Жаңалықтар

Марат КҮСЕНОВ: ҚАЗАҚТЫҢ ҚОБЫЗЫН ЖАҢАРТҚЫМ КЕЛДI

ашық дереккөзі

Марат КҮСЕНОВ: ҚАЗАҚТЫҢ ҚОБЫЗЫН ЖАҢАРТҚЫМ КЕЛДI

Белгiлi суретшi Оспанов Балтас аға: "Сенi бiр кiсiмен жолықтырсам деп едiм. Өзi керемет талантты музыкант" деп, менi Каблукова көшесiнiң бойында орналасқан Алматы қалалық мүгедектер үйiнiң алдына алып келдi. Темiр қақпаның арғы бетiнен ең алдымен көзiме түскенi биiк қабырғалы, торкөз терезелi төрт қабатты үлкен үй. Бiраз бөгелiп қалсам керек, ойымды "бiзге ондай мүсәпiр көзбен қарама, қалқам, өздерiңмен тең дәрежедегi адамдарша қара" деген сөздер бөлiп жiбердi. Бiздiң кездесуге келгенiмiз де осы кiсi екен. Бiраз аман-саулықтан кейiн iшке алып кiрдi.

Өзi музыкант, өзi ұста Марат Күсенов 1944 жылы дүниеге келiптi. 1963 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Прудкi орта мектебiн, содан кейiн Чайковский атындағы музыкалық училищенi тәмамдаған. Қашаннан қонақжай қазақтың қарапайым ұрпағы дастарқан жайып төрден орын ұсынып та үлгердi. Балаша қуанып, баяу ғана қозғалысымен барын қойып елпелектеп жүр. Ағамен әңгiмемiз дастарқан басында өрбiдi.

— Аға, мұнда келуiңiзге не себеп?

— Ешкiмге ауыртпалық салғым келмедi, — деп бастады Марат аға сөзiн, — Мектеп жасында ұлым мен қызым бар. Әйелiм жұмыс жасайды, 1999 жылдан бастап қатты науқастанып, мүгедек боп қалдым. Денсаулығым нашарлаған соң, 2006 жылдың қараша айынан осында келiп, орналастым. Қазiр 1-топтағы мүгедекпiн. Мұнда жағдайым жақсы. Үш мезгiл тамағы, емдiк дәрi-дәрмегi тегiн. Киiмдерiм, төсек орным таза.

— Осыған дейiн қайда еңбек еттiңiз?

— Кеңес одағы кезiнде бiраз жерлерде жұмыс жасадық қой. Қара жұмысшы да болдық. Әскерде болдым. 1980 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияда ансамбльде директор, 1980-90 жылдарда ҚазССР мемлекеттiк ән-би ансамблiнде бас хорист, 1993-99 жылдарда Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында қызмет атқардым.

— Алға қойған арман-мақсаттарыңыз бар шығар?

— Адамды өмiр сүруге жетелейтiн арман болуы керек. Армансыз адам қанатсыз құспен тең. Аздап аяғымнан қиналғаным болмаса, онда да ел қатарлы еркiн жүруге үмiттенiп жүрем. Өнерге қатысты жаңалықтарымды ел жағымды қабылдап жатса деймiн.

— Өнерiңiз, жаңалықтарыңыз жайында бiлгiмiз келедi..

— Бала жасымнан өнерге бiртабан жақын болып өстiм. Ән жазам. Уақытымды босқа өткiзбей домбыра, қобыз, скрипка жасауды игердiм. Бастапқыда аспаптардың дәлме-дәл көшiрмесiн жа¬сап жүрдiм. Кейiн келе өз идеяларым пайда бола бастады. Скрипканың өзi түрлi формада болған. Ал қобыздың қазiргi формасы көңiлiмдi қанағаттандырмайды. Ұстауға икемсiз, сүйкiмсiз. Сол себептi өзгертiп жаңа дизайнда құрастырдым. Қазақтың қобызы неге тұрпайы болуы керек деп ойладым. Қобыз жасаудың өз сырлары бар. Әр шебердiң өзiне ғана аян құпиялары сияқты менiң де өз құпияларым өзiмде.

— Қобызыңызбен танысуға бола ма?

— Бұл қобыздың аты — "Самал 2008". Екi iшектi қыл қобыз. Ерекшелiгi сол — жалаңаш көрiнбесiн деп қақпақ кигiздiм. Қазiр ұлттық аспаптар ансамблiнде тексеруден өтуде.

— Барлығымыздың санамызда қобыз сол "тұрпайы" қалпында жатталып қалған. Ол бiздiң ұлттық нақыштарымызды аңғартатын аспап, ал жаңа дизайндағы қобыз скрипкаға елiктеген екен. Бұл бiздiң ұлттық менiмiзге нұқсан келтiрмей ме?

— Өзге мәдениеттiң киiмiн киiп, тамағын жеп, музыкасын тыңдап та жүрмiз ғой. Мәдениеттiң жақсы жағын үйренгенде тұрған не бар?! Скрипкаға мүлдем ұқсастығы жоқ. Ұлттық құндылықтарымызды ескере отырып, ою-өрнекпен безендiрiп, құлағына да өзгертулер орнаттым. Өзгешелiгi түр-тұрпаты ғана. Ал, дауысы, үнi Қорқыттың қобызынан қалған сарын.

— Идеяларыңызды жүзеге асыруға мұнда жағдай жасалған ба?

— Жақында бiр бөлменiң кiлтiн алдым. Шағын болғанымен iшiнде өзiме керектiнiң бәрi бар. Шеберханада оңаша отырып, ойымды жүзеге асыруға мүмкiндiк бар. Менi көп алаңдататыны материалдың тапшылығы. Шырша, терек ағашы, аттың қылы жетпей жатады. Солар болса, бiраз туындылар жасар едiм.

— Қолына домбыра алып шертпейтiн қазақ жоқ. Ал қобыз ұстап, күй тартып жатқандар санаулы ғана. Керек десеңiз, кейбiр жастарымыз қобыздан мүлдем хабарсыз.

— Қобыз тарту қасиетi екiнiң бiрiне бұйырмайды. Оны сезiну, түсiну, сүю керек. Қорқыттың атын тарихта қалдырған да қобызы, ал қобызды қасиеттi еткен Қорқыттың күйлерi емес пе? Қобыз адамның жан-дүниесiндегi мұңы мен қасiрет-қайғысын жырлайды. Науқас жандарды аурудан емдеген бақсылар да болған ғой. Қазiрде ұлттық аспаптарда күй тартып, атап айтқанда, қобызды жақсы меңгерген дарынды қандастарымыз бар.

— Өзiңiз қай аспапта жақсы ойнайсыз?

— Өзiм көбiне пианинода ойнаймын. Ән айтамын.

— "Өнерiңiздi үйренсек, әндерiңiздi орындасақ" деген ұсыныстар болды ма?

— Менiң әндерiм эстрадаға көп келе бермейдi. Ақын әпкемiз Қанипа Бұғыбаеваның сөзiне жазылған бiр-екi әнiмдi "Жiгiттер квартетi" тыңдап көрген. "Қазақ Энциклопедиясы" баспасына гимн жазып бердiм. Туындыларымды жарнамалап, ақша жасау мұрат емес маған. Өнерiмдi шын бағалап жатқандарға қашанда есiгiм ашық?! Мақсатым — шәкiрт дайындап, бар бiлгенiмдi үлгергенiмше үйрету.

— Әңгiмеңiзге рахмет, аға. Тез арада сауығып кетуiңiзге тiлектеспiз, — деп өмiрдi өзiнше сүйетiн рухы биiк, Алласын аузынан тастамайтын ағамыздың игiлiктi iсiне сәт-сапар тiледiк. Марат аға бiзбен жылы қоштасып, намазын оқуға кеттi. Мына төрт қабатты үйде келеңсiздiктер емес, кемеңгерлiктер тығылып жатқаны жаныма батты. Алланың берген таланты темiр қақпаның тасасында қалып қоймаса жарар едi. Кешегi Қорқыттың ұрпағы қобызын өзi қорғамаса, қасиеттi дүниенiң өзгелердiң қорлауында қалып қоймасына кiм кепiл бере алады?!

Әңгiмелескен Манар Әлиева