Жаңалықтар

САХНА ӨНЕРIНIҢ САРАШЫСЫ

ашық дереккөзі

САХНА ӨНЕРIНIҢ САРАШЫСЫ

Бүгiнде сахна өнерiнiң мәселелерi хақында баспасөз бетiнде көп айтылады. Алайда, сол сахна өнерiнiң сарашылары — театр сыншылары жөнiнде, олардың нақтылы еңбектерi төңiрегiнде сөз өрбiткен адамдар аз. Сондай жұрт назарынан тысқары қалып жүргендердiң бiрi — Қадiрбек Уәлиев.

Қадiрбек Уәлиевтi осыдан елу жылға жуық уақыт бұрын, дәлiрек айтсам, алпысыншы жылдың шiлде, тамыз айларында, ол кездегi республикадағы жалғыз университеттiң филология факультетiне емтихан тапсырушы абитуриенттердiң арасынан көрiп едiм. Тұлғасы басқалардан iрi, бойы да биiк, мiнез-құлқы да, сөз саптасы да бөлек едi оның.

Егер бүгiнде, «Қадiрбек Уәлиев несiмен белгiлi, өз халқы үшiн кiм?» деген сұраққа жауап берер болсақ, ең алдымен оның театр сыншысы, зерттеушiсi, аудармашы, журналист, баспагер ретiнде қалыптасқанын атап айтар едiк. Бұл кiсi өзiнiң төл шығармалары бар, аудармалары бар — бәрiн қосқанда он үш кiтап шығарыпты. Бiр адам үшiн бұл аз ба, көп пе? Әрине, бүгiнгiдей күрделi заманда, әрi өмiр бойы редакцияларда, әртүрлi кеңселерде бел жазбай еңбек еткен адам үшiн ұлан-асыр мол дүние.

Байыптап қарасақ осы кiтаптардың негiзi театр өмiрiне арналған сыни және зерттеу еңбектерден тұрады екен. Бұл жерде мұқият ескерте кететiн бiр нәрсе мынау: Қадiрбектiң театрға мұншалық ықылас қоюы кездейсоқтық емес. Ол жетiмдiктiң зарын тартқан бала кезiнде, мектеп қабырғасында-ақ өнерге деген әуестiгiн байқатты. Сол жылдарда-ақ сахна өнерi, көркемсурет, кино жөнiндегi көптеген кiтаптарды жата-жастана оқып, онымен қоймай бiрнеше пьеса, киносценарий жазған. Әрi сурет салумен де айналысыпты. Әрине, сол талпыныстары бала Қадiрбектiң болашақ еңбек бағдарын анықтауға, белгiлеуге себi тисе керек. Себебi, кейiн университеттi аяқтағасын да Қадекең басқа жолды қаламай, осы театр өнерiне қатысы бар мекемелерде қызмет iстеуге кiрiстi. Мысалы, республикалық "Қазақ әдебиетi" газетiнiң мәдениет және өнер бөлiмiнде күректей он үш жыл отырды. Зейнеткерлiкке шыққанға дейiнгi өмiрi "Өнер" баспасы мен Мәдениет министрлiгiнiң кеңселерiнде өттi.

Қ.Уәлиевтiң шығармашылық ғұмырында үлкен белестердiң бiрi саналатын "Сахна — менiң өмiрiм" атты кiтабы. Егер қазақ өнер сүйер қауымының ортасында Елубай Өмiрзақов, Қамал Қармысов, Әнуар Молдабеков сынды актерлердiң, Асқар Тоқпанов сынды режиссерлардың есiмдерi аталса, елең етпейтiн кiм бар? Мiне, Қадiрбек Уәлиев осы адамдардың шығармашылық портретiн жасауға, әрi олардың сахналық еңбегiндегi жетiстiктердi ғылыми тұрғыдан талдап ашуға аянбай-ақ тер төккен. Осы кiтапқа енген шығармашылық портреттер мен монографиялық очерктердi мұқият оқығанда бұған оңай көз жеткiзуге бо¬лады. Мұнда сондай-ақ режиссерлер – Қ.Жетпiсбаев, Т.Дүйсенбаев, М.Байсеркенов еңбектерi де бiлгiрлiкпен баяндалған.

Қандай да бiр өнер саласы бүкiл өмiрiңдi, әрi өмiр бойы талмай iзденудi талап етедi. Театр саңлақтары үшiн де, әрi театр сыншысы, зерттеушiсi үшiн де солай. Қадiрбек Уәлиевтiң мына кiтабы сондай өмiр бойғы iзденiстердiң нәтижесi екенi даусыз.

Қ.Уәлиевтiң бұдан кейiнгi үлкен еңбектерiнiң бiрi – "Актер және азамат" атты жинақ. Жинаққа ұлттық сахна өнерiнiң негiзiн қалаушылардың бiрi, Еңбек Ерi, КСРО Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, Халық әртiсi, есiмi аңызға айналған Серәлi (ел аузында Серке) Қожамқұлов туралы деректер мол мақалалар, зерттеу, естелiктердiң басы бiрiктiрiлген. Шындығында бұл ұжымдық жинақ, авторлар санатында Ғабит Мүсiрепов (алғы сөзiн жазған), Қ.Бадыров, С.Майқанова, Х.Бөкеева, Б.Римова, Ш.Жандарбекова, Қ.Қармысов, Ә.Мәмбетов, Ш.Құсайынов, Ә.Тәжiбаев, Т.Ахтанов, С.Мәуленов, М.Әлiмбаев, Р.Бердiбаев, тағы басқа көптеген сахна және қалам шеберлерi бар. Сөйте тұра Қ.Уәлиевтi бұл кiтаптың негiзгi авторы санаймыз. Неге? Жоғарыда аталған Ғ.Мүсiрепов бастаған ақын-жазушылар, әрине, өз мақалаларын өздерi жазды. Алайда, осында аттары аталған және аталмаған театр саңлақтары жөнiнде олай дей алмаймыз. Себебi, өзiмiз де көп өмiрiн редакция жұмысына арнаған адам болғандықтан мынадай шындықты жақсы бiлемiз. Аса белгiлi актер, әншi, режиссер, суретшiлер өз мамандығының қыр-сыры жөнiнде, өзiне әрiптес тұлғалардың еңбек жолы, шығармашылық жетiстiктерiнiң құпиясы жөнiнде тiлдiң майын тамызып әңгiмелеп бере алады. Сөйте тұра сол өнер адамдары өз бiлiгiн қағазға түсiруге келгенде көбiне дәрменсiз: қаламы ұшқыр журналистердiң көмегiне жүгiнедi. Мiне, осындай мұқтаждықтың орнын толтыруға қабiлеттi журналист, әрi театр сыншысы Қадiрбек Уәлиев нағыз таптырмастың өзi. Осы "Актер және азамат" атты кiтапқа автор ретiнде қатысқан Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева бастаған сахна тарландарының, сондай-ақ, Серәлi Қожамқұловтың жұбайы, iнi-қарындастары, балалары, басқа да туыс-туғандарының естелiктерiн түгелiмен дерлiк Қ. Уәлиев жазып шыққанына өзiмiз куәмiз. Ол жай жазып шыққан жоқ, қазақ халқының мақтанышы, жиырмасыншы ғасырдағы өнер тарихындағы ең кесек тұлғалардың бiрi – Серәлi Қожамқұловтың толыққанды бейнесiн жан-жақты ашуға барлық қабiлетiн жұмсады. Демек, Қадiрбек Уәлиевтi бұл кiтаптың құрастырушысы ғана емес, негiзгi авторы ретiнде танымасқа амалымыз қайсы.

Иә, театр мен кинода қазақ өнерiнiң классикалық нұсқалары болып табылатын кейiпкерлердiң өлмес-өшпес сахналық бейнесiн жасаған Серәлi Қожамқұловтың рухына арналған үлкен ескерткiш ретiнде қабылданатын осы кiтап авторларына зор алғыс бiлдiргiмiз келедi. Бұл сөз жоқ, театр сыны, театр зерттеу саласындағы аса құнды еңбектердiң бiрi.

Тап осындай сөздердi Қ.Уәлиевтiң тiкелей қатысуымен шыққан тағы бiр сүбелi еңбек — "Тұғыры биiк тұлға" атты кiтап жөнiнде айтуға болады. Бұл театр және кино өнерiнiң тағы бiр бәйтерегi, аса белгiлi актер Ыдырыс Ноғайбаевтың өмiрiне, шығармашылық жолына арналған. Мұндағы авторлар аясы бiраз кең деп те айтуға болады. Себебi, мұндағы авторлар санатында қазақ қана емес, өзге ұлт өкiлдерi де бар. Бiрақ бәрiбiр кiтаптың негiзi өз саңлақтарымыздың мақала-естелiктерiнен тұрады. Оларды да қағазға түсiрушi, әрi құрастырушы Қ.Уәлиев. Демек, ол осы кiтаптың да негiзгi авторы.

Бұл аталған үш туынды жай ғана еңбегi марапатталған өнер қайраткерлерiнiң құрметiне арналып соғылған ескерткiш қана емес, сонымен бiрге өнер сүйер қауым үшiн үлкен рухани азық. Театр институты мен облыс орталықтарындағы өнер училищелерiнде оқып, бiлiм алушы студенттер, өнердегi жолын жаңа бастаған жас сахнагерлер үшiн, көмекшi құрал, әртүрлi болашақ зерттеушiлерге қажеттi түпнұсқа екенiн де атап айтқан жөн.

Қазiр Қ.Уәлиев осындай тағы екi үлкен өнер қайраткерi жөнiнде кiтаптардың қолжазбаларын әзiрлеп отыр. Оның бiрiншiсi — қазақтың белгiлi режиссерi Асқар Тоқпанов, екiншiсi — тамаша актер Әнуар Молдабеков хақында. Мұндағы мақала, естелiк, зерттеулердiң бiразы өз кезiнде баспасөз беттерiнде жарияланған, жұртшылық талқысынан өткен дүниелер. Тек қазiргi заман қиындығы ғана оларды жарыққа шығаруға қолбайлау болуда. Оның сыртында Қадiрбек Уәлиевтiң қалың көпшiлiкке есiмдерi кеңiнен таныс Сәбира Майқанова, Қамал Қармысов, Байдiлда Қалтаев, Шәрiпбай Сәкиев, Құрманбек Жандарбеков, Рахия Қойшыбаева, Шәкен Айманов, Елубай Өмiрзақов, Сейфолла Телғараев туралы жазған зерттеу мақалалары өзiнше бiр шоғыр. Топтастырылып, кiтап болып жарыққа шығуға олар да сұрануда. Театр сыншысы, зерттеушiсi Қадiрбек Уәлиевтiң ендiгi тыныс-тiршiлiгi соларды реттеуге арналмақ.

Бiз жоғарыда Қадекеңнiң аудармашы ретiнде де оқырман қауымға жақсы таныстығын атап өткенбiз. Ендi осы кiсi аударған шығармалардың толық емес тiзiмiн берiп көрейiкшi. Бұлар мыналар: Д.Мамин-Сибиряктiң "Ақбоз ат" повесi, А.Серафимовичтiң "Орман тынысы", "Үш дос" атты балаларға арналған жинақтары, В.Степаненконың "Таңғы шық" романы, Ян Маранның "Тұмсықай — пiлдiң баласы" атты повесi, А.Кононовтың "Көпiр үстiнде", С.Алексеевтiң "Суық торғай" атты балаларға арналған жинақтары. Мұның сыртында бiраз ұжымдық жинақтарды да аударуға қатысқан. Әрi маршал Гречконың "Соғыс жылдарында" атты көлемi қырық баспа табақтан астам кiтабын аударушылардың қатарында болыпты. Кешегi алып империяның қорғаныс министрiнiң сол кездегi жағдайға орай үлкен маңыз берiлген, жауапкершiлiгi зор кiтабын қазақ оқырмандарына жеткiзу жұмысына шақырылуы Қадекеңнiң аудармашылық шеберлiгiнiң сол кезде аса жоғары бағаланғандығына айқын дәлел болса керек.

Қадiрбек Уәлиевтiң кезiнде баспасөз беттерiнде жарияланған өнердiң басқа салалары — көркемсурет, би ансамбльдерi, әншiлiк, көркем әдебиет, композиторлық, тағы басқа өнер салалары, олардың аса iрi өкiлдерi Роза Бағланова, Әбiлхан Қастеев, Нұрғиса Тiлендиев, Әнуарбек Үмбетбаев, Жүсiпбек Елебеков, тағы басқалар туралы мақалаларын, кезiнде дүркiреп аттары шыққан еңбек адамдары туралы очерктерiн, ақын-жазушылардың роман, повестерi туралы әдеби-сын материалдарын жай тiзiп шығудың өзi әжептәуiр уақыт алатын шаруа.

Ұзақбай ДОСПАНБЕТОВ