматтарға Ресейдегiдей жан-жақты қолдау бiлдiрiп, Мемлекетте "Қазақыландыру" процесiн бастау. Тек осындай қадаммен ғана республикадағы көп диаспораның бiрi болуға "көнiп" қалған Ұлттық рухқа қайта серпiн бере аламыз. Елбасының өзi: "Қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл, маңызды тiл, басты тiл" деп бекер айтқан жоқ. Осыны бұра тартып жүрген дүбәра шенеунiктерге жөндеп түсiндiрiп, Ұлттық мүдденi түгендеуге қазiрден бастап кiрiсуiмiз керек. Осылай етсек қана алдағы онжылдықта билiк басына келетiн келесi толқынның бойына аз да болса ұлтжандылықтың ұрығын себер едiк…

Жолымбет Мәкiшев