"АСТАНАНЫҢ ОН ЖЫЛДЫҒЫ" МЕДАЛI ТАБЫС ЕТIЛДI

"АСТАНАНЫҢ ОН ЖЫЛДЫҒЫ" МЕДАЛI ТАБЫС ЕТIЛДI

"АСТАНАНЫҢ ОН ЖЫЛДЫҒЫ" МЕДАЛI ТАБЫС ЕТIЛДI
ашық дереккөзі

1-шiлде күнi Ақордада Елбасының Астананың негiзiн қалаушылармен кездесуi өттi. Қазақстан Республикасының Президентi "Астананың 10 жылдығы" медалiн жаңа Елорданың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан жандарға табыстады.

"Мен бүгiн 1995-1998 жылдарда Ақмолаға қоныс аударып, осы жерде еңбек еткен кiсiлердi шақырдым. Ол кезде қиын заман болатын, алайда қиындықтардың барлығы жеңiлдi. Елорданың көшiрiлуi бiздiң мемлекеттiлiгiмiздiң дамуы үшiн өте маңызды саяси және геосаяси шешiм болды", — дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

"Астананың он жылдығы" мерекелiк медалiмен министрлер де марапатталды. Салтанатты рәсiм барысында ҚР премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов Зағипа Балиеваға, Мұхтар Құл-Мұхаммедке, Анатолий Дернавойға, Жансейiт Түймебаевқа, Нұрлан Ысқақовқа, Ақылбек Күрiшбаевқа, Серiк Ахметовке, Бердiбек Сапарбаевқа, Болат Жәмiшевке, Владимир Божкоға, Бақыт Сұлтановқа, Сауат Мыңбаевқа табыстады.

Сондай-ақ, "Астананың он жылдығы" медалiмен бiрқатар мәдениет пен өнер қайраткерлерi, бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерi де марапатталды.

"Он жыл көздi ашып-жұмғанша өте шыққан уақыттың iшiнде әлемдiк қауымдастықтың алдында имиджiн қалыптастыруға абыройын асыруға Астананың жетiстiктерiн насихаттауға ақпарат құралдары, оның iшiнде ақпараттың жұмысын үйлестiретiн министрлiктiң тарапынан да өте үлкен жұмыс iстелiндi. Сондықтан бұл өте мәртебелi награда", —деп атап көрсеттi Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед.

АЛМАТЫНЫҢ АСТАНАҒА ТАРТУЫ

Астанадағы Республика даңғылы мен Сейфуллин көшесiнде саябақтың ашылу салтанаты болды. Салтанатты рәсiмдi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов ашты.

"Бүгiн Ұлыстың ұлы күнi. Бүгiн Елбасының арманы орындалып, үлкен жеңiске жеткен күн. Елбасының жеңiсi ол — елдiң жеңiсi, халықтың жеңiсi. Бұл бәрiмiздiң жеңiсiмiз. Сондықтан құрметтi халайық Елбасына қажымас қайрат, зор денсаулық тiлейiк. Құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы, бүгiнгi мерейтой күнi өзiмiздiң Алматыдан мынау алаң, мынау фонтандар Астанаға Алматының сыйы. Қабыл алыңыз", — дедi ашылу рәсiмiнде Ахметжан Есiмов.

Алматы қаласының сыйын қабылдай отырып, Елбасы Астана қаласының мерекесiнiң барша қазақстандықтардың мерекесi болғандықтан, барлық облыстарға Астанаға сый ретiнде бiр-бiр ескерткiштен орнатуларына тапсырма бергендiгi турасында да айта кеттi. Алаң мен субұрқақтар Алматының Астанаға тартуы.

"Бiз Алматыны ұмытпаймыз, қастерлеймiз. Оның өсiп, көркеюiн өте қалаймыз. Көп рахмет. Бүкiл алматылықтарға, қала басшыларына, әкiмдiгiне және Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмовке үлкен рахметiмiздi айтамыз", — дедi Елбасы.

"АСТАНА — МЫҢЖЫЛДЫҚТАР ТОҒЫСЫНДА"

Астанада той дүбiрi басталып кеттi. Бүгiнде мерекеге арнайы келген шетелдiк мамандар, ел халқы, Елорданың тұрғындары "Астана мыңжылдықтар тоғысында" атты көшпендiлер өркениетi жайындағы фестивальдi тамашалап жатыр.

Қазақта жетi саны қасиеттi болып саналады. Жетi найзасы көк тiреген, қалқаны халықтың бiрлiгi мен тату тiрлiгiн паш ететiн қақпа арқылы "Көшпендiлер өркениетiне" бара аласыз. Фестивальде Астананың кешегiсi мен бүгiнi баяндалады. Фестивальдiң бiрiншi бөлiмi "Жерұйық" қойылымымен ашылды. Көш-керуеннiң басында 7 жiгiттiң жетегiндегi желмаяда көш иесi ақсақалды қария отыр.

8 мың адамға арналып салынған саябақта фестивальдi тамашалауға келгендерде шек жоқ. Кiру билетiнiң құны бар-жоғы 100 теңге. Айнала жағалай 6,8,12 қанатты 20-дан астам ақшаңқан киiз үйлер тiгiлген. Қолөнершiлер, зергерлер, қымызшылар және құсбегi-саятшылар ауылы түтiн түтетiп тұр.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА